• Қоғам
  • 16 Қыркүйек, 2021

ШАРШАМАЙТЫН ШАРАБИДИНОВ

Өзімізге салса, өңірдің бұрынғысы мен бүгінгісін тасқа басқан, сөз өнерінің талай қабырғалы қайраткерлерін түлеткен байырғы басылым «Сыр бойы» газетін бәрінен биік қояр едік. 
«Өзі бір күндік, сөзі мың күндік» газетті осы уақытқа дейін Батырғали Калюков (алғашқы жауапты редактор), Жиенғали Тілепбергенов, Қайыпназар Кауымбаев, Мырзахмет Сәтбаев, Тойбазар Елемесов, ­Базарбай Сарбасов, Сүлеймен Сейітов, Жұмаш Қонақбаев, ­Хамза Сыздықов, Зейнолла Жарқынбаев, Ұзақ Бағаев, Қалқабай Әбенов, Нұрділла Уәлиев, Әскербек Рахымбекұлы, Жақсылық ­Рахматулла, Серік Пірназар, Жолдасбек Ақсақалов, Нұрболат Аманжол, Жұматәлі Әбдірамандар басқарыпты. Бүгін аймақ баспасөзінің қара шаңырағы саналатын байырғы басылымға әріптесіміз Қуат ­Шарабидинов жетекшілік етіп келеді.

Жалпы қалам ұстаған қай әріптестің де өмірбаяны бір-біріне ұқсас келеді. Жастайынан бірдеңе жазып, онысын әуелі мектептегі қабырға газетіне жариялап, кейінірек аудандық басылымды жағалай бастайды. Біздің кейіпкеріміздің өмір жолы өзгешелеу өрілді. Күнделікті барлай қарап, Қаратаудың әр қатпарын жаттап алған бала көзбен көргенді көбіне қағазға емес, көңілге жазатын. Онысын оңашада қағазға түсіргенде бас-аяғы жұп-жұмыр дүние құйыла қалар еді. Сондықтан да мектеп бітіргенде көп ойланбай жергілікті университеттегі журналистика бөлімін таңдады. Студент кезінде де оның жасынан қалыптасқан болмысы бұзылмады. Көргені мен білгенін ойына әбден қорытып барып,  бір-ақ айтатын жастың салмақты мінезі оны басқалардан мүлде ерекшелендіріп тұратын-ды.

Шіркін, қазақ басылымдарын оқитын адамдардың дені ауылда ғой. Бұлардың үйіне де республикалық, облыстық, аудандық газет үзбей келіп тұратын. Ең ғажабы, Қуаттың атасы қырық жылға жуық пошташы қызметін атқарды. Солардың арасында «Ленин жолы» аталып, кейіннен тарихи ­атауын қайта тапқан «Сыр бойы» газеті де бар еді. Қуат университетті бітірген жылы осы «Сыр бойына» жұмысқа тұрды. Редакцияда сақа журналист көп екен, бала кезінен үлкендердің әңгімесін тыңдап өскен Қуатқа еңбек жолының алғашқы баспалдағында осындай бақыт бұйырды. Әріптес ағалары ата басылым қызметкерлерінің қатарына қосылған жас тілшіден қамқорлығын аяған жоқ.

Жұмысқа жаңа тұрған мұның алдынан айналайынын айтып шыққанның бірі Аралдың Қарақұмында туып, қазақ журналистикасы мен әдебиетінде із қалдырған қаламгер Қази Данабаев ағасы. Провинцияда жатса да орталықтағы біраз қаламдастарынан оқ бойы озық жүрген ағаның бір ерекшелігі, елден келген хабар-ошарды ізсіз қалдырмай, газетке бірден салып жіберуге тырысады екен. Елден шаруасын айтып келген қаймана қазақты жатсынбай, баяғыдан бері білетін адамша емен-жарқын әңгімелесіп кете беретін ғажап мінездің иесі еді. Таңдаған тақырыбын бүге-шігесіне дейін талдайтын шеберлігі бір бөлек, жазып отырған мәселесін жіліктеп беретін журналист сол саланың маманына айналып кеткендей әсер қалдыратын.

Қуаттың қаламынан ауылдың суретін айнытпай таныған Қази ағасы талапты жастың тәлімгеріне айналды. Бірде екеуі бірлесіп қазақтың қанына біткен атсейістік жайлы, оның қазіргі бағыты туралы көлемді мақала жазғаны бар. Екеуара сырласқан әңгіме түрінде сол дүниеде көп мәселе көтеріліп еді. Қолтығы сөгіле қатар шапқан тәжірибелі журналист пен жас тілшінің сол мақаласы көпке дейін оқырман ойында сақталды.

Не айтатыны бар, Қуаттың ағаларынан үйренгені өте көп. Ойындағысын қорытып барып қағазға түсіретін тындырымды тілшіні редакция басшылығы көп кешікпей жауапты хатшының орынбасары қызметіне жоғарылатты. Техникалық жұмыс пен редакцияның ішкі тірлігін үйлестіруші жауапты хатшының әр күні редакция мен баспахананың арасында өтеді. Жоспарланған материалдарды орналастыру үшін күнбе-күн макет сызып отыратыны тағы бар. Газет шығатын күні үйіне жұмыстағылардың ең соңынан қайтатын осындай қызмет иесіне көмекші болу дегеніңіз жанып тұрған отқа жалаңаш қойып кетумен бірдей. Бірақ уылжып тұрған жас маман басшылардың сенімін ақтады. Кейін жауапты хатшының өзі болды. Оған дейін талай адам сүрініп жататын қызметті Қуат сыр бермей атқарып, өте биязылығы мен отбасынан бойына сіңген аса зор тәлімінің арқасында әріптестерінің алғысына бөленді.

Айтпақшы, жауапты хатшылық қызметтен жұрттың сырт  айналып қашатын бір себебі бар. Тапсырылған материалды түгендеп, алдағы жоспарды пысықтап, өзін-өзі үстелге шегелеп отырған журналистің шығармашылыққа мұршасы болмай, қаламы суып қалады. Бірақ шаршамайтын Шарабидинов салмағы ауыр жұмыс пен жазуды қатар алып жүрді. Біріне-бірі жалғасып жатқан газет нөмірлерінің арасында сыртқа іссапарға шығуға да уақыт табатын. Мінезі ғажап, иі жұмсақ, кісінің бетіне аса мейіріммен қарайтын Қуатты қай өңірге барса да, мейлі жасы үлкен, не кіші болсын, жүзі жылы ұшырап қарсы алып, сырласып, күліп-ойнап қабылдайтынын жиі байқап жүрдік.

Ұмытпасақ, 2008 жылы болатын. Қуатты облыстық телеарна басшысы Жағыппар Қарабала қоярда-қоймай жұмысқа шақырды. Телеарнаның қайнаған қызметіне де тез төселді. Апталық ақпараттық-сараптамалық «Үштаған» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі ретінде Қуат жілікті дүниелерді жұртына жақсы жеткізді. Онымен қатар «Серпін» бағдарламасына серпін беріп, екі бірдей бағдарламасы республикалық деңгейде жүлде алды. Бұған қуанбағанда, қашан қуанасың!

Сол жылдары облысты басқарған Болатбек Қуандықов бір күні Қазалы, Арал аудандарына сапарға шығатын болды. Бұл ауылдың әр тұсынан бір шаң беріп өте шығатын емес, кәдімгідей ел жағдайымен етене танысатын сапар болмақ. Сол жолы облыс әкімі Аралдың Ақбастысына дейін барып, ел тіршілігін өз көзімен көріп қайтты. Қаңтардағы сапарда жолда көліктері қарға батып, сондағы қарбаласты ауылдағы ағайынның ықыласы ұмыттырып жіберіп еді. Қызылордаға оралысымен Қуат шұғыл түрде материалды жазуға отырды. Шалғайдағы ауыл мәселесі мен жергілікті биліктің оны шешудегі талпынысы және сол қарлы борандағы тілші мен оператордың үйлескен еңбегі қатар өрілген бейнематериал облыс басшысының ойынан шығыпты, телеарна басшылығына хабарласып, сапардан соңғы сарапқа ризашылығын білдіріпті.

Ұстамдылығы мен ұсынықтылығына, білімі мен білігіне қызыққан талайлар білікті маман Қуатты өзге салаға қызметке шақырған. Бірақ біздің кейіпкер байырғы басылымнан табан ажыратқан жоқ. Облыстық телеарнада тура 3 жыл қызмет істеп, «Сыр бойы» газетіне қайта оралды.

Қуатты өз қатарластарынан ерекшелеп тұратын тағы бір қасиет – еңбекқорлығы. Осыдан он шақты жыл бұрын белгілі қаламгер, ­баспа ісінің білікті маманы ­Аманжол Оңғарбаев басшылыққа келіп, жаңадан құрылған «Сыр медиа» ЖШС Бас ­директоры қызметіне тағайындалғанда газеттердің мазмұнымен қатар, макетіне де мұқият қарады. Газет беттеушілермен тізе қосып жұмыс істеп, мақалалардың орналасуын ойласқан кезі аз емес. Төрт жыл бұрын аймақтағы бас газеттің бас редакторлығына тағайындалғанда мамандар алдырып, «Сыр бойының» әр бетін әрлеп, «жаңа киім» кигендей жұтындырып қойды.

Газет басшылығына келісімен Қуат Әбішұлы шалғай ауыл тірлігінің байырғы ­басылым бетінен көрінуіне ұдайы назар салды. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіштерімен қатар, қиянда жатқан талай құндылық жайлы деректер оқырманның олжасына айналды. Осының арқасында бүгін ғасырға жуық өңір тынысын айшықтап келе жатқан байырғы газеттің таралымы 30 мың данаға иек артып отыр. Демек, бұл ұдайы іздену мен адал еңбектің жемісі.

Тарихы тым тереңге кеткен басылымның осы табысы іргелі ұжымды әп-әдемі басқарып отырған бас редактор Қуат Әбішұлының тынымсыз еңбегінің жемісі десек, бұл ойымызға ешкім қарсы келе алмайтын шығар деп ойлаймыз. Өйткені осылай деп айтуға толық негіз бар.

Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ,

Итен ҚАРЫМСАҚҰЛЫ

ҚЫЗЫЛОРДА

 

859 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы