• Қоғам
  • 09 Қыркүйек, 2021

ЖОЛДАУ – 2021: ІСКЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Жолдау – 2021: іске асыру жолдары» дөңгелек үстелі өтті. Жиынға ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Директорының орынбасары  Алуа Жолдыбалина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҰҚСК мүшесі Берік Әбдіғалиұлы, Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Сельтеев, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі ­Рашит Ахметов, «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ президенті ­Мадина ­Тыныбаева, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов, Экономикалық зерттеулер институты Өңірлік зерттеулер орталығының директоры Қайсар Нығметов, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Басқармасы төрайымының орынбасары Айнагүл Қуатбаева, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Лима Диас, ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникация­лар қызметі» РММ директоры Руслан Әлішев, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин, ҚР ЦДИАӨМ жанындағы цифрлық трансформация орталығының басшысы Дана Дүйсенова қатысты.

«Ел дамуының негізгі бағыттарын айқын­дайтын стратегиялық басым­дық­тарын белгілеп беретін жыл сайынғы Пре­зиденттің Жолдауы – еліміздегі саяси маңызды оқиға. Осы Жолдаудың негізі басым­дықтарын талқылауға мемлекеттік орган өкіл­дері мен сарапшыларды жинап отырмыз» деді Алуа Серікқызы.

Міндеттердің басым бөлігін белгілеуден бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында мем­лекеттің қаржылық тұрақтылығы туралы мәселе көтерді. Жыл соңына дейін мемлекеттік қаржыны бас­қарудың жеке тұжырымдама­сын ­дайындау міндеті тұр. Оның қажеттілігі және бюджеттік ережелер іс жүзінде қалай жүзеге асырылатыны туралы Республикалық бюджеттің атқа­рылуын бақылау жөніндегі есеп ко­митетінің мүшесі Рашит Ахметов баяндады.

«Ескі заңнамаларды, заңдарды, нормативтік-құқықтық актілерді қарау керек. Осылайша, бюджет қаражатымен, мемлекеттік активтермен, мемлекеттік қарыздармен, тұтастай алғанда, мемлекеттік қаржымен жұмыс істеуде бірыңғай тәсілді, бірыңғай тұжырымдаманы жүйелендіру және әзірлеу қажеттілігі туындайды. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы бюджет саясатын, мемлекеттік және квазимемле­кеттік борыштарды бірыңғай форматта (бұрын олар бытыраңқы пайдаланылған) басқаруға, сондай-ақ Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру мен пайдалануға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында осыған қатысты тапсырмалар берді. Бюджет алдымен кіріс бөлігінде қалыптастырылады, яғни қанша қаражат барын және қаншасын жұмсай алатынымызды біле отырып, содан кейін ғана шығыс бөлігін қалыптастыру. Бұл кейіннен өтеу қиынға соғатын қарыздарға кірмеу үшін қажет. Сол арқылы мемлекеттік қаржының тұрақтылығы мен азаматтарымыздың әл-ауқатының деңгейі артады» деп түсіндірді спикер.

Бұдан басқа, тұжырымдама тағы бір тапсырманы орындауға – Ұлттық қордың азаю үрдісін еңсеруге мүм­кіндік береді.

Екінші болып сөз алған Эконо­ми­калық зерттеулер институты өңірлік зерттеулер орталығының директоры Қайсар Нығметов халық қатысатын бюджет тәжірибесі ­туралы айтты. Оның ­айтуынша, Пре­зидент әр Жолдауында өңір­лік саясат мәселелеріне және жер­гілікті маңызы бар мәселелерді басқаруға адамдарды тартуға көп көңіл бөледі. Тамызда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды, оның шеңберінде тек ауылдық жерлерде ғана емес, қалаларда да жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту көзделген.

«Осындай құралдардың бірі – халық қатысатын бюджет. 2020 жылы үш ірі қалада жалпы қаржыландыру көлемі 2,3 млрд теңгені құрайтын 81 жоба іске асырылды. Бұл тұрғындар ұсынған, дауыс берген жобалар. Келесі жылдан бастап 55-57 қала мен аудан халқы бюджетке қатысады деп жоспарланған. Президент айтқандай, ТКШ бағыты бойынша шығындар үлесі енді 5-10%-ға дейін артады. Енді тұрғындар қандай жобаларды жүзеге асыру керегін өздері шешеді. Біртіндеп орталықсыздандыру жүріп жатыр. Бұл салықтық әлеует біртіндеп республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке аударылады дегеннің белгісі. Айталық, 2019 жылы жергілікті жерлерде ШОБ-тан КТС берілді, тіпті 2020 жыл карантин жағдайында болғанына қарамастан, бүкіл ел бойынша түсім 25%-ға өсті. 2022 жылдан бастап салықтың тағы төрт түрін, 2024 жылдан бастап үш түрін республикалық бюджеттен жергілікті деңгейге беру жоспарланып отыр» деп түсіндірді сарапшы.

Ол, сондай-ақ 2019 жылдан бастап Өңір­лерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мем­лекеттік бағдар­ламасы шеңберінде өңірлік стандарттар жүйесі енгізілгенін жеткізді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің мүшесі Берік Әбдіғали ауыл әкімдері мен аудан әкімдерін сай­лау науқаны туралы пікірін білдірді.

«Халық өз әкімін сайлап, жауап­кер­ші­лікті алып жатыр. Енді өздері сайлаған әкіммен бірге жұмыс істеп, оған көмек­теседі. Бұл жақсы бас­тама. Әрине, ауыл, аудан, қала әкімінің жұмысын бағалағанда, әлеуметтік ­сауалнама нәтижесінде халық­тың 30%-ның көңілі толмаса, бұл әкімдердің қызметіне сай екенін қайта қарау керек екенін Президентіміз атап өтті. Өйткені әкімдер халықтың көңілінен шығу үшін жұмыс істеу керек» ­деген Б.Әбдіғали ауыл әкімдерінің жұ­мысын бағалаудың басты крите­рийлеріне тоқталды.

«Ауылдық жерлерде жайылым мәселесі көп көтеріледі. Ол ауылдың таза­лығы, суы, жолы – бәрі де әкіміне байланысты, қаражаты болмаса да, ол ауыл тұрғын­дарының мүддесін ауданға барып, қорғай білуі керек, аудан әкімінің алдында, маслихаттың алдында. Сондықтан әрбір сайланған ауыл әкімі көшбасшы, елдің басын біріктіретін тұлға болуы қажет. Тағы бір критерий – инвестиция тарту, бюджеттік инвестиция және бюджеттік емес инвестиция. Аудандық, облыстық, республикалық бюджетпен ауданға, ауылға келіп жатқан қаражат, одан басқа кәсіпкерлерді тарта білу. Қай ауылға көп қаражат келіп жатыр, сол әкім белсенді. Сол әкімнің жұмысын жақсы деп бағалауға болады» деді халық қалаулысы.

«Ақпараттық-талдау орта­лығы» АҚ президенті Мәдина ­Ты­­ныбаеваның айтуынша, қазақ­стан­дықтардың адами капиталын арттыру, білім беруді дамыту – әрдайым Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларының маңызды бөлігін құрайды.

«Оқушы орындарының тапшы­лығы бар екені рас. БҒМ біраз уақыттан бері оқушы орындарының мониторингін жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда тапшы болып тұрған 225 мың оқушы орны сөз болып отыр. 2025 жылға қарай шамамен миллионға жуық болады деп болжануда. Сондықтан Мемлекет басшысы мектеп санын 800-ден 1000-ға жеткізуді тапсырды. Биылдың өзінде 200 жаңа мектеп іске қосылады деп жоспарланған» деді сарапшы.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірнеше жылдан бері жоғары оқу орындары мен колледждермен бір­лесіп білім беру бағдарламаларын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Тіпті «Оқу орындары­ның білім беру бағдарламаларының рейтингі» де жасалды. Бұл процес­ке жұмыс берушілер тартылды. Шартты түрде, 2018 жылы олардың білім беру бағдарламаларының сапасына қанағаттануы 33%-ды құрады, ал бүгінгі күні 52%-ға дейін өсті. Жұмыс берушілер белсенді қатысуға, бағдарламаларды өзектендіруге, оқу орындарына қандай мамандар, қандай білім, дағды қажет екенін айтуға тиіс. Президент Жолдауында кәсіби біліктілік туралы жеке заң қабылдау қажеттігі туралы нақты міндет қойды. Ал «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының адами ­капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов баяндады. Оның айтуынша, бір мамандық 3-5 жылдан кейін ескіруі мүмкін.

«Мысалы, оқуды бітіргеннен кейін 3-5 жыл жұмыс істеген ­сле­сарді алайық. Жұмыс беруші бағ­дарламалық жасақтамамен басқарылатын жаңа жабдық орнатса, қайта оқуы керек. Ол өз бетінше қайта оқыды, ал біліктілігін кім растайды? Жаңа заң сертификаттау жүйесін реттейтін болады. Ол сертификаттау орталығына барып, біліктілігін растап, жұмысқа кірісе алады, сәйкесінше жұмыс беруші жоғары жалақы төлейді. Дәл осы Заң жұмыс берушілердің білімге қойылатын талабын реттейтін ­болады. Бізде 580-нен астам кәсіби стандарт бекітілді, бірақ бұл барлық кәсіптің 30% ғана. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Кәсіби стандарттар­дың 70%-ын әзірлеу қажет. Осы «Кәсіби біліктілік ­туралы» заң ­жобасы ­аясында барлық жұмысты үйлестіретін жеке ­орган құрылады деген үміт бар» деп түйіндеді ­сарапшы.

ҚР Денсаулық сақтау министр­лігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау» ҰО басқармасы төрайымының орынбасары Айнагүл Қуатбаева Жолдауда көтерілген вакцинация мәселесі туралы пікір білдірді.

Жолдауда цифрландыру бойынша көптеген тезис айтылды. Үкімет «DigitEL» ұлттық жобасын белсенді пысықтап жатыр. Бұл жобаның назарына не алынады, оның азаматтарға нақты қандай пайдасы болатыны туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбақин айтып берді.

«Өткен жылы Жолдауда айтыл­ған Президенттің тапсырмасы бойынша ұлттық жоба қолға алынды. Егер құрылымға пирамида сияқты қарайтын болсақ, онда инфрақұрылым негізге алынады – бұл интернет, жаңа технологияларды қолдана отырып деректерді өңдеу желісін құру. Келесі деңгейде – мемлекеттің бизнеспен және азаматтармен өзара іс-қимылы, сондай-ақ бизнестің өзімен цифр­ландыруды ынталандыру. Одан кейінгі деңгейде – мемлекеттік органдар мен бизнестің тиімділігін арттыру үшін аналитиканы қолдану. Кешенді түрде – бұл пирамиданы цифрлық үкімет деп санауға болады» деп түсіндірді спикер.

Бұдан басқа, медицина деректерін цифрландыру, компьютерлік ­томография суреттерінің бірыңғай қоймасын құру жоспарланған. Болашақта барлық медициналық ұйымдар қамтылатын болады. Әлеу­меттік салада барлық төлем мен қызметті проактивті форматқа көшіру белгіленген.

Майя МҰРАТБЕК

 

 

1414 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы