• Қоғам
  • 16 Қыркүйек, 2021

ҚАҚПАҚ ПЕН ҚАРАКӨЛДІҢ ҚАСІРЕТІ...

Нұрболат АБАЙҰЛЫ

«Ana tili»

Алматы облысы Райымбек ауданы өзінің табиғи сұлулығымен ерекшеленетін аймақ. Онда бастауын Хан-Тәңірі секілді мұз таулардан алып, сарқырап ағатын тау өзендері де, географтардың терминінде «моренді» аталатын тауүсті көлдері де мол. Сондай өзендердің бірі Қақпақ өзені деп аталады. Басы мұзтаулардың етегіндегі Жасылкөл, Қаракөлден басталатын өзен екінші көлден жерасты сүзгіден шыққаннан-ақ, екпіндей ағады. Жолай сай-саладан қосылған бұлақтармен су қоры молайып, төменге барғанда өткел бермес асау өзенге айналады.

 

ХАН БАЛЫҚ ҚАҚПАҚ  ӨЗЕНІНДЕ ҚАЙ КЕЗДЕН БАР?

Міне осы өзенге өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ихтиолог ғалымдар «форель» атайтын балық кездейсоқ жіберіледі. Ол оқиға ­былай болған. Сол кездегі Кеңес Одағы аталған алып держава қарамағындағы республикалардағы су айдындарында балық өсіріп, Мәскеуді жоғары сапалы балық өнімдерімен қамтамасыз ету жоспарын жасаған. Сол ­бойынша жоғарыда аталған Қаракөлге 4-5 тонналық цистернамен форель балығын алып бара жатады. Алайда жолдың нашарлығынан көліктері аударылып, сумен бірге балық та Қақпақ өзеніне төгілген. Биологиялық ерекшелігіне орай суық тау суында жақсы өмір сүретін форель аталмыш өзенде тез өсіп көбейеді. Табиғатынан жыртқыш балық саналатын форель өзендегі жергілікті аған балықтарды жеп тауысады. Бүгінде бұл балықты ихтиологтар «хан балық» деп те атайды. Осы хан балық табиғаты қолайлы Қақпақ өзенінде көбейіп, өзіне балыққұмарларды ерекше тартатын болған. Ерінбеген балықшылар 10 сантиметрлік кішкенесінен бастап, ұзындығы 40-50 саниметрлік, салмағы 2-3 кг болатын үлкендерін қармақпен немесе тормен аулап жүр. Хан балықтың дақпырты ауыл, ауданнан асып, бүгінде өзге аймақтардан ат арылтып барып аулайтын балыққұмарлар көбейген. Соның салдарынан соңғы жылдары мұндағы балық қоры күрт азайып кеткенін табиғат жанашырлары айтып жүр. Райымбек аудандық орман шаруашылығының қорықшысы Дүйсенбайдың айтуынша, техника дамыған сайын жол талғамайтын көліктермен келетін демалушылар көбейген. Солардың бәрі-ақ өзенге қармақ салып, қаскөйлері тор құрып, балықты тоқпен соқтырып та аулайтын көрінеді. Қорықшының айтуынша, бұған тыйым салмаса, аз уақытта балық қоры мүлде жойылуы мүмкін...

МАРЛЕННІҢ МАҚСАТЫ –  БАЛЫҚ ҚОРЫН МОЛАЙТУ

Міне, бұл ақпарат осы өңірден шық­қан, «King Fish» балық шаруашы­лығы компаниясының бас директоры Марлен Тұрсынәліұлына да жетеді. Елімізде балық қорын қолдан өсіріп молайтуды көздеп жүрген Марлен ­бауырымыз бұл жағдайға бейжай қарай алмайды. Өзінің қарамағындағы ­ихтиолог ғалымдармен ақылдаса келе осы хан балықтың тұқымын алып, оны қолдан өсіріп көбейтуге шешім қабылдайды. Сонымен қатар жоғарыда айтқан Қаракөлдегі атауы белгісіз, іші құртқа толған балықты да зерттеуді көздейді. Осылайша, қыркүйектің 10-ы күні жол талғамайтын екі көлікпен 4-5 маманын алып, ғылыми экспедицияға дайындалады. Бұл сапарға куә болып, жазу үшін бізге де өтініш жасаған соң, ғылыми экспедиция құрамынан табылдық. Марлен Тұрсынәліұлы ҚазМҰУ-дың биотехнология факультеті балық шаруашылығы бөлімінде докторантурада оқиды. Шәкірттері де осы оқу ордасының ­магистранттары. Яғни кәсіптерін ғылыми инновация және жаңа технологиямен байланыстырған кәсіби мамандар.

Сонымен, екі көліктің біреуіне 100 литрлік арнайы ыдыс тиеп, оған құйылған суға ауа беріп тұратын құрылғысымен жабдықтап, жолға шықтық. Алматыдан таңғы бесте шығып, жолға тоқтамастан жүріп, 6 сағатта Райымбек ауданы Қаратоған ауылына ат басын тіредік. Мұнда біздің тобымызға алдын ала келіскеніміз ­бойынша жергілікті жердің табиғат ­жанашырлары Қанат Исадінұлы мен Санат Есболатұлы қосылды. Олар Қақпақ өзені мен хан балықты аулаудың сырын білетін мамандар. Солардың жолбастауы бойынша тағы бір сағат жүріп, айтулы өзеннің жағасына түс ауа жеттік. Екі маманның ересегі Қанат өзен жағасында ақырын сөйлеуімізді өтінді. Себебі әбден шошынған балық күркіреп ағып жатқан өзенде жүріп-ақ, адам дүбірі мен даусын естіп қоятын көрінеді. Екі жігіттің көрсетуі бойынша өзеннің иірімдеріне түсіп, екі маман торды құрып тұра қалды. Жоғарыдан тағы екі маман өзенге түсіп, таяқпен суды түртпектеп балық айдады. Бәрі де ­арнайы су өткізбейтін киім киген. Алайда судың суықтығы киімнен өтіп сүйекке жетеді. Судың ағысы да қатты. Судағы мамандарды ала жөнелгелі құтырына ағады. Олар да таяққа сүйеніп, амалдап жүр. 2-3 иірімге салып еді, ештеңе ілінбеді. Содан Қанаттың айтуы бойынша, өзеннің екіге жарылған жерінен баяу ағып жатқан екінші тармағына түсіп, иірімдеріне тор құрып айдап еді, алғашқы балық та түсті-ау, әйтеуір. Марленнің өзі бастап хан балықты тамашалап көріп жатыр. Жотасы қара сұр, бауыры ақшыл балықтың қызыл жолағы ерекше көзге түседі. Алғашқы олжаларын бірден арнайы ыдысқа жөнелткен Марлен шәкірті Әділбекке «ыдысқа осы өзеннің суынан құйып, суға ауа беріп тұратын аппаратты қосып қой» деп тапсырмаларын да беріп жатты. Қалған мамандар тағы да балық сүзуге кірісіп кетті. 3-4 иірімді сүзгенде торға әрең дегенде 1 балық түседі. Осылайша, өзен бойымен 2-3 шақырым жүріп он бестей балық сүзгенде кеш те батты. Алғаш «мөлшерлеген балықты ұстай алмаймыз ба?» деп қауіптенген Марленнің қабағы ашылып, экспедиция жігіттеріне ризашылығын білдірді.

– Ал жігіттер, ғылыми сараптама жасап, зерттеу үшін бізге әртүрлі көлемдегі, әртүрлі салмақтағы 15 балық жетеді. Әділбек пен Жансая балықтарға ауа үнемі барып тұруын қадағалап, кезектесіп кезекшілік жасаңдар. Бекзат пен Самат көліктердің май, суын тексеріп, ертең Қаракөлге баруға дайындаңдар. Ал Қанат пен Санат бауырымызға рақмет. Сіздер болмасаңыздар мына шошынған балықты ұстауымыз екіталай екен. Алғашқы мақсатымыз орындалды.

Осылайша, алғашқы күнгі сапарымызды аяқтап, Қаратоған ауылына қонуға қайттық.

ЖЕРГІЛІКТІ ЖІГІТТЕРМЕН БОЛҒАН КЕҢЕС

 Кешкісін біздің келгенімізді естіп, Қаратоған ауылының бір топ азаматтары сұхбаттасуға келіпті. Марлен Тұрсынәліұлы уақыт бөліп, оларды толғандыратын сұраққа жауап берді. Олардың басты өтініші «Осы аймақтың өзендері мен тауларына келіп, балығы мен аң құсын аулайтын аңшы атын жамылған браконьерлерге қалай ­тыйым салуға ­болады?» деген сауал еді. Себебі аңшы атын жамылатындардың көбінің қалтасында құзырлы органдардың ресми куәлігі бар, тиісті қорғаушы нөкерлері бірге жүретіндер болып келеді екен. Сонымен қатар баяғыда бабаларымыз «келімсектер» атап кеткен өзге ұлт өкілдері көрінеді. Яғни жерге, елге жаны ашымайтындар. Сонымен, Марлен Тұрсынәліұлы Азия мен Еуропа елдеріне шығып тәжірибе жинаған маман ретінде де, ұлтжанды мемлекетшіл азамат ретінде де жергілікті азаматтардың сауалына ашық жауап берді.

– Жалпы бұл мәселенің бәрі заңмен реттелуі керек. Сіздер айтып отырған мәселеге қатысты да салалық заңдар баршылық. Атап айтқанда, «Экологиялық Кодекс» және ҚР аумағында аң аулау ережесін бекіту туралы Үкімет қаулысы да бар. Сол заңдардың орындалуын талап ету – екінші мәселе. Еуропада мұның бәрі заңмен реттелген. Аңшылық шаруашылықтары өте көп. Жабайы аң, құстардың өзін қолдан көбейтіп, туристерге ұсынып, миллиондап, миллиардтап пайда тауып отыр. Сіздер де солай жұмыс істесеңіздер болады. Жоғарыда аталған заңдарға қосымша аудандық мәслихатқа ұсыныс жасап, заңдық күші бар шешім шығартып алыңыздар. Қақпақ сайы мен өзеніне баратын асуға шлагбаум орнатыңыздар. Өзен бойынан бассейн салып, балық өсіріңіздер. Біздің «King Fish» балық шаруашылығы компаниясында «Балық мектебі» бар. Онда екі аптада балық өсірудің қыр-сырын үйретіп, одан ары да шаруашылық ашудың, жүргізудің құжаттық кеңесін береміз. Осылай шаруашылық жүргізсеңіздер келген демалушылар бассейнде дайын балық тұрса, су жәндігін тоқпен соқтырып, заңсыз әрекеттерге барудан өздері де бас тартады. Жердің иесі, киесі бар екенін оларға көрсету керек. Экологиялық мәдениетті түсіндіру қажет. Тыңдамаса заңмен айыппұл салып, ондайлармен сауатты күрес жүргізген дұрыс. Егер келген браконьерлердің қалтасында куәлігі, жандарында жергілікті органдардан қорғаушылары жүрсе қазіргі таңда оларға қарсы да амал бар. Бүгінде қалта телефоны бәріңіздің қолыңызда жүр ғой. Соған суретке, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп жіберіңіздер. Бұл айғақтан олар қашып құтыла алмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты ­Жолдауында аңшылық жасауға мораторий жариялағаны белгілі. Сондықтан браконьерлермен күрессеңіздер заңның бәрі сіздер жақта.

Түн жарымға дейін Марлен Тұрсынәліұлының тегін тренингінен дәріс алған жергілікті азаматтардың бәрінің көзі шоқтай жанып, рухтанып қайтты. Құдай айдап өз аяғымен барған спикердің кеңесін жүзеге асыруға уәделесіп аттанды. Пайдалы бір іске куә болғанымызға біз де шүкіршілік еттік.

ҚАРАКӨЛДЕГІ БАЛЫҚТЫҢ ІШІ НЕГЕ ҚҰРТҚА ТОЛҒАН?

  Екінші күнгі сапарымыз Қақпақ өзені бастауын алатын Қаракөлге жалғасты. Себебі ел ішінде осы көлде іші құртқа толы балық бары айтылады. Міне, Марлен бастаған мамандар осы балықты ұстап апарып, зертханада зерттеуді мақсат еткен. Ертелеп жолға шыққан біз тау-тасты және ара-тұра кездесетін батпақты жолмен 4 сағат жүріп, тоқсан шақырымдай қашықтықты еңсеріп, Қаракөлге асатын асуға тірелдік. Бұдан ары көлік мүлде жүре алмайды. Сол араға көлікті қалдырып, біз 3 шақырымдай жоғары өрлеп, асудан асып, Қаракөлге де жеттік. Мамандардың айтуынша, теңіз деңгейінен 4 мың метрдей биіктікте орналасқан көл айнадай жалтырайды. Жағасында ешқандай бұта өспейтіні және шөптің де тықырлығы бұл көлдің мамандар айтқандай 4 мың метр биіктіктен жоғары тұрғанын дәлелдей түседі. Көлдің суы тұп-тұнық. Түбінде жүзіп жүрген майда балықтарға дейін анық көрініп тұр. Мамандар арнайы құралдармен әртүрлі көлемдегі он шақты балықты ұстады. 2-3 сантиметрлік шабақтан бастап, 15 сантиметрлік балыққа дейін қамтылды. Үлкенірек балықтардың іші бұлтиып, жай көзге-ақ ісіңкі екені көрініп тұр. Ихтиолог мамандар ішін жарып, ішіндегі таспақұртты көрдік. Балықпен он жылдан астам уақыттан бері кәсіби айналысып жүрген ­Марлен Тұрсынәліұлы балық пен құртты мұқият қарап шығып, өзінің алғашқы болжамдарымен сол арада бөлісті:

– Меніңше, бұл балық «қабыршақты көкбас» (чешуйчатый осман). Бұл балық теңіз деңгейінен 1500 метр биіктіктен де ары су қоймаларында өмір сүреді. Негізінде ұзындығы 30-40 см-ден кейбір түрлері 70 см-ге дейін өседі. Мұндағы балықтардың өсуіне – ішіндегі таспа құрт кедергі келтіргені байқалады. Енді мұны зертханада зерттеп, бұл құрт қалай пайда болған, балықтың ішіндегі құртты жоюға бола ма, жоқ па, кішкене шабақтардың ішінде құрт бар ма, жоқ па, көл айдынын құрттан қалай тазартуға болады, осы мәселелерді анықтаймыз. Мұны жалғыз біз емес, паразитолог, эколог ғалымдармен бірлесе зерттеп, көл мен балықты құрттан арылтып емдеу үшін Үкімет деңгейіндегі кешенді жұмыс жүргізілуі қажет. Біз өз болжамдарымыз бен ұсынысымызды Үкіметке жеткізетін боламыз, – деді.

Бұл уақытта күздің қысқа күні де кешкіріп қалған еді. Ұсталған балықтарды арнайы ыдыстарға салып алып, кері қайттық. Барарда жоғары қарай көлік қинала жүріп, 4-5 сағат жүрген жолды қайтарда еңіске 2 сағатта еңсеріп, Қаратоғанға қараңғы түскенде жеттік.

Ертесі ертемен жолға шығып, Марлен Тұрсынәліұлының балық шаруашылығына жеттік. Қақпақ пен Қаракөлдің балықтары жеке-жеке шағын бассейндерге жіберілді. Зерттеу жүргізу болашақтың еншісінде. Зерттеу нәтижесі толық шыққанда анықталған мәліметтермен бөлісуге уәде берген экспедиция мүшелерімен қош айтыстық.

САПАР ТҮЙІНІ

Осынау Қаракөлдің дақпыртын Райымбек ауданының тұрғындары бұрыннан еститін. Көл мен оның құрттап кеткен балығы туралы аңыз да көп болатын. Бірақ екінің бірі оған жетіп көруге мүмкіндігі бола бермейді. Себебі жолы қиын және алыс. Сондықтан да оны көру біздің де арманымыз еді. 2016 жылы соның сәті түсті. Табиғатқа жақындығымыздың нәтижесінде аңшылар қауымдастығына мүше болып, ара-тұра солармен еліміздің әр өңіріне сапарлап қайтатынбыз. Сол жылы тамыз айының ортасында Ерік Мелісұлы, Мұрат Рабатұлы деген аңшылардың ұсынысымен Қаракөлге сапарға барғанбыз. Ол кезде таныс малшылардың үйіне көлігімізді қалдырып, солардан ат алып мініп, Қаракөлге, одан 4-5 шақырым жоғары орналасқан Жасылкөлге және олардың шығыс жағындағы сайдағы Ақкөлге барып, табиғаттың тамашасына тамсанып қайтқанбыз. Бұл аймақта бұлардан да бөлек тау мұздықтарының етегінде қалыптасқан аты жоқ морендік көлшіктер де көп екен. Ең қызығы осы көлдердің қашан, қалай пайда болғанын дөп басып ешкім айта алмайды. Сол жолы бізге көлден 2-3 шақырым төменгі жағында отырған қойшы Бексерік ақсақал өзінен үлкендерден естіген әңгімесі бойынша көлдің қашан пайда болғаны туралы болжамдарын айтып берді. 2016 жылы жасы сексеннен асқан ақсақалдың айтуынша, 1887-89 жылдардағы немесе 1910 жылғы жер сілкіністерінің бірінде осы Қақпақ өзенінің басындағы және батыс жағындағы тау жынысы құлап өзен арнасын басып қалған. Таудың жартысы жарылып құлағаны көзге мен мұндалап көрініп тұр. Егер Көлсай, Қайыңды көлдерінің де дәл осындай жағдайда пайда болғанын ескерсек, Бексерік қарияның айтқаны шындыққа сәйкес келеді. Тағы да жергілікті тұрғындардың пікіріне қарағанда, бұрын Қақпақ өзенінде ақшыл сары балық болыпты. Кейін жетпісінші жылдары кездейсоқ жағдайда көлге форель балығы жіберілген соң сол балық азайып, ақыры құрып кеткен.

 Ал бұл жолғы сапарымызда көлдің, өзеннің, таудың орналасу ерекшеліктеріне сараптама жасаған Марлен Тұрсынәліұлы да бұл пікірлерді қолдап, өз ойын да айтты.

– Меніңше, Қаракөлдегі балық Қақпақ өзенінде бұрыннан бар «қабыршақты көкбас» балық. Жер сілкінісі кезінде өзен арнасын тау жынысы басып қалған соң көл пайда болған. Өзенге кейін жіберілген форель 1-2 шақырымға созылып жатқан тау жыныстарынан көлге өте алмаған. Сондықтан бұл балық сақталып қалған. Ал, жарқырап жатқан көлге көктем мен жазда жыл құстары қонатыны анық. Балықпен қоректенетіні табиғи заңдылық. Содан соң көлге құстар саңғырып, солармен ілесіп келген паразиттер көлге түсіп, оны көл құрттары жеп, одан құрт пайда болған. Құртты балық жеп, ауруға ұшыраған. Бұл біздің болжамымыз, енді оны ғылыми тұрғыда зерттейміз.

Айтпақшы, осы аймақтағы тау көлдерінің қашан пайда болғанын, олардағы су қорлары қанша екенін, олардағы балық пен өзге де тіршілік иелері білмек болып ҚР Экология, геология және табиғи ресурс­тар минитрлігінің Су ресурстары комитетіне, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне, «Қазселден қорғау» мемлекеттік кәсіпорнының Алматы облыстық басқармасына хабарластық. Бізді толғандырған сұраққа ешқайсысы мардымды жауап бере алмады. Су ресурстары комитеті «бізде мұндай көлдер туралы мүлдем мәлімет жоқ» деді. Соңғы жылдары елімізде құрғақшылық болып, судан тапшылық көріп жатқанымыз белгілі. Ал су көздеріне тікелей ­жауапты комитет ол көлдерді білмейтін де болып отыр. Соған қарағанда, олар бұл көлдер ғана емес, еліміздің өзге аймақтарындағы тауүсті көлдерін де білмейді-ау деген ойда қалдық. Егер қар мен жауын мол түсіп, тауүсті көлдері тасып немесе жер сілкініп, сол көлдер төменде отырған елді мекендерге зардап келтірсе кім жауап береді? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықты тыңдайтын Үкімет болуы керектігін үнемі айтып келеді. Ал біздің жоғарыда аталған министрліктер мен комитеттер және оларға қарасты құрылымдар ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып отырған БАҚ-ның ресми сұрағына жауап бере алмайды. Бұған енді не дауа бар?..

 

1459 рет

көрсетілді

8

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы