• Қоғам
  • 23 Қыркүйек, 2021

ЕЛ ДАМУЫНДАҒЫ ЕҢ АУҚЫМДЫ ЖОБА

Бүгінде қазақ елінің әрбір тұрғыны Нұр-Сұлтан қаласына мақтанышпен, құрметпен, зор ілтипатпен қарайды. Меніңше, бұл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылы бедерінде жүзеге асқан бірегей жоба болды. Жобаның іске асуы кезіндегі қиын да, қызық сәттерді еске алу үшін  «Qazaqstan» телеарнасы шығарған «Nur-Sultan. Қолтаңба» деректі фильмін қызыға тамашаладым. Деректі фильм ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың журналист Ләззат Танысбайға берген сұхбаты негізінде түсіріліпті.

Елордамыз Елбасы айтса айт­қандай, батыс, шығыстың барша архитектуралық жаңалықтарын бойына жинаған, ХХI ғасырдың қаласына айналды. Әлем елдерін аралап жүріп, қай қалада қандай ғажайып дерлік ғимараттар бар, соны ұлттық архитектураға кіріктіріп, жаңа дүние жасатуға талпынғаны көрініп тұр.

Астананың Алматыдан көшірілетіні жайлы ақпаратқа кезінде мен де таңырқағам. Ол ең бір қиын кез еді ғой. Сұхбаттағы Елбасының мына сөздері менің есіме сол кезеңді түсірді: «Естеріңізде болса, 1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді қабылдады.  Сол шешімнің алдында, 1993 жылы осында келгенде Есілдің үстінде жалғыз көпір болатын. Байқасаңыздар, Есілдің оң жағы екі метрге биік болып келеді. Сол жағы төмендеу, сондықтан су басып, саз болып жатады. Сол кезде осы жерде шағын аудан болады дедім. Сөйтіп, Самал мөлтек ауданын құрдық. Жанымда болған сол жылдардағы облыс әкімі Андрей Браун үйлердің батпаққа батып кетейін деп тұрғанын, аудан салудың мүмкін еместігін айтқан еді».

Елорданы саларда талай қаланы аралап шықтым. Австралиядағы Канберра, Бразилияның бұрынғы орталығы, Анкара бар. Солардың барлығын аралай келе, конкурс жарияладық. Конкурсқа 50 елдің сәулетшілері қатысты, оның ішінде АҚШ, Австралия, ­Жапония, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Қырғызстан, өзіміздің сәулетшілер болды. 50 жобаның ішінен 27-сі таңдалды. Содан кейін  қазылар алқасы жиналып, Жапонияның Кисе Курокава деген әлемге белгілі архитекторының нұсқасын қабылдадық. Шын мәнінде, қазір Курокава жасаған архтитектурадан ұзын көшеден басқа көп ештеңе қалған жоқ».

Елбасының осы сөздерін келтіріп отырған себебім, менің бір таныс архитекторым сол жылдары аталған конкурсқа қатыстым дегені есімде. Кейіннен Курокава аталғанда, оның жобасы қалай екенін жаңағы архитектордан сұрағанымда, «жапондық қолтаңба», бірақ жақсы, жаңалықтары да көп», – деп бағалап еді. Меніңше, Ақ Орданың сыртқы пішінінде де шығыстық архитектуралық үлгі көрініп тұр. Сондай-ақ маған бәйтерек кешені ұнайды. Мұғалім болғасын балалармен жұмыс істейміз. Сурет салғызсаң, балалар көбіне бәйтеректі бейнелейтіні таңдандырады.

Елордаға жолым түссе, қалаға жақын елді мекендердің тұрғындары Нұр-Сұлтаннан Бурабайға баратын даңғыл жолды «Назарбаев жолы», сол жолдың айналасындағы орманды – «Назарбаев орманы» атап кеткенін көремін. Бұл халықтың бағалауы, ісіне қарап құрмет тұтуы деп білемін. Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда, аң-құс көбейіп, жердің топырағына дейін өзгере бастаған. Бір қарағанда Көкшетау жаққа ұзыннан-ұзақ созылған орманның көлемін айту қиындау. Ол жөнінде де аталған сұхбатта, орманды алқаптарды көрсете отырып анық айтылды: 

«Бастапқыда астананың тұрғын­дары, ботаниктері бұл жерде орман өспейді деді. Бидай өскенде, ағаш неге өспесін. Сөйтіп, ағаш отырғызуды бастадық. Менің сол кездегі арманым – Көкшетаудың төңірегінен бастап үлкен орманды алқап жасау еді. Қазір дәл осылай болды. 90 мың гектардың 15 мыңы қаланың ішінде. Жыл сайын тікұшақпан аралап көремін. Мұның бәрі қыста бораннан қалқан, жазда ыстықтан сая. Нью-Йорктың дәл ортасында саябақ бар, соған қарап, 100 гектар жерге Ботаникалық саябақты салдырдым. Мұның бәрі халықтың өміріне қолайлы болсын деп жасалып жатыр.

Қаланың қазіргі келбеті кімді де болса бейжай қалдырмайды. Әсіресе «Астана-опера» секілді іші де, сырты да ғажап ғимараттар дамыған елдерден келген туристерді де қызықтырады.  Деректі фильмді тамашалап отырып, Елордадағы ең бір архитектурасы керемет ғимараттардың дені шетелдіктердің көмегі арқасында салынғанына таңырқадым. Содан да еліміз бюджетіне көп салмақ түспегенін білуге болады. Ол, әрине, әлем елдерінің басшылары алдындағы Елбасының беделін көрсетеді.

Деректі фильмде Елбасының білім саласына айрықша мән бере сөйлегені ұнады. Алматыда да ­Назарбаев университеті секілді озық оқу орнын ашуды ойластырып жатыр екен.  Қазіргідей әлем халқын індет құрсаған заманда Қазақстан өзінің «QazVaс» вакцинасын шығаруының өзі сол білімнің арқасы. Елбасы мен қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай мәселені тереңнен түсінетіні қуантады.

Қазір Нұр-Сұлтан қаласы расында арман қалаға айналды. Еліміздің әр қиырындағы азаматтар Елордада жұмыс істеуді немесе бала-шаға­сын оқытуды көздейді. Елбасы айтқандай, 500-600 мың адам тұрады деп жоспарланған қаланың тұрғыны бүгінде 1 млн 200 мыңға жетіпті. Оның бар­лығы халықтың орталыққа ­деген ұмтылысынан. Бұл жүргізілген сая­саттың дұрыстығын көрсетеді. ­Расында, Елордада өткен 30 жылдағы ең ауқымды, ел экономикасын алға сүйреген жоба.

Майра МӘУЛИҚЫЗЫ

Қарағанды облысы

 

1975 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы