• Руханият
  • 16 Қыркүйек, 2021

ҒАСЫР МАҢМАҢГЕРІ

АБСЕНТТІ БАПТАҒАН ҚАЗАҚТАР

Бағзы замандардан төрт түлік мал өсірумен айналысқан қазақ жылқыны аса қадір тұтып, «жылқы – малдың падишасы» деп қастерлегені белгілі. Әрине, ол жағдай бекерден-бекер емес, өйткені халқымыз жылқыны мінсе көлігі, ішсе тамағы ғана емес, оны қандай да болмасын той-думан, мереке-мейрамдарында  көңілін көтеретін түлігі санатында ұстады, әспеттеді. Ұлттық спорт ойындарының көпшілігі аттың қатысуымен өткендіктен де жорға-жүйрік­терін, тұлпарларын аялап, баптап, әңгімелеріне арқау етіп, ән-жырын арнап төбесіне көтерген. 
Міне, осы дәстүр жалғас­тығына өзіміз де бала кезден куә болып келе жатырмыз. Cонау Кеңес заманында мал шаруашылығындағы қой төлдету, қой қырқу секілді маңызды науқан аяқталысымен жер-жерде жаз шыға шопандар тойы өте бастайтын. Оның бағдарламасына салтанатты іс-шаралар, марапаттаулар өт­кізумен қатар, міндетті түрде ұлттық спорт ойындары да кіретін. Соның ішінде көпшілік бәйге мен ат сайыс ойындарын дегбірі қашып асыға күтуші еді. Бұл орайда атақты сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің «Бошайдың үш қарасы» атты әңгімесінде: «Ат жарысының қай түрі болса да барлық жүйке тамырыңды бірге шымырлатады. Жалғыз қара болып озып келе жатқан бәйге атын көргенде көзіңе ие бола алмайсың. Аузыңнан шығып кеткен сөзің түгіл, даусыңа ие бола алмайсың. Бұл – қуану ғана емес, теңеуі жоқ үлкен сезім...», – деп ат бәй­гесінің тынысын, адамға әсерін соншалықты ғажап су­рет­тегеніне таңғаласың. Ал бәйгеден дара келген тұлпарлар дүбірі туралы әңгімелеудің өзі бір таусылмас жыр. 

ПРОФЕССОР САДЫҚОВ

 

Орта мектепті бітірер тұста жылқы туралы, қазақ дала­сындағы ат бәйгесі, аты аңызға айналған тұлпарлар жайлы естіп-көргеніміз, оқып-тоқығаны­мыз бар, біршама білеміз деп жүрсек, зооветинститутқа түс­кенде байқасақ, жылқы ­малына қатысты «білетініміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз» екен. Оны 1974 жылы төртінші курста «Жылқы ­ша­руа­шылығы» пәнін оқи бастағанда бағамдадық. Бізге лек­цияны ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Б.Садықов оқыды. Байдолла Хамзаұлы қазақтың жабы жылқыларын жетілдіру жұмыстарымен айналысып, асыл тұқымды 2 жылқы совхозын және 6 асыл тұқымды жылқы фермасын ұйымдастыруға атсалысқан белгілі ғалым.

Ол кісінің лекциясына қы­зы­ғушылығымыз «Жылқы тұқым­дары» деген бөлімге келгенде тіпті күшейді. Байдолла Хамзаұлы «Әлемде 200-ден астам жылқы тұқымы болса, оның ішінде Кеңес Одағында 50-ден астам тұқым бар. Олар  «жергілікті және  зауыттық» деп екі топқа бөлінеді. Ал олар өз кезегінде өсірілетін аумағы, табиғи-климаттық жағдайы, биологиялық, өнімділік қасиет­теріне орай көптеген топтарға жіктеледі», – деп көсіле ­жө­неледі. Одан әрі лектор жылқы тұқымының суретін көрсетіп тұрып, олардың шығу тарихын, орташа тірілей салмағын, ­сауылатын тұқым болса сүттілігін, салт мінетіні болса бәйгедегі, жарыстағы жылдамдығын, үздік көрсеткішін, ал ауыр жүк тар­татын тұқым болса, қанша келі салмақ тарта алатынын тәптіштеп айтады. ­Аудиторияда отырған студенттердің басым көпшілігі қазақ болған соң, қызығушылық үлкен, оны сабақтың соңына таман жапырлай қойылған сұрақтан байқап отырамыз.

 

Бір жолы ұстазымыз ақалтеке тұқымы туралы айтты:

– Бұл түр-тұлғасы, дене бітімі жағынан әлемдегі ең сымбатты, сұлу жылқы тұқымының бірі. Көршіміз түркімендер көбінесе Копет-Даг тау қыраты мен Қарақұм аралығындағы ені 20-30 шақырымды алып жатқан ­оазис алқабындағы жерде өсіреді. Оның өзінде де Ақалтеке тұқымын бұл жердің жағдайына қарай үш ай мөлшерінде ғана жаюға болады. Сондықтан түркімендер көбінесе жылқыларын үйде, қора-қопсы, бау-бақшаларында ұстап, қолдан азықтандырады. Шөп, жемнен басқа жұқа нан, қойдың құйрық майына пісірілген шелпек, жұмыртқа мен түйенің шұбатын да береді. Осылай балаша мәпелеп күткен ат қалайша сұлу, әсем болмайды?! Ақалтеке аттарының түр-түсі ғажап! Құмды жерде өсірілгеніне орай алтын түстес, алтын-торы, алтын-күрең, алтын-жирен секілді ерекше түстілері жиі кездеседі. Ал жылдамдығын айтсаңшы! Әсіресе, қысқа қашықтықта ұшқырлығымен көзге түседі. Сондықтан ақалтекелерді ­Кеңес Одағынан басқа Түркия, Үндістан, Ауғанстан, Сирия, Германия, Англия секілді елдер сатып алып, өсіруде. ­Дегенмен түркіменнің мақтанышы болған осы ақалтеке тұқымының даңқын әлемге кеңінен әйгілеген біздің қазақтар», – деп профессор Садықов өзінің сабырлы мінезіне орай асықпай аудитория ішінде ақырындап арлы-берлі жүретін.

Ал бұл кезде біз, студенттер, «түркімен жылқысына қазақтың қандай қатысы бар?» деп таңданып, ойланып қалатынбыз. ­Содан кейін ол кісі плакаттардың арасынан  біреуін суырып алып, бір аттың суретін көрсетіп, шаттанған күйде «Бұл – атақты Абсент!», – дейтін. Байдолла Хамзаұлы барлығымызға естілетіндей көтеріңкі дауыспен:

– Иә, бұл түркіменнің ақалтеке тұқымына жататын жылқы, бірақ біздің Жамбыл облысындағы Луговой жылқы зауытының түлігі. Шығу тарихы өте қызық. Әкесі «Араб» деген бесті арғымақты 1935 жылы Ашхабаттан шығып, 84 тәуліктен соң 4300 шақырымды артқа тастап Мәскеуге жеткен түркімен шабандоздары маршал Семен Буденныйға сыйға тартқан. Осы айғыр талай дүбірлі жарыстарда жүлде алды. Бұл сұлу мүсінді, жүрісі де әсем ақбоз атты 1945 жылы фашистік Германияны жеңуге арналған Қызыл алаңда өткен парадты қабылдаған маршал Жуковтың өзі мініп шығады.

1949 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы министрінің жылқы шаруашылығы жөніндегі орынбасары С.Буденный Қазақ­станға іссапармен келгенде Жамбыл облысындағы Әулиеата жылқы зауытында болады. Шаруашылықтың басшылығы мен мамандарының атқарып жатқан жұмысына риза болған маршал жылқы тұқымын жақсартып, асылдандыру үшін Мәскеуге барған соң Әулиеата жылқы зауытына Араб айғырын вагонға тиеп жібертеді. Міне, осында 1952 жылы «Арабтан» және сары-құм түстес Баққара (қазір кейбір дерек көздерінде Бакира, Багира деп те жазылып жүр. – Ө.С.) атты биеден «Абсент» деп ат қойған, маңдайында жұлдызшасы бар қара құлын дүниеге келеді. Біраз уақыттан соң зауыт таратылып, бүкіл мүлкі, жылқыларымен бірге Луговой жылқы зауытына беріледі. Осында құлын кезінен бағып күтілген «Абсент» біраз жылдарда сұлу бітімі, келісті жүріс-тұрысымен көзге түсіп қана қоймай, 1956 жылы Ашхабад ипподромында өткізілген 1600  және 1800 шақырым қашықтыққа жүлдегерлер қатарынан көрініп, ұшқырлығымен көзге түседі. Алайда республикадағы жылқы спортының басшылығы мұндай сәйгүлікті ат жарысынан гөрі, классикалық спорт түрлеріне қосқанды дұрыс көрді. Өйткені классикалық ат спорты олимпиада ойындардың бағдарламасына енгізілген болатын. Ал бұл дегенің үлкен спорт, яғни әлемдік аренаға шығуға жол ашатын. Сондықтан Абсентті астанамыз Алматыдағы республикалық ат спорты мектебіне алып кетеді».

Шынын айтқанда, сол кезде біздің көпшілігіміз, ауылдан келген жастар ұлттық ат спорты ойындарынан (бәйге, қыз қуу, теңге ілу, көкпар...) басқа әлемдегі ірі жарыстар өтетін ат спортының классикалық түрлері барын оншалықты білмейтін де едік. Ал Абсент болса, осы атсайыстың мәнерлі жүріс (выездка) түрі бойынша Кеңес Одағының намысын абыроймен қорғап, 1960 жылы Римде өткен олимпиадалық ойындарда Сергей Филатов деген шабандоздың басқаруымен тұңғыш рет алтын медальді иеленіп, чемпиондық атақты жеңіп алған. Келесі 1964 жылы Токиода өткен олимпиадада қола жүлдегер атанған сәйгүлік өзінің сұлу сымбат, дене бітім, түр-тұлғасының әсемдігімен қоса, ат жүрісі мектебінің ең қиын өрнектері – пассаж, пиаффе, пируэтті тамаша орындаумен жанкүйерлердің қошеметіне бөленген жануар екен. Сонымен, профессор Садықовтан естігеніміз бар, одан кейін Мұқан Әділбеков деген практикалық сабақтан  беретін оқытушыдан оқу барысында тағы қайталай түсіндіріп, көмекші материалдармен, әртүрлі деректермен толықтырып, бұл тақырып бойынша біздің біліміміздің толығуына ықпал еткені есімде қалыпты.

Кейін білім мен ғылым саласында істеп жүріп, Абсентке қатысты материал­дар кездессе, қызығып, қажет дегендерін сақтап жүретінмін. Ал бертінде ғаламтор желісінің дамуына байланысты деректер электронды түрде жүктеле бастағандықтан ақпарат көбейіп, көкжиек кеңейе түсті. Соның ішінде бір байқағаным, ақпарат көздерінде, Абсенттің ­олимпиада ­чемпионы атанып, әлемге әйгілі ­болуына көбінесе онымен ірі жарыстарда өнер көрсеткен Сергей Филатовтың арқасы, яғни атбегі-шабандозының еңбегі дейтіндей әсер қалдыратыны байқалып тұрады. Әрине, ол бір жағынан дұрыс та. Біз оның еңбегін жоққа шығармаймыз. Тек Абсенттің С.Филатовтың тақымына 1958 жылы ­тигенше 6 жыл бойы, яғни оны құлын кезінен 1958 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінде ақалтеке тұқымының чемпионы (көрсеткіштері – шоқтығының биіктігі 163 см, кеуде орамы 187 см, жіліншік орамы 21 см) болып басшылардың көзіне түсіп, ел астанасында алып қалуға пәрмен берілгенге дейін бағып-күткен, өсірген, жаттықтырып, шеберлігін шыңдаған адамдар еңбегі қайда қалады?! Сол жағын да дұрыстап анықтап, айтып, жазып жүрген артық емес деп білемін. Соның ішінде бөле-жара  Кәрім Әсенов және Молдаш Әміреев деген ағаларымыздың әлемге әйгілі болған арғымаққа қатысты еңбегі туралы сыр шерткенді дұрыс санадым.

 

АТБЕГІ ӘСЕНОВ

 

Жазба деректерге қарағанда, бо­лаша­ғынан үлкен үміт күткен үш жасар «Абсентті» 1955 жылы Алматыдағы рес­пуб­ликалық ат-спорттық мектебіне алып келеді. Ипподромда оны белгілі жаттықтырушы К.Әсенов жаттықтырды. Сонымен, Абсентті классикалық ат спортына алғашқы болып баулыған Кәрім Әсенов деген кім еді? Ол кісі жайында қазақ спорты туралы энциклопедиялық анықтамалықта (Спортивный Казахстан: Энциклопедический справочник /Авторы – составители О.Жолымбетов, А.Кульназаров – Алматы: Издательство «Арыс», 2004. - 672 с.) төмендегідей сипаттама беріліпті:

– Құлдыраңдаған құлын кезiнен бағып-қаққан ақылды жануардың ақтық демi таусылар сәттегi мүшкiл халiн көру маған өте ауыр соқты. Әсiресе өмiрiнiң соңғы күндерiнде жем-судан тартынып, қозғалуға да шамасы келмей, жатып қалды. Тек менi көрген кезде ғана бар күшiн жинап әзер дегенде оқыранатын. Мына жарық дүниенi адам сияқты қимай, көзiнен мөлтiлдеп жас ағып жатты. Көп ұзамай ақтық демi таусылған Абсенттi ақ кебiнге орап, жамбасымен жатқызбай тiк қойып, арулап көмдiк. Дүниедегi ең бiр асылымнан, сырлас-мұңдасымнан айырылғандай көпке дейiн көз жасымды тыя алмай жүрдiм. Әлi күнге дейiн Абсент көз алдыма елестеп, түнде түсiме кiредi. Ендi дәл Абсенттей ақылды, сұлу, тектi тұлпар бұл ғасырда туа ма, жоқ па, ол жағын бiле алмадым. Абсенттiң жөнi бөлек едi ғой, – деп сұхбатын аяқтапты.

 Кәрім Шалабасұлы 1905 жылы Ақтөбе облысының Қобда ауданында дүниеге келген. 1917 жылы Ойылдағы 2 кластық училищені, 1926 жылы әскери училищені, 1928 жылы Ташкенттегі Жоғары кавалерия (атты әскер) мектебін бітірген болса, 1943 жылы М.Фрунзе атындағы жалпы әскери Қарулы күштер Академиясын бітіріп, қазақтың ұлттық кавалерия полкында взвод командиры, полк штабы бастығының орынбасары болып қызмет атқарады. Неміс фашистеріне қарсы 21-Кавказ атты әскер дивизиясының 17-Таулы Кавказ полкы құрамында соғысқа қатысқан. Әскери шені – майор. «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Міне, бұл деректен Кәрім ағаның қырықтың қырқасына шыққанша үлкен әскери жолдан өтіп, соның ішінде арнайы білім алып, қызметі тікелей аттың жалында өткенін көреміз. Осындай тәжірибе жинақтаған адамды әскери қызметтен босағаннан соң, кейін Луговой жылқы зауытына жібергені кездейсоқ емес. Осында жүріп жаттықтырушылық қызметпен айналысқан. Кейін Алматы ипподромына ауысқан, яғни бұл ол кісінің білікті жаттықтырушы болғанының белгісі деп түсінген жөн болар.

Сол кезең туралы профессор П.А.Федотов «Под седлом и в упряжи» (1984) атты кітабында былай деп жазыпты: «Вначале он тренировался в Республиканской конно-спортивной школе под седлом известного казахстанского тренера К.Асенова, который вложил много труда и умения в спортивную подготовку Абсента (КСРО халықтары спартакиадасында төртінші орынды иеленген деген де дерек бар екен. – Ө.С.). ... В 1958 г. на ВСХВ Абсент был признан чемпионом породы».

Республикаға белгілі ғалым Павел Александрович Кәрім ағаның Абсентті Одақ деңгейінде танытуға қосқан еңбегіне, шеберлігіне осындай әділ баға беріпті. Бір сөзбен айтқанда, болашағынан үлкен үміт күткен атты мәнерлі жүрістің небір күрделі элементтерін алғашқы болып үйретіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырған адам К.Әсенов екенін баса айтқан жөн.  Ол кісі атты тек жаттықтырып қоймай, жарыста да онымен өнер көрсеткен екен. Ал 1960 жылы К.Әсеновке Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы деген атақ беріліпті. Әрине, бұл Абсенттің Италияның астанасы Рим қаласында өткен ХVII жазғы олимпиадасында ат спорты бойынша жоғары шеберлігі, мүлтіксіз әсем жүрісі үшін Кеңес Одағына тұңғыш алтын медаль әкелгеніне орай қазақ бапкері, шабандозының еңбегіне де берілген лайықты марапат деп түсінген жөн болар.

Сонымен бірге КСРО спорт шебері, ҚСРО-ға еңбегі сіңген өнертапқыш, жылқы шаруашылығы жөніндегі оқулықтың авторы, республикамыздың Ауыл шаруашылығы министрлігінің жылқы шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болған Борис Васильевич Бардинның «Абсент Ашһабад (ипподром) бәйгі алаңында алғаш рет өнер көрсеткенде үш-ақ жаста болатын, әрі ол орташа ғана көрсеткіштер көрсетті. Сол жылы оны Алматыдағы Республикалық ат спорты мектебіне ауыстырдық. Бұл 1956 жыл еді. Мұнда оны өте білгір жаттықтырушы Кәрім Әсенов өз қарауына алды. Ол менің де алғашқы ұстазым, жаттықтырушым болды, мен атқа міну сабақтарын Абсентке отырып барып алдым» (Республикалық саяси-қоғамдық «Бәйтерек» журналынан), – деген сөзі де көп нәрсені аңғартады.

Енді бір байқаған жағдай, жоғарыда атап кеткен спорт энциклопедиясында ол кісі туралы фотосымен бірге есімнамалық мақала шығыпты. «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясының 1-томындағы Абсентке арналған мақалада (авторы Ө.Жолым­бетов – Ө.С.) да Әсенов жайлы деректер берілген. Ал қазіргі интернет, ютуб желісіне жүктелген Абсентке қатысты бірнеше деректі фильмдерді, хабарларды (соның басым көпшілігі тек орыс тілінде дайындалғаны қынжылтады – Ө.С.) көргенімізде К.Әсенов туралы ақпаратты байқамадық.

Сондықтан Абсенттің республикалық, Одақтық деңгейде көзге түсуімен қатар, келешекте әлемдік аренаға шығуына да үлкен үлес қосқан адамның бірі ғана емес, бірегейі – Кәрім Шалабасұлы Әсенов (1905-1978) екенін бүгінгі ұрпақ жете түсінгені абзал. 

ҚҰЛАН. КӨГЕРШІН АУЫЛЫ.

МОЛДАШ ӘМІРЕЕВ

 

2019 жылдың сәуір айында бұрынғы Луговой, бүгінгі Т.Рысқұлов ауданына жол түсті. Сондағы «Шәушен» шаруа қожалығында студенттеріміз тәжірибеден өтіп жатқан. Шаруашылықтың басшысы республикаға белгілі іскер азамат, Қазақстанның Еңбек Ері – Сайранбай Әліқұлұлы Дөненбаев екен. Төрт түлік малды мыңғыртып өсіріп жатқан атақты шаруашылықпен танысып, студенттердің тәжірибеден өту барысын байқап, негізгі жұмыстарым тиянақталған соң бас зоотехник Нұржан Мырзалиев атты азаматтан Абсент шыққан Луговой асыл тұқымды зауыты қай жерде екенін сұрадым. Нұржанның айтуына қарағанда, ол аудан орталығы Құланнан 15 шақырым жердегі Көгершін деген ауылда орналасқан. Сонау 70-жылдардың ортасынан естігеннен бері ойда қалған аңыз жылқы Абсент болса, оның үстіне мамандығым мен қызметім де мал шаруашылығымен байланысты болса, «мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» дегендей, атақты сәйгүлік өсіп-өнген, мәңгілікке тыныстаған жерге таяу келіп қалай аттың басын бұрмайсың?! Сөйтіп, іргедегі Көгершінге жеткен соң екі қабатты кеңсенің табалдырығынан аттап, қабылдау бөлмесіне келдім. Хатшы қыз сөйлескен соң басшының бөлмесіне кірдім. Ұзын сөздің қысқасы, мән-жайды түсінген «Луговой жылқы зауыты» ЖШС бастығы қасыма қауіпсіздік жөніндегі бөлімшесінің басшысын қосып беріп, шаруашылықпен танысып шығуыма рұқсат берді.

Алдымен Абсенттің басына бардық. Оны күтіп ұстаған қора-жай ауылдың кіреберісіне таяу маңда екен. Бұрын өзіміз белгілі кинорежиссер О.Әбішевтің «Абсент, сын Араба и Баккары» фильмінен көргендей көзімізге оттай басылды. Қораның ішін араладық, Абсент тұрған өжірені (денник) де көрдік. Әрине, өз көзіңмен көргенге не жетсін. Ойланасың, салыстырасың, көз алдыңа керемет бір көріністі елестеткендей боласың. Алайда әлемге әйгілі тұлпар осы жерде тұрғанына сенгің келмейді. Турасын айтқанда, ат қорасының күтімсіз жағдайда, сылақтары түскен, ағаш-темірлерінің бояуы оңған, жабдықтарының тозған кейпін көріп, көңіл күйің жабырқайды екен. Қасыма ерген серігімнен неге мұндай жағдайда тұрғанын сұрағанымда, бұл атқораның серіктестікке қарамайтынын, жекеменшікке берілгенін айтты. Ал біз болған кезде атқораның кейінгі қожайыны да жылқылары да болмады. Тек атқораның алдыңғы оң жағында 50 метрдей жерде осы араның бұрынғы мақтанышы, гүлі саналған бір жылқы жатқан еді... топырақ астында. Ол атақты Абсент болатын! Иә, аяңдап сол жерге келдік. Әрине, толғанасың. Бұл жерде жай жылқы емес, кеңес спортының, оның ішінде қазақтың да, түркіменнің де ат спортының даңқын әлемге әйгілеген нағыз «маңмаңгері» салтанатпен жерленген еді. Басындағы гранит сандықшаға үңілдік. Өйткені кинодан көргенімізде тайға таңба бас­қандай «Абсент 1952–1975 года 3-х кратный призер Олимпийских игр» деген тасқа қашалған жазу болатын. Өкініш­ке қарай, ол жазулар да тозып, өше бастапты. Әзер дегенде оқыдық. Осы көргеніме де шүкіршілік еттім. Фотоға түстік. Жағдай түзелер, бұл қалпында қалмас деп аттандық...

Дегенмен көңілдегі кірбің біраздан соң тарқап, көңіл жадырай бастады. Өйткені бұл кезде біз ауылдың шығыс бетіндегі жылқы зауытының айналасы ат шаптырым кешеніне келіп кірген едік. Тексеру-күзет орнынан бастап, бұл жердегі тазалық, ұқыптылық байқалды. Тура алдымыздан 70-80 метр жерден аққу мойны иіліп тұрған Абсенттің қоладан құйылған еңселі мүсіні қарсы алды. Сән-салтанаты келіскен ескерткіш, тамаша өнер туындысы көп-көрім алаңқайдың ажарын ашып тұр екен. Одан соң жылқы тұратын қоралардың типтік үлгіде салынғаны, ат тұратын өжірелер сапалы ағашпен қапталып, жем-шөп беретін астаушалар, терезе және т.б. талаптарға сай жасалғанын байқадық. 90-жылдардағы қиыншылық та артта қалып, жылқының тұқымдық сапасын да жөндеп алған көрінеді. Асылдандыру жұмыстарын жолға қойып, атты жаттықтырып, баптау да өз деңгейінде жүргізіліп, нәтижесінде жарыстан жыл сайын жүлдемен оралып жатқанын естідік. Сонымен, жылқы зауытының бүгінгі жағдайына көңіліміз толып, ауылға кіріп келе жатқанда бағанадан бар көрген-білгенімен бөлісіп, шаруашылықтағы қызығушылық тудыратын жерлермен таныстырып келе жатқан жігіт (өкінішке қарай, атын ұмытыппын):

– Аға, мына көшемен сізді әдейі әкеле жатырмын. Бұл Абсентті құлын-тай кезінде күтіп, кейін спорттағы жолын аяқтап қайта осында әкелгенде де бағып-қаққан, соңғы сапарына аттандырып, өз қолымен жерлеп топырақ салған Молдаш Әміреев ақсақалдың атындағы көше, – деп маған қарады. Шынын айтқанда, бұл жағдайды бірінші рет естігендіктен таңданып, қуанып қалдым. Сәлден соң «Қарағым, Молдаш аға о дүниелік болғанмен, бала-шағасы бар шығар, олар қайда?», – дедім.

– Осы көшенің бойында Молдаш ағаның өзі салған үйі бар, қазір онда Қанат деген ұлы тұрады. Барамын десеңіз ­апарайын, – деді.

Мұндай сәтті қалай жіберуге болады, «Ал онда, сол үйге тарт», – дедім.

Біздің жолымыз болып, Қанат Әміреев үйде екен. Біраз уақыт Қанатпен әңгіме-дүкен құрып, талай дерекке қанықтық. Молдаш ағаның Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқаны, бала-шағасы туралы, атбегілік еңбек жолы, әрине, Абсентке байланысты, оны бағып-күткені жөнінде де біраз жай айтылды. Қанат та ата жолын жалғастырып, жылқышы болмағанмен үйінде жылқы ұстап, бие байлап, сары қымызын сапырып отырған көрінеді...

Міне, сол жолы жоғарыдағы жайды көңілге түйіп, бір сөзбен айтқанда, олжалы қайтқан едім. «Сол әсерлі сапар жайлы оқырманмен бөлісейін», әне-міне деп жүргенде 2-3 жыл да өте шығыпты. Алайда осы аралықта ақпарат құралдарынан белгілі журналист Қалыбек Атжанның Абсент туралы, оның ішінде Молдаш ағамен кездесіп, сұхбаттасқаны жайлы 2014 жылы жарияланған мақаласын («Жас Алаш» газеті) оқыған едім. Автор сұхбат барысында ақсақал мен Абсент арасындағы қарым-қатынасты барынша қазбалап қызғылықты жазған екен. Сондықтан осы мақаладағы кейбір тың деректерге тоқталғанды жөн санадым.

Молдаш Әміреевтің естелігінен: ...«Ойпырмай-ай десеңшi, мен осы жасқа келгенше дәл Абсенттей естi жылқыны көрмеппiн. Дене бiтiмiнiң сұлулығы өз алдына, бәрiнен де бұрын керемет сезiмталдығы мен асқан ақылдылығын айтсаңшы. Сөйлеуге тiлi жоқ демесең, айтқаныңның бәрiн де түсiнетiн. «Жат» десең, жатып, «тұр» десең, тұратын. Менiң даусым естiлсе болды, бала сияқты еркелеп жаныма желе-жортып жетiп келетiн. Дауыс көтергендi, зекiгендi жақтырмайтын. Алда-жалда дауыс көтере қалсаң, кәдiмгiдей өкпелеп, көз шарасы жасқа тола мөлтiл­деп қалатын. Ырқыңа көнбей, айтқан бұйрығыңды да тыңдамайтын. Ал одан кейiн, мықты болсаң, қайтадан көңiлiн ­тауып өзiңе қаратып көр. Сондықтан да мен оны айналып-толғана жүрiп, кекiлi мен жалын тарап, денесiн сылап-сипап еркелетiп ұстайтынмын. Кей-кейде қиюы келiспеген қу тiрлiктiң кесiрiнен пенде емеспiз бе, көңiл күйiң түсiп тұнжырайтын сәттерiң де болады ғой. Ондайда мен қаншалықты байқатпауға тырыссам да, Абсент бәрiбiр сезiп қоятын. Еркелеуiн лезде доғарып, менiмен ежелден сырлас жандай бiрге мұңаятын».

Бұл міне, Молдаш ағаның сөзінен Абсенттің құлын-тай кезінде өзі күтіп-баққандағы болашақ тұлпардың мінез-құлқы, сыры қалай қалыптаса бастағанын байқаймыз. Содан 6 жасқа дейін ол кісінің қарауында болған Абсент тағдыр жазуы­мен 17 жасында қайтадан жылқы ­зауытына келгенде тағы Молдаш ағаның қарауына береді. Сол кездесу туралы ол кісі: «... Омырауымды құшырлана иiскеп, басын көкiрегiме қойып, тiптен тiлiмен бет-аузымды жалап та алды. Қайта-қайта оқыранып қояды. Осылайша, араға талай жылдар салып барып Абсентiм екеумiз қайтадан қауыштық. Өзге атбегiлер мен бақташылар өздерiне икемдеп көру үшiн талай рет жем-су ұсынып та көрдi. Бiрақ Абсент олардың қолынан дәм татпақ тұрмақ, жанына да жолатпады. Тек менiң қолымнан ғана жем-шөп жеп, су iшетiн. Күн сайын таңертең менi қос құлағын қайшылап, оқыранып қарсы алатын. Естi тұлпар еркелегендi, еркелет­кендi, айналып-толғанып, сылап-сипа­ғанды жақсы көретiн» депті.

Абсент 23 жыл ғұмыр сүрді. Бұл дегеніңіз – жылқы малы үшін аз жас емес. Ал Абсент өзінің тектілігі, ерекше еңбекқорлығы арқасында 12 жыл бойына, қатарынан үш – Рим (1960), Токио (1964), Мехико (1968) қалаларында, яғни Еуропа, Азия және Латын Америкасы құрылықтарында өткен олимпиадаларға әзірлікті және қатысуды көтерді, яғни үздіксіз жаттығу, тер төгу, әрдайым өзін спорттық күйінде, бабында ұстауға шыдады. Бұл тұрғыда оған ат спорты тарихында тең келер жылқы кемде-кем, ал қазақтың ат спортында Абсенттің жетістігін қайталайтындай жылқы туа ма енді?!.

Міне, 1968 жылғы Мехикода өткен XIX олимпиадалық ойындардан соң Халықаралық Ат Спортының Федерациясы (FEI) әлемнің ең үздік спорттық аты, ал шетелдік баспасөз «король среди королей» деп таныған ғасыр маңмаңгері Абсенттің тағдырында, спорттық жолында өзіндік ерен еңбек сіңірген Кәрім Әсенов пен Молдаш Әміреевтей асыл жандардың тағылымды еңбегі осындай.

Өмірзақ СҰЛТАНОВ,

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының

кандидаты, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты

 

 

1891 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы