• Руханият
  • 07 Қазан, 2021

УЫЗ ТӘРБИЕ: ТОЛҒАМ.ТҰЛА БОЙЫ ТҰНҒАН БҰЛА КҮШ

Бірінші қағида. Балаңыздың тегіне сенемін деп, тәрбиеден кенде қалдырмаңыз. «Тек» – жерге түскен дән, оның өсіп-өніп, мәуе жаюы топырақтың құнары мен судың нәріне, бағбаншының бабына байланысты.

Демек, дән топырағын құнарлан­дырып, су құйып баптап, нәр беріп тамырландырып бәйтерекке айналдыратын бағбан-тәрбиеші  – сізсіз.

Адамтану ғылымында «Тек» (ген) бірінші ме, тәрбие бірінші ме?» деген пікірталас әлімсақтан бері толастамай келеді. Бір қарағанда, бұл әдеттегі «Тауық бірінші ме, жұмыртқа бірінші ме?» деген жаңылтпаш сауалға ұқсайды. Дәстүрлі қазақы ұғымда да баланың тегіне ерекше мән береді. Оның екпіні бүгінгі күні де бәсеңси қойған жоқ. Әлдеқандай жақсы адам көрсек, «тегі жақсы ғой» деп жатамыз.

Ал ғылым мен тәжірибеге назар аударсақ, тектің қан арқылы берілетін биологиялық құбылыс екенін көреміз. Баланың кескін-келбеті, жүріс-тұрысы, дауысы мен сөйлеу мәнері, кейбір әрекеттері мен қасиеттері тек арқылы берілетіні ақиқат. Ал адамның рухани жан дүниесі қан арқылы келмейді, оны тәрбиемен білім беру арқылы қалыптастыру керек. Осы тұста, ақындық, әнші-күйшілік, композиторлық, суретшілік, зергерлік, мүсіншілік сияқты қасиеттердің де табиғат арқылы, биологиялық жолмен берілетіндігін есте ұстаған жөн. Және бұл – осы саладағы нағыз өнер шебері, ұлы тұлғаларға ғана қатысты. Әйтпесе, өнерге құштарлық, оны түсіну мен белгілі дәрежеде игеру мен орындау қабілеті барлық адамдарда тумысынан бірдей болады. Міне, осы қабілетті дамыту, жетілдіру мәселесі тәрбиенің еншісінде.

Күнделікті тіршілікте ата-аналардың аузынан «біздің ата-бабамызда ақындық та, әнші-күйшілік те немесе ғалымдық та болған емес, аман жүрсе болды, бір жерден шығар» деген беймарал сөзді көп естиміз. Егер ақынның баласы ақын, ғалымның баласы ғалым болып туатын болса, дүниеде қандай мән қалар еді?! Адами тіршілікте мүлде олай емес қой! Адамзат қоғамының басқа тіршіліктен айырмасы да осында емес пе? Жан-жануарлар тіршілігінде болатын табиғи сұрыптау тек биологиялық тұрғыдан ғана дұрыс. Бала денсаулығында тектің зор маңызы барлығында күмән жоқ. Ал адамзатқа тән рухани әлем тек тәрбие арқылы жүзеге асады. Өйткені адамның басқа тіршіліктен айырмашылығы саналылығында, тілінде, өнер мен мәдениеттің иесі екендігінде. Қауымдасып, қоғамдасып, ұжымдасып өмір сүруінде. Бұл қасиеттердің ешқайсысы да тек арқылы берілмейді. Оны бала өмірлік дағдылар мен тәлім-тәрбие арқылы игеруі тиіс. Демек, адамгершілік қасиеттерге бай жақсы адам тек арқылы емес, тәрбие арқылы өмірге келеді.

Жаманнан жақсы туар, адам айтса

нанғысыз,

Жақсыдан жаман туар, бір аяқ асқа

алғысыз, –

деп ақын-жыраулар жырға қосқандай, оны қазақы дүниетаным да жоққа шығармайды.

Әдетте, көпшілік ата-аналар тек пен тәрбиенің ара-жігін ажыратып, байыбына бара бермейді. Егер жақсы ата-анадан жақсы балалар өрбіп жатса, оның себебін ата-анасының тегіне теліп жатады. Мәселен, белгілі бір отбасында инженерлер әулеті қалыптасты делік. Бірақ олардың осы мамандыққа жақын болып өсуі ата-анасының инженер болғандығынан емес, олардың аталған мамандықтың қыры мен сырына балаларын жастайынан қанықтырып тәрбиелегенінен емес пе? Сол сияқты кейбір аналар: «Менің өзімнің де, күйеуімнің де музыкаға құлағы тосаң, баламыздан қайдан әнші-күйші шықсын», – деп, алдын ала тон пішіп баласының тағдырын шешіп қоятыны бар.

Тарихқа көз жіберіп қараңызшы, қазақтың атақты музыканттарының ешқайсысы жеті атасынан бері әнші-күйші болмаған, көпшілігі қарапайым ортадан шыққан, олардың қанатын қомдаған тегі емес, ата-анасы мен қолайлы орта екендігін көруге болады. Мәселен, ертеде қазақ күйшілері өздеріне шәкірттікке туған перзентін ғана емес, ауыл балаларын барынша бауырына тарта отырып тәрбиелеген. Оларды алдымен сәби кезінен күй тыңдау арқылы құлағының құрышын қандырып, содан кейін барып домбыра ұстауға үйреткен. Демек, бала бойындағы тұмса таланттың көзін аша отырып, үлкен жетістікке жеткізеді. Оны қаншалықты ерте бастасаңыз, соншалықты тұғыры мықты болады. Тек, «тегінде бар ғой, уақыты келгенде өзі ашылады» деп уақытты бос өткізіп алмаңыз.

Әрине, мұғалімнің баласының – мұғалім, дәрігердің баласының – дәрігер, агрономның баласының – агроном, шахтердің баласының – шахтер  болып жататыны да жиі кездеседі. Бірақ бұл жағдайлардың барлығы ол мамандықтардың балаларға тегі арқылы берілетіндігіне дәлел бола алмайды ғой.  Оларды туған күнінен бастап, сендер ата-аналарыңның жолын қуасыңдар деп әбден сендіргендіктен солай болады. Ата-аналары қалыптастырған орта балалардың алтын құндағы болып табылады. Мұндай орта бала санасында  әке-шешесінің мамандығына деген ерекше ықыласты оятып, соған керекті қабілетті барынша дамытады.

Егер, шығу тегі қабілетті дамытудағы анықтаушы фактор болатын болса, бүкіл балалардың барлығы ұрпақтан-ұрпаққа өз ата-бабаларының мамандығын мұра еткен болар еді. Ал өмір деген сонысымен қызық, кейде ғалымның баласының – музыкант, дәрігердің баласының – жазушы болып шығатын жағдайлары да аз емес.

Талантты адамдардың балаларының барлығы бірдей талантты болып шықпайтындығына көз жеткізу үшін,  маңайыңыздағы көршілеріңізге жай ғана жіті назар салсаңыз жеткілікті.  Айналаңыздағылардың көпшілігі өз балаларын «әке-шешесіне тартпаған» деп кінәлап жүргенін байқауға болады. Бірақ, шындығында баланың кім болып шыққандығына сәби жауапты емес, өйткені балалық шағындағы тәрбиеленген ортасы оны әкесіне «ұқсатпай» жіберген. Көп жылғы зерттеу нәтижесі мен тәжірибе көрсетіп отырғандай, тіпті бір ата-анадан туған егіздердің өзі әртүрлі жағдайда өсіп, басқа отбасынан  тәрбие алатын болса, олар мінез жағынан да, қабілет жағынан да бір-біріне мүлде ұқсамайтын адамдар болып шығатыны белгілі болып отыр. Немесе, керісінше, ауылда тұратын қарапайым отбасыларынан шыққан тамаша инженерлер немесе ғұлама ғалымдар да жетіп-артылады. Демек, балалар өздеріне тән түрлі қабілет пен мінез дағдыларын тек қана қоршаған орта мен өмірлік тәжірибенің арқасында қалыптастырады. Яғни сәбидің бар таланты ашылып, көркейе дамуы үшін оның қан арқылы келетін тегінен гөрі, айнала қоршаған ортадан алатын алғашқы білімі мен тәрбиесі әлдеқайда маңызды рөл атқарады.

Жарық дүние есігін ашқан әрбір нәрестенің тұлабойы тұнып жатқан тың қабілетке ие, бейнелеп айтқанда, бабы келіссе қаулап өсіп кетейін деп тұрған толықсыған бүршік түйіндері тәрізді. Ол бүршіктен зәулім бәйтерек өсіп шыға ма, миуасы  төгілген жеміс ағашы мәуе жая ма, гүл қауызын аша ма, ол сіздің осы өскінге қандай жағдай жасауыңызға, оларды аялы қамқорлығыңызға алып, ­тынымсыз бағып-қағуыңызға ­байланысты.

Екінші қағида. Бүлдіршіннің бұла күшінің алтын қоймасы – ми клеткалары. Рухани тәрбиенің өркенді жүзеге асуы осы «алтын қойманың» бар асылын жарқырата аша білуде.

Адам миы жөнінде қазір жыл сайын жаңалық ашылады, бірақ оның құпиясы әлі күнге терең тылсымымен таңғалдырып келеді. Ғалымдардың пайымдауынша, адам миында бір жарым миллиардқа жуық клетка бар көрінеді, бірақ солардың басым көпшілігі адам ғұмырында ашылып жұмыс атқармай кетеді екен. Соның өзінде адамзат санасы осындай даму деңгейіне жетіп отыр.

Ал сәби дүниеге келген кезде ми клеткаларының басым көпшілігі ұйқыда болады. Міне, мәселе осы ұйқыдағы қуатты күшті дер кезінде оята білуде. 

Ми клеткалары оянып, іске қосылған сайын оларды бір-бірімен байланысқа түсіретін нейрондық өскіндер де жетіле түседі. Сәбидің сезім мүшелері арқылы ақпаратты молынан қабылдаған сайын клеткалар бір-біріне тартылып, өзара өскіндер арқылы байланысып белсенді дами береді. Әрбір жеке клетка өз алдына жұмыс атқара алмайды, олар бір-бірімен нейрон өскіндері арқылы байланысқанда ғана қуатты күшке айналады. Былайша айтқанда, ми жұмысы әртүрлі аспаптардан құралып, ғаламат әуен шығаратын оркестрді елестетеді.

Клеткалардың бір-бірімен байланы­сының белсенді жүретін уақыты – ол, нәрестенің туғаннан үш жасқа дейінгі кезеңі екендігін бүгінгі ғылым дәлелдеп отыр. Бұл уақытта клеткалар арасындағы осындай дәнекерлердің 70-80 пайызы өсіп жетіледі. Соған сәйкес, ми қызметінің мүмкіндігі де арта береді. Туғаннан бастап  баланың алты айлығына дейін-ақ мидың 50 пайызы, ал үш жасында 80 пайызы қалыптасып қояды екен.

Бұдан үш жастан кейін бала миы дамымайды деген ұғым тумайды, әрине. Адам миы тынбастан жұмыс істеп, қаншалықты қызмет атқарған сайын үздіксіз дамып отыратын ғажайып ағза. Дегенмен оның дамуының да бала табиғатына ­байланысты өз жүйесі бар. Мәселен, үш жасқа дейін негізінен мидың артқы шүйде жағы, ал төрт жастан бастап бұл күрделі үр­діске «маңдай бөлігі» қосылады екен. Демек, баланың бойындағы бұла күшті ояту сәбидің ми клеткаларын дамытудан басталады.

Ми дамуының осындай құпия құдіретін алғаш американдық нейрохирург дәрігер, нейрофизиолог ғалым  Глен Доман  Филадельфия институтында миларында кінәраты бар балаларға тәжірибе жасау арқылы ашқан. Оның алғашқы қол жеткізген жетістігі мидың дерттен аман бөлігіне сезім тітіркендіргіштері арқылы әсер ете отырып, оны толық жетілдіруге болатындығын дәлелдеу болды. Одан әрі осы тәжірибе нәтижесін сау балаларға қолданып, ми неғұрлым көп жұмыс істесе, соғұрлым қарқынды дамиды деген қорытындыға келеді. Тіпті кінәраты бар клеткалардың қызметін басқалары атқарып кетеді екен. Яғни нәрестенің алғашқы айларынан бастап оның ­миына салмақты қаншалықты көп түсірсе, оның интеллектісі де соншалықты жетіле ­бермек.

Одан әрі Глен Доман нәресте қаншалықты көп қимыл жасаса, оның миы да соншалықты тез өседі деген жаңалық ашады. Керісінше, баланың миы дамыған сайын оның қимыл-қозғалысы да ширай бермек. Соған орай ми клеткалары дұрыс жетілген нәресте жылдам буынын бекітіп, өз бетінше отырып, еңбектеп, бір жасқа жетпей жүріп кетеді. Сәби жүріс-тұрыс қозғалысын жете игерген сайын оның миының жоғарғы қыртысты қауашағы (кора) тез жетіледі екен, өз кезегінде ол баланың ақыл-ойы мен сезім мүшелерінің күшеюіне ықпал етеді. Айналып келгенде ми клеткаларын белсенді дамыту уыз тәрбие үрдісінің ең басты қозғаушы күші, оған аса мұқият болыңыз.

Ересектерге тән күрделі ойлау, ойыңды қиыстырып сөзбен жеткізу, іс-әрекетіңді үйлестіру, алдын ала мақсат құру, оған жетудің жолдарын жоспарлау сияқты қасиеттер есейе келе қалыптасатыны белгілі. Бірақ соған негіз болатын мидың сырттан алғаш ақпаратты қабылдап, оның бейнесін жасап, еске сақтауға ­байланысты баланың келешек ақыл-ой дамуының тетігін ұстап тұрған арқау үш жасқа дейін қалыптасуы тиіс және ол осы кезде өте қарқынды даму үстінде болады.

Бала миының ғажайыптары жөнінде тамаша кітап жазған американдық дәрігер-педагог ғалымдар Даниел Дж. Сигел мен Тина Пейн Брайсон бұл құбылысты ми қызметтерінің ықпалдасуы (интеграциялануы) деп анықтайды. Олардың айтуынша, балалар миы сырттан келетін ақпараттар ерекшелігіне қарай әртүрлі жауап беретін көптеген бөліктерден тұрады. Міне, осы бөліктер бір-бірімен ықпалдасып үйлесімді жұмыс істейтін болса, ми жұмысының сапасы анағұрлым жақсарады екен. Бүлдіршін миының балғын кезінде осы бөліктерді үйлесімді жұмыс атқаруға дайындайтын қолайлы мүмкіншілік барынша мол. Міне, осы ұтымды сәтті бос жіберіп алмау керек.

Бұл жерде ескеретін бір қызық жағдай бар. Сәбилердің ақпаратты қабылдау ерекшелігі үлкендерден басқашалау болады. Ересек адам ақпаратты қабылдауда логикалық қисынды ойға жүгінетін болса, бала миы ақпаратты тұтас, өзінің ішкі түйсігі арқылы табан астында туғызатын бейнелі таным арқылы қабылдайды. ­Былайша айтқанда, сәби өзі көрген бейнені фотоға тартқандай тұтас көшіреді де, жадында сақтайды. Яғни ересектердің қисынды ойлау жүйесіне балалар кейіннен қол жеткізеді.

Мұндай бейнелі таным қызметінің ең айқын үлгісін сәбилердің адам келбетін ажырата білу қабілетінен көруге болады. Мәселен, кішкентай бүлдіршін қаптаған бөтен адамдардың арасынан әке-шешесін бірден танып, олармен қоса, жақын адамдарын да ажырата алады. Сәби маңайындағы адамдарды олардың түр-түсіне, бет әлпетіне, көз қиығына, мұрнының үлкен-кішілігіне, шаш қойысына т.б. қарап есіне сақтамайды. Олардың әрқайсысын тұтас бейне ретінде жадына жазады.

Мәселен, біздің үлкен немереміз ­Сырым бір жарым, екі жасында мемлекет­тердің туына қарап отырып аттарын атап шығатын. Ал екі жастағы екінші немереміз Едіге  ғаламшардағы бүкіл планеталардың атын атап, түсін-түстеп бере алады. Олар екеуі де әріп танымайды, бірақ барлығын бейнелі түрде қабылдайды.

Бұған өз көзіңізді жеткізу үшін ­мынадай бір тәжірибе жасап көріңізші. Әлі сауаты ашылмаған сәбиіңізге суретті кітапшаны бірнеше рет оқып беріп, өзінен соны баяндауды өтініңіз. Балаңыз ­суретке қарап отырып сол кітапты сізге «жолма-жол оқып береді». Міне, баланың бейнелі қабылдауының құдіреті осындай, оның қисынды талдау арқылы танумен ешқандай қатысы жоқ. Ересектер ақпаратты есіне саналы түрде сақтайтын болса, бала оларды бейнелі жадпен сақтау қабілетіне ие. Мәселен, «ер адамды» әйелдерден өзінің әкесімен, ағасымен байланыстырып ажыратады, ал «жаңбырды» су себезгісімен астастырады.

Сонымен қоса бұл жаста бала миы қандай ақпаратты болмасын таңдаусыз және тойымсыз қабылдай алады. Осыған байланысты Глен Доман тағы да бір маңызды жаңалық ашты. Оның пайымдауынша, нәресте осындай буырқанған даму үстінде дүниені тануға, білуге, сезінуге табиғи түрде «ашқарақ» болады екен. Оның миында табиғаттың өзі осындай тануға құштарлық бағдарламасын жасақтап қойған, оған баланы арнайы әдіс-тәсілдермен қызықтырып әуреленудің де қажеті шамалы, тек маңызды білім ақпараттарын дер кезінде беріп отырса болды. Оны сәби анасының омырауын емгендей ашқарақтана сіміреді, сол арқылы мидың тануға, білімге деген сұранысын қанағаттандырады. Жас баланың ойынға, сол арқылы айналасын тануға деген шексіз құштарлығының сыры да осында жатыр. Мидың осы қасиеттерін терең зерттеген ғалым-педагог баланы жастайынан дамытудың өзіндік әдістеме жүйесін қалыптастырған. Бұл әдістеме қазір әлем елдеріне кеңінен тараған.      

Үшінші қағида. Уыз тәрбиенің уақыты ересектерге тым қысқа (3-5 жыл) сияқты көрінгенмен, сәбидің өсу үрдісі үшін өте ұзақ. Осы кезеңде бала енді ешқашан қайталанбайтын буырқанған дамуды басынан кешіреді.

Уыз тәрбиенің қажеттілігі мен тиім­ділігі жаңа туған бала бойындағы тұнып жатқан зор әлеуетімен байланысты. Әрине, дүние есігін жаңа  ашқан шақалақ мүлде дәрменсіз, бейкүнә, міне, осы дәрменсіз бейкүнәлігінің  өзі оның  тұнып жатқан ұлы мүмкіндіктерін байқатады.

Адам баласы дүниеге әлжуаз болып келеді, алғашқы кезде уызға тойып ұйықтағаннан басқаны білмейді. Ал жануарлардың төлі бірден ауызданып, көп ұзамай аяқтанып кете беретіні белгілі.

Зоолог ғалымдардың пайымдауынша, адамның  баласы жануарлардың төлінен 10-11 айға қалыс туады екен, оның бір себебі адамның аяғынан тік жүруіне байланысты көрінеді. Адамзат аяғынан тік тұрып жүре бастаған сәттен бастап, құрсақтағы нәрестенің толық даму дәрежесіне жетуіне де мүмкіндік шектелген екен, сондықтан ол әлжуаз күйде туады. Ол енді денесін қозғауды, еңбектеуді, аяғына қаз тұруды жарық дүниеге келген соң ғана  үйрене бастайды.

Дәл осылай ол миын да әрекетке қосуды басқа тіршілік иесіне қарағанда ке­шеуілдеп бастайды. Егер жануарлар төлінің миы енесінің құрсағында  қажетті деңгейде жетіліп туатын болса, жаңа туған баланың миы – әлі балаң, ақ қағаздай тап-таза. Сондықтан да осы ақ қағазға түскен алғашқы жазуларға  оның келешек қарым-қабілеті тікелей тәуелді болады.

Бір қарағанда, аса баяу болып көрін­генмен, шындығында бала дене дамуы­мен де, ақыл-ой өсуімен де ғаламат жылдам өседі. Ертегілерде айтатындай «күн сайын емес, сағат сайын өседі» ­деуге болады. Тек оны біз үнемі жанында болғандықтан байқай бермейміз ­немесе жіті қадағаламаймыз. Сенбесеңіз балаңызға күн сайын күнделік жүргізіп көріңіз, сонда сіз оның күн сайын өзгеріп отыратынын көресіз. Сондықтан да оның дамуының әр кезеңін үздіксіз ынталандырып отыру үлкен маңызға ие. Оған қол жеткізу үшін, ата-аналар балаға қашан, не керек екендігін, не қызықтыратынын мұқият бақылауға алуы тиіс, өйткені сәби жасында оған ата-анадан жақын адам жоқ.

Шынында да, біз баламыздың қалай өсіп жатқандығын жіті бақылап, күнделікті ұсақ-түйек өзгерістеріне мұқият мән бере бермейміз. Ал, шын мәнінде, олар біздің ойлағанымыздан әлдеқайда жылдам өседі. Психологиялық даму жөніндегі бүкіл әлемге танымал швейцариялық маман, профессор Жан Пиаже өзінің үш баласын бақылай отырып, фазалық өсудің теориясын жасаған.

Жаңа туған бала аузына түскеннің барлығын солпылдатып сора бастайтынын жақсы білеміз, ал Пиаженің айтуынша жиырма күннен кейін ол сүттің дәмін біледі және содан ғана қанағат табатын болады.

Үш айдан соң баланың көзіне түскенге ұмтылу, қолына алуға деген талпынысы оянады, мәселен, бесік басындағы сылдырмаққа қол созады және ол әрекетін аса құштарлықпен жасайды. Ал, бір жарым жасқа толғанда, қолы жетпегенді таяқпен алуға болатын дағдыны игереді. Екі жастан кейін абстрактілі мағыналы сөздерді салыстырмалы түрде түсіне бастайды, әрине, оларды өз деңгейінде әртүрлі қабылдауы мүмкін.

Аяғы шығып, апыл-тапыл баса бастаған сәби кез келген әрекетті қабылдауға дайын болады екен. Мысалы, баланы роликпен немесе конькимен сырғанауға үйрету ол аяғына тұрып жүріп кеткеннен кейін қиындай береді, ал оны шамамен аяғына тұра бастаған сәтте немесе екі жастан кешіктірмей үйретсе, одан тамаша спортшы шығуы мүмкін.

Америкалық психолог ғалым екі егіз балаға эксперимент жүргізген. Оларды коньки тебуге үйреткен, олардың біреуін 11, екіншісін 22 айлығында бастаған. Нәтижесінде таңғаларлықтай айырмашылықтар болған: ерте жасында бастаған бала өзінің сыңарына қарағанда әлдеқайда жоғары жетістікке жеткен.

Демек, бұл кезеңде баланың миы алдына тосқанның бәрін қарамай қылғыта беретін жайын балыққа ұқсайды, ол әлі ақпаратты түсінуге, таңдауға қабілетсіз болғанмен, қабылдау мүмкіндігі зор. Әдетте, біз балаға түрлі дағдыларды меңгертуге әлі ерте деген түсінік тұтқынында жүріп, «бағалы уақытты» өткізіп аламыз, сөйтіп, оның тұмса талантын тұмшалап тастаймыз.

Әрине, біртіндеп баланың өз бетінше шешім қабылдайтын қабілетке де ие болатын уақыты келеді, яғни қалыптасқан ақыл-ой аппаратын пайдалануға қабілетті ми бөлігі өсіп-жетіледі. Бұл шамамен үш жаста болады деп есептеледі. Міне, дәл осы уақытта баланы немен, қалай қызықтыруға болады деген мәселе туындайды. Бүлдіршін өзін қызықтырғанның бәрін ашқарақтана жадына сіңіреді. Басқа қабілеттері де жетіле бастайды – енді әлденені өзі  жасауға ұмтылады; мұның барлығы ақыл-ойдың дамуы, мінездің қалыптасуы үшін маңызды дүниелер.

Бала дене дамуымен де, ақыл-ой өсуімен де ғаламат жылдам жетіледі. Сондықтан да оның дамуының әр кезеңін барынша ынталандырып отыру үлкен маңызға ие. Оған қол жеткізу үшін, ата-аналар балаға қашан, не керек екендігін, не қызықтыратынын мұқият бақылауға алуы тиіс, өйткені сәби жасында оған ата-анадан жақын адам жоқ.

Төртінші қағида. Бізді балаға тым көп ақпарат беріп, шаршатамыз ­деген ой емес, оның дамуына қажетті рухани нәріміз аз болып жатқан жоқ па? – деген қауіп мазалауы тиіс.

Сәбидің санасы құрғақ ұлпадай, кез келген ақпаратты құныға сіңіруге дайын. Оның көру, есту, дәм сезу, басқа да дене мүшелерімен қабылдау қабілеті  сағат сайын күшейіп отырады. Олар ақпаратты қаншалықты көп қабылдаған сайын соншалықты дамып, белсенді бола түседі. Сондықтан да баланың сезім мүшелерін, мидың қабылдау қабілетін дамыту үшін оған  барынша көп ақпарат қажет. Баланың сезім мүшелері мен жүйкесінің тітіркенуі қаншалықты аз болса, оның барлық қабілеті соншалықты баяу ­дамиды. Егер сәби ештеңені түсінбейді, байқамайды, сезбейді деп, тек қарнын ғана тойдырып, санасын назардан тыс қалдыратын болсақ, ми клеткалары ашылмай, оларды өзара байланыстыратын өскіндер уақытында тамырланбай қалады. Ал оны кейіннен қалыптастыру тым қиынға түседі. Өйткені өз кезінде қажетті нәр ала алмаған ағза өсуін тоқтататынын тағы да қайталап айтамыз.

Соған орай, ақпаратты сіңіру қабілеті бүлдіршіндерде ересектерге қарағанда әлдеқайда жоғары болады. Демек,  олардың балғын шағында  «жүйкесін тоздырып алмайық» деген қауіп болмауы керек, қайта аса қымбат уақытты бос өткізіп алмайық деп асығу керек.

Мәселен, біздің дәстүрлі ұғымымызда, баланың балғын қабілетін «бүлдіріп» алмайық деген қауіппен оларға өз әліне қарай ақпарат беру керек деген түсінік берік орнаған. Тіпті оның өзін күмәнсіз ақиқат ретінде қабылдаймыз. Әлемдік педагогикада қатып қалған осындай қасаң ұстанымды Масару Ибука өзінің кітабында былайша жоққа шығарады:

«Сони» фирмасы кәсіпорындарының біріндегі балабақшада балалардың қандай музыканы ұнататыны жөнінде зерттеу жүргізілді. Оның нәтижесі мүлде тосын болды. «Балаларды барынша баураған әуен Бетховеннің 5-симфониясы болып шықты. Таңның атысынан күннің батысына дейін теледидардан түспейтін танымал әндер 2-орында, ал балалар әндері ең соңғы орында болды. Мені бұл нәтижелер ерекше қызықтырды», – деп баяндайды педагог-ғалым, – сәбилер, әдетте, ересектер өздерінен алшақтау ұстайтын ең тамаша классикалық музыканы таңдады. Сонда сәбилердің туғаннан күрделі симфониялық шығарманы тани білетін талғамға ие болғаны ғой?!. Доктор Шиничи Сузукидің (сәбилерді ерте жастан скрипкаға үйретудің әдістемесін жасаған белгілі жапондық педагог) бақылауынша, бес айлық сәбидің өзіне Вивальдидің концерті ұнайды екен».

«Күрделі музыкалық шығарманы тыңдай білу – тамаша қабілет. Көптеген жапондықтар сәби кезеңінде балалар әндері мен ұлттық музыкадан басқа ештеңе тыңдамағандықтан, батыстың классикалық музыкасын  қабылдай алмайтындығына менің көзім әбден жеткен» , – деп жазады Масару Ибука.

Дәл осындай жағдай біздің ұлтымыздың рухани әлемінде де бар емес пе? Әлемдік классикалық музыкаға құлағы тосаң ұрпақ біздің қоғамда қазір де жетіп артылады.

Ал дәстүрлі қазақ музыкасында балалар әндері мен күйлері деген бар ма өзі? Бұрынғы қазақтар балаларын бесікке бөлеп қойып, әндерін айтып, күйлерін тартып отыра берді емес пе? Тіпті бесік жырларының мазмұны балаларға арналмаған, ол ананың ішкі мұң-шері мен арман-аңсарын баян етпей ме? Қазіргі дәстүрлі музыканы қастерлеп жүрген таланттардың барлығы оны сәби кезінен жанына сіңіргендіктен жанындай жақсы көрмей ме? Демек, бала балғын кезінде ештеңені оңай-қиын деп талғамайды, оны бейнелі қабылдаумен тез игеруге дайын. Музыканы да солай жадына тоқиды.

Үш жасқа дейінгі сәби тек музыканы ғана емес, айналасындағы дыбыстар мен сөзді де жақсы қабылдайды, мәселен, баланың тілі шыққанға дейін ол көптеген сөздерді түсінетін болады және заттардың атауын ажырата алады. Сондықтан да сәбимен туғанынан бастап барынша көп сөйлескен жөн деп санайды мамандар. Ауызша ақпаратты қаншалықты көп алатын болса, баланың абстракциялық ойлау жүйесі соншалықты бай болады.

Сонымен қоса олар түсті де жақсы ажырата алады, өз ойыншығын түсіне қарап таниды. Қолына берген құрақшаларды түсіне сәйкес жүйелеп құрастыра алады. Қажет болатын болса бүлдіршіндер суреттегі бояулар үйлесімдігін де жақсы қабылдайды. Суреттердің әсемдігі, ондағы бояулар жарасымдылығы бала психикасына да жағымды әсер етеді. Есіңізде болар, кішкентай балалар қолындағы «калейдоскоптың» мың құбылған түстер жарқылына көз алмай құмарта қараушы еді ғой. Демек, сіздің сәбиіңіз сурет сырын түсінуге сусап отыр. Сондықтан да мамандар сәбиге классикалық суреттерді жасынан қаншалықты көп тамашалатсаңыз, оның өнерге деген талғамы соншалықты ерте және жақсы қалыптасады деп санайды.

Сәбиге тек өнер туындыларын ғана емес, танымдық материалдарды да ­молынан үйреткен жөн. Ғалымдардың айтуынша, жас бала арифметикалық есептеуден гөрі, алгебраны жедел түсінеді екен. Үш жастағы сәбиге саусағын санауды үйретумен қоса, көп таңбалы сандарды көбейтуді де үйретуге болады. Масару Ибукадан тағы бір мысал: «ХІХ ғасырдың ұлы математиктерінің бірі Карл Фридрих Гаусс деген ғалым бар-жоғы сегіз жасында арифметикалық қатар жиынтығының формуласын ашыпты. Оның әкесі ғалымдығымен көзге түспеген. Ол қабыр­ғаларды, қорғандарды, тас ошақтарды жөндеп жүретін қарапайым тас қалаушы екен, жұмысқа үнемі өзімен бірге кішкентай ұлын да ертіп алатын. Гаусс әкесіне тасты әперіп тұрып, жалықпай санап тұратын көрінеді. Сірә, Гаустың математикаға деген қабілеті осы ерте жастағы әдетінің арқасында дамыған болар».

Сәбилік шақ – адам өміріндегі ең әсершіл кезең. Ата-аналарға мәнсіз, мағынасыз болып көрінетіндерді бала аса зор сезімталдықпен, құштарлықпен қабылдауы мүмкін, ал бұл дағды оның келешек өмірінің мәніне айналуы ғажап емес.

 Сол сияқты кішкентай балалар географиялық картамен жұмыс істеуге де өте ықыласты болады. Картадағы материктер мен мұхиттарды, мемлекеттер мен олардың рәміздерін түсіне қарап жедел игеріп алады. Ерте дамытудың өзінше әдістемесін жасаған америкалық ғалым Глен Домон сәбилердің таным қабілетін дамытуда түрлі-түсті карточкаларды пайдаланудың тамаша топтамасын жасаған. Ол – қазір ерте дамытудың әлемдік әдістемесінде өте кеңінен қолданыс тапқан тамаша көмекші құрал болып есептеледі.

Қорыта айтқанда, баланың тануға, білуге деген құштарлығында шек жоқ, сондықтан да осы мүмкіндікті ата-ана барынша тиімді пайдаланып қалуы тиіс.

Бесінші қағида. Адамның ақыл-ой дамуы мен мәдени өресі оның сырт сымбаты мен мінез-құлқына тікелей әсер етеді. Тіпті кескін-келбеті ұсқынсыз адамдардың өзін оның рухани әлемі сүйкімді етіп көрсетеді.

Біз әдетте, баланың түр-түсі, сыртқы сымбаты, негізінен, тегіне тартады деп санаймыз. Оның тәжірибеде дәлелденген ақиқат екені белгілі. Дегенмен баланың сыртқы сымбатының өзі оның тәрбиесіне, өмір салтына байланысты өзгеріске түсетіні де өмірде дәлелденген. Бұл жерде, әңгіме маңдайдың бітісін, жақтың сопақтығын немесе көздің көлемін, мұрынның дөңесін, бойдың ұзындығын өзгерту жөнінде емес. Мәселе, адамның сыртқы сымбатының, жүріс-тұрысы мен өзін-өзі ұстау мәнерінің, іс-қимыл әрекеттері мен әдеттерінің өмірлік жағдайларға байланысты айта қаларлықтай үлкен өзгерістерге түсетіндігі жөнінде.

Асылы, адам бойындағы мұндай қасиеттер тек арқылы келмейді, ол тәрбие арқылы қалыптасады. Сондықтан балалардың тәрбиесіне қарай оларды өзгертуге әбден болады. Оның ең төте жолы сәбиге жастайынан рухани нәрді мейлінше молынан беруде. Адамның ақыл-ой дамуы мен мәдени өресі оның сырт сымбаты мен мінез-құлқына, жүріс-тұрысына, мәдениеті мен әдебіне тікелей әсер етеді. Тіпті кескін-келбеті ұсқынсыз адамдардың өзін оның рухани әлемі сүйкімді етіп көрсетеді. Мәселен, біз бүлдіршіндерді оның кескін-келбетіне емес, көп жағдайда, балдай тілі мен үйлесімді қылығына қарап жақсы көріп, сүйсінбейміз бе?! Ал мұндай дағдыларды дамытуға балалар сәби жасында өте икемді болады. Мәселен, музыка тыңдап, сурет салып, өлең жаттап, спорт жаттығуларына барып жүрген немесе сол пәндерден сабақ алып жүрген балалардың сыртқы сымбаты мен мінез-құлқы сол сабақтың ықпалына сәйкес өзгереді.

Баланың сыртқы сымбатын қалыптастыруда спорттың маңызы айрықша екені белгілі. Дене қимылы тек спорт үшін ғана емес, ол бала ақыл-ойының өсуіне де зор ықпал етеді. Әсіресе ми клеткаларының қалыптасуында қимылдың маңызы ерекше жоғары. Сондықтан сәбиді туғаннан бастап әрекетке баулу қажет. Мұны қазақы дәстүрлі тәрбие де жоғары бағалаған. Сәбиді дүниеге келгенінен бастап майлап-сылап, тартқылап, созғылап әртүрлі жаттығулар жасатқан. Ал құйрығын басып отырғаннан бастап, тізесіне мінгізіп, бос тұрған ертоқымға отырғызып көшпелі өмірге дайындаған. Аяғын апыл-тапыл басқаннан бастап, ертоқымға алдына алып отырғызып, одан ашамайға мінгізіп, бес жасында атқа мінетін деңгейге жеткізген. Атқа отыруды ес білгенінен өмір салтына айналдырған көшпелілер жылқымен біртұтас әлемге айналған. Соған орай, олардың ақыл-ойы, алғырлығы, жадының сергектігі, көркемдік қиялы жоғары деңгейде болған. Баланы қандай әрекетке болмасын балғын шағында баулыса, одан үлкен нәтиже шығады.

Мәселен,  суда малту дағдысы баланың тума табиғатында бар көрінеді.

Ал қазір балалардың жасынан жүзуге үйретудің мүмкіндігі көбейіп келеді. Әрине, өмірінде өздері суда жүзіп көрмеген ата-аналарға кішкентай нәрестені жүзуге үйретуге болады десе нанбауы мүмкін. Ал шындығында, әлі аяғынан қаз тұрмаған сәби суда жерде еңбектеп жүргендей өзін еркін ұстай біледі. Өйткені сәбиде суға батып кетемін-ау деген үлкендердің санасындағы үрей болмайды. Оған жерде еңбектеді ме, суда тарбаңдады ма бәрі бір. Ең бастысы қимыл, сол арқылы «мақсатқа жету». Мұны ол табиғи қажеттілік ретінде жедел  жүзеге асырады.  Қазір көптеген елдерде омыраудағы балаларға арнап жүзуге үйрететін үйірмелер ашылуда. Олардың тәжірибесінде, үш айлық баланы бассейінде шалқасынан жатуға үйретуге, ал тоғыз айлық сәбиді суда дұрыс демала білуге үйретеді. Бала суда өзін-өзі ұстауды, жерде аяғынан тік тұрудан гөрі жақсы біледі. Алдымен оның суға денесін үйретіп,  өзін-өзі ұстай алғанға дейін қолдап ұстайды. Суға сүңгігенде ол демін ішіне тартып, көзін жұмып, ауаға қайта шыққанға дейін ұстауға және су жұтып қоймауға үйренеді де, біртіндеп қол-аяғын сермеп малтып кетеді. Мұны бір жасқа дейін-ақ жасауға болады.

Хауызда осылай алғашқы қадамын жасаған бүлдіршін дәл осылай роликте, конькиде сырғанауды да қатар үйрене алады. Жүру, жүзу, сырғанау – егер дұрыс бағыттап, ынталандырып отырса, барлығын бала ойын ретінде меңгеріп кете алады. Ерте қалыптасқан мұндай дағдылар сәбидің ұйқысын тыныштандырады, тәбетін ашады, рефлекстерін күшейтіп, бұлшық еттерін қатайтады. Сондай-ақ, ақыл-ой дамуына да қолайлы жағдай туғызады.

Былайша айтқанда, біз үш жасқа дейінгі аралықта баламен бала болып біте қайнасып кетуіміз керек: онымен дамылсыз сөйлесеміз, күлеміз, оның көзқарасын қалт жібермейміз, заттардың атауларын айтамыз, даму карталарын көрсетеміз, ойыншықтармен қамтамасыз етеміз, қажет болса кереуеттің басына ұялы телефонды іліп музыка тыңдатып, балалар тренажёрларын сатып аламыз. Яғни жас балаға маза бермей үнемі ынталандырып отыру оның екпінді дамуына ықпал етеді. Мәселен, ата-аналар нәрестенің «былдырына» неғұрлым белсенді жауап берсе, бала соғұрлым ерте сөйлейді және солғұрлым оның сөздік қоры бай және сөзшең, жайдары болады. Яғни баланың дене қимылы мен сезім мүшелері қаншалықты қарқынды дамыса, оның ақыл-ой өрісі де соншалықты кең болады. Әсіресе тіл мен ойлау бір-бірімен өте тығыз байланысты. Халық «Ойы анықтың тілі анық, сөзге шебердің ойы кемел» дегенді тегін айтпаған. Айналып келгенде сәбидің осындай жан-жақты, кешенді дамуы оның сыртқы сымбаты мен жан дүниесінің үйлесімді дамуына ықпал етеді.

Демек, «Темірді қызған кезінде соғу керек». Былайша айтқанда, темір суып, қатып кеткен кезде соғу кеш болады.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ

(Жалғасы бар)

 

1930 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы