• Әдебиет
  • 23 Қыркүйек, 2021

СИНГАРМОЛОГИЯ САҢЛАҒЫ

(Ұлттық Ғылым академиясы мен «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы)

Қазақ тіл білімі тарландарының қатарында есімі ерекше аталатын тұлға, фонетика саласының көрнекті өкілі – филология ғылымының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек.
Ғалым туралы айтыла қалғанда, бірінші, оның әлемдік деңгейдегі танымал ­фонетист Л.Р.Зиндердің шәкірті екендігі еске алынады. Ұстазы фонология ілімінің ірі тұлғасы, фонема теориясын жасаушылардың бірі, Кеңес Одағы Ғылым академиясының академигі Л.В.Щерба атындағы фонетика  зертханасының жетекшісі, әрі ленинградтық фонология мектебінің шырақшысындай болған профессор Л.Р.Зиндер қазақстандық жас ғалымға эксперименталды фонетика, тарихи фонетика, қолданбалы лингвистика және фонологияның теориялық негіздерін терең түсіну мақсатында тағылымдамалық  дәрістер береді. Ғылымға икемділігін танытқан  ізденушіге қазақ тілінің дауысты дыбыстарын зерттеуді тапсырып, оның кандидаттық диссертациясына жетекшілік етіп, қорғап шығуына қолғабыс етеді. 

Даналардың ғылыми жаңалықтарын  дәріптеген профессор Әлімхан Жүнісбек 60 жылға жуық табан аудармастан еңбек еткен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты табалдырығын ғылымға жаңа леп әкелген, әлемдік фонология теориясымен таныс, біліктілігі мен құзыреттілігі қалыптасқан жас толқын  өкілі ретінде аттаған болатын. Академик І.Кеңесбаев бастаған аға буын ғалымдар мен ғылыми орта оны жылы қабылдады. Үлкен үміт артып, болашақ ғылыми зерттеулеріне бағыт-бағдар берді.

Сенім жүгін арқалаған ғалым  қазақ фонетикасын, сингармония  саласын зерделеу барысында «Түркі тілдерінің сөз просодикасы және қазақ тілінің сингармонизмі» атты докторлық диссертациясын абыроймен қорғап шықты. Сонымен бірге «Қазақ фонетикасы», «Введение в сингармоническую фонетику», «Қазақ грамматикасы (сегментті фонетика бөлімі)» және «Қазақ тіл білімінің мәселелері» атты қомақты еңбектерін жариялады.

Түркі және қазақ тіліндегі сөз просодикасы, қазақ тіліндегі сингармонизм заңы, қазақ тіліндегі буын және морфеманың дыбыс құрамы мен қазақ тілінің артикуляциялық базасы мәселелері бойынша жазылған 150-ден аса ғылыми еңбектер, оның ішінде 20-ға жуық монографиялық зерттеулер, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар мен сөздіктер тіл біліміне қосылған  елеулі еңбектер қатарында екенін айтуға тиіспіз.

Бүгінгі қазақ жазуына, тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек деген тұжырымын ұсынған ғалымның реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайды деген түйдек-түйдек ойларының түйінділерін ұсына кеткенді жөн көрдік. Әліпби ауыстырудың астарында мемлекеттік мәні зор мәселе жатқанын айта келе «Егемендіктің айғақ белгісі салтанат үстінде көрінетін дербес елтаңба, ту мен әнұран болса, күнделікті мазмұнының бірі – жазу. Жазу дегенді тек әріп жиынтығы деп қарамау керек. Жазу әліпби, таңба және емле-ережеден құралады. Әліпби – тілдің дыбыс құрамы, таңба – дыбыстың қауызы, ал емле-ереже – әліпби елтаңбаның ұлттық дәнекері. Олай болса, әліпби таңбасы мен емле-ережесі үйлескен жазу тіл егемендігінің бір кепілі боп табылады» деп, қолға алынып отырған міндеттердің саяси-әлеуметтік мазмұнына да үңіледі. «Сондықтан әңгімені тек әліпби ауыстыру төңірегінде ғана қалдырмай немесе бір таңбаны екінші таңбаға ауыстырамыз дегенге ғана саймай, кең қамтып, жазу реформасына айналдыру қажет» деген ғалымның пікірі тек ғылыми ортада ғана емес, көпшіліктің көңілінен шыққаны қуантады. Сондай-ақ жазудың сөздің айтылым үлгісіне ықпалы зор екенін ескерген ғалым, жазу жүйесін қалыптастыруға зор жауапкершілікпен қарау керектігін, ол үшін жазу ережелері  сол тілдің ішкі  табиғи заңдылықтарына телінгенде ғана жүйелі жазу шығатынын айтады.

Әлем тілдерінің әліпбиін, оның ішінде  емле-ережесін зерделеген Әлекең: «…өзге тілдердің де, оның ішінде қазақ тілі де бар, айтылым емле-ережесі оңай болып тұрғаны шамалы. Жалпы қай тілдің болмасын, ең қиын жері оның айтылым емле-ережесі болып табылады. Айтылым емле-ережесінің оңайы болмайды. Екінші бір тілді үйрене алмау сөз жаттаудың қиындығынан емес, азды-көпті сөзді әркім-ақ жаттап алады, сол тілдің айтылым емле-ережесін меңгере алмағандықтан болады. Латын әліпбиі мен ағылшын тілінің емле-ережесін шатастырмау керек. Өйткені ағылшын тілінің емле-ережесін көшіріп алайын деп отырған жоқ, әліпби латындікі (ағылшындікі емес) болғанымен, емле- ереже қазақтың өзінікі болады. Қазақ жазуы үшін ағылшын тілінің емле-ережесінің еш қажеті жоқ, өйткені қазақ тілінің төл дыбыстары бар болғаны 26 (28), компьютер түйметақтасындағы 26 түйметаңба толық жетіп жатыр. Бір дыбыс – бір таңба болып құйылып тұр деп «тайға таңба басқандай»  айқындап береді.

Үкімет жанындағы Ұлттық комиссияның орфографиялық тобының мүшесі ретінде, әліпби ауыcтыру мәселесінде ел арасындағы пікірлерді төрт топқа бөліп:  Бірінші топтағылар, орыс «кирилл» әліпбиіне көзіміз үйреніп қалған, оның үстіне талай-талай жазба еңбектер жарияланған. Егер басқа жазуға көшетін болсақ, соның бәрінен бір сәтте айырылып қаламыз дейтіндер; екінші топ, арабы әліпбиді қолдаушылар оны діні бір шығыс жұртымен қайта табысудың амалы деп үміттенеді. Оның үстіне Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлының) төте жазуын аңсаушылық тағы бар; үшінші топ, латын әліпбиін жақтап отырған қомақты да қарулы ғылым мен қоғам өкілдері оны өркениет жетістіктеріне алып баратын бірден-бір төте жол деп дәлелдейтіндер; төртінші, сонау көне ежелгі түрік жазуына көз тігіп отырған шағын топтың әрекеті» деп топтастырған ғалым, ерте ме, кеш пе, әйтеуір латын әліпбиіне көшу керектігі замана талабы екендігін нақтылай келіп, басқа топтағы пікір айтушыларға  өзінің дәлелдері мен дәйектерін алға тартады.

Егер әліпби құрамын өзгертетін болсақ, онда оның әр жағындағы таңба мен емле-ережелеріне де өзгеріс ендіру мәселесі туындайтыны анық. Таңбаға өзгеріс ендірген жағдайда, оның емле-ережеге қандай әсері болатындығын мықтап ойлануымыз керектігін әрі бұл жауапты іске тіл мамандары мен әдіскерлерін көптеп тарту жағын ойластырған абзал деген ғалым, әліпби ауыстырудың үш деңгейін: бірінші – әліпби деңгейі, екінші – таңба деңгейі, үшінші – емле-ереже деңгейін жан-жақты зерделеудің мәні зор екендігін ұмытпауға шақырады.

Көрнекті фонетист, орфография мен орфоэпия  саласының білгірі,  профессор Ә.Жүнісбек «мамандар анықтап берген қазақ тілінің төл дыбыс құрамын танып-біліп, оны бәріміз мойындауымыз қажет. Соған лайық айтылым-жазылым емле-ережені мықтап меңгеріп алуымыз керек. Ең жақсы жазу деп ереже-ескертпелері мейлінше аз жазуды айтады. Ондай жазу үлгісі тілдің төл дыбыстары мен төл таңбалар үйлесімін тапқанда ғана құрастырылады» деген пікірін ғылыми орта мен әдіскер ғалымдар жоғары бағалағанын айтқанымыз абзал.

Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақтың төл дыбыстарын  түгендеу дәстүрін жалғастырған ғалым: «Одан-бұдан өгей дыбыс жинап, талғамай қиып-құрап, жамау-жасқау әліпбиді әркім-ақ түзей береді. Қиыны – көп дыбыстың ішінен төл дыбысты танып-біліп, жиып-теріп, өлшеп-пішіп, қазақ тіліне лайықты төл әліпби жасау арқылы қазақ тілінің төл дыбыстарына сай төл әріптер қалыптастыру жолын қарастыру» латын қарпіне көшудегі басты ұстаным болу керектігін басып айтады. Тілші-ғалым ретінде, біз де аталған ұстанымның дұрыстығын қолдаймыз.

Қазақстан Президенті Касым-Жомарт Тоқаев қазақ әліпбиін латынға көшіру жай ғана кириллицадан латынға ауыса салу туралы болып отырмағанын еске салып: «Қазақ тілінің реформасы керек. Қажет десеңіз, біздің тіліміздің модернизациясын жасаған жөн. Ғалымдардың нақты пікірін күтеміз», – деген үндеуіне жауап ретінде жоғарыда келтірілген профессор Ә.Жүнісбектің құнды пікірлерін қаперге алсақ, қазақ тілін реформалауға септігін тигізері сөзсіз.

Әлекең маған өзінің «Сингармология или неизвестный сингармонизм» атты еңбегін тарту еткен еді. Таяу арада халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» кітаптың таныстырылымын өткізуді жоспарлап отырғанын тілге тиек етіп, маған алыс-жақын елдердегі таныс тілші-ғалымдарды хабардар етуді, мүмкін болса ойларын ортаға салса жақсы болар еді деген тілегін айтып еді.

Иә, шынында, көп ұзамай қоғам президенті, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор Ерден Қажыбектің модераторлығымен кітаптың онлайн форматтағы таныстырылымы өтті. Сингармология қазақ тілінің (түркі тілдерінің) дыбыстық құрамы мен дыбыстардың қызметін зерттейтін түркология саласы екені белгілі.  Профессор Әлімхан Жүнісбектің басты тұжырымы – сингармологиялық талдау арқылы түркі тілдері еуроцентризмнен арылып, түркіцентризмге бағыт алуды; түркі тілдерінің үндесім заңын тек қана фонетика-фонологиялық құбылыс түрінде ғана емес, басты тілдік кең ауқымдағы грамматикалық буын-түбір – сөз-сөйлем – мәтін құраушы, құрас­тырушы, реттестіруші, түрлендіруші басты категория деңгейінде жан-жақты, кешенді зерттеу объектісіне айналдыруды көздейді. Халықаралық ғылыми жиынға түркі әлеміне белгілі алыс-жақын шетелдердегі және отандық түркологтар қатысты. Әсіресе Түркия Тіл академиясының президенті, профессор Гүрер Гулсевин, АҚШ түркітанушы ассоциациясының президенті, профессор Юлай Шәмілұлы бастаған бір топ түрколог ғалымдардың кітап авторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің ғылыми тұжырымдарына қолдау көрсетіп, жоғары бағалағаны ғылыми жұртшылықтың ортақ ойын жеткізгендей болды.

Ажал айтып келмейді ғой. Кенеттен келген ауру салдарынан ағамыздан айырылу – қабырғамызды қайыстырғаны рас. Енді ғалымның тың идеяларын  одан әрі дамыту фонетист ғалымдардың, өзі қалыптастырған ғылыми мектептің өкілдері және Әлекең дайындаған жиырмаға жуық ғылым докторлары мен кандидат  ғалымдардың еншісінде.

Ғылыми ортада «қазақтың – Зиндері», «бүгінгі күннің – Байтұрсыновы» деген құрметке бөленгеніне қарамастан, Әлекең қарапайымдылығын жоғалтқан емес. Үлкенмен де, кішімен де тонның ішкі ­бауындай араласып, аузынан әзіл-қалжыңы түспейтін жан еді. Менің ұстазым, «күлкі королі» атанып кеткен, академик Шора Сарыбаев сияқты  кішігірім отырыстарда институттың мәдени іс-шараларында асабалық жасап, ән салдыртып, би билететін өнерін, әзіл-қалжың қалтасын ақтарып, барша жұртты күлкіге қарқ қылатын қасиетін көзкөргендер айтудан жалыққан емес. Бірақ, енді өткен шақта айтатынымыз өкінішті-ақ!..

 Қарапайым дегеннен шығады, түркологияда сингармология саласына түрен салған ғалымның көп қабатты қатардағы үйдің үш бөлмелі пәтерінің алақандай бөлмесінде қалай тіл білімі ­бойынша қыруар еңбектер  жазылғанын білгім келген таңданысыма, әдеттегі қарапайым қалпымен, «Кәрімбек-ау, мидағы ойдың бөлмеге не қатысы бар?!», – деп қалжыңға айналдырғанына қайран қалдым. Рухани байлыққа тамырын терең жіберген ғалымның, материалдық игілікке иілмейтін қасиетін баршамыз өнеге етсек игі еді.

Иә, сингармология саңлағы, қазақтың төл ­дыбыстарын түгендеген түрколог  ғалым, профессор Әлімхан Жүнісбекті  әркез сағынып  еске алатын боламыз...

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

ҚР Ұлттық ғылым академиясының

академигі, филология ғылымының

докторы, профессор  

2267 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы