• Қоғам
  • 16 Қыркүйек, 2021

ЖОЛДАУ: СӨЗДЕН ІСКЕ КӨШКЕН ЖӨН

Мәди Ахметов,
Парламент Мәжілісінің  депутаты

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы біздің бір жылдық бағыт-бағдарымызды айқындайтын, еліміздің алдағы даму стратегиясын белгілейтін маңызды құжат деп айтуға толық негіз бар.

Биылғы Жолдауда бес негізгі бастама көтерілді. Жалпы қоғамдағы аса өзекті, маңызды мәселелердің барлық жиынтығы көрініс тапты деуге болады. Мысалға, тіл мәселесі, ұлт денсаулығы, экология, экономика, білім, ғылым, жас­тар толығымен қамтылды. Жолдау – қолымызда, бәрі айқын. Ендігі мәселе оны сапалы, уақытылы орындалуын қамтамасыз етіп, бақылауға алу. Жалпы менің ойымша, Жолдауды жария етпей тұрып, өткен жылғы Жолдаудың орындалу нәтижесі бойынша алқалы жиын ұйымдастырып, берген тапсырмаларының нәтижесін немесе орындалмау мәселелерін айқындап, айшықтап алу керек секілді. Жолдау жарияланды. Басты мәселе – құжатта көрсетілген басты тапсырмаларды халыққа пайда әкелетіндей қолжетімді етіп, сапалы орындау.

Биылғы Жолдаудағы басым бағыттар «Нұр Отан» пар­тиясының сайлауалды бағдарламасымен ұштасып отыр. Осы негізгі Жолдауда көрсетілген үш мәселеге назар аударғым келеді.

Бірінші, бұл ІТ мамандарды дайындау бойынша. Біз жалпы шикізат өндіруші, тасымалдаушы, экспортқа шығарушы мемлекет ретінде алысқа бармайтынымыз анық. Президент атап көрсеткен, 100 мың ІТ маманды даярлап шығару – мемлекетіміз үшін аса маңызды. Тек оқытып қана қоймай, тиісті деңгейде жұмыспен қамтуды, ІТ компанияларын ашуды жоспарлау қажет. Үкімет бұл тапсырманың толыққанды орындалуын қамтамасыз еткені жөн. Өйткені ертең 100 мың маманды дайындап алғаннан кейін ол қайда барады, қай жерде істейді, қандай ІТ компаниялары болады, соның барлығын біз қазірден бастап жоспарлап, жүйелеуіміз керек. Тек бір бағытта жұмыс істесек, бұл да орындалмай қалу немесе жартылай орындалу қаупі бар.

Екінші көкейкесті мәселе – елімізді ауызсумен қамтамасыз ету. Соңғы он жылда осы салаға миллиардтаған қаржы бөлінді. Бірақ нәтижесінде әлі күнге дейін ауызсусыз отырған қаншама елді мекен бар. Жазғы іссапар кезінде көптеген ауылды өз көзіммен көрдім. Бұл тапсырманы тиісті деңгейде орындаудың бір жолы – цифрландыру. Арнайы картаны жасақтау арқылы қай жерде судың шешілген, шешілмегенін алдын ала бақылап, жоспарлап, тиімді жүзеге асуын қамтамасыз ету керек деп ойлаймын. ХХІ ғасырда тәуелсіздіктің 30 жылында халқымызды әлі күнге дейін сумен қамтамасыз ете алмай  отырғанымыз –  немқұрайдылығымыз. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жолындағы жүйесіздіктің, жемқорлықтың артуының да әсері бар.

Үшінші мәселе, мемлекетіміз тарихи байлықтың, қазба байлықтың үстінде отырса да газдандыру мәселесін шеше алмай келеміз. Мәселен, Елордамызда да, Алматы қаласында да әлі күнге дейін газ мәселесі толыққанды шешілген жоқ. Президент өзінің Жолдауында солтүстік аймақтарды газбен қамтамасыз етуді тапсырды. Демек, газдандыру жүріп жатқан қалалардағы жұмысты тездетіп аяқтаған жөн.

Айналып келгенде, мұның барлығы қағаз жүзінде қалмай, іс жүзінде іске асуын қамтамасыз еткен жөн.  Біз сөзден іске көшіп, бағыт-бағдардың орындалуын қатаң бақылауға алып, нәтижесін халыққа көрсетуіміз керек.

1543 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы