• Қоғам
  • 09 Қыркүйек, 2021

«ШӨП ҚОРЫҒАН ИТТІҢ» КЕБІН КИГЕН «ЛАТИФУНДИСТЕР» КӨП

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

«Ana tili»

Жер  – халықтыкі. Ықылым заманнан бері жер үшін халық тірескен, күрескен.  Жер мәселесіне келгенде қазақтың жаны бөтен. Сондықтан бүгінгі мақсат – ата-бабадан мұра болып келген жерге бүгін және ертең ешкім кінәрат қоя алмайтындай заң жобасын жасау. Алайда осыдан бірнеше ондаған жыл бұрын мемлекеттің шұрайлы жерін меншіктеп алып, кенеттен келген байлыққа масаттана қарап, «менікі» деп қожайын­дық жасағандар бар. Олар заңның осал жерін тапты. Сөйтіп, байыды. Дәулеті асты, бірақ жердің құты қашты. Жер тиімді пайдаланылмай ұзақ уақыт бос жатты. Ал инвестиция құйылмаған жер азады, тозады. Одан бұрын Президент Тоқаев халықтың көңілі күпті болып келген ең маңызды мәсе­лені түпкілікті шешті. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды.  

Алайда алаңдайтын тағы бір мәселе барын жасырмауға тиіспіз. Жерге қатысты арнайы құрылған комиссия бұрынғы мораторийді тағы да ұзартты. Негізі мораторийлермен уақытты соза беруге болмайды. Бұл мәселеге нүкте қоятын кез жетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың был­тырғы және биылғы Жолдауында жалпы жер мәселесінің өте өзекті екенін айтқан.

–Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді, – деді Президент Тоқаев.

Рас, бұл салада аз болса да, алға жылжу бар. Ең алдымен игерілмеген және тиімсіз игерілген жерлерді анықтап, оны алып қою мақсатымен ғарыштан мониторинг жасау заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Үкіметтің жазда өткен кеңейтілген мәжілісінде Президенттің «қазір мал жаю үшін 29 миллион гектар жер қажет. Соған қарамастан шаруа қожалықтары 33 миллион гектар жерді пайдаланбай отыр. Ауылдық округтердің 80 пайызында жайылымдық жер тапшы» дегені бар.  Расында пайдаланылмай жатқан бос жер көп.

Өткен жылдың аяғынан бастап тоқтап қалған ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау жұмысы қайтадан жолға қойылды. Мұның ең тиімдісі, енді бос жатқан жер ғарыштан бақыланатын болады.

– Ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану керек. Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал ­жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті оны адам аяғы ­баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсетілетін қолдау тәсілдері «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керек. Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында.

Сең қозғалды, енді сенім күшейеді дейік. Бұл мәселеге қатысты қазір қоғам белсенділері мен депутаттар, ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары  тиімді жұмыс істеп жатқан жайы бар.

– 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жерге қатысты заңнамаларда көп нәрсе өзгереді. Мысалы, енді кез келген азамат елдегі ауылшаруашылық мақсатындағы кез келген жер аумағының иесінің (жалгерінің) аты-жөнін телефон арқылы біле алады.  Егер бұл жердің иесі (жалгері) заңды тұлға болса, оның толық атауы мен бизнес сәйкестендіру номерін біле алады. Біз бәріміз біріге отырып, ақыры, ашық жер кадастры дегенге қол жеткізе алдық. Заңдастырылған және ақыры қалыпты жұмыс істей бастаған космомониторинг арқылы анықталған пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық мақсатындағы жер аумақтарына 20 есе жер салығы және автоматты түрде бірден салынады. Бұл латифундисттердің  қалтасына қатты бататын болады және оларды пайданылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтаруға итермелейді. Әр ауылдың айналасында, осы ауылдың тұрғындары үшін, қоғамдық жайылым жерлері ұйымдастырылады. Бұл үшін жер, қоғамдық жайылым жоспарына сай, бүгінгі жалгерлерден мемлекет қарамағына, мемлекет қажеттілігі үшін қайтарылады, – деді қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан Мәжілістің вице-скипері Павел Казанцев және аграрлық комитеттің төрағасы Ерлан Барлыбаевпен кездесуден соң.

Демек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді». Өйткені нәтиже керек, ал біз келер ұрпақтың алдында жер үшін жер болып қалмауымыз қажет.

1914 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы