• Руханият
  • 09 Қыркүйек, 2021

Тұңғиықтан сыр аулап

Әрбір жүріс-тұрыс, қимыл-қозғалысы мен ашық-жарқын мінез-құлқынан өмірді мейлінше сүйетіні әрдайым мүкіссіз сезіліп тұратын ол бүгін де бір өзгеше құштарлық торына шырмалып, өзімен-өзі сырласып, тебірене толқып отыр. Арагідікте шанағы төрт бұрышты, мойны қысқалау, қолдан шауып жасаған шағын домбырасын алады да, әлдебір сазды әуенді шертіп-шертіп қояды. Әсем әуенге елден бұрын өзі елтігендей боп, қатты әсерлене тартып болған соң:
– Бұрын естіп пе едің? – деді.
– Қайдам.
– Ендеше, даусымды қосып, айтып берейін.
– Өте жақсы.
Қара торы, бет пішімі сопақшалау, қалың қара қасты, жүзі жылы жігіт ағасы осылай деді де, бізге онша таныс емес әлгі әнді қоңыр дауыспен шырқай жөнелді. Шырқады. Ұзақ шырқады. Әуені де, сөзі де бірі үшін бірі жаралғандай сіресе жымдасып, семсердей серпіле толқиды. Тиген жерін қас-қағымда алып түсер ақ алмас па дегізгендей.

– Иә, бұл әнде бойға біткен тума талантына сай наркескен мінезі, асқар таудай өр кеудесі бар ғазиз жанның қуаныштан қайғысы мол қапас өмірінің күйінішті іздері, өксікті мұң-шері сайрап жатқан жоқ па? – деді ол домбырасын ­былай қоя беріп. – Ар-ұжданды биік ұстаған ер-азаматтың басына шүйліге үйірілген қаһарлы қара бұлттан нөсерлете төгілген сәуірдің ақ моншақ жаңбыры іспетті емес пе мынау ән? Қалай дейсің?

Біз не дейік. Жазушы әрі композитор Ілия Жақановтың бұл пікірлерімен келіспеу қиын. Шынында да, «Па, шіркін-ай, өнер мұхитының шыңырау түбіндегі кез келгеннің қолы жетпейтін нағыз лағыл маржан осы-ау» дері анық еді бұл сәттерде әлгі әнді тыңдаған кім-кімнің де.

– Мен фольклорлық экспедициямен республикамыздың көп жерін аралап, аты-жөні халыққа бұрыннан белгілісі, белгісізі, көзі тірісі, дүние салғандары бар, талай-талай өнер адамдарының мұрасын қағазға түсіріп, магнитофонға жазып, көзі тірілеріне өз аузынан айтқызып, шамам жеткенше жинап жүрмін ғой, – деп әрі қарай сөйлей бастады сәлден соң. – Жаңағы «Үш қараны» сондай бір сапарда Қарағанды облысында тұратын, Мәдиді көзі көрген, Отан соғысына қатысқан Қайырбек Сәрсекеев деген қариядан үйреніп едім. Сөзі де, әні де Мәдидікі. Әрі, өз басым бұған дейін ешкімнің дәл бұлайша орындайтынын естіген жоқ едім.

Өнер әлеміне бұдан ширек ғасыр­дай бұрын тастан мөлт-мөлт аққан ұсақ тамшылардай, нәзік те сырлы сезімге бай, ешкімді де бейтарап қалдыр­май, жүректі бірден баурап алатын лирикалық әндерімен келген Ілия Жақанов осынау бірқыдыру уақыт ішінде компо­зи­торлықпен қоса, өзіндік қолтаңба, бағыт-бағдары бар жазушы, музыка зерттеуші, асыл мұраларды жинаушы ретінде кең танылды. Жазушы ретіндегі қалаған, таңдаған тақырыбы біреу, яғни халық музыкасы, халық өнерпаздары, солардың дәстүрі, мұрасы, сондай-ақ совет заманы тұсындағы белгілі өнер өкілдерінің өмірі, жұртқа белгісіз ғажап сырлары мен шұғылалы беттері. Ілия, мінеки, өзіне қажет нәрді үнемі осы төңіректен іздеп, әрдайым осы маңнан таба білетін қарапайым еңбек иесі. Бұған бір ғана ғажайып дарын иесі Мәди Бапиұлы жайлы «Балқантаудың аққулары», «Қолыңды бер, сүйіктім», «Гәуһартас» сияқты үш (әрқайсысы бір сағат, жиырма минуттан) бірдей музыкалы радиопьеса әзірлеп, эфирден жиі беріліп тұрғаны-ақ дәлел бола алар еді. Негізінен Мәдидің жастық шағы сөз болған бұл радиопьесаларда дарынды әнші-композитордың өмірі бір жақты алынбай, сол кездегі тап тартысы, теңсіздік, өнерді серік етіп, құлай сүйген адамдардың аянышты хал-жағдайлары реалистік тұрғыда, зор талғаммен көрсетіледі. Құлақ құрышын қандыратын ғажайып музыкалармен барынша мол көмкерілген сол радиопьесалардан бәрінен де тыңдаушы қауымның Мәдиден басқа да халыққа есімдері ертеден таныс, белгілі өнерпаздардың өмірінен де біршама мағлұмат алары хақ.

«Екі жирен» әнінің екінші түрі Шәкен Айманов арқылы халыққа танымал болып, қалайша кең тарағаны асқан ықы­лас-зейінмен баяндалатын сол аттас ра­диопьесаның эфир арқылы үзбей беріліп, оны ешбір жалықпай тыңдағанымыз неліктен? Әнші-композитор Ақан сері өмірінің бір сәті өрт жалынына лапылдап суреттелетін «Балқадиша» радиопьесасы ше? Одан соңғы Ілия қаламынан туған «Кантата» (Мұқан Төлебаев жайлы), «Қараңғы түнде тау қалғып» музыкалы радиопьесаларды да ұлттың өнер өзеніне келіп қосылған өзіндік орны бар үлес деп айтуымызға  әбден болады.

Ілияның қаншалық сыршыл композитор, жаны нәзік өнер иесі екенін оның ең алғаш шығарған «Салтанат», «Ақ қайың», одан бергі кезеңдерде өмірге келген «Сағыныш», «Жалғыз қайық», «Даниярдың әні», «Әселім», «Жайлаукөл кештері», «Жан жолдас», «Шолпан жұлдыз» сияқты әндерін тыңдап жүретін қауымның қаншалық жақсы білетініне де титтей күмән жоқ, әрине. Алайда арагідікте әңгіменің өз творчествосына қарай ойысқанын қалт аңғара қоятын сәттегі Ілияның аузынан шығатын сөз пошымы әдетте: «Мен өз заманымыздағы жасы үлкен өнер тарландарының көбімен қоян-қолтық араласып, әбден сырлас болдым ғой. Солар жайлы сөйлессек қайтеді?» тәрізді болып келеді. Ондай шақта сіз Ілияның аузынан күні кешегі майталман актер, әнші, композиторлар Манарбек, Жүсіпбек, Құрманбек, Күләш, Жамал, Қалибек, Шәкен, бүгінгі қатарымызда жүрген Сыдық, Хамиди, Қаукен, Ришат туралы айтылатын небір құнарлы да шұрайлы әңгімеге кенеліп, тіпті олардың қайсысы ­жайында әңгіме тыңдарыңызды да білмей сасуыңыз ықтимал. Бір жақсысы, кезінде өзі дәмдес, сырлас, пікірлес болған сол тұлғалардың әрқайсысы жайлы үлкен тебіреніспен жазылған очерк, естеліктер Ілияның ­баспа орындарынан әр жылдарда шыққан кітаптарында да жетерлік. «Қош бол, вальс», «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Көзімнің қарасы», «Қайта оралған ән» кітаптарын оқырман қауымның жылы қабылдағанын жақсы білеміз.

– Мен құрастырған Қазақ совет әнде­рінің антологиясына 226 ән енген, – дейді Ілия. – Сондай-ақ «Көзімнің қарасы» атты кітабымның орысша аудармасы, қырғызшадан аударылған «Сынған қылыш» кітабымның екі томы қайта басылып шықты.

– Фольклорлық экспедициямен ел аралағанды жаным сүйеді, – дегенін де сан рет естігенбіз. – Бірде мені күтпеген жерден өзім қызмет істеген Қазақ радиосына (ол сонда музыка редакциясының бас редакторы) сонау Өзбекстаннан Шағдар Ақымбеков деген жігіт іздеп келді, – дейді ол. – Таныстық, мамандығы мал технигі, өзі мен бір кезде оңтүстік өлкесін аралағанда күйлерін ел аузынан жазып алған Ақбала деген күйші әйелдің туған жиені екен. Осы арада айта кететін бір жайт, Ілия сол сапарда тек бір Ақбала емес, термеші Қайыпназар, күйші Әлшекей, жырау Қалдыбек Әліқұлов, ұлы Абайдың көптеген белгісіз әндерін айтып бер­ген Сарыағашта тұратын немересі Мәкен Тұрағұлқызы, басқа да біраз ха­лық таланттарының өздерін көріп, көзі жоқтарының артында қалдырған мұраларымен танысып, магнитофонға жазып алып қайтқан. Кейіннен солардың негізінде циклды хабарлар әзірлеп, бәрі эфирден берілген. Радиодан Ақбала туралы берілген хабарды естіген соң, әлгі жігіт қалайда маған арнайы келіп жолығуға бел буыпты. Тәп-тәуір домбырашы, ілкім­ді екен. Мені іздеу себебі, Ақбаланың Шағ­дардың өзі ғана білетін біраз күйлерін тартып беру екенін айтты. Қолма-қол тыңдап жіберіп едік, өте оңды, ұнамды дүниелер екен. Ұзамай барлық күйін тегіс плен­каға жазып алдық. Шағдарға «сонша жерден әдейі іздеп келгенің мұнша жақсы болар ма» деп, алғысымызды білдірдік. Ел аралап, мұра жинағанның бір рахаты осында.

Иә, байтақ республикамыздың жер-же­ріндегі халық таланттарының ішінде Ілияның назарына ілінбегендері кемде-кем-ақ болар, сірә. Сонау Қаратау өңіріндегі белгілі күйшілер Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Орталық Қазақ­стандағы Игілік Омаров, Гүлбаршын Ақпанова, Мұқаметжан Тілеуханов, Жақсыкелді Сейілов, шығыс өлкеміздегі Ораз Кәкеев, Баян Сағымбаева қатарлы өнерлі қауыммен творчестволық байланысы әрқашан берік те мығым. Қай-қайсысы жөнінде пікір тартсаңыз да, Ілия бес саусақтай біліп шыға келеді. Олардың магнитофонға жазылған үн, әуендерін, өзі жазған мақала, хабарларымен қоса ұсынатыны және бар. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын еңбекқор, халық мұра­сының шынайы да қырағы сақшысы тек қана осылай болмас па! Жасай бер, дос!

Оның күні кешегі жезтаңдай әнші Жүсіпбек Елебековпен өзара твор­честволық достығы, іштегі арман, талап-тілекті ақтарысқан мезгілдер, сірә, ұмытылар ма? Қайрат Байбосыновпен жылы қарым-қатынасының сыры өзінше бір дастан іспетті. Жылт еткен татымды түйірге жаны ғашық жігіттің өскен ортасы да өнерлі, білікті қауым. Бала жастан қиялына қанат бітіріп, жүрегін елжіреткен әнші Әбдірахман, күйші Нұрғали Асан, Сәдібек сынды әрі ісмер, әрі домбырашы адамдарды ол бүгінде аузының суы құрып әңгіме етеді. «Әбдірахманның әнін ­Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаевтар сүйсіне тыңдаған екен» дейді. «Ауылымызда әншілік өнері Әбдірахманнан кем түспейтін Алдаберген атты тағы бір өнерлі жан болды. Қазір көзі тірі. Мен солардың өнеріне еліктеп, өлшеусіз әсер алып, тәтті арман жетегінде ержеттім» дейді үнемі.

Иә, ұзақ жылдардан бері Қазақ радиосында табан қозғамай жемісті қызмет етіп келе жатқан талантты жазушы, композитор, өнер туын жоғары ұстаушылардың бірі – Ілия Жақанов бүгінде нағыз творчестволық кемел шағында. Ендеше, оның мойнындағы азаматтық парыз бен жүк салмағының уақыт озған сайын ауырлай түсері де ақиқат.

P.S.

Біраз жыл сырттай білетін Ілекеңмен ол да, мен де Алматыдағы Коммунист проспекті мен Калинин көшесінің қиылысында орналасқан диеталық асханаға (денсаулыққа байланысты) үзбей баратын 1966-67 жылдардың бірінде танысып, жиі араласып жүрдік. Ол Қазақ радиосының музыкалық редакциясында, мен «Мәдениет және тұрмыс» журналында істейміз. Танысқан күні Ілекеңнің айтуымен іргедегі (бұрын ­Жастар театры болған) ТЮЗ кинотеатрынан  А.Пушкиннің  шығармасы бойынша түсірілген «Метель» атты жаңа фильмді көргеніміз жадымда. Ілекең аталмыш фильмге композитор Свиридов жазған музыкаға барынша риза боп, қатты әсерленді.

Содан бастап Ілекеңнің тапсырысымен Қазақ радиосына  көптеген музыкалық очерк, оның өзі жөнінде екі бөлімді музыкалық хабар жаздым. Олар алтын қорда. Бертінге дейін беріліп жүрді. Базбірі қазір де естіліп қалады.

Зәкір АСАБАЕВ

 

1241 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы