• Әдебиет
  • 23 Қыркүйек, 2021

ҚАСИЕТ ПЕН ӨСИЕТ НЕМЕСЕ ТОЛСТОЙ ХАТ ЖАЗҒАН РАХМЕТОЛЛА МЫРЗА КІМ?

Ешқандай қоқан-лоқы жасамай-ақ суық қарусыз дүйім дүниені жайлап рухани жаулап алған даналардың ғажап өмірі біртүрлі қызықтырып, әуесіңді келтіреді. Ол күллі адамзаттың өткен, бүгінгі мен болашақтағы тағдырын алақаны мен жүрегінде ұстап отырғандай болса да Ақсәуле Алаңқайдан (Ясная Поляна) көп ұзамай бауыр басып, анда-санда Мәскеу мен Санкт-Петербург арасын шаңдатып даңғыл жол қылып, ұлы Абыз батысқа да, шығысқа да құмартпай, ұзақ аттап баспапты. Басқа үлкен-кіші замандас тұғырластары И.С.Тургенев, Ф.М.Достоевский, А.И.Герцен т.б. Еуропаны шарлап, біраз елдің тұз-дәмін татып жүрсе де Лев Николайұлы Толстой қалай олай етпегені ойға батырады. Оның кіндігі Ясная Полянамен бірге жаралғандай.  Бұл мөлтекменшік (имение) жердің кіндігіндей еді. Заманның заңғар жазушысы бұнда «Соғыс пен бейбітшілік», «Арылу», «Анна Каренина» мен басқа да шығармаларының аяулы беттерін жазып, үкілеп алысқа аттандырып жатты. Сөз зергері шеберлік шыңына шығып, әлемді жалт қаратты.

...Мен құдіретті қаламгердің туған топырағының исін сезейін деп Мәскеуден үш рет келіп-кеттім. Мелихово, Шахматово, Константиновоны аралағанда бұндай күйде болған жоқпын. Ясная Полянаны іңір түскенше айналсоқтап, аққайың тоғайының шетіндегі орындықта отырып ой буды. Ол орман ішінен Қыдыр Атадай шыға келетіндей көрінді маған. Жазушы рухы мөлтекменшікке сіңгені сонша, бұл топырақтың әр талы мен бұтасы сарабдал суреткер туралы сыбырлап сыр шерткендей.

Ол кезде де жалпақ Ресейде ірілі-ұсақты оқиғалар болып дүрлігіп жатты. Тарас Шевченко Маңғыстауға, Ф.М.Достоевский Семей жаққа жер аударылды. Көркем ой кемеңгерінің көзі тірісінде түз тіршілігінде өзгерістер аз болған жоқ. Махамбеттің басы алынып, нақақ жала жабылған, Құрманғазы итжеккенге айдалып, Мұқыр сайлауында Абай сабалды. Жер-жерде бостандыққа ұмтылған аз халықтардың ұлт-азаттық көтерілісі аяусыз жанышталды. Лондонда жүріп А.И.Герцен «Колокол» журналында Е.Көтібаровтың қозғалысын қолдап, патша үкіметінің отарлау ­саясатын әшкерелеп, әлемге жар салды. Шығармашылықтан мойны жар бермеді ме Л.Н.Толстой бұлардың бәріне көңіл бөлмей үнсіз қалды. Заманды өзгертпек болғандардың қаны қайнап, «Не істеу керек?», «Кім кінәлі?» туындылары туды.

Аманаты мен тарихын тасқа шекіген текті ата-бабаларының ұрпақтары хат жазуды білмеуші ме еді? Шоқан Уәлихановтың (азан шақырып қойған аты – Уәли, хан – лауазым) Ф.М.Достоевский, А.К.Майков және басқа орыс санаткерлерімен (зиялы қауым өкілдері) ойласуы, Абайдың «Сенатқа хаты» осы жанрдың да қырдағыларға өгей емес екенін көрсетеді. Бұлар қазақ эпистолярлық мұрасының алғашқы қарлығаштары болса да жеке мұң-шер, шағынудан гөрі халық қасіреті мен қайғысын қозғайды. Дала мен даналық ұштасады. Бірақ, мен қанша іздесем де, «Абай мен Шаһкәрім Л.Н.Толстоймен хат алысып тұрыпты» деген қауесеттің шындығына жетпедім. Абайтанушы Қайым Мұхамедханов іздеу салыпты. Не Санкт-Петербург, не Мәскеу мұрағаттарында немесе Ясная Поляна мен Жидебайда түк ізі жоқ. Алайда Семейге хат жазылғаны анық. Жер жүзіндегі оқырмандарын ұмыт қалдырмайтын жазушы сонау қиырдағы бейтаныс Р.М.Елікбаевқа (бәлкім, Елкібаев) жауап жазады. Бұл 1908 жылғы 10 маусым.

Сонымен, әдебиеттен алыс болса да ол қандай тілек айтты? Асарын асап, жасарын жасап, 80-ге келген тау тұлға не деді? Сұрау мен жауаптан, қасиет пен өсиеттің биязы үні естіліп тұр:

«Ғизатлы бауырым Рахметолла»

Мен бұдан бірнеше жыл бұрын бар­шаға 1881 жылдан кейін жарияланған шығармаларыммен қатар аудармаларымды жарыққа шығаруға ниеттенгендерге құқ берген болатынмын. Алайда рұқсат емес, өз басыңызға мені сүйіндіретін ұсыныс айтып, ілтипат білдіргеніңіз үшін рақмет айтқым келеді. Бұндай жағдайда сіз таңдап алу үшін жазғандарымның қолда бар біразын жіберіп отырмын. Ислам туралы сіздің пікіріңізбен менің ойларымды айтар болсам, шынайы дін, менің пайымдауымша, тек қана біреу екенін жеткізгім бар. Бұл бүкіл шынайы дін адамзатқа базбір табыну тұстарында көрініс тапқаны болмаса әлі ашылған жоқ. Адамзат үдерісінде барған сайын үсті-үстіне шынайы діндер жымдасып, келе-келе айқындалып келе жатқандай. Сондықтан шынайылықты сүйетіндердің бәріне діндердегі айырма­шылық, кемшіліктеріне шұқшимай, олардың бірлігі мен артықшылықтарын іздеуге тырысу керек. Мен оны барлық дінге қатысты істегендерімді маған етене жақын таныс исламға да қолданамын. Сізге мен құрас­тырған «Оқу шеңбері» кітабы белгілі ме? Ол ішінәра сол талапқа жауап беретіндей. Сол кітапты арабшаға аударып, кәдеге жарату игіліксіз болмас еді деп ойлаймын.

Сізге бар жақсылықты тілеп,

Лев Толстой.

 

10 маусым 1908 жыл «Ясная Поляна» (Мәскеу «Терра», 1992 жыл,

Л.Н.Толстой толық шығармалары,

77-78 том, 164-165 беттер).

 

Тіршіліктің мызғымас тұтқасындай болып, дүниеге азаматтық ар даусын естірте бастаған Л.Н.Толстоймен ерке толқынды Ертіс бойындағы шаһардан хат жазысқан кім? Бұл кезде Толағай тұлғаның өзі үкіметпен қырғиқабақ, шіркеумен шекісіп, аражігін мүлде ажыратып, «айкәпір» атанған кезі.

Р.М.Елікбаев (1871–1819 жж.) (бәлкім, Елкібаев шығар) жергілікті диірменшінің баласы. 1901–1912 жылдары ұстаз, мұсылман балалар үйінің меңгерушісі, соңғы жылдары кітап дүкенінде жұмыс істеп, Семейде тұрды.

Оның атақ-даңқы алысқа жайылған Құнанбай әулетімен араласпағаны біртүрлі таңданыс тудырады. Ең болмаса, олардың біреуімен таныс-біліс болмағаны қалай ­деген ой өзінен-өзі сұранып тұр. Кім біледі? Ол отбасын онда қандай тағдыр айдап келді? Бұл қызық өмір жолы анықтауды керек етеді.

Рахметолла 1912–1914 жылдары орыстың әйгілі жазушысы Толстой туралы бірнеше мақала жазып, мұсыл­ман журналында жариялады. Соған қа­рағанда хаткердің білімдарлығы, әдебиетке бейімдігі байқалады. Әйтпесе, Л.Н.Толстойға кім хат жазбады дейсің?

1908 жылы 9 маусымда Мәскеуден өтініш сөзінде ол құдіретті қаламгерден таңдаған туындыларын түрік немесе араб тілдеріне тәржімелеуге рұқсат беруін өтінеді. Адамдар да ашылмаған аралдар сықылды. Жұмбағын терең жан түкпіріне жасырып біз бейбақты әлекке түсіріп миығынан күліп жатады.

Сіз кімсіз, Елікбаев мырза? Бізге ашылып сыр ашыңыз!

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН

 

2036 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы