• Тұлға
  • 23 Қыркүйек, 2021

ҚАЛЖЫҢЫНДА ДА ХАЛТУРА ЖОҚ ҚОЙ

«Өліп-өшкен жастық, жігіт күнінде,

Мендік сөзбен қарар сүйген гүліне.

Мен болмасам бір-ақ сөзім айтылар,

Сайрап тұрған шешендердің тілінде.

Жүрек неге, өкпе неге бұлқынды?

Қимайды ма, өткен шақты, бал күнді.

Әдемі әзіл бір кездері айтқанмын,

Әлі талай ду күлдірер халқымды»

Бұл Қадыр Мырза Әлидің «Жоқ, өлмеймін» атты өмірінің соңғы жылдарында жазған жыры. Әрине, ол өлмейді. Өз бағасын өзі біліп кеткен ақын. Бүгінде бар қызығы Қадырдың жырынсыз өтпейтін халқы оның қадірін неге білмесін!?

Қадырды тану – қазақты тану. Халқының бар болмыс-бітімін ашып жазып, аса жоғары көркемдік деңгейде суреттеген мұндай ақындар сирек. Әдебиетте ол араласпаған жанр жоқ. Басқасын былай қойғанда, оның қалжыңының өзінде де халтура жоқ қой. Оның айтқыштығы, табан асты тапқыр сөздерінің өзі бір томға жетіп жатыр. Осы ретте жұртқа әзірге аса таныла қоймаған бір қағытпасын айта кетейік.

Ақынның «Маған түк те керек емес, сенсеңіз» деген атақты өлеңі бар. Сонда «Маған түк те керек емес, сенсеңіз, қызықтырма соғымыңмен ең семіз» деп келетін жолдар есіңізде болар. Бірде бір әкім бауыры «Сізге соғым да керек емес пе?», – десе, Қадекең: «Әй, сен автор мен кейіпкерді шатастырма», – депті.

Әрине, ақын мұрасы халқы аманда жасай берері сөзсіз. Дей тұрғанмен де, оның өлшеусіз, көл-көсір шығармашылығын ғылыми айналымға енгізіп, жүйелеп, зерттеу объектісіне айналдырып, бас-көз болып отырмаса және болмайды. Бүгінде ашылуынан жабылуы тез қаптаған қорлар бары рас. Бұл ретте жүйелі, мақсатты түрде жұмыс істеп келе жатқан Қадыр Мырза Әли атындағы қоғамдық қордың атқарып отырған аткөпір жұмысын айрықша атап өту керек. Таяуда Қапшағай көлі жағасындағы «Ақжайық» демалыс кешенінде осы Қордың  10 жылдығы аталып өтті. Оған Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары М.Құлкенов, ақындар Қ.Бегманов, А.Қадырбаева, жазушы Қ.Сәрсенбай, әншілер Г.Ақүрпекова, М.Орашева, Д.Мерғалиев, Батыс Қазақстан облысынан келген М.Берген, Сырым ауданы әкімінің  орынбасары А.Сарқұлов,  ақынның жүзден астам өлеңін жатқа білетін ақсақал С.Аңсат қызықты естеліктерімен, мазмұнды әңгімелерімен бөлісті. Қапшағай қаласының мектеп оқушылары мен ұстаздары өнер көрсетті. Ақынның шығармашылығы мен өнегелі өмірін талмай насихаттап жүрген белгілі ақын Қ.Бегманов, әнші Д.Мерғалиев  пен ұстаз Б.Қабасов ақын бейнесі бар төс белгімен марапатталды. Қордың тұрақты демеушісі «КАТЭК»  компаниясы (директоры Қ.Нупов).

Аталмыш мерекелік шара қазақтың Қадырының қадірін тағы бір мәрте еске салғандай. Бұл ретте Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімұлының сөзі жұрт назарын айрықша аударды. «Қазақтың қай тойына бармайын Қадырсыз өтпейді. Асабалар «ақын айтқандай» деп сайрап, Қадырмен күн көріп жүр. Дей тұрғанмен де, бұл  ақынның сөзі халықтың өз сөзіне айналып кетті деген сөз. Бұдан артық бақыт бола ма?», – деп толқыды ол.

Айтса айтқандай, Қадырдан сөз қалмаған-ау, өзі.

1089 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы