• Әдебиет
  • 16 Қыркүйек, 2021

ТІЛІП ТҮСЕР ТІЛІ БАР ТАЛАНТ

Нұрболат Сұлтанғазиев 
«Ana tili»

Белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Адайдың «Уыз ана» атты кітабы «Өнер» баспасынан жарық көрді. Кітаптың алғашқы бөлімінде ақынның философияға толы өлеңдері топтастырылған. Онда қазіргі таңда ел арасында және қоғамда болып жатқан түйткілді мәселелер шайырдың шұрайлы тілімен жыр болып төгілген. Мәселен, «Ей, адамзат – Менің қалың орманым!..» атты өлеңінде адам баласының тіршіліктегі жанталасып дүние қууы, араздасуы, пендешілікке салынуы бәрі бос әурешілік екенін айта келіп, ойын адам адамнан білімі арқылы ғана ерекшеленетінімен түйіндейді. 

Ғылым керек,

Ұлт пен ұлға, адамға,

Оны білмес, кім бар мынау заманда.

Бірақ біздер көлеңкеміз жүрексіз,

Ой келе ме, дәл осындай саған да?!.

Сабыр Адай поэзияға ерте келіп, лирикалық өлеңдерімен оқырман жүрегіне жол тапқан шайырлардың бірегейі. Өзі бала жасынан домбыра шертіп, батыстың шертпе күй мен төкпе күйін қатар меңгерген, кешегі сал-серілердің сарқытындай жан-жақты өнер иесі. Десек те, кейінгі өлеңдерінің  басым бөлігі философилық ойға толы екені байқалады. Бұдан ақын ақылының кемелденген, өмірге өзгеше көзқарасын байқаймыз. Сондай өлеңдерінің бірі «Жұтпа дауыл жұлып алды қайыңды» деп аталады. Төрт шумақтан тұратын өлеңде табиғат пен адам өмірін шендестіре, салыстыра жырлаған. Оқып көрелік.

Пендеміз ғой бүкірейген, бүріскен,

Жілік жетпей ырылдасқан, үріскен.

Жер шаршады, аспан әне ашулы,

Бір тойымсыз біздің осы жүрістен.

Адамзаттың тойымсыз әре­кетінен, табиғатты бүлдіріп жүрген бүлік ісінен табиғаттың, жалпы ғалам­шардың шаршағанын жеткізіп тұр. Ойлануға, содан шешім шыға­руға шақырады.

Ақынның бұл жинағындағы жеке-жеке тақырыппен берілген өлеңдерін бірінің соңынан бірін қойып оқи берсең, алғашқысындағы ойын келесі жыры толықтырып, тұтастай композицияға ұласып жүре береді. Мысалы, «Ертең бәрі кеш болады» деген өлеңін оқып көріңіз.

Дана отыр өз жанына үңіліп,

Өз шындығын тауып алып, жүгініп.

Ертең бәрі кеш болады – жан қонақ,

Не де болса, өз жаныңды бүгін ұқ.

Мұндай мазмұндағы өлеңдерімен Сабыр Адай өзі де кешегі ұлы Абай мен Шәкәрім салып кеткен дара жолға бет бұрғанын көрсетіп, өз болмысымен оқырманына үлгі көрсетеді. Адамзатты тура жолға бас­тайтын тақуалық пен сергек сенім, айнымас наным екенін ескертеді.

Айтпақшы, кітаптағы өлеңде­рінің соңы халқымыздың талантты ұлы Димаш Құдайбергенге арналған балладамен түйінделіпті. Онда әншінің дара даусымен, дәулескер күйшілігіне жан-жақты тоқтала келіп, әлемді апаттан құтқаратын өнер екенін айта тұрып, әншіге зор жауапкершілік жүктейді.

Димаш!.. Димаш!..

Жұбата гөр ғаламды,

Он сегіз мың ғалам болып сал әнді.

Сабыр Адайдың бұл кітабының екінші бөлімі «Уыз ана» атты үш бөлімнен тұратын сахналық қойы­лыммен түйінделген. Онда ақын мемлекеттік тіл мәселесін көтере отырып, қазақ халқының өткен ғасырда басынан өткерген ашар­шылық, қуғын-сүргін зұлматы бәрін суреттеген. Алаш арыстары Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан­ның арманын қара сөзбен, өлең тілімен өрнектеген. Ғасырлар қой­науындағы хандар дәуіріне шегініс жасап, Уыз Ана – Ұлт тілі, қазақ тілі­нің тәуелсіздікпен бірге биікке көте­рілгенін көрсетеді.

Қайтарып кегін ананың елжіреп

көктен таң атты,

Аңдыған жаудың көзінен,

амалсыз қара қан ақты.

Дұшпанның қара сұғына,

найзасын түйреп намыстың,

Уыз да Анам – Ұлт тілі:

жаулығын қайта жаңартты.

Жалпы ақынның бұл кітабында ақынға тән адалдық та, азаматқа тән қайраткерлік мінез де – бәрі бар. Тек сол ойлы да, мақсатшыл мәнді дүниелерді оқу керек, көкірекке тоқу керек. Ендігісі оқырман еншісінде.

 

1649 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы