• Қоғам
  • 16 Қыркүйек, 2021

ЕКІ МИЛЛИОН ТҰРҒЫН САНАҚТАН ӨТТІ

Екі миллионнан аса респондент онлайн санақтан өтті. Олардың 1756002-сі www.sanaq.gov.kz сайтында, 203672 eGov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 82202 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысқан.

Онлайн санаққа қатысу көрсеткіші бойынша әзірге Алматы облысы алда. Мұнда 204 805 тұрғын санақтан өткен. Онлайн санақтан өткен 194 697 адам Алматы қаласында тіркелген. Үздік үштікті Қызылорда облысы түйіндеді. Мұнда 173 847 адам санақ сауалына жауап берген. Одан кейінгі екі орынды Маңғыстау және Атырау облыстары еншілеп тұр. Бұл өңірлерде  46 191 және 35 542 адам санақтан өткен.

Ал санақтан өткендердің жергілікті халық санына шаққандағы үлесі ­бойынша Қызылорда облысы алда тұр. Мұнда азаматтардың 21,1% сауалға жауап берген. Бұл көрсеткіш бойынша Павлодар облысы екінші орында. Мұнда тұрғындардың 17%-ы бүгінге дейін санақтан онлайн режімде өткен.

Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов онлайн брифинг барысында Халық санағы ең алдымен мегаполис тұрғындары үшін қажет екенін айтты. «Сауалнамада «тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттар) сыртқы қабырғаларының материалын көрсетіңіз» деп сұрайды. Мен бұл сұраққа 11 түрлі жауап нұсқалары бар екенін айта кетейін. Бұл ел бойынша, атап айтқанда Алматыда тұрғын үй қорының жай-күйін кешенді талдауға мүмкіндік береді. Алматы үшін бұл қаланың Бас жоспарын түзету мақсатында өте маңызды. Өйткені біз қалалықтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуіміз керек», – дейді Алмасхан Ахмеджанов. Оның сөзінше, жауаптардың көмегімен экономика мен әлеуметтік саладағы проблемаларды анықтап, жоспарлауды жақсартуға болады. «Кейбір сұрақтар инфрақұрылымның даму деңгейін анықтауға бағытталған – балабақша, мектеп, медициналық мекемелер мен басқа да әлеуметтік нысандардың болуы. Бұл сұрақтар нақты санақ кезінде елдің демографиялық көрінісін көрсетуге көмектеседі», – деп есептейді ол. Халықаралық ұйымдар ұсынған сұрақтардың арасында азаматтардың денсаулығына қатысты сауал да бар. «Мысалы, көру, есту, жүру және есте сақтауға қатысты нақтылау сұрақтары енгізілген. Бұл қала құрылысы мен сәулетшілер үшін де маңызды. Мүмкіндігі шектеулі адамдар тиісті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілуге тиіс», – дейді А.Ахмеджанов.

916 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы