• Әдебиет
  • 09 Қыркүйек, 2021

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА ҚЫЗЫ

Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» атты хикаятында боздақтарын соғыс жұтқан ауылға жетім балаларды алып келетін еді ғой. Сонда басқарма: «Сөз дейтін не сөз бар... Осы ауылдан соғысқа сайдың тасындай қырық үш азамат кетіп еді. Әзірге оралғаны екеу-ақ. Дәуренбек қолдан, Берден аяқтан айырылып қайтты. Жиырма төртіне қара қағаз алдық. ­Хабарсызы қаншама. Тегіс жетімбіз. Жетім болмасақ, әліпті таяқ деп білмейтін Тоқажан қалқоз басқара ма. Жетім болмасақ, жетпіске келген Ахмет күндіз мал қарап, түнде күшкөлік баға ма. Әйтеуір артының қайырын берсін... – Көзі ­жасаурап сол бөгелді де қайта жалғастырды. – Сөз дейтін не сөз бар, біз баладан айрылсақ, мына алдарыңда тұрған – атадан айырылған жетімдер. Екі жарты – бір бүтін... – Даусы жарықшақтанып, мұрты селтеңдеп, бұдан ары сөйлей алмады». 
Екінші дүниежүзілік соғыстың қанқұйлы қасіреті талай жанды жетім еткені анық. Тіпті төрт құбыласы түгел болса да, ел ауып, ел жағалай қонғандарды да туған жерінен айырылған жетім демеске лажың жоқ. Алайда солардың көбі қазақ жеріне тамырын жайды, қазақ еліне бауыр басты, сөйтті де жүрегінде шор болып қатып қалған уайым-қайғысынан сәл де болса айықты. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – осы күнде «бір атаның баласына» айналып, «қазақтың қара қызы» атанған Асылы Османова туралы болмақ...

 

ТАУ МЕН ТАУДЫҢ АРАСЫ

Оның азан шақырып қойған аты – Асылы. Сірә, қазақтың асыл сөзін өміріне серік тұтары туғанында маңдайына жазылған шығар-ау! Бәлкім, өз ұлтының асыл қазынасын да жүрегінде мәпелеп жүрсін деген аппақ тілекпен қойылған есім бе екен? Не десек те, Асылы Әлиқызы өз есіміне кір келтірмегені рас. 

Грузияның Түркияға шекаралас Ахалкалак деген өлкесі таулы-қырлы мекен. Сұрапыл соғыс жылдарындағы солақай саясаттың кесірінен көшуге мәжбүр болған сансыз отбасылардың бірі – Әлидің тұрақ тапқан жері Түлкібас та таудан қашық емес ауыл еді. «Бір тау мен екінші таудың не айырмасы бар еді?» дерсіз сіз? Болғанда қандай? Туған өлкеңнен мәжбүрлі түрде қоныс аударудың қасіретін кейінгі ұрпақ дұрыс түсіне қоймаспыз, алайда кіндік қаның тамған жерге деген сағыныш ұдайы жаныңды мазалап тұратынын ешкім жоққа шығара алмас.

Хош, біздің кейіпкердің естелігіне сенсек, олардың отбасы қоныс аударған кезде бала Асылы тіптен кішкентай қыз екен: «Ол кезде мен ес біле қоймаған жас баламын. Үлкендердің айтуынша, тып-тыныш өмір сүріп, айрандай ұйып отырған елді бір түннің ішінде келіп, басқа жаққа көшесіңдер деп жылаған бала мен еңіреген анаға қарамай, қорадағы қойын маңыратып, сиырын мөңіретіп есікке көлікті тақап қойып, бір машинаға 2-3 үйден тиеп теміржолға әкеліп, мал таситын вагондармен жөнелткен. Ол кезде Қазақстанда да жағдай нашар, соғыстың халықты тұралатқан шағы. Бірақ өзінің даласындай дарқандығы, пейілінің кеңдігімен біздің халықты жақсы қарсы алған қазақ халқы жер аударылып келгендерге бір бөлмелі үйінің бір бұрышын, екі бөлмелі үйінің бір бөлмесін босатып беріп, өздерінен кем құрмет көрсетпей, бүтінін бөліп, жартысын жарып беріп, аман-есен бейбіт күнге жеткізді. Соншалықты қиын заманда қынадай қырылған адамдардың арасынан аман қалғанымыз үшін мен Құдайдан бір жас кіші қазақ деген халыққа мәңгі қарыздармын! Сонау Алтайдан Атырауға дейінгі тұлпар шапса – тұяғы тозатын, сұңқар ұшса – қанаты талатын байтақ жерге ие болуының өзі – қазақтың пейіліне қарай біткен байлығы. Адамгершілігі асқақ, арамдықтан ада, тумысынан таза, қиянаттан шет, өзі дара, жүрегі бала халық – қазақ имандылығымен де ерекшеленген. Адам баласының бойында бір кесім таза ет бар, ол – жүрек, осы бір кесім ет таза болса, әлем таза болады деп түйдім мен, сырттан келгендердің панасызына пана, анасызына ана бола білген, ораза-намазын қаза қылмаған көңілі дарқан қазақтың мінезінен...»

Үш ұл, үш қызы бар Әлидің отбасы Түлкібасқа келіп тұрақтап, туған жерден айырылудың қайғы-қасіретін енді-енді ұмыта бастадық-ау дегенде екінші қайғымен бетпе-бет кезігеді: аналары көз жұмады. Туған жердің топырағы бұйырмай кеткен ана соңғы сәтінде нені армандады, нені аңсады: белгісіз. Белгілісі – оның ақеділ көңілі мен таза жүрегінің лүпілі ұрпағы арқылы жалғасып, күллі қазақтың қызына айнала білген ­Асылысы арқылы «ана көргеннің өнегесі» осылай болуға тиіс деген ілтипатқа бөленгені.

 

Соғыс соңындағы қазақтың қоңырқай ауылында қазақтың қоңырқай тіршілігін көрген ­Асылы да соғыс ұрпақтары тартқан азаптың дәмін бір кісідей татып көрді. ­Бауыры Әсия екеуі мектепке біреуі түске дейін, екіншісі түс ауа бір аяқ киімді кезектесіп киіп барды, алайда сабағынан қалған емес. Үйдегі тіршілікті де дөңгелетіп ұстады, бірақ кітап пен қаламды бала күнінен серік етуін де қоймады. Иә, соғыстың ауыртпалығын үйдегі үш үлкен: ­Жалалы, Гүлсара, Ағалы көбірек көтерген шығар. Олар ана мен әкенің орнын бір өзі басқан соғыс мүгедегі Әли әкенің қолқанаты болып, қалған үш кіші бауырдың оқып-тоқуына жол ашты. Ал үш кіші – Мәжіліс, Асылы, Әсия – оқуын жақсы оқыды. Мәжіліс мектепті алтын медальмен бітірді. Үш кіші бала да  математикаға жүйрік болды. Мектепте қазақ тілінде оқыса, үйде ана тілін ұмытпады. Ана тілінде сөйлей жүріп өздерін бауырына басқан елдің тілін, ділін, мәдениеті мен әдебиетін сыйлауы керегін жүректеріне тоқып өсті.

«Әкем тауда мал бақты да, біз қар түскенше мектепте оқып, қыс кезінде үйде, өз бетімізше оқитынбыз. Сонда да сабақты жақсы оқыдық, математикадан жүйрік едік, ағам мектепті медальға бітіріп, математик болды. Ал мен математикадан сабақ берген ұстазымды таңғалдырып, тілші болып кеттім. Менен кейінгі, марқұм боп кеткен сіңілім биолог мамандығын иеленген еді. Мен математик емес, филолог болғаным үшін еш өкінбеймін, ұлтым әзербайжан болғанымен, қазақтың қадірлі қызы болып жүргенім осы тілдің арқасы. Қазақтың тілі киелі, киелі тіл жүрген жерде күйе жұқпайды. Мен мектептің 7-класынан кейін Түркістандағы педагогикалық училищеге оқуға түстім, одан кейін Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтында оқыдым. Содан соң академияға аспирантураға қалып, екі жарым жылда ғылыми жұмысымды жазып, «Қазақ тіліндегі синонимдес етістіктердің семантика-стилистикалық қызметі (Абай романы бойынша)» атты кандидаттық диссертациямды қорғап шықтым. Осы жерде табаны күректей 20 жыл жұмыс істедім. «Қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігін» құрастырушыларының бірімін. Мен мұны ылғи мақтанышпен айтамын, ешбір түркі тілдес халықта 10 томдық түсіндірме сөздік жоқ, бұл деген қазақ тілінің бай екендігінің бір дәлелі» дейді Асылы Османның өзі.

Иә, Асылының туған өлкесіндегі тау мен балалық шағы өткен таудың айырмасы бар шығар. Бірақ ұқсастықтан да кенде емес еді. Себебі ол тау мен бұл таудың арасын махаббат, мейірім, ізгілік пен құрмет жалғап жатқан болатын...

 

МҰХТАРДЫҢ

ТІЛІН ЗЕРТТЕГЕН...

 

Ғылымға, білімге деген зор құрмет оның бала күнінде сүйегіне сіңген мінез еді. Мектептегі математика пәнінің мұғалімі Әбдіғапар Рақышев, география пәнінің мұғалімі Болысбек Қарынбаев және өзге де ұстаздары оған ұстаздықтың түп негізін үйретіп, балаға деген мейір-махаббаттың қалай боларын сіңірсе, ғылым жолындағы А.Ысқақов сынды ұстаздары ғылыми жанкештіліктің жолын көрсетті.

Сонымен, біздің кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – ұстаздық. Ол 1957-1961 жылдары Түркістан педучилищесінде оқып, оны бастауыш мектеп мұғалімі мамандығы бойынша аяқтаған. Алайда бұл оқумен шектеліп қалмай, 1963 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жоғары білім алады. Осы саладағы білімін тереңдете жүріп, 1973 жылы Қазақ ҰҒА Тіл білімі институтының аспирантурасын тәмамдады. Асылы Әлиқызы ғылымға бет бұрған шақтан-ақ қазақ тілі туралы жазылған ғылыми кітаптар мен сөздіктер, ғылыми және аударма мақалалар жаза жүріп, қазақ тілін дамыту, оны шын мәнінде мемлекеттік тіл деңгейіне жеткізу ісіне белсене атсалысады.

1973 жылы ҚР ҰҒА-ның кор­рес­­пондент-мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор А.Ысқақовтың жетекшілігімен М.Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша «Қазақ тіліндегі синонимдес етістіктердің семантика-стилис­тикалық қызметі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғай­ды. Асылы Әлиқызы осылайша бала күнінен жанына жақын қазақ тілін Абайдың, Мұхтардың тілі негізінде ғылыми негіздей түседі. Оның ғылыми еңбектерінде Абай, Мұхтар тілінің эстетикасы байқалса, демек, ол эстетика ғылыми жанкештілікпен келгені деп ұғу керек. «Алла бізді Адам қылып жаратқан соң, адам баласына тән қасиетпен өмір сүруіміз керек. Адами кепиетті бойыңызға дарытуға тиістісіз. Анасының ақ сүтімен, әжесінің бесік жырымен өскен баланың бойын­дағы тәрбиенің жемісі Абайды қалыптастырды. Өкініштісі – Абайды толық танып-біле алған жоқпыз әлі. Тіпті «Абай жолын» оқымаған қазақ баласы бар. Абайды Абай қылған әжесі Зере болса, әлемге танытқан Мұхтар Әуезов қой. Сол «Абай жолы» романында қазақ даласының тарихы, әдеті, ғұрпы, салты, тәрбиесі – барлығы бар. Дүниенің құдіреттілігі – сөзде, тілде.

Танытқан қазағымның қазақтығын,

Танытқан қазағымның азаттығын.

Танытқан қазағымның ғажаптығын,

Айналдым құдіретінен Қазақ тілдің! – деп айтамын кейде. «Абай жолында» тіл де бар, діл де бар, өнер де, білім де тұнып тұр. Абайдың тұсындағы қазақтар мүлдем басқаша сөйлеген. Шұрайлы тілмен. Абайдың «толық адам» ілімі деп айтып отырмыз ғой. Бұл деген – ұлттық тәрбие негізінде баланың бойына асыл қасиеттерді жұғысты қылу. Абайдай дананың ақыл-ойын, Алаш қайраткерлерінің парасаттылығы мен өз халқына деген шексіз махаббатын паш етіп, сол ізгі қасиетті бойымызға сіңіру. Абайды неғұрлым терең зерттей түскен сайын біздің бойымыздағы ұлттық рухымыз аспандай түседі» дейді біздің кейіпкер.

«ТІЛ ТАҒДЫРЫ – ҚОЛЫМЫЗДА, ОБАЛЫ – МОЙНЫМЫЗДА...»

 

Асылы Осман есімі аталғанда оның қазақ тілі туралы айтқан толғамды ойлары қоса қабат еске түседі. «Тілдің тағдыры – біздің қолымызда. Обалы да – біздің мойнымызда. Тілге көңіл бөлмей жатыр, қаржы қарастырылмай жатыр деп айта алмаймын. Бірақ  толық мойындамай келеміз. Қазақ халқындай жүрегі кең, дархан ұлт жоқ деп ойлаймын. Бір құрты болса бөліп жедік, қиналғанда құшағына алып, бауырына басты. Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілінің қазақ тілін білуі – қазақ халқына деген құрметі деп білемін. Ендеше, біз қазақ тілінде сөйлеуге міндеттіміз» дейді Асылы Осман. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының мінберлерінде де, үлкен саяси алаңдарда да қазақ ұлтының жақсылығын айтудан шаршаған емес. Сол жақсылықтың өтеуі ретінде қазақ тілін дұрыс меңгеріп шығу көп парыздың бірі ғана екенін де жалықпай айтып келеді. Осы күні тіл мен асылы Осман ұғымы біте-қайнасып кеткендей көрінетін болса, ол да Асылы Әлиқызының тіл тақырыбын қаузап жүргенінен деп білген дұрыс.

Ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» ордені мен «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Османның тіл тағдырына қатысты көтерген мақалалары мен сөйлеген сөзінің өзі мыңнан әлдеқашан асып кетіпті. Демек, оның тіл майданындағы ерен еңбегі өз бағасын алуға тиісті. Тіл тағдыры дегенде ұлт тағдырын қоса қабат айтатын ­Асылы Османқызының тасқа басылған кітаптары да осы тақырыпты індете зерттеуге арналған. Оның ұлт пен тілге деген өлшеусіз еңбегінің бір парасын сондай дүниелерінен айқын байқайсыз.

Ақжыға ЖҰМАҒАЛИ

 

 

2427 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы