• Руханият
  • 16 Қыркүйек, 2021

АТЫҢНАН АЙНАЛАЙЫН, ALMATY, АЛМАЛЫҚ, АЛМАТЫ!

Қали СӘРСЕНБАЙ

«Ana tili»

Өткенді еске алмай болмайды. Тағылым түю, сабақ алу үшін.
Қайсыбір жылдары ­Алматыда Қала күні өткен сайын «Алматыға – 150 жыл» деген жазу әр жерде жарбиып тұратын. Тіпті ұлыорыстық шовинизм дертіне шалдыққан басылымдар «Алматыға – 150 жыл» деп анық жаза бастады. Сөйтсек, бұл Храпуновтың ауызша пәрмені екен. «Айта беріңдер, жаза беріңдер,  құлаққа сіңе берсін» дегені ғой. Абырой болғанда бас тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің жанкешті қарсылығымен бұл дерек расталмай қалды. Бұл жөнінде кейінірек «Храпуновтың қалпағын қайырып жіберген ғалым» атты мақалада егжей-тегжейлі жаздық.

Бәрібір әлгі жаны сірі 150 «Алма­тыға – 151, 152  жыл» деп жылт-жылт етуін қоймады. Ол тұста Алматының мың жылдығы туралы сөз жоқ. Содан бір күні намыс отына күйгеніміз сонша ­«Алматы ақшамының» маңдайшасына ешкімнен, ешқандай ресми шешім күтпей-ақ «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» деп қашап жаздық. Сол сөз күні бүгінге дейін келеді. Мұнымен қоймай, шаһардың мың жылдық тарихы туралы жарияланымдар бере бастадық. Басылымда дүркін-дүркін басылып жатқан тарихи, танымдық мақалалар аз уақыттың ішінде қоғамдық пікір қалыптастырып үлгерді.

Не көрмеген Алматы?! Оның атауына көз аларту сол кезде басталып кеткен.

Қайсыбір жылы ардақты ақсақалымыз Мақсұт Оразаев соттасып жүріп, шовинизмнің шалығы тиген тағы бір басылымды тәубесіне келтіріп, кешірім сұратып еді.

Ұлы Жібек жолының бойын­дағы жеті кенттің бірі Алматы арғы тарихын айтпағанда, бертін­де Кенесарының өзі келіп шатыр тіккен, Ахаңдардың, Жақаңдар­дың та­банының ізі қалған, ұлттың байырғы интеллигенциясының Отаны, киелі, қасиетті жер. Демек, киемен ойнай беру ешкімге опа бермесе керек.

Жарайды, айтпағымыз бұл емес. Ең бастысы, қай кезде де қазаққа сүйеніш, Алашқа пана болған аяулы Алматымыз аман. Осы жексенбіде ару Алматы, әсем Алматы, сүйікті Алматы Қала күнін тойлайды. Бұл жолғы тойдың жөні бөлек. Тәуелсіздіктің алтын бесігіндегі қуаныш Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңына келіп тұр. Айтары жоқ, Алматы осы жылдар ішінде шарықтап өсті, абаттанды. Бір емес, екі аудан – Алатау, Наурызбай аудандары ашылды. Қала аумағына көрші облыстың аумағы қосылып, 23 мың гектарға ұлғайды. Бүгінгі қалабасы Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың бастамасымен «Шетсіз қала» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан істер қала тіршілігіне зор серпіліс әкеліп, тұрғындар тарапынан әлеуметтік теңсіздіктерге жол бермеуге жасалып отырған батыл қадам ретінде бағалануда.

Алматы қай кезден де шығарма­шылық шаһары, мәдениет орталығы. Әбіш ағамыз айтқандай, Мәдениет министрлігі Астанаға көшкенімен, мәдениет Алматыда қалып қойды. Бұл элитасы бір шоғыр, тұғырын тұлғалары биіктеткен бекзат шаһар. Сондықтан да мұнда ұлыларын ұлықтау, санадағы рухани сілкініс, рухани жаңғырулар үздіксіз жүріп жатады. Дала мен қала өркениеті тоғысып, базар қаласынан руханият қаласына айналу жолындағы жүйелі жұмыстар да өз жемісін бере бастады.

Халқымыздың айтулы тұл­ғалары қаланың қақ ортасында тұғырына қонып, зәулім ескерткішке айналып жатыр. Кеңес тұсында Тәшкенде 30 қазақ мектебі, астанамыз Алматыда екі қазақ мектебі болса, бүгінде оның саны жетпістің үстінде.Қалалық кітапханалар жүйесіне қарасты 23 кітапхана болса, қазір оның бесеуі заманауи технологияға сай қайта жаңартылды.

Алматыны сағынбайтын қазақ жоқ. Өз тағдырын бұл қаламен байланыстырмайтын қазақ кемде-кем.

Алаштың жүздеген жылдар бойғы асыл арманына шырақ жағып, азаттықтың алтын бесігін тербеткен, Желтоқсанда ­шы­рылдап алаңға шыққан жастардың көз жасын сүрткен шаһар бұл.Оның қадір-қасиеті мыңдаған ән-жырдың арқауына айналды. Оны бір көрген жанның ғұмыр бойына ұмытпасы хақ. Қайсыбір жылы атақты Хемингуэйдің жары Алатау мен Көктөбе, Шымбұлақты көріп, ес жия алмай кеткені есімізде. Аңыз қала, арман қала туралы таңды таңға ұрып айта беруге болады. Әзірге қысқа қайырым тілек-ілтипатпен тоқтайық.

Қала күні құтты болсын!

Тойың тарқамасын, абат ­Алматы!

2160 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы