• Руханият
  • 23 Қыркүйек, 2021

САҒЫНСАҢ, СӨРЕДЕН ІЗДЕРСІҢ...

...Пандемия дейме-ау! Әлемді уылтқан усойқының уыты қос өкпені сығып тұр. Дем буылып, дене ысынып, тер жуып, өңкей дүние суық әрі суыт тұл... Заман зәрі тарқар ма, зобалаң бұлтын қуып бір?!
...Тыншымайды көңіл. Не боп кетті өмір?! Жүрек жұлқынады. Асау қан ­тамырды кернеп бұлқынады. Ақ қағазға төнеді. Қалам ырқына көнбеді. ­Шабыты қайда құс тістеген? Іркілмейтін, ірі турап жөнелетін. Тау бұзардай екпіні бар-тын. Бәрі ізім-ғайым. Жалынан ұстатпайды. Қолы іліксе болды, сусытып жібереді. Бірақ туа біткеннен тағдыры дарытқан, жүрегі қаныққан жазудың тылсымы алдамайтынына сенеді. Көнтерілікпен құмбыл қимылдап, ой-санасын ойрандаған батыл да беймағұлым ішкі толғаныстарын тұсаулап, қаламын төпелей теңселтуге икемдей түседі. Мінезі қанық, жүзі анық, болмысы танық жағдаяттар екені өзіне мәлім еді. Бұра тартпасына сенеді. Осы жетпіс бес жасында, яғни ғұмыр бойына, бүкіл саналы ғұмырының төрінде әспеттеген жаны сүйген кәсібінің қыр-сыры өзіне ғана аян. Жаңылыс бастырмаған. Әрегідік, алмағайып күйзелткенімен, тура жолдан адас­тырмай, діттеген жеріне жеткізетін. Жазуының сапасын салақсытып, сананы сансыратпаған. Кейде қиюы қашқан сапырынды тіркестер моншақтай шашылғанда, Тәңірдің тосын күшімен, құдіретті бір әлеуеттің исінуімен өз-өзімен жымдасып, жауһарланып, оқырман жанын құлпыртарлық ұйқасымды құйып-құйып тастатқызатын. Бұл ненің алапаты? Әрине, қаламның ғаламаты!

Жақау, міне, шығармасын бастардағы өзіне ғана мәлім бұлқыныс күйінен енді-енді бұлттан аршылған күннің көз қарықтырар сәулесіндей жойқынның ырқына бағынып кететінін сезді де миығынан жымиды. Шыда-а-а, сәл сәт! Қара үзгендей боп, әдетті тайпалысына түседі. Сөз сараланып, сабасымен түйдектеле арналы ағысымен жөңкіледі. Тілден қармақ тасталып, уыз ойдың ең сүбелісі сүзіледі. Сюжет, оқиға түрлене, тылсымдана түйреліп қанжығасына байланып жатады. Көркемдік желісі туған Аралына желкенін құрғандай толқын бұзып, түйсігіндегі ұялаған мың қатпар қазыналы ойларын ауға қармалған балықтай етіп, ақ қағазына топырлата тастай береді, тас­тай береді... Енді Жақауды тоқтатып көр! Кеудесімен көрбілте тосқауылдарды былай ысыра салады. Не түрлі тежегіш кесапаттарың адыра қалады... Өйткені ол жүрек ісіне сенеді, кәсібін біледі, әккі қаламсабы адамзаттың інжу-маржанын іледі. Бүйтпесе, Жақау осы күнгі жарқын жазушы атанар ма? Оқырманының сүйіктісіне айналар ма? Қане, тізіп көрелік, мына шығармалар жазушы өмірінің шұғыласы емес пе?

 Бармақ бүгіңіз: «Бөгенауыл балалары», «Алғашқы сабақ», «Шұғылалы шақ» арқылы оқырмандарын елең еткізді. Төселе келе тегеурінділік танытқан «Күн ұясы», «Саяқ» («Соғыс ойыны») хикаяттары үшін «Жалынның» дәстүрлі республикалық жас­тар мен балаларға арналған сыйлығына ие болды. Осы екі шығармасы автордың шашбауын көтере түсіп, өз аттарымен-ақ Жақаудың есімін бажайлап меңзетіп, баяғы «Абай жолы», «Қазақ солдаты», «Ботагөз», «Шұғаның белгісі» секілді дара тағдырлы күй кештірді, абыройын еселеді. Жазушы ныспысын ауызға алмаса да «е-е, бұл Дәуренбековтің дара галереясынан» дегізерлік мадаққа негізделген сыр-сипат иеленді. Оқшау қолтаңба десеңіз де жарасады.

Әрі кеттік: «Ауылым – алтын бесігім», «Бір нәзік сәуле», «Айтыңыз құтты болсын!», «Менің елім – Қазақстан», «Жағалау», «Шағала» секілді өз болмысын ежіктеусіз-ақ айғақтап тұрған дүниелер шеберлік шеңберін лықсыта керіп, шалқарлы айдынға ұласқаны, қандай ғанибет. Тұшындыратын тың белесті туындылар жанашырларын таңырқатпай қоймады. Тіл үйірер зәмзәмді бір ұрттаған пенденің аңсарын тежеу тетігі жоқ шығар. Әдеби әлемі әркелкіленіп, мазмұны мен көркемдігі келістілікпен бедерленген Жақау жазушыдан көксеулі кітаптарын күткендер алаңкөңіл күйге енді. Елеңдеді. Тағатсыздана тыпыршыды. Рухани өміріне қажетті нәрін алуға үміттенді. Күткен кенеледі екен, тапты. Жақау таңырқатты. «Сөз киесі» мен «Ойдауа» сөрелерге кеп жайғасты. Олардың мәйегіне мелдектеген оқырман ықыласында шек жоқтай. Авторға хаттар қарша борады. «Өзіңіз «Ана тілі» баспасын басқарып отырсыз, көптеп шығарып, түкпірдегі ауылдарға жеткізіңізші», – деген ақ-адал сұраныс мәселенің байыбына бармаса да жазушының айдынына құмарланып құлаш ұруға ниетті еді. Оқырмандардың ақ тілеулі пікір-ұсыныстарына бейқам қарау баспагер-жазушының ғадетіне жат, мемлекеттік тапсырысқа алақан жайып отырса да бір оңтайын табуға құшырланады. Халықтың қажетіне жарап, өтемін өтеп жүргеннен артық не бақыт бар? Бір белгілі асаба «Сіздің кітаптарыңыздағы маржан сөздермен тойшылардың мейірін қандырып жүрмін, аға, қарыздармын!», – деп құшағына алсын. Сенер ме, сенбес пе? Жұтқыншағын ойнатып, жегізіп айтсын: «Халықтың тұтастығы – тілегінен, Берекесі – бірлік-білегінен», «Данышпанның сөзі – дәуірлерге дәріс», «Арнасы бітелген дарияны айқаймен арши алмайсың», «Шамшыл адамның шаруасы шашылып бітеді», «Демократияның желкенін түзер жел болғанмен, жүзер кемесі – халық», «Тіл жайында үндеу жазғаннан үзбей жазған пайдалы», «Рухани кеңістік жасау үшін рушылдықты есіктен сығалатпау керек...». Жақау бойы ысынып, байыз таппай қолын көтере басу айтты, өз сөзі өзін мадақ боп қарыды. Ұяты буды. Әсіре көтермеге құнтсыз. Желпініп алған асаба жер тарпып, сөз әуезінің сиқырынан суымай тұр: «Білімді әкім бірлікке шақырады. Білімсіз – ірілікке бас ұрады», «Кек сақтағыш адамның кейпі қашып жүреді», «Қалың елдің құрметіне бөлену үшін, Қалың елдің отымен кіріп, күлімен шығуың керек»... Осы сәт: «Жә, тоқтатыңызшы!», – деген дауыс саңқ ете қалды... Асаба күрт тыйылды...

Бұл енді жазушының «Ойдауасынан» ғана қойылған скечтей сілем еді... Әрі сілтесек ше? Төрт томдық «Таңдамалы шығармалары» ізашарынан соң тағы екі томдық «Таңдамалы» қанаттаса сонарға түсті. Жақау өрісі кеңейіп, көркейіп, келбеттеніп кетті.

Жазушыны жақсы көріп, шығарма­ларын індетіп оқып, сырттай сыйлас­тығыңды еселеу үшін көп нәрсе қажет емес екен. Ойлантып толғантқан, мұңайтып, қуантқан, өмірдің өрт өзегінен күн шуағын себезгілететін серке сөзімен, сергек сезімімен, үзілердей үмітті қайта жалғайтын жүрек лүпілімен баурап алса, жетіп жатады. Сол жазушы – сенікі! Ол сөйтіп оқырманның ортақ байлығына айналады. Жалқыдан жалпылық мархабатқа ұласқан абырой-беделі маңдай тердің өтеуіндей боп жазушыны тұлғаландыра түседі. Сөз тылсымы таңдандырады. Көркемдік көкжиегі кеңіп, әдеби кеңістігі тақырып алуандығымен, образ нақышын әрлендіруімен, сюжеттік мығымдығы композициялық терең түйінделуімен астасып, асқақ полотнолы өмір-сурет, адам-характер, заман-қоғам тұжырымындағы қайраткер-жазушылық қолтаңбасын қалыптастырады екен. Қалыптасу – ешқандай дабырасыз, байсалды, жүйелі әрі сұғынған көзге де белгісіздеу еңбекпен тұғырланбақ. Міне, Жақау кредосы осы!

Тарихи шындықтың аясында өрбіген халықтық толқулардың кейбір сәттерін «Көктемір» хикаясына өзге қырынан өре білген Ж.Дәуренбеков ғұмырлы шығарма жазып, мықты қарымын дәлелдеді. Сапура-Көктемір қолының сойқан сілтесі таңырқатпай қоймайтын... Жазушы таланты да осындайда қылыш жүзіндей қылпып кетеді екен.

Жазушының сомдауында Көктемір бейнесі бір сәт суда жүзген балықтай буынсыз боп көрінгенімен, кенет сарт-сұрт егесте күллі әлемнің техникалық тұмарындай жарқыл-жұрқылданып, тіпті атомға тән қырынды құйынның нәубәтімен жұмырына жұғын қалдырмай жұтып, басқыншы әулекінің өзін әукесінен сипағандай етіп, момақан күйге түсіретін сиқырға суарылған ерен сипатты сайыпқыран. Кекті шабуылда тоқым қағып, топырақ сүйіп, тосыннан таптап ала жөнелетін Көктемірдің рухты қимылын суреттеуде жазушы талант тегеурінін аямай, селкеусіз суреткерлігімен сүйсінтеді. Кестелі тіл, кең тынысты көрініс, кернеулі ой, нақты сюжет, шымыр композиция – өз-өзінен буырқана үйлесім тауып, Көктемірсіз өмір жоқтай иландырып, жеңіс жаңғырығымен бейбіт заманға уанта түседі.

Оның қазақ балалар әдебиетіндегі өзіндік сүрлеулі, айрықша елеулі, сәби жүрегінің лүпілін аңғарымпаздығы, кейінгі жылдардағы бірнеше көркем-кескіндемелік лағыл жырға ұқсас шағын әңгімелері «бала үшін туған қаламгер» дегізерліктей айбарландырып қойған еді баяғыдан. Әсіресе жаңа ғасыр ұрпақтарының ұлттық дүниетанымын түбірлей, ежіктей жазуымен олардың ата-баба дәстүріне лайық өсіп-өркендеуін уағыздайтын шығармалары, нақ бүгінгідей тәрбие-тәлім бағдары батыстық үлгіге емеурінденіп кеткен өткелекті тұста, кішкене оқырмандарына ауадай дәру екендігін сезінеміз.

Жақаудың әрбір әңгімесі ынтықтыра тартады. Тылсымын бір сөзбен тап басып айту тағы қиын: әсерлер әлемі әрқилы; өмірден өткен әңгімешіл жоқ; сенің ойыңның күдігі мен күлкісі өзіңді шошытудан бастап, өзгенің жанын қари жөнеледі; немесе басқаның жүрегі тілімденіп жатқанда сен дым сезбегендей тымырайып қала алмайсың ғой; ең «қорқыныштысы» – жазушы кейбір шығармасында Сен туралы жазып отыр екен-ау!.. Демек, өзіңді өзіңнен артық танитын бұл қаламгерге бағынбай көр енді. Ырқынан шықпайсың енді оның!..

Жазу киесі таңдап, талғаммен қонатынын Жақау сезеді. Сол себепті де қаламын Құран ұстағандай таза, мөлдір асықтықпен, іңкәр ғашықтықпен мәпелеп, мейірлене баптап қолына алады. Жүрегінің жалыны сияға араласып қызынтып, алғашқы сөзін саптарда не құдірет десейші, жүз жасаған әкесінің жазу машығы, теңізден інжу тергендей тіл асылы ойын тербеп, әрі-сәрі күйге түсіреді. Теңіз сарыны құлағының түбінен шуылдайды, «жақсы жаз» деген әке аманаты намыс отындай қайраққа салады. Арал флотилиясының тұма тарихын түсірген әке жазбаларына жиі үңіліп, сағынышын үрлегенде өмір зергерінің зердесіне тәнтілігі артады. Төгілген тіл түйсікті тереңінен тербетеді. Балық аулап ауылын баққан, қара еңбегімен еліне жаққан, ау-тордың ақжем етіп шодырлаған сүйелді алақанына қаламсабын қыса ұстап жазған әр сөйлеміне тебіреніп, көзінің жасын сығып алатыны бар... «Тыран, тісті, қаяз» секілді балық атаулары әкесінің жазбасымен бүгінге жетіпті. Әкесінен ауысқан қалам киесі өзінің өмірін толықсыта тербеткенін, енді қараңыз, баласы Бабырдың да дипломатиялық ой-сараптамаларының көкжиегін кеңейтіп, сонау алғашқы сыныптан бастап оған күштеп күнделік жаздырғанының қайтарымындай боп жүрегін жылылыққа бөлейтіні бар. Оның да том-том жазбалары дайын тұр. Ал Жанары өзінің баспагерлік кәсібін бипаздап ұстап, келісті жалғастырарына бек сенімді. Шүкір, еңбегі еленіп келеді. Арал ауданының Құрметті азаматы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. «Құрмет» орденді. Өзге де биік мәртебелі марапаттар жалғасын тауыпты. Университеттің соңғы курсынан «Лениншіл жасқа» жегіліп, кейін қазақ баспасөзінің талай баһадүрлерімен қолтықтаса қалам сілтеген Жақаудың еленуге лайық еңбегі ұшан-теңіз ғой.

Жұмыс шаш етектен. Отыз жылдай басқарып келе жатқан «Ана тілі» баспасының мына қиын заманда туын жықпай, оқырмандарын сапалы кітаптармен қуантуды ойлағанда тынысы кең ашылғандай болады. Кемел Тоқаевтың бұрындары өзі басып шығаран бес томдық шығармалар жинағын енді көрнекті жазушының жүз жылдығына орай қайта жариялау қандай ғанибетті іс болар еді... Келесі жылдың жоспарында тұр.

Жақау біраздан бері қаузап, иін қандырып жатқан «Мінез миниатюралары» қолжазбасына ойын кернеген бірер сөйлемдерді асығыс түсірді де зайыбы Шұғаны күткендей, сағатына көз қиығын салды...

...Арада біраз күндер алмасқан. Жақау достың үзіліп кеткеніне әлі сене алмай жүрміз. Сөредегі кітаптарына қарап, сағынышымызды басамыз. Тірілердің де еңбектерімен қатар тізіле қалыпты-ау, бәрі! Қасымыздасың, Жақа!

Қайсар ӘЛІМ,

жазушы, Қазақстанның

еңбек сіңірген қайраткері 

1205 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы