• Мәдениет
  • 16 Қыркүйек, 2021

«ДОСТЫҚ ҮЙІ» – ТАТУЛЫҚТЫҢ ОРДАСЫ

«Жер жаннаты – Жетісу» татулықтың, достықтың, береке мен бірліктің ­символына айналған қасиетті мекен. Неге қасиетті? Себебі қазақтың киелі әрі кең-байтақ ­даласы талай жанға пана болып, талай жанды бауырына басты. Жер аударылып, бас сауғалаған талай жанға пана болды. Кешегі бауырына басқан жан бүгін өсіп-өнді. Үлкен отбасыға айналды. Киелі мекен этносаралық татулықтың ұйытқысына айналды. Қазақтан осыншама қамқорлық көрген біз «Жаратқан қасиетті қазаққа жақсылығын берсін» деп тілеуден ешқашан да шаршаған емеспіз. Шаршамаймыз да.  
Достық. Бұл қасиетті ұғым бәріміз үшін аса қымбат. Бәз біреулер мұны тек жай ғана сөз деп қолданар. Бірақ мен үшін бұл сөздің қадірі мен қасиеті терең әрі бағалы. ­Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдегі татулық пен достықтың салтанат құруы ­жолында барынша тер төкті. Еш аянбады. Елім деп жар құлағы жастыққа тимей еңбек еткен қайраткердің еңбегі ақталды. Елбасының тапсырмасымен еліміздің әр өңірінде «Достық үйі» бой көтерді. Атауының өзі бірлік, татулық, достықты насихаттап тұрғаны мені қуантады. Алматы облысының орталығы, Жетісудың бас қаласы саналған Талдықорған қаласындағы «Достық үйі» біздің қара шаңырағымызға айналды.

2008 жылы есігін айқара ашқан бұл қасиетті қара шаңырақта тек жақсы шаралар жүзеге асып келеді. «Алдағы уақытта да солай болсын» деп тілеймін. Өзге ұлт өкілдерінің басын бір ортаға қосып, еліміздегі ұлтаралық татулықты кеңінен насихаттап, достықты нығайту жолында жүйелі жұмыс істеп келе жатқан бұл киелі шаңырақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сарабдал саясатын жетісулықтар арасында кеңінен насихаттап, еліміз үшін достық пен ынтымақтың қаншалықты маңызды екенін көпшілікке ұғындырып келеді.

«Достық үйінің» табалдырығын аттаған сәтте әр этнос өкілінің ынтымағының риясыз бейнесін көруге болады. Әсіресе әр ұлттың өзінің салты мен дәстүрін берік ұстанып, ұлттық киімін киіп, өз ана тілінде сәлем беріп тұрғаны ерекше көрініс. Бәрі өз ұлтының салт-дәстүрін ұстанып, ұлттық киімдерін кисе де олардың бәрі бір шаңырақтың астында бейбіт заманда өмір сүріп жатқанын ешқашан да ұмытпайды. Олар бір ауыздан қазаққа бас июге дайын. Қазақтай текті халықтың жасаған жақсылығы мен көрсеткен құрметіне өмір бойы қарыздар екенін ешқашан да, еш уақытта да естен шығармайды. Бұл бәріміз үшін аса маңызды. Осындай көзге көрінбейтін сыйластық пен мейірім, достық пен татулық деген ұғымның нәтижесінде біз бір ту, бір шаңырақ астында тату өмір сүріп келеміз. Біз үшін бұл аса маңызды.

Киелі мекенде Елбасы саясатын жүзеге асырып, елімізде достықтың салтанат құруы жолында біршама жиын мен игілікті іс-шаралар өтіп келеді. Мекеме алғаш ашылған кезде негізінен бұқаралық мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырумен айналысты. Ал қазір Ассамблеяның мемлекеттік ұлттық саясат саласындағы негізгі стратегиялық бағдарламаларына түсінік беру, насихаттау және қоғам­дық келісімді сақтау бойынша идеологиялық жұмыс орталығы қызметін атқаруға ба­ғытталып отыр. Кең әрі жарық, заман талабына сай бой көтерген ғимарат­тың бірінші қабаты тек әкімшілік жұмыстарды жүргізуге арналған. Мұнда «Достық үйі» құрылы­мында жұмыс істейтін «Әкімшілік-басқару», «Этносаралық қатынастар саласын талдау және мониторингілеу», «Қоғамдық-көпшілік шараларды және ҚХА-ның құрылымдарымен жұмысты ұйымдастыру», «Рухани жаңғыру», «Ғимаратқа қызмет көрсету бөлімдері» мен этномәдени  бірлестіктердің  өкілдеріне арналған кеңсе, ­заманауи техникамен жабдықталған дыбыс жазу студиясы, қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрі орталығы, мемлекеттік және этностық тілдерді дамыту кабинеті, мультимедиялық орталық  орналасқан. Қысқасы, бүгінгі заман талабына қажетті дүниенің бәрі бар. Ғимаратымыздың екінші қабатында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қоғамдық келісім кеңесі, медиация кабинеті, гримге және дайындыққа арналған бірнеше шағын бөлме бар. Сонымен қатар 200 адамдық акт залы мен төрт каналды синхрондық аударма жүйесі орнатылған мәжіліс залы бар. Біз бұл залда түрлі шаралар өткізіп тұрамыз. Ақсақалдар кеңесі, жастармен кездесу сынды шаралардың барлығы да осы қасиетті шаңырақта өтеді. Үшінші қабатта түрлі этностардың салт-дәстүрін, мәдениетін насихаттайтын этномәдени бірлестіктерге арналған кабинет орналасқан. Олар әр этностың салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын көрсететін бұйымдармен жабдықталған және уақыт талабына сай жаңартылып отырады. Сондай-ақ ғимараттың ең төменгі қабаты үш хореографиялық залмен, қойылым костюмдеріне арналған бөлмемен жабдықталған. «Достық үйі» тұнып тұрған бірнеше этнос өкілінің басын қосқан бір музей дерсіз. Шешен, орыс, неміс, қытай халқының салты мен дәстүрін білгіңіз келсе немесе тарихымен танысқыңыз келсе, есік үнемі ашық. Қалаған уақытыңызда барып, арнайы маманға жолығып, танысуға бар мүмкіндік қарастырылған. Бұл біздің жас ұрпақтың ой-өрісінің дамуына, өзге мемлекет жайлы толық білуіне, достықтың қадірін терең түсінуіне мол мүмкіндік. Осындай мүмкіндікті бізге бұйыртқан ел ағаларына алғыс айтамыз.

Бүгінгі таңда «Достық үйінде» 26 облыстық этно­мәдени бірлестік, олардың жанынан құрылған 6 шығар­машылық ұжым, 6 қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Аталған бірлестіктердің аудан, ауылдық филиал мүшелері облыстық шараларға белсене қатысады.

Қазақстан халқының бірлігін нығайту, аймақтық ассамблеямен мәдени байланысты дамыту мақсатында бірнеше жоба ұйымдастырылды. Үлкенді сыйлап, кішіге құрмет көрсетуді қазақ халқынан үйренген әрбір этнос өкілі өздерінің ата-баба салған сара жолынан еш алыстаған емес. Атап өтетін болсақ,  «Бейбітшілік пен келісім жол картасы», «Жібек жолы бойындағы сұхбат», «Рухы ­бекем, киелі мекен – Жетісу» ғылыми-танымдық экспедициясы, «Қазақтану» жобасының «Ұлы Дала елінің қонақжай қасиеті» мәдени-көпшілік шара ­аясында «Қымызмұрындық» фестивалі, «Туған жер», «Бірлік» халықаралық жастар лагері және «100 жаңа есім: ­табысты болу жолы» жазғы мектебі сынды ­шаралар көптеп ұйымдастырылды. Көпті көрген, көкейге түйген ақсақалдар қауымы осы шараның басы-қасында үнемі атсалысты. «Біздің бір ауыз сөзіміз жастардың санасында сақталса екен» деген тілекпен үнемі өз ұлтымызға қазақтың қаншалықты жанашырлық танытып, қамқорлық көрсеткенін айтудан жалықпаған ақсақалдарға зор құрмет. Себебі жас буын кешегі тарихтың ауыр соққысын біліп өсуі ­керек. Сол арқылы бір-біріне бауырмал, жанашыр болса дейміз.

Адам өзгенің жақсысын көру арқылы өзінің кеткен кемшілігімен жұмыс жүргізуі керек. Егер олар бір мақсат жолында еңбек ететін болса, тәжірибе деген аса маңызды рөл атқарады. Осыны мақсат еткен біздің «Достық үйінің» қызмет­керлері басқа қалалардағы қызметкер­лермен тәжірибе алмасуды жөн санады. Осы мақсатта ­Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында «Ынтымақ шеруі», ­шекара аймағындағы ынтымақтастық бойынша «Достықта жоқ шекара» жобасы аясында Қазан қаласында «Қазанға ізгі ниетпен» халықаралық фестивалі ұйымдастырылды. Қоғамдық келісім кеңестерінің қызметіне арналған ­«Ауылым – алтын қазынам» V облыстық форумы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының облыстық штабы «Өзіңді көрсет» стартап пен «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасын іске асыруда жалпықазақстандық «Астана бейбітшілік бесігі» атты ашық диктант өтті. Осының барлығының бір ғана мақсаты бар. Ол – татулықты насихаттап, елдегі бірлік пен келісімнің салтанат құруына бір кісідей атсалысу. Достық пен ынтымақ – бұзылмайтын қамал болуы керек. Ол қамал бұзылмас үшін бәріміз бірлесіп, бірігіп жұмыс істеуіміз қажет. Елдің көгеруі, көктеуі, гүлденуі бірлескен жұмыстың нәтижесінде ғана жүзеге асады. Сондықтан ел боламыз десек, достықтың қадірін білейік. «Достық үйі» – бізді татулық пен келісімге, бірлік пен достыққа бастайтын берекелі орда. Достықтың киелі қара шаңырағында достықтың әсем әуені әуелей берсін дегім келеді.

Елена ПОРСЕВА,

«Полония»поляк этномәдени қауымдастығының төрағасы

 

1778 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы