• Қоғам
  • 16 Қыркүйек, 2021

ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНБЫЗ БА?

Премьер-Министр Асқар Мамин­нің басшылығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, Қазақстан Республикасының 2021 жылғы қаңтар-тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы, республикалық бюджеттің атқарылуы және 2021-2022 жылдардағы жылу маусымына дайындық барысы қаралды.
Елдегі санитарлық-эпидемиоло­гиялық жағдай туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндап, Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсарып келе жатқанын айтты. Министрдің айтуынша, Қазақстанда соңғы екі аптада аурушаңдықтың өсуі 35%-ға төмендеді. «ДДСҰ бағалауы бойынша, Қазақстанда репродуктивті сан соңғы төрт апта ішінде бір саннан төмен, бұл пандемия бақылауда екенін және сырқаттанушылықтың тұрақты төмендегенін көрсетеді», – деп атап өтті А.Цой. Министрдің айтуынша, соңғы екі аптада республиканың 5 өңірі қызыл аймақтан сары аймаққа көшті. Бір ғана облыс жасыл аймақта. Қалған 11 аймақ – қызыл аймақта. 

25 тамыздан бастап ­Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қа­лала­рында, Атырау, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау облыста­рында КВИ жұқтырған нау­қас­тарды емдеу үшін инфекциялық бөлімшелер мен төсек-орындар орналастырылған 57 нысан жабылды.

Министрдің айтуынша, коро­на­вирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын – 7,1 миллионнан астам адам, екінші компонентті 5,9 миллионнан астам адам алды, екпе алуға жататын халықтың шамамен 60%-ы қамтылды.

Премьер-Министр Асқар Мамин Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында вакцинамен қамтуды ұлғайту жөніндегі жұмысты күшейтуді, Алматы, Нұр-Сұлтан, ­Шымкент қалаларында, Қарағанды, ­Павлодар, Ақмола облыстарында санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақты бақылап, білім беру ұйымдарында санитарлық нормалардың сақталуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

 Экономиканың дамуы, ақша-несие саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту ­туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндады. «Осы жылдың қаңтар-тамызында нақты сектордағы өсім 3,5%-ды құрады», – деді ол. Министр ­баяндамасында қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,3%-ға дейін өскенін мәлімдеді. Сонымен қатар байланыс, құрылыс, ­сауда, су және электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім көрсетіп отыр.

«Биылғы қаңтар-шілдеде сыртқы сауда тауар айналымы $53,7 млрд, оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш $32 млрд құрады. Бұл ретте, өңделген ­тауарлар экспорты 23,4%-ға өсіп, $10,4 миллиардқа дейін жетті. ­Тауарлар импорты $21,7 млрд-ты құрады. Жалпы сауда балансы $10,4 млрд-ты құрап, оң деңгейінде сақталды. Өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Өндіріс көлемі 5,8%-ға өсті», – деді министр.

Ерғалиев тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша да оң динамика байқалып отырғанын атап өтті. Биылғы қаңтар-тамызда 8,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Ұлттық банк төрағасы ­Ерболат Досаев өз баяндамасында ­инфляция деңгейін қалыпта ұстап отыру үшін атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.

Қаржы министрі Ерлан ­Жамау­баев республикалық ­бюджеттен бөлінген қаражатты игермеген министрліктерді атады. «Игерілмеудің неғұрлым ірі ­сомалары Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Мәдениет және спорт, Әділет, Төтенше жағдайлар министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептері: төлемнің негізділігін растайтын құжаттарды ұсынбау, төлем нақты көрсетілген қызметтер көлемі үшін жүргізілген, орындалған жұмыстардың актілерін, шот-фактураларды уақытылы ұсынбау және т.б.», – деп атап өтті ­министр.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев хабарлағандай, осы жылдың қаңтар-тамыз айларында жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2%-ға ұлғайып, 2 887,9 млрд теңгені құрады. Бұл өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3,6%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. «Бұл ретте өсімдік шаруашылығы өнімдері 919,7 млрд теңгеге өндірілді, бұл нақты мәнде өткен жылдың тиісті кезеңі деңгейінен 1,3%-ға аз. Төмендеу вегетациялық кезеңде қалыптасқан топырақ пен атмосфера құрғақшылығына байланысты орын алып, дақылдардың өсуіне, дамуына теріс әсер етті», – деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Сауда және интеграция ­ми­нистрі Бақыт Сұлтанов әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасына қатысты жағдай туралы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев өнеркәсіп пен энергетика секторының дамуы туралы, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев агроөнеркәсіптік кешендегі ахуал туралы баяндады.

Үкімет басшысы әкімдіктерге көрсеткіштердің төмен болып отырған экономика секторларында өсу қарқынын арттыруды, экономиканы одан әрі әр­тараптандыру, инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды, бағаны ұстап тұруды күшейтуді, инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенін іске асыруды нақты үйлестіруді тапсырды.

Жылу маусымына әзір­лік ­бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ­Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, ­Атырау облысының әкімі ­Махамбет Досмұхамбетов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндады.

Энергетика министрі бірқатар облыста электр станцияларын жөндеу мерзімі сақталмағанын атап өтті. «Атомдық және энер­ге­тикалық қадағалау мен бақылау комитеті облыс әкімдік­терімен бірлесіп, энергетика кәсіп­орындарының алдағы жылыту маусымына дайындығына ­тұ­рақты бақылау жүргізіп, электр станцияларындағы жөндеу жұмыс­тарын уақтылы аяқтау бойынша шаралар қабылдап ­жатыр», – деді М.Мырзағалиев. Министр жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша, орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы 485 қазандықты жылыту маусымына дайындау үшін 1 209 қазандықтың 925-іне жөндеу жүргізілгенін айтты. Бұл ретте Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстары ­жоспардан едәуір артта қалған. Министрдің мәлімдеуінше, бұл алдағы жылу маусымының сенімді өтуіне қауіп төндіреді.

«Электр станцияларында отын жинақтау жалғасуда. Қоймаларында 3,5 млн тонна көмір және 90 мың тонна мазут жинақталған. Бұл жалпы бекітілген нормаларға сәйкес келеді», – деді ол. Сондай-ақ министр энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін ауқымды кредиторлық берешегі бар екенін атап өтті.

Индустрия және инфрақұ­рылым­дық даму министрлігі алдағы 2021–2022 жылдардағы жылу беру маусымына сапалы және уақтылы дайындалу мақсатында жұмыс жоспарын бекітті. Оған сәйкес облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері 2021 жылғы 1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің 100% дайындығын қамтамасыз етуі және 2021 жылғы 15 қазанға дейін барлық коммуналдық шаруа­шылық, әлеуметтік сала объектілерін, тұрғын үйлерді дайындауды аяқтауы, барлық дербес жылу көздерін отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етуі қажет. Ағымдағы жылдың 6 қыркүйегінен бастап Президент әкімшілігімен бірлесіп өңірлердің алдағы жылу беру маусымына дайындығын тексеру жүргізіліп жатыр.

«Әкімдіктер жылу беру мау­сымына инженерлік инфра­құрылымды, әлеуметтік сала объек­тілерін және тұрғын үйлерді уақытылы дайындау бойынша ­шараларды күшейтуі қажет», – деді Б.Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, барлық өңірлерде жеткілікті мөлшерде көмір қоры жинақталған, тап­шылық болмайды. «Теміржол көлігі паркі көмірді толық көлемде тасымалдауды қамтамасыз етеді», – деді ол.

Премьер-Министр әкім­діктерге инженерлік желілерде, білім беру, денсаулық сақтау объектілері мен үйлерде жос­парланған жөндеу жұмыстарының бәрін белгіленген мерзімде аяқтауды, аса қысқа мерзімде ­жылыту маусымын өткізуге әзірлік ­паспорттарын алуды қамтамасыз етуді, барлық автономды жылу көздерін отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етуді, көмір тапшылығына жол бермеу үшін өңірлерде көмір жеткізушілермен белсенді өзара іс-қимыл жасасуды және коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік үшін әрі тұрғындарға отын жеткізуге ұдайы мониторинг жүргізіп отыруды тапсырды.

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

 

1169 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы