• Әдебиет
  • 16 Қыркүйек, 2021

ПОСТМОДЕРН ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ МОДЕРНДІК ҚАЛАМГЕР

Роллан Сейсенбаев шығармашылығы туралы

XX ғасырдың соңына қарай, әлем ғалымдары кенет бүкіл дүниежүзі бұқаралық ақпарат құралдары бойынан постмодернистік белгілерді байқай бастады. 
Бұрын-соңды болып көрмеген өзгерістер қоғамды түсініксіз әсерлерге бөледі. Мәтіндер нығыздалды, ақпар-мәлімет көбейді, алыс-жақын шет елдерге үздіксіз тарап жатқан бейтарап хат-хабардың лек-лек тізбегінен маңыздысын айырып-айқындау қиындады, ірі кадрдың көптігі соншалық, бәрі тақау фокуста детальға бай әрі мазмұнды көрініп, әрқайсысы оқшау да кең аудиторияны бірдей қатты толғандырды, қоғам әспеттеп жүрген құндылықтар басымдылықтары белгілі бір межеге тақап келе жатқандай көрінді. 

Өнер мен өмір арасы жақындады. Соғыс қимылдары жүріп жатқан майдан шептері, қорғаныс шеңбері, қала-бекіністерінен тікелей репортаждар жүргізілді. Қанды ғасырдың бүкіл ұлы уақиғалары кейін Роллан қаламгердің роман-кітаптарына тақырып боп енді. Ауғанстан, Арал, Семей тәрізді топонимдік атаулар кешеден бұйырған қасірет ретінде жас мемлекеттің тарихына көшті, санасында мәңгі-бақи жазылып қалды. Біреудің айыбын біз көтереміз. Тағдырын кештік, енді тауқыметін тартамыз.

Роллан әулеті қазақ көрген барлық апатты, күллі драманы басынан өткерді. Қазан төңкерісі, ақ қашқан, қызыл қуған аласапыран дәуір, ел басына қиын-қыстау күн туған алмағайып заман, ашаршылық... шын мәнісінде, Тәуелсіздікке дейін қазақ сормаңдай жұрт еді.

Қалам – тарихтың көлігі, тарих қаламның ізімен көшеді. Жаңа заман жаңа мүмкіндік тудырды. Көрген тақсірет кісіге ұстаз бола алмайды екен, дүбірлі екі соғыста отқа жанып, суға батқан, бір-бірін қынадай қырған адамзат Черчильдің Фултон сөзінен кейін қайта майдан ашты: іле-шала, ұлы жеңістен соң, қырғи қабақ соғыс басталды, аргументі – жаппай қырып-жою қаруы еді.

Ғылым – саясат күш сынасатын алаңға айналды. ІТ технологиялар жазудың бейнетін жеңілдетіп, азабына шек қойды. Енді қалам қолданыстан шығып, жазбалар клавиатураларда терілді, қол шаршамайтын, техникалық қателер қаптамайтын болды, жорға мәтіндер аса жоғары сапалы компьютерлерде жаралды – өңделді, безендірілді, кітап та жаңа жолмен дайындалды, тігілді, желімделді, басылып шықты. Аралықтағы көп типографиялық жұмыстар ескірді, жойылды, ұмытылды. Жыл өткен сайын қорап жәшіктер кішірейе берді, ақыры алақандай айпадқа айналды, алайда, ақпарат ұлғайды, арнайы сақтау қоймалары – ақша бұлттарда қордаланды. Компьютер атқаратын міндеттер мен қызметтер жылдамдығы үрей туғызды, те­тіктер қоғамдық өмірге араласып, әлеу­меттік-экономикалық салаларды түгел қамтыды.

Жазу күрт әрі түпкілікті өзгерді. Әзірше техникалық тұрғыдан, кейін – процестерге сапалық өзгерістер түрінде кірді. Бұрын тіл қарым-қатынас құралы еді, Фердинанд де Соссюр анықтамасынан кейін белгілер жүйесіне өзгерді. Морфема – сөздің ең түпкі мағыналы бөлшегі – дыбыстық акустикалық реттің бірлігі – фонемадан озды. Тіл болмысты бейнелеп қана қойған жоқ, ол болмысты жасады. Кез келген белгі мен оның жүйесі тіл саналды.

Жазушы сомдаушыға айналды. Барды кейіптеудің орнына жаңа әлем қалыптастырды. Модерндік қаламгерлер постмодернистік хал-ахуал кешті.

Жалпы постмодернизм жазу мәнері емес, қоршаған орта, қалыптасқан жағдай. Модерн – стиль: оларды екі дәстүрлі белгі­сінен тануға болады – абсурд пен сана ағысы мәселесі.

Роллан Сейсенбаев абсурдтық тақырып­тарды көтерді. Кеңес Одағы қорғаймыз деп қырады. Мысалы, Семей, Ауғанстан... Екі тілді автордың екі тексерісі бар, сынақ та қос. Кешегі ақиқаттар бүгін күмәнді. Шындық инстанциялары бірқыдыру, бірнешеу, яғни бұлыңғыр, белгісіз. Дегуманизация стратегиясы жүзеге асты, өнерде адам жоқ, авторлар апаттарды жырлайды. Ролланда, керісінше, жеке трагедиялар көрсетіледі, орталық кейіпкер – адам, халқын қалтқысыз сүйетін, туған жері, өскен елін сағынатын, бауыр басқан табиғат, тау-орманын аялайтын, аңсайтын, жырға қосатын, шежіресін ардақтайтын Құдайдың пендесі.

Постмодернизмде реалды дүние елеске айналады. Заман өзгерісі кешеуілдемейді. Еуропадан жаңа буын компьютерлер ағылды, рухани негіз, тектоникалық тақталар орнынан сырғып, соқтығысып, Кеңес Одағы шекараларын бұзып, кеңіс­тігіне дендеп ене бастады. Көп ұзамай, пост­модернистік жағдайлар бүкіл әлемде орнықты. Жергілікті жаңалықтар плане­талық мәртебелерге ие болды. ­Эпидемия аймағы пандемия көлеміне дейін өсті. ­Дерек – хабарға, хабар – ақпаратқа, ақпарат – дағдыға, дағды – мінезге айналды.

Бұрын ауруды екі-үш ел арасына құс қайтуы не келуі таратса, қазір қазбауыр алып ұшақтар асқан лездікпен, шартарапқа, жер мойны қашық, тұрғыны көп шоғыр-шоғыр шаһарларға жаңбырдай шашты. Кітап оқу жылдамдатылды, бір цитата үшін бірнеше кітапты ақтаратын оқырман электронды іздеу жүйелері арқылы оны әлденеше мәрте аз уақыт ішінде тауып үлгерді. Кезек сайын қор еселенді. Мәтінді бір-біріне нығыздап, мінгестіріп, араластырған жұрт жаңа мәтін жасауда көшірмелерді пайдаланды. Торға түпнұсқасыз үлгілер толды. Ешкім сілтеме сұрамайды, себебі автор цитатаның қайда орналасқанын өзі де білмейді, білудің реті де жоқ, кез келген уақыт компьютерінен немесе интернеттен тауып алады.

Постмодернизм – заманын түсінуге талпынған ақыл-ой тұжырымдамалары: басымызға не күн туды, кеше мехнатына қарап мета-еңбегін бағалап, қадірлеп, қастерлеген көп мамандық тағдыры не болады деген сауалнама, дүниенің ақыры бар ма, мұратсыз жоғары технологиялар қайда апарып басымызды соғады, әйтеуір кетіп бара жатырмыз, алдымызда не күтіп тұр, күллі шаруашылық, бар әлеуметтік салаға ықпалын тигізген постмодернизм түптің түбінде немен тынады. Прогресс түсінігі, ақиқат бар екендігі, онтологиялық таным зерделенуі, ғылым-білімнің нәтижелілігі, гносеологиялық ізденістердің тәжірибе жүзінде тексерілетіндігі модернистік дәуірде көңілге сенім ұялататын-ды, енді қазір – жоқ!

Бәрі – керісінше. Парадигма ғаламдық проблемаларды күн тәртібіне қойды. Бұрын елеусіз еді, қазір қалаулы.

Жер тарылды, құм көші жаңа территорияларды басып ала бастады, адам қамаған абақтылар жақсы мен жаман шекарасынан азап күзетіндегі мехнатқа айналды.

Космос – қауіп, адамзат тірлігі – қатер туды­рады, ғылым жаппай қырып-жою жа­ғында, Жер – жалғыз. Қалай келгеніміз есте жоқ, кетер жолымыз – бұлыңғыр, күңгірт.

Қайдан, қашан және кім жіберді?

Постмодернистік жағдай – бір ұлттың ғана басына түскен кеп емес, еуро­палықтардың қолдан жасаған ­интервенциясы да емес. Біреудің идеологиялық қаруы, күрес амалына да жатпайды. Ол – факт. Сондықтан адамзат – менің жалғызым. Роллан – әлемдік масштабтағы жазушы. Метафизика мәселелерін пысықтайды. Өкінішке қарай, пенде баласының – бір-біріне қарсы жасаған қару-жарағына қарап – оның жалғыз ғана емес, жалмауыз да екендігін аңғарамыз.

Аждаһаның бас көтерген бір ұясы – ­Семей полигоны. Ең үлкен жалпы адамзаттық қасіреттің бірі. Модерн жаратты – постмодерн көрсетті.

«Раньше злодеяние было одиноким, словно крик, сейчас оно столь же универсально, как наука», – деп жазды Альбер Камю.

Жиль Делез еуропалық лого­ценризмді бинарлық оппозицияға негізделген құрылымы үшін сынға алды, себебі, үнемі міндетті түрде қарсы тарап іздейді. Бұл жұптық қайшылықты түсінік (жаман – жақсы, ақ – қара, ер – әйел, ауызекі тіл – мәтін, бақыт – қасірет) көрші елдерді бір-бірімен жауластырды, сонымен қатар континенттік эгоизмге, еуропалық нәсілшілдікке, ұлы орталықтардың қақтығыстарына алып келді. Роллан Сейсенбаевтың ядролық алаңдары, аудандары, жарылыстары – жергілікті құнды­лықтарды ығыстырған еуропалық үстемдіктің көріністері. Өлкелік-территориялық империя кешегі колонияларын экономикалық бағыныштылыққа байлады.

«Шайтанның тағы» романында түрмеге түскен жастардың қиын да күрделі тағдыр-талайы сөз болады. Кітап бестселлерге айналады. Персонаждары экзистенциалистік ситуацияларда, ажалмен бетпе-бет жекпе-жекте көрсетіледі. Бұл роман жанрлас басқа романдардан айырмашылығы – сюжеттік желі терең философиялық толғаныстарға байланыстырыла құрылған. Бар тарауы шебер аталған әрі аса көркем жазылған. Бүгінде ғұмыр: «Ешқайда апармайтын баспалдақтарға» айналды, тіпті, баспалдақтардың өзі бар ма, ой-санамыздағы елес емес пе, «Құм кезген өліктер немесе жанталас» қазір ұмытылып бара жатқан Арал мәселесі туралы қозғайды.

Постмодернизм – ІТ технологиялар салдары болса, модерн философиясы – ғылыми-техникалық прогрестің жемісі. Сөз жоқ, біз талдап отырған автор – модернист-жазушы. Классикалық үлгідегі еуропалық және ресейлік әдебиет тәлімгері. Жақсы мағынасында.

Сөз нақтылығы, сөйлем ықшам­дылығы, ішкі монолог, сана ағысы, абсурд қалыптасуы – анық модернистік белгілер. Күмәнсіз пассаж. Бірақ постмодернистік жағдайда тақырыптары ғаламданған, жергілікті уақиға әлемдік құбылысқа айналған. Ірі кадр. Үлкейтіп көрсеткенде күллі ұсақ-түйек өмір көрінеді: күрт үзілген бала қуанышы, қырдың қырылуы мен түз дала сұлулығының жойылуы.

Шығармаларында сейілмеген қайғыны жасырған, келмеген жақсылықты аңсаған атмосфера бар. Қуаныштың қасында қапа, күлкінің артында мұң тұр. Кешегі Абай жүрген, Құнанбай көші өткен сүрлеу жолдар көмескі тартқан, ауыл арасындағы соқпақтардың сілемі де жоқ.

Елсіз дала жау шақырады.

Полигон – ҒТР нәтижесі. ­Роллан ­Сей­сенбаев – ғылым мен техника билік құрған озық заман перзенті. Оның интеллектуалдық күші – білімінде. Тақырып­тары да зор болатыны сондықтан. Ол – космосты игерген жанкешті дәуірдің бел баласы. Бала Ролландардың арманы ғарышкер, геолог, ядролық физика маманы болу еді. Келешектен, көкжиек­терден көгілдір тәрелкелерге мінген басқа­планеталықтарды күтті. Бірақ, коммуникациялық дүмпу танымның бағытын өзгертті. Бәріміз сөйлеп кеттік. Жа­рыса сөйледік, жамырай жаздық, жал­ғыз қалғанша жалаңаш тұтқаға жабыстық.

Прогресс бізді тез алдағанын аңғардық. Ғылым жұмбағының түйіні шешілді. Ол орасан зор бомба жасады. Болашақта одан да үлкен бомба дүниеге келмекші: Нагасаки, Хиросима қалалары заттың төртінші күйінде өртенді, плазмада жанды, түтіні биікке көтерілді, кеңдігі тұтас бір аймақтарды қамтыды. Невадаға да Семейдің жауабы қысқа әрі анық болды: бомба.

Роллан Сейсенбаев романдарынан ­Семей жарылысы естіледі, қазақтың өксігені құлаққа келеді, жаңа өмірді көксегені қайғылы ән, қайшылықты кітаптар арқылы көкірегімізге ұялайды, бір тақырып, бір аяда шоғырланған туындыларының басты мәселесі: кек.

Кектің ғұмыры ұзақ емес, кектің ғұмыры – кек. Кек кекті ғана тудырады. Кектің көзі не екені белгілі болды.

Біз жаздық: кек – тұйық жол.

Автор полигонды Жердің бетіне түскен қара дақ – жара тәрізді көреді. Ғылым тереңіне, құпиясына түспесе, ядролық қуатқа қолы жетпес еді. Ғалымдар айыпты ма, жоқ па.

Шағыл қыдырған аруақтар мекені – тығырыққа тірелгендерге пана бола ала ма. Әкеге деген сағыныш шексіз. Әлем жермен-жексен болған күн шығармаларының сойы – кембағал адамзаттың адасуына қойылған ескерткіш. Ескерткіштен гөрі ескерту, дәлірек – естелік, әрине, шерлі, қайғылы естелік. Жадтың бейнеті, жалғыздың адасқақ үні.

Семей Мұхтар Әуезов шығарма­ларында ән салып тұрса, Роллан Сейсенбаев туындыларында қара жамылып, қайғыдан қан жұтып отырады.

Ұлы Толстой «Соғыс және бейбітшілігік» атты кең тынысты төрт кітаптық эпопеялық шығармасында сюжеттік желі мен философиялық ой-толғамдарын қатар өріп, тарау сайын тамаша тұжырымдама жасап, байлау түйеді.

«Роман жазған адам философ болады» деген Альбер Камю ұйғарымына сай, Роллан Сейсенбаев та ақыл-парасатын алға оздырады, ой-пайымдары кең, масштабты, бізге, қалың оқырман қауымға, кестелі сөз, өрнекті ойға құрылған көркем прозасы тереңдігімен ғана емес, деректілігімен де құнды. Жазушы кейде контекстен шығып, автор ретінде тас-түйін отырған оқырманға тыныш күйін, үнсіз қалпын бұзып қарсы сауал қояды. Бұл өткір тақырыпты, өзекті ойды анық жеткізуге мүмкіндік береді.

Әредік, үздік туындылары әлем әдебиетінің жауһарларымен үндесіп жатады. Үндестік кейде тақырып атауынан көрінеді, кейде сәл мазмұндас келетіндігімен білінеді. Бұл рухани туыстық – автордың, автор шығармаларының дүниежүзілік масштабта өмір сүретіндігінің белгісі. Бір-бірін жатырқамайды. Бөтенсімейді, жат көрмейді. Стихиясы бір.

Бір-біріне ұқсамайтын кітап жоқ. Оқымаған адамның шығармалары ғана әрі кембағал, әрі жасық келеді. Білге қашанда сенімді. Өйткені біледі. Әдетте, қаламы төселмеген, ойы тереңдемеген жазушылық, жөн-жосықсыз шығармашылық тұлға көркем жолдан адасады. Зады, алтын аллюзия, әсем ассоциация, күміс дәстүр, дүниежүзілік озық нұсқаға еліктеушілік – туынды әшекейі, сөз ажары, көз көркі, көңіл қуанышы. Танымы, тәртібі жоқ, қайшылықтағы орам, теріс шалыс – қара дүрсін, жабайы келеді. Жазу мәдениеті – жақсы мектепте. Автор – ұлттық интеллектуалдық проза негізін қалаушылардың бірі. 

Жақсы жазушы тәлімгерлік шақта үздік үлгілерге еліктейді. Хемингуэйдің «У нас в Мичигане» деген жас кезінде жазған тамаша бір әңгімесі бар, «Үш әңгіме және он өлең» атты тырнақалды топтамасына енген туынды, осыған ұқсатып атаған шығарма Роллан Сейсенбаевта да кездеседі – «У нас, в Чингистау».

Мұхтар Әуезов бір дәрісінде (Мұхтар Мағауин дерегі): «менде Абайдың сөйлеу мәдениетінің тілі бар» деген екен.

Роллан Сейсенбаев – оқымысты қаламгер, тар шеңберден шыға білген талант. Ел оны абайтанушы, шәһкерімтанушы, мұхтартанушы ретінде де жақсы біледі. Ол – туған жер жыршысы.

Ядролық жарылыстарды, тіпті бейнетаспадан «тамашалаған» адамның өзі есінен ауысып кеткендей күй кешеді, ендеше, жалын күші үйлерді, ауылдарды қиратқанына куә, тамұқ көрген адам ары қарай қалай азапта өмір сүре бермек, «ағашты шежіресімен», «адамды тамырымен» жұлған бұл тозақ тоқтаса да, тұқым қуалап, ұрпақтан-ұрпаққа тарала береді екен.

Жазушы әділетке жақ, шындықты айтуға – міндетті. Қандай формада болсын. Бірақ көркем роман-повесть, эссе-әңгіме әсері әлдеқайда қуатты, ол рухани кеселге қарсы, адам тәні, дене бойындағы жайылған дертпен, өмір бойы күресіп, арпалысып, алысып өтеді.

Қаламгер қалың оқырманды жігер­лендіреді. Қайрайды. Берілмеуге шақырады. Постмодернистік дәуірдің модерн жазушылары. Бірі – Роллан Сейсенбаев. Қайратты, қажырлы шығармалары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылып, Ресей, Англия, АҚШ, Алмания, Мажарстан, Польша тәрізді елдерде басылып шыққан.

Баспагер, қаламгер, драматург, аудармашы, қоғам және мемлекет қайраткері – көптеген халықаралық әдеби сыйлықтардың лауреаты,

Абай үйі (Лондон, 1995 ж), «Аманат» жорналы ( Нұрсұлтан, 2000, ), Абай клубы (Семей, 2000), «RS» Баспа Үйінің іргетасын қалаушы.

Ұстаз.

Дидар АМАНТАЙ

 

 

1518 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Өмірзақ

17 Қыркүйек, 2021

Жанкешті. Қазақты әлемге танытам, әлемнің жауhарларын қазаққа танытсам деп басын тауға да тасқа да соғып, уақытын да денсаулығын да аямай арпалысып жүрген Азамат! Жасай берсін ағамыз!

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы