• Білім және ғылым
  • 23 Қыркүйек, 2021

Парасат биігі

Ұстаз жолы – ұлы жол. Тағдырын мектеппен байланыстырып, ұстаздық жолды таңдаған жастардың өзі барған ортаға бірден сіңісіп кетуі оңай іс емес. Жас маманның бойындағы қабілет пен дарынын толық таныту үшін де дұрыс бағыт-бағдар бере білетін, бұл салада көргені мен түйгені көп басшының ықпалы зор. Бұл тұрғыдан мен өзімді жолы болған мұғаліммін деп есептеймін. 

Ұстаздық қызметке араласа бастаға­нымнан-ақ нағыз тәлімгер тұлғасымен танылып, ұстаздықтың қыр сырын ұғынуыма себепкер болған кәсіби, шебер басшы бар. Ол – Сәния Өскенбайқызы Тілеубай. Мектепке қызмет етуге келген талай жас маманның көзіндегі отын байқап, шеберлігін шыңдап жатқан Қазақстан Республикасының Білім беру саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Тілеубай Сәния Өскенбайқызы мерейлі 60 жасқа толып отыр.

Педагогикалық оқу орнын бітіріп келген жас педагогтің білім беру жүйесіндегі заманауи реформаларды жүзеге асыруға қабілетті болуы үшін де мектеп басшылығы тарапынан мазмұнды жұмыс қажет. Мұға­лімдердің кәсіби құзыреттілігін көтеруде мектеп басшылығының жас ұстаздарға жан-жақты қолдау көрсету үшін тәлімгерлікті жақсы ұйымдастыруы, мұғалімдердің бір-бірінен үйрену үшін жағдай жасауы, білікті педагогтердің шеберлік сабақтарын жиі ұйымдастыруы аса қажет. Бұл ретте Сәния Өскенбайқызы тәлімгерлікті тек сол пәннің тәжірибелі ұстазына жүктеп қана қоймай, мектеп директоры ретінде бұл процеске тікелей қадағалау жасайды. Жұмыстың жүйелілігі мен мұғалімнің кәсіби дамуын алдыңғы орынға қоятын басшымыздың бұл әрекетін орынды деп білемін. Үздіксіз үйрену – мұғалімнің ­басты міндеті десек, бұл тұрғыдан мектебіміздің қай ұстазы болсын өзін-өзі үздіксіз дамытып, білім саласындағы жаңашылдықты жатсынбай қабылдайтын дәрежеге жетіп келеді.

Мектепке қадам басқан жас маманның жаңа ортаға тез бейімделуі үшін қамқорлық пен қолдау аса қажет. Бұл тұрғыдан әр ұстазын өз баласындай көретін Сәния Өскенбайқызына әрқайсымыз өз анамыздай жүгініп тұратын кездер де аз емес. Басшымыздың «Балам, қалыңыз жақсы ма?», – деген бір ауыз сөзінің өзі әр мұғалімін жаңа іске жігерлендіретіні анық. Махаббат пен мейірімге толы ортада өзіңнің де адамға тән асыл қасиеттерге ұмтылатының тағы бар. «Жанам деген жүрек­ке от беремін» дейтін М.Мақатаев атын­дағы гимназияның табалдырығын мұғалім ретінде аттаған сәттен бастап осы бір жылылық пен жанашырлықты терең сезініп келемін.

Соңғы онжылдықта Алматы қаласын­дағы М.Мақатаев атындағы №140 гимназия республикамызда үздіктердің қатарынан көрініп, білім бәсекесінде толағай табыстарға қол жеткізді. Білім бәйгесіне баптаған шәкірттердің тұғыр биігінен көрініп, алтын ұя мектебінде сапалы білім алып, өзі қалаған мамандықтың грант иегері атануы үшін де ұстаздарымыз дамылсыз еңбек етуде. Мектептегі менеджменттен бастап, күнделікті оқыту үдерісінің қатаң қадағалауда болуы, бағдарламалық материалды оқушының толық әрі үздіксіз меңгеріп отыруына тиісті жағдайдың жасалуы мектебіміздің үздіктер қатарынан көрінуіне себепші болуда. Гимназиямыз 2015 және 2021 жылдары «Үздік орта білім беру ұйымы», 2017 жылы «Үздік білім беру ұжымы» сынды байқауларда топ жарды.

Мұғалімнің кәсіби білігі, одан бетер та­нымдық білігі – бұл саланы өркендетудің басты кепілі. Жаңа заманға сай педагогикалық қызмет көрсету аясы кеңейген сайын шығарма­шыл мұғалім өзінің кәсіби шеберлігін арттырып, білім берудегі ең озық тәжірибені қолдануға талаптануы керек. Осы ретте Сәния Өскенбайқызы шығармашыл мұғалімнің бәсекеге қабілетті болуына баса назар аударады. Мектеп басшысы ретінде әріптестермен, ғалымдармен, педагогика саласының өкіл­де­рімен шығармашыл мұғалімнің тұлғасы тақы­рыбында жиі пікір алмасып отырады. Ол кісінің пікірінше, шығармашыл мұғалім жаңашылдықтың жаршысы атанып, қоғамдық өмірдегі өзгерістерге тиісті дәрежеде үн қатып, өз білімін көтерумен тұрақты түрде айналысып, зиялы тұлға ретінде өз бойына адамзат мә­де­ниетіндегі ең жақсы үлгілерді жинақтауы тиіс.

Әр мұғалімге тұлға ретінде қарап қоймай, ата-ана мен шәкірт алдында мәртебесінің биік болуына ықпалдастық етіп, ұстаздық жолда жұлдызын жарқырата білетін Сәния Өскенбайқызының халқымыздың бүгіні мен ертеңіне сіңіріп отырған еңбегі көпке үлгі. Өз кәсібін, сабақ беретін пәнін, барша шәкірті мен мектебін шексіз сүйетін басшының бәсекеге қабілетті тұлға дайындаудағы еңбегіне біз ұжым болып алғысымызды білдіреміз.

Дәурен Сағынғалиев,

М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның

тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі

Алматы

2105 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы