• Руханият
  • 09 Қыркүйек, 2021

КІТАП ОҚЫҒАН ЕЛ КЕДЕЙ БОЛМАЙДЫ

«Қазақ тілі бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз айтамыз... Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да түу басында біздікі секілді таза да бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған» деген Міржақып Дулатұлы  «жалғыз сүйеніш, жалғыз үмітте, жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз  да – оқу» екенін өсиет етіп қалдырып кетті.

«Тұлға болам» атты кітап оқу сайысын ұйымдастырушылардың басты мақсаты да осы. Біріншіден, бүлдіршіндерді кітап оқуға баулу, екіншіден, әдеби, көркем туындыларды оқу арқылы тіл тазалығын сақтау, яғни кейінгі кезде етек алып кеткен тіл қойыртпағының алдын алып, бала санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Шұғыла» қоғамдық қоры мен «Дария дамыту» орталығы бірлесіп ұйымдастырған сайысқа төрт топтан елу мыңға жуық оқырман қатысты. 1-3 сынып, 4-7 сынып, 8-11 сынып оқушылары мен ересектер тобына жас ерекшелігіне қарай қазақ және әлем классиктерінің кітабы оқуға ұсынылып, үш кезеңде оқыған білімін тест тапсыру арқылы саралаған. Ұсынылған шығармалардың арасында ­Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесі, Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы, Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романы және т.б. шығармаларды бәйгеге қатысушы оқырманның түсініп оқығаны, талғамды қалыптастырғаны олардың сөз саптауынан айқын білінеді.

Сайыстың марапаттау рәсімінде алғашқылардың бірі болып сөз алған «Шұғыла» қоғамдық қорының директоры Сәрсенбек ­Иманбаев сайысқа Өзбекстан, Моңғолия елдерінен де оқырман қатысқанын айтып, сайыстың ерекшеліктеріне, өту тәртібіне тоқталды.

Ал «Шұғыла» қоғамдық қорының Қамқорлық кеңесінің мүшесі Азат Қалиоллаұлы:

«Бізде жеңіл-желпіге, коме­дияға қызығатын жастар көп. Оның есесіне баланы жастайынан кітап оқытып үйреткен жөн. Әлем классиктерінің, қазақ классиктерінің шығармаларын оқыған бала ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін саралап, сараптай алатын болады. Халқына, ұлтына, мемлекетіне қызмет етіп жатқан тұл­ғалардың қай-қайсысын алсаңыз да кішкентайынан кітап оқып өскен. Ата-анаңның кім болғанына немесе арнаулы мектеп-гимназияда оқыған-оқымағаныңа қарамастан кітап оқыған бала кез келген жетістікке жетуге мүмкіндігі бар. Мысалы, 1962 жылы ең кедей мемлекет болған Корея 20 жылдың ішінде алдыңғы ондыққа кірген» деді.

Дінтанушы Қайрат Жолдыбай: «Қазір әлем астан-кестен болып, құндылықтардың орны ауысып жатыр. Интернетті ашып қалсаң ең көп қаралатын нәрселер арзан қалжың, қысыр әңгімелер. Құндылықтардың орны ауысқан заманда бұл жоба біздің жастарымызды, ұлтымызды, болашағымызды жақсы жаққа қарай бұрды. Біз болашағымызды ойласақ, жастарымызды жаппай оқуға тәрбиелеуіміз керек. Қазір бізге сабыр жетпей жатыр. ­Отбасында ұрыс-жанжал, ене мен келін түсініспей, ерлі-зайыптылар ажырасып жатса соның бірінші кезегінде түсініспеушілік тұр. Ал түсініспеушіліктің негізі – адам баласы сабыр сақтап, кідіріс жасай алмайды. Қазақта байсалды деген жақсы сөз бар. Байсалды екен дейміз. Бұл бай мінезден шығады. Бұл байсалдылықтың түбі сабырға келіп тіреледі. Құранда да сабырды қайта-қайта насихаттағаны сол. Кітап көп оқыған адам сабырлы болады, оны бағана батыс елдерінің ғалымдарының сөзімен Азат бауырым да айтып өтті. Бұл тұрғыда мен жастарды Бақытжан Бұқарбайдың «Күміс кітап» ­деген кітабын  оқуға шақырамын. Болашағымыз көп оқып, білімді болсын. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын» деп сөзін түйіндеді.

«Дария дамыту» орталығының директоры Ерболат Сұлтанмұрат: «130 млн халқы бар Жапонияда бір адам күніне 15 бет, Германияда 10 бет, ал бізде, яғни мұсылман мемлекеттерінде 8 адам бірігіп күніне 1 бет оқиды екен» деген статистика келтіріп, дамыған елдерде кітап көп оқылатынын назарға алды. «Телефоннан, планшенттен оқи ­саламын» деген сылтаумен кітап сатып алмаймыз, ал кітаптан алған әсердің бөлек болатынын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес дейді.

Өзін «Шұғыла» қоғамдық қоры­ның еріктісімін деп таныстырған кәсіпкер Сырымбек Тау сайыс барысында болған қызықты жайттарды әңгімеледі. Мәселен, ­Петропавлдан кітапхана директоры хабарласып, кітапханада тұрған Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романына сұраныс артқанын, тіпті үйінің жанындағы кітап дүкенінде тұрған 67 дана «Ұлпан» романы да сатылып кеткенін сатушыдан естігенін айтып, алғысын жеткізіпті.

Кәсіпкер келесі жылы жеңім­пазға еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласынан бір бөлмелі пәтер сыйға берілетінін, бұл біріншіден, оқырманның қызығушылығын оятса, екіншіден, қазақ тіліндегі кітаптың оқылуына, болашақ ұрпақтың ой-өрісі кеңейіп, ­дамуына қосқан үлес екенін атап өтіп, сол үшін жасалып жатқан қадам екенін тілге тиек етті. Барша азаматтарды осы ізгілікті істі насихаттап, қолдауға шақырды.

Сайыс жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Б.МҰРАТҚЫЗЫ

 

744 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы