• Руханият
  • 23 Қыркүйек, 2021

Өткенге – құрмет, тіріге – қызмет

Осыдан 80 жыл бұрын кәрі құрлық Еуропаны қанға бөктірген екінші дүниежүзілік  соғыс басталып, оның зардабын миллиондаған халық ­тартты. Майданға 1 миллион 200 мыңдай қазақстандық сарбаз аттанып, олардың 600 мыңнан астамы соғыс даласында қаза тапты. Елге оралған солдаттардың да уақыт өте келе қатары сиреп, бүгінгі күні Қазақстанда 665 соғыс ардагері қалған. Олардың 130-дайы Алматы қаласында өмір сүріп жатыр.

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен биыл «Азаматтық» борыш жобасы аясында ардагерлердің құрметіне бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Шаһардағы 50  ардагерге еріктілердің көмегімен азық-түлік қоржыны табыс етіліп, кейбір ардагерлер­дің үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар жақында қаладағы орталық зиратта жерленген соғыс ардагерлерінің бейіттері маңына да тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Оған қоғам өкілдері мен еріктілер қатысты. Жоба басшысы, полковник, Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері Мұхамеджан Әбдібековтің сөзінше, зираттың үш жерінде соғыс ардагерлерінің қорымы бар. «Осы үш қорымда шамамен 300-ге жуық солдаттың сүйегі жатыр. Олардың мұнда жерленуінің себебі, бұрын осы маңда әскери госпиталь болған. Көз жұмған әскерилердің барлығы осында жерленгенге ұқсайды», – дейді ол.

Еріктілер тобының мүшесі ­Динара – соғыс ардагерінің шөбересі. Ол тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқан топқа өз еркімен қосылып, бейіттің оңып кеткен тұстарын ­бояумен әрлеу жұмыстарына атсалысты. «Бейіттің айналасына қалың шөптер өсіп кеткен екен, соларды орып тазаладық. Менің ойымша, әрбір азамат соғыста қаза тапқан ­бабаларымыз үшін, жылдың бір күнін тазалық жұмыстарын жүргізуге арнау керек», – дейді ­Динара ­Алдиярова.

Құрмет ҚАРАБАЕВ

Алматы

 

1130 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы