• Тұлға
  • 23 Қыркүйек, 2021

АЛЫСҚА ҚАРАҒАН КЕМЕҢГЕР

Қостанай қаласының орталығында ерекше бір ескерткіш орналасқан. Онда орындықта шынтағын кішігірім үстелге сүйеп ойланып алысқа қарап отырған кісі бейнеленген. Бұл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіш мүсіні. 

Ахмет Байтұрсынұлы – мемлекет қайраткері, ғалым, ағартушы, ақын, публицист, ұлттық жазудың реформаторы, қазақ тіл білімі мен әдебиетінің негізін қалаушы, жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі. Ол 1873 жылы 18 қаңтарда қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде дүниеге келген. 1895–1909 жылдары орыс-қазақ мектептерінде мұғалім болып жұмыс істеді. Ақтөбе мен Қостанай, Қарқаралыдағы қалалық мектепті басқарды. Ахмет Байтұрсынұлының саяси қызметі 1905 жылы басталған. Ол 14 500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы авторларының бірі. Онда жергілікті басқару, сот мәселелері, халыққа білім беру жүйесіндегі өзгерістер, ар-ождан мен дін бостандығы, газет шығару, баспахана ашу, жаңа заңдардың қабылдануы т.б. көтерілген. 1913–1918 жылдары Ахмет «Қазақ» газетінің редакторы болып еңбек етеді. Газет бетінде халық өмірінің өзекті мәселелерін көтереді. Елді сауатсыздықтан арылтып, оқу-білімге шақырады. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Алаш қозғалысын ұйымдастырып, бағдарламасын жазған. Қазакстанның тұңғыш халық ағарту министрі, Қазақстан академиялық орталығының жетекшісі, Алматыдағы, Ташкенттегі жоғары оқу орындарының профессоры болып қызмет атқарған.

1929 жылы жазықсыз түрмеге жабылып, 1936 жылы елге оралады. 1937 жылы қайта тұтқындалып, «халық жауы» аталған Ахмет 1938 жылы атылады.

Ескерткіш мүсін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің бас ғимаратының ал­дындағы алаңға орналасқан. Композиция үш бөліктен тұрады – мүсін, тұғыр және негіз. Мүсін гра­нитті блоктармен қапталған тұғырға орнатылған. Тұғырдың жоғарғы жағында алдыңғы тұсынан «Ахмет Бай­тұрсынұлы» деген жазу бар. Тұғыр үш жағынан ұлттық ою-өрнектермен безендірілген. Тұғырдың негізі бетоннан, мәрмәрмен қапталған. Мүсін мыстан жасалған, биіктігі 2 метр. Тұғырдың биіктігі 95 см. Қолданылған материалдар – мыс, мәрмәр және бетон.

Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ

 

1329 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы