• Тұлға
  • 23 Қыркүйек, 2021

САБЫРЫ МӨЛДІРЕГЕН САЛМАҚТЫ АҒЫС

Сонау жылдары студент кезімізде әдебиетіміздегі алыптар тобының жетпіс жасқа толуы еліміздің рухани-мәдени тойына, елеулі оқиғаға айналатын. Мемлекет арнайы көңіл бөліп, ықылас танытқан көзі тірі Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиннің тойлары жеке шығармашылық тұлғаның мадақ-марапаты деңгейінде ғана қалып қоймай, сол тұста солғындай бастаған, солақай саясатқа бейімделуге мәжбүр ұлттық рухымызды нығайту мен байытуға, айтылмайтын астыртын қысым жағдайында тұмшаланып, тұншығып жатқан, пұшайман күйдегі мүшкіл өзтануымызды өрлетуге хал-қадерінше игі әсер еткенін арада қанша уақыт өтсе де, ескермеу мүмкін емес. Желкілдеген жиырмадағы жастарға алыптар тобының әрқайсысы жеке-жеке шың секілді мұнартып көрінетін. Біз көре алмай, арманда қалған ұлы Мұхтар Әуезов аспаннан түскен ғажайып аңыз сияқты елестейтін. Әдебиет баурап алып кететін сыршылдығы­мен сиқырлы әлем, талпынған үмітіңді талмай қанаттандыр­ғанда, жан дүниеңді нұрландырып, күш-жігеріңді тасытатын, жасампаздыққа бас­тайтын құдіретке айналғанына, сол игілікке іздеп қиналмай-ақ қолымыз жетіп, оңай тапқанымызға қуанатынбыз, қанағатпен қолдайтынбыз. Сол жылдардағы біз үшін аялаған ортамыз бен қоршауға алып, қия бастырмайтын қоғамымыз, мейірімі мен қаталдығы ойламаған жерден қатыгездік пен жауыздыққа ұласып кетуі оп-оңай алуан мемлекеттер, планетамызды қаусырған замандық дәуір – баршасы бере алмаған нәр-қазынаны, ешкім сезбеген жан әлеміндегі құпия құбылыстар дидары мен дірілін, ешкімнің басқа түгіл, өзіне айтуға, ары-беріден кейін ойлауға да қорқатын сырларын «көретін», патшалар мен пақырлардың, елеусіз миллиондардың реалды табиғаты мен нақты тағдыр жұмбақтарын, кейінгілерге әлеует, әрі сабақ болатын бай тәжірибесін еріксіз жинаған, соның барлығын бізге қарымтасыз сыйлаған көркем әдебиеттің баға жеткісіз мән-маңызына сол кезде-ақ көзіміз әбден жеткен...

Одан кейін отызыншы жылдарда әде­биетке белсене араласа бастаған Әбділда Тәжібаев, Ғали Орманов, Әбу Сәрсенбаев, Қалижан Бекхожиндарды өкшелеп, соғыс­тан кейін жарқ еткен Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сырбай Мәуленов, Тахауи Ахтанов, Бердібек Соқпақбаевқа ілесе, Сәкен Жүнісов, Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Әнес Сараев, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков, Оралхан Бөкеев шығармаларымен танысқаннан кейін ендігі буынға жарытып жазатындай, айшықтап айтатындай ештеңе қалмаған сияқты еді.

Сөйтіп жүргенде, құдай көмектескен шығар, республикалық жабық әдеби конкурстарда топ жарып, айтары мен айшығы анық келесі буын өкілдері: Тынымбай Нұрмағамбетов, Мархабат Байғұтов, Несіпбек Дәутайұлының әңгіме, повестері дүниеге келді. Бұрын басқалар байқаса да, мынадай реңкте байыптамаған өмір шындығына, жаңа кейіпкерлерге, бүгінгі өмірді көру мен көрнектеудің өзіндік тартымды, жаңа мәнеріне қызыға, сүйсіне еріксіз назар аудардық. Қазақ прозасы осымен сәл кідіретін шығар, енді тың дүние тудыру неғайбіл, бір демалатын кезі келді-ау дедік.

Жоқ, олай болмады. Мына қызықты қараңыз, әдебиет те жанды ағыс сияқты тоқтайтын түрі жоқ, бүлк-бүлк етіп қайнап, толассыз толқып жатқан тәрізді. Сол толқындардың ішінен әсіресе айқын, ажарлы көрінген сонау Қызылорданың қияндағы бір ауылындағы орта мектеп мұғалімінің әңгімелері республикалық басылымдарда бірінен кейін бірі именбей жарияланып, бұрынғылардан басқаша, айтары да, айшығы да өзгеше, жарқын дидарын танытты. Онымен де тоқтамай, балалар мен жастар әдебиетіне арналған республикалық жабық конкурстарда жүзден жүйрік шыққан авторлары самсаған үміткерлердің арасынан суырылып шықты да, андыздап алға түсті.

Қызығы мен тәнті ететіні – көк балауса кезінде-ақ талпынып, тырнақалды туындылары басқа қаламгерлер секілді тым құрыса алдымен аудандық, содан кейін облыстық басылымдарда жарияланғаннан кейін үмітін үкілеп, қанаттанып барып, келесі үлкен айдынға шығып, азды-көпті тәжірибе жинамаған, бұған дейін әдебиет әлеміне қаламымен араласуға бұлқынбаған жас мұғалімнің бірден «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» секілді сол тұстағы ең беделді, республикалық әдеби басылымдарда әңгімелерінің бірінен кейін бірі жарық көре бастағаны, екінің бірі жүрегі дауалап, қатыса бермейтін республикалық жабық әдеби конкурс­тарда жасқанбай, жасырынбай, жарқ етіп, жүлделерге ие болғаны.

Астанадан шалғайда жүрсе де, аралас мектептердің оқушыларымен бірге ойнап, орысшаны кәдімгідей игерген Серік сол жылдарда-ақ классикалық әдебиетпен қызыға танысып, филфакта төл әдебиетімізбен шектелмей, шетел, әсіресе он тоғызыншы ғасырдағы классикалық орыс әдебиетін үнемі үңгіп оқуы көркемдік қабылдау тәжірибесін байытып, танымы мен талғамына әсер еткенін шығармаларынан байқамай қала алмайсыз. Әдебиетіміздің кешегі тарихы мен бертінгі дамуында үлкен айдынға бірден түсіп, әп дегенде-ақ жан-жағына жалтақтамай, айналаға алаңдамай, айдалаға адаспай, туабітті түйсігімен, таңдап, талғап алған танымымен айнымас ақиқатқа ақ желкенін туралап алғандар көп емес. Отыз жасқа жетпей жатып-ақ, қазақ әдебиетінің қоржынына классикалық қазыналар салған Мұхтар Әуезов, Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбаев сияқты классиктеріміздің таңдаулы шығармаларының көркемдік мазмұнына айналған, субъективті адам табиғаты мен объективті болмыстың сан құбылған, ырықты, ырықсыз қарым-қатынасынан қашанда туындай беретін, қай заманда да қалмай сабақтаса беретін байланыстар мен қайшылықтардың бірде көрініп, бірде байқалмайтын, күрделі де нәзік әлемін ыстық ықылас, әдепті ыждағатпен сергек зерттеу дәстүрін жетпісінші жылдары Серік Асылбекұлы, кейінгі буында сексенінші жылдары Жүсіпбек Қорғасбекұлы абыроймен жалғастырғанын зор ризашылық сезіммен айтқымыз келеді.

С.Асылбекұлының әңгімелері мен повестерін оқығанда, мені тәнті еткен негізгі үш айрықшалықты бөліп атар едім. Біріншісі: жазушының аса сезімталдығының дәлелі іспетті шығарма композициясының жұмырлығы. Ситуациялар мен сюжеттердің, әрекеттер мен оқиғалардың, кейіпкерлердің «тіршілігі» мен өзара сабақтастығының, осылардың барлығымен іліктес күллі компоненттердің өзара үйлесімінің табиғилығы, қиялдың өзеуреген қоңаштауымен құралатын қисапсыз қиюлар емес, өмірдің өзі сұранып келіп, Серіктің жылы рай танытып, жомарт көңілмен берген рұқсаты арқылы шығармаға еніп кеткендей әсер аласыз. Сенбеуіңіз мүмкін емес, қойқаптағыны қозғап, қиналып іздеу, қойтан жылғы қотырды қасып, зорланып суреттеуді бәлекей бебеушілдің де таба қоюы қиын. Өйткені шығармаларының қай-қайсысы да – олай бір, былай бір бұлтақтаған, көбігі көпіршіген толқындар емес, өзіне тап кәзіргі сәтте ең қажетті, ең лайықты арнасын тауып, алдағы барар жерін шәксіз шамалайтын, сабыры мөлдіреген салмақты ағыс тәрізді. Кейіпкерлерді сырттай бақылап, көріп-біліп қана қоймай, олардың тағдыр-талайын қамқорлықпен қамтыған өзіндік көркемдік әлемнің тұтастығына шешуші әсер еткен, ең алдымен, жазушының алағызып артық кетпейтін, кежегесі кейіндеп, кем түспейтін, мөлшерді нәзік түйсіну сезімталдығына куә боламыз.

Осындай алғашқы айрықшалықты дәлелдейтін екінші ерекшелігі – өзі көрген, сезген қыруар құбылыстардың арасынан іздеген де таңдаған, іріктеген өмір әлемін суреттеу үдерісінде бұлтартпайтын, бұлжымайтын нақтылығы. Мейілі, табиғаттың айта жүрерліктей ажарлы немесе белгілі бір сәттердегі көзге көптен таныс «үйреншікті» көрініс-құбылыстары болсын, мейлі, образ-характерлердің кескін-кейпі, алуан сәттердің апшытатын алақұйыны, немесе бірде марғау, бірде керенау, бейқам тірліктің тасбақа қыбыр, өгіз аяңының ілбуі болсын, қай-қайсысы да қол создың-ақ, дереу іліге қалатындай соншалық нақты, сондықтан да әсіресе айқын, одан да нақтырақ, айқынырақ суреттеу дәл осы арада, тап кәзір мүмкін еместей. Рас, басқа дарын иелері басқаша кестелеуі мен әспеттеуі, әлбетте, ғажап емес. Әйтсе де автордың қаламына іліккен, баршамызға әрі таныс, әрі бейтаныс болмыстың сыры мен сипатын осы беталыстың пәрменімен, осы құлшыныстың дәрменімен біздің Серік сезінгендей айна-қатесіз сәулелендіру таусыншақ мына пәни дүниедегі қай қаламгердің де қолынан келмейтініне ол үшін қуанатын мен ғана емес, «дажы» Жұмабай Шаштайұлы деген, аты Алашқа мәлім жазушы інішектің қобалжымай-ақ қол қойып, кепілдік беріп үлгіруге құлшынуы – ешқандай кездейсоқтық емес, әбден мүмкін. Сөзімізді дәлелдеуге келсек, жазушының әңгімелерінен, хикаяттарынан мың сан мысал келтіру қиындық тудыра қоймайды. Басқаның уақытын қадірлегендіктен, әзірге осы тұста тізгінді тарта тұрайық. Одан гөрі зерделі зейіндінің өзі оқып, көз жеткізгені мақұл шығар.

Алдымен аталып, алғаш дараланған екі сипат арқылы түзілетін, қалыптасатын, шығарманың бүкіл болмысына таралатын, көңілге ғана аңғарылып, сараланып сыр ұқтыратын үшінші айрықшалық – Серік Асылбекұлы шығармаларының көркемдік кеңістігінің байлығы, сол байлықты жасайтын мағыналы-эмотивті мазмұны. Кейіпкерлердің бір-бірімен қарым-қатынастарының кеңістігі, қоршаған орта, табиғат дүниесінің кеңістігі, сезіну, жан дүние кеңістігі, мәселелер кеңістігінің қай-қайсысында да өзіңізге әбден таныс, қиналсаң да қимайтын, шынайылығын сыйлайтын адам-қасиеттермен бетпе-бет келесіз. Ары-беріден кейін қапысыз айқындалған кейіпкерлер, мәселен, «Қалқаш» повесіндегі (1976) тракторшы Қалқаш пен шөп жинауға көмектесуге барған оқушы балалар, аспаз келіншек – барлығы да өз бойларына шақ, басқаша болуы мүмкін емес секілді табиғи тыныс-тіршілігімен бұлжымай, көз алдымызға келе қалғанда, етене араласып кетесіз. Олар трактордың тіркемесіне мініп ұзап бара жатқанда, Қалқаш басқа жұмысқа кетерде, солармен бірге жаздай шөпте жүріп, солармен бірге алаңдатқан үміт пен күдіктің, қызығу мен таңданудың, қобалжу мен ынтығудың күпті күйлерін өткерген сәттердің баршасы қай куәгер оқырманды да бейтарап қалдырмайды. Өйткені бәріміз де солармен бірге жаздың жанға жайлы, жым-жырт, мамыражай мақпал түні шегірткелердің шырылын бірге тыңдадық. Дарылдаған трактордың өз иесімен бірге әне-міне аударыла жаздап, құйындай үйіріле ұйтқып аласұрғанын, шалғынның бірқалыпты, ұқыпты шабылғанын да, еркелегендей жантайып, тынығуға жапырылғанын да көрдік, жайқалған көктің жұмсақ жұпары мен жаншылған майсаның мамырлаған, майлыжасыл уытының мұрын қытықтаған балкермек иісін сезіндік, сортаң терімізді сүрткіштеп, шаршап, қалжырап келгенде, трактор кідіріп, шаңы сейілген, шалғынды байтақ жазықтың қақ төрінде созылған ұзын столды айнала, қаз-қатар отырып, буы бұрқыраған, керемет дәмді тамақты бірге іштік. Тап осы жерді өмірі көрмесек те, жазушы қаламының құдіреті арқылы күнде аралайтын байырғы тұрғындардан да анығырақ көріп сезіндік те, тамсанып, тағы да талмап сезініп көрдік.

«Бөтеннің тойын» автор отызға жетпей-ақ 1979 жылы жазған. Бұл әңгімедегі қарапайым жігіт Құлтайдың ең жанына жақын сырласы – шетсіз, шексіз болмыс. Сол болмыстың аясындағы табиғат әлемі де, шойын жолмен шапқылаған пойыздар да, айналасындағы адамдар да – бәрі-баршасы сәт сайынғы өзгеріс өңімен, әсер лебімен үнемі тартымды, қашанда таңсық. Әр сәттің, ситуацияның, ой мен сезімнің, сөз бен қимыл-әрекеттің, қылық пен құлықтың, оқиғаның, диалог пен монологтың, пейзаж бен портреттің... жалпы көзі шалған қай көрнекінің де, көңілі қалаған қай жағымдының да, қиялы құшақтаған немесе қашақтаған сансыз алуанның – сол толайым һәмманың әр мезеті мен әр тосуында Құлтай айтпай түйсінетін, оқырман оқып сезінетін үлкенді-кішілі мөлшерлі, біріне бірі жалғаса беретін есепсіз кеңістік бар. Солардың баршасын аясына алған ұлы кеңістік – болмыс туралы толғаныс пен толғам-тұжырымның тамыры – тебіреністе. Ұлылық пен адамгершілік тебіреністен басталады. Адамның ұлылығы – тебіренуінде. Баршаға байқалатын ұлылық – кереметтің көрінісі, мүмкіндіктің ересені. Ал басқа ешкім сезіп-білмеген, іште буырқанған сезіну ұлылығы – әркімнің тек өзіне тән, өзіне ғана тиесілі өмір сүру алғышарты, тіршілік кепілі. Ол жоғалса, адамның өз табиғатынан айрылып, көзқаманға да, мәңгүртке де айналуы – оңайдың оңайы.

Мұндай бейнелік нақ­тылық прозаның техникасын қапысыз игерген, болмыстың санқилы, сан­сыз құбылыстарының ішінен өзі көрген, жанына жақын сипаттарды саралап таңдай алған саңлақтардың, шынайы суреткер, шын шеберлердің ғана қаламынан дүниеге келеді. Бірде Қыздар мемлекеттік педагогикалық уиверситетінің филология факультеті студенттерімен кездесу барысында төменгі курстарда оқитын, шығарма талдауға әл-әзір төселе қоймаған жастардың «Серік ағайдың шығармаларын оқығанда, сондағы кісілерді бұрын ешқашан көрмесек те, жақсы білетінімізге таңданамыз. Қалай ортасына кіріп кеткенімізді байқамай қаламыз. Өзіміз араласып жүрген сияқтымыз. Кино көріп отырғандай боламыз», – дегені есімізде. Сыни-ғылыми кітаптар мен ұстаздардың жетегіне әбден мойынұсынып үлгіре қоймаған, таным-талғамы табиғи, таза қалпынан бұлжымаған балғын жастардың тарапынан шеберлік пен шынайылыққа берілген бейтарап, биік бағалардың бірі сол еді.

Осы сипатты бірден аңғарып, жылы лебізін білдірген қабырғалы қаламгер­лердің пікірлері есімізде. Мәселен сонау сексенінші жылдары Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Сафуан Шаймерденов «80-жылдарда шыққан жазушылардың ішіндегі ұнайтындары – Серік ­Асылбеков, ­Дидахмет Әшімханов және Мархабат Байғұтов. Серік жазушылығын сәтті бас­тады, әсіресе әңгіме жанрында жақсы бас­тады», – десе, Мәскеуде шығатын «Комсомольская правда» (10 қыркүйек, 1981ж.) газетінде жазушы Қалдарбек ­Найманбаев «Серик Асылбеков работал учителем в одной из аулов Кзылординской области. Он не приезжал «пробивать» своих рассказов. Мы прочитали их в молодежной газете. Потом поговорил я с ­Туманбаем ­Молдагалиевым, лауреатом премии ­Ленинсого комосомола ­Казахстана. ­И он тоже восторженно отозвался о рассказах Асылбекова», – деп сүйсініп, ат арытып алыстан келген жас мұғалім ­жазушыны бірден өзі басқарып отырған «Жалын» баспасына редактор қызметіне қабылдады. Немесе бүгінде қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде танытып, біздің ғана емес, шетел көрермендері мен оқырмандарының да назарын аударған дарынды жазушы-драматург Дулат ­Исабеков «Жалын» журналының 1985 жылғы екінші нөмірінде жариялаған мақаласында «Әдебиетіміздің проза саласында соңғы кездегі біршама өнімді еңбек етіп, біршама жылы лебізге ие болып жүрген жазушылардың бірі – Серік Асылбеков. Оның «Оттан да ыстық өмір», «Тасқара» атты повестері «Жалын» баспасының жанынан жыл сайын өткізіліп тұратын республикалық конкурсында бәйге алғаны белгілі. Жас автор өзінің жазуға қабілеті бар, болашағынан үміт күттіретін қаламгер екенін алғашқы «Кешігіп қайтқан тырналар» атты әңгімелер жинағымен-ақ танытып еді. Сондықтан да «Оттан да ыстық өмір» атты повесть пен «Мектеп бітіру кеші», «Қоңыртаудың басында бір топ жусан» секілді сәтті әңгімелер жазған қалам иесінен әлі де күтеріміз мол. Өйткені С.Асылбекұлының бүткіл шығармаларынан жазушыға, суреткерге тән байыптылықты, байқағыштықты, салауаттылықты көруге болады», – деп, алғашқы шығармаларымен-ақ шынайы суреткерге тән, өмір шындығын мөлдіреткен өзіндік сөз өрнегін, көңілге жатсынбай құйылатын көркемдік интонациясын бірден танытқан жас қаламгер шығармашылығы туралы ақ-адал, қамқор лебізін білдірді. Содан бері де Серік қарқынынан тайған емес, одан кейінгі жылдарда да түрлі жанрда жазған шығармаларына мерзімді баспасөз беттерінде, ғылыми еңбектер мен сын мақалаларда алдыңғы буын ағаларымен қатар замандас қаламдастары мен кейінгі буын өкілдері тарапынан да үнемі жоғары баға беріліп келеді. Мысал үшін арада отыз жылдан аса уақыт өткенде, баспа бетін көрген жарияланымдарға назар аударайық. Сөз бен сырға сезімтал, әрі сараптауға сергек, ұғымтал ғалым-сыншы, филология ғылымының докторы, профессор Қанипаш Мәдібаеваның «Серік Асылбекұлы – қазақ халқының әңгімешілдік дәстүрін әлем әдебиетінің классикалық үрдістерімен ұштастыра білген шебер жазушы. Оның көпшілік туындысы жас адамның албырт бір кезеңіндегі айлы түндегі, бейуақыт ымырттағы алғашқы махаббат аңсарына, сезімтал жүрегінің алып-ұшып, бір тынбай салған ғашықтық әніне бөгіп тұрады. Серіктің «Мектеп бітіру кеші», «Үлкен қаладағы кішкентай оқиға», «Сары қыз», «Қарашадағы үйлену тойы», «Түнгі қаланың әні» т.б. әңгімелерінде бозбала жігіт пен бойжеткен қыздардың асық көңілдері, аяулы сезімдері тұнып тұр» (Қ.Мәдібаева «Көркемдік кеңістігі». Алматы: Қазақ университеті, 2014, 127-128 беттер) деген лебізі – қаламдас досқа деген шын ықылас пен құрметтің айғағы. Ал талантты жас жазушы Айгүл Кемелбаева: «С.Асылбекұлы өз әңгімелері мен повестерінде шөл даланың қайталанбас бояуларын дәл, әрі сүйіп суреттейді. Оның «Бөтеннің тойы» әңгімесі – шоқтығы биік, мінсіз туынды» («Ақ желкен» журналы, N6, 2015), – дейді.

Серіктің «Қысқы каникул» (1978), «Қарашадағы үйлену тойы» (1978), «Сары қыз» (1982) әңгімелеріндегі өмір, тіршілік суреттерінің, кейіпкерлерінің нақтылығына, штрих, детальдарының дәлдігі мен жазушы мергендігіне, айқындау ширақтығына, шеберлігіне оқырман ретінде сүйсінбеу, қаламдас дос ретінде қуанбау мүмкін емес. Алғашқысында қияндағы қыстауға каникулға келген Таңаттың оқуға шақыруды сылтау етіп келген «кескен томардай бұж-бұж қара кісі – интернат меңгерушісі Шынтасты» мұғалімді жақтыра қоймағанына куә – «әкесінің айыр ұстағанда киетін тері биялайын босағада үюлі тұрған тамызықтың үстіне лақтырып» жіберуі, «судан жеріген сиырша аяғын сілкіп-сілкіп, екі етігін екі жаққа домалата салғаны». Ол аз десеңіз, «бір нәрсені жақтырмағанда істейтін әдеті» – «естімеген кісіше отыра беруі».

Шағын әңгімедегі әр кейіпкер сыры да, сыпаты да толық танылған характер. Автор қаламы ұзақ сонарды шарлаудан гөрі жедел қамтып, дәл бейнелеуге бейім. Бір қарағанда, «Айнала тақиядай дөңгеленген құм төбелер, әр жерде ербиген сексеуіл мен дүзген. Ара-тұра баялыш ұшырайды. Әне, өркештерінің ұшы қылтылдап, саулы інгендер өріске кеткен түйелердің ізімен ұзап барады», «...төбесі жапырайған айдаладағы жалғыз қыстаудың алдында әлдеқалай ұмыт қалғандай жаулығының төбесі ағараңдап апасы әлі тұр екен, беймәлім қиырды бетке алған кіші қожайынының соңынан дәнеңеге түсінбей, аңтарылып қалған Мойнақ та манағы орнынан қозғалмапты» (Серік Асылбекұлы. Шығармалары. Бірінші том. Астана, «Фолиант» баспасы, 2008, 39, 40-беттер) тәрізді табиғат көріністері бейтарап фонға ұқсағанымен, сайып келгенде, рухани дүние стихиясының ерекшелігін түйсіну мен түсінуге қажетті, әрі табиғат, әрі жан кеңістігі, адам – кейіпкерді сөзден гөрі суретпен сезініп ұғынуға, тануға бейімдейтін жан гармониясы. Сөзбен «түсірілген» фотоның осындай қамту ауқымы еріксіз назар аударуға разылап «мәжбүрлеген» – әлбетте, Серіктің суреткерлік шеберлігі.

Осындай жан кеңістігін зерттеу құштарлығы «Қарашадағы үйлену тойы» мен «Сары қызда» тіпті алабөтен айқын. Тойдан қайтып, үйіне келген, «...бұрыштағы жазу үстеліне бетін басып, орындықтың үстіне қисая кеткен», «Қапқара қолаң шашы бетін жауып кеткен», «Мойнын ішіне алып, бір уыс боп бүрісе қалған» Жаңылдың, бауыр басып қалған әсем астанамен, достарымен табан астынан қоштасқан, ертеңі беймәлім, бұлдыр жаңа өмірге бет түзегенімен, қимастық пен қобалжуы арпалысып, «бос қалған тамбурда үнсіз жылап тұрған» Майраның ішкі дүниесіндегі алай-түлейді, жан кеңістігін Серік жазушы сол қыздардың өзінен бетер ұғынатындай. Осы арада Я.Кавабатаның «Шабдалы гүлі, бамбук үні», А.Чеховтың «Дала», А.Роб-Грийенің «Пляжда», Ф.Колоаненің «Киттер жолындағы», Ю.Казаковтың әңгімелеріндегі табиғат пен адам қатынасын нәзік түйсінетін сәттер еске түсіргенде, Серіктің өз жолын, өз бояуы мен суретін тапқанына, қазақ прозасында өзіндік шеберлік үлгілері қалыптасқанына тағы да көз жетеді...

Жас Серік пен есейген Серіктің әр жылдардағы туындыларын салыстырғанда, тәжірибесі толысқан сайын жеке адамның психологиясымен шектелмей, өз кезінің зәру мәселелеріне, әлеуметтік талдауға қарай көбірек ойысқанын байқаймыз. Мұндайда проблема кеңістігі алға шығады. Мәселен, «Рәбиғаның махаббаты» повесінде оқушы қыздың өліміне себепкер жайлар сарапқа түсіп, орта мектепте 1973-2001 жылдары мектеп директорының оқу істері жөніндегі орынбасары болып еңбек еткен болашақ жазушыға тыныс-тіршілігі етене таныс ұстаздар ұжымындағы тәрбие мәселелерімен бірге азаматтық жауапкершілік пен батылдық, әрқайсысының таным-табиғатындағы қайшылықтардан уақыттың талабына сәйкес талқыға түскен пенделік белгі-нақыштарды, «Шер тарқату» әңгімесіндегі Көмекбай арқылы бүгінгі күннің өзгерген психологиясын – проблемалық кеңістіктегі ию-қиюды көріп-білеміз. Көріп отырып көксегеніңізге қиялаудың екіталай қиындығын, біліп отырып, әділетке жетудің жан шошырлық машақатын ойлайсыз. Сонымен қабат ұлы болмыстың салмағын, қаусырмалы жарық дүниенің тағдыр үшін таусылмалы тәттісіне еріксіз тамсанасыз. Қалай десеңіз де, сіз – сол шексіздіктің, бәлкім, бір бөлшегісіз, немесе қайталанбас толқынысыз, үмітіңіз бен шүкіршілігіңіз, тіпті келешегіңіз де соны сезінуіңізге сай айқындайтын мақсатыңыз бен қам-қарекетіңізді қалай бағыттауға да байланысты екенін сергек жазушы толқығанын «білдірмей», жарық дүниеге жариялайды.

С.Асылбекұлының проза әлемінің қыр-сырын жете білуі «Қазіргі қазақ повесі» атты докторлық диссертациясына осы жанрдағы ең лайықты туындыларды таңдауы мен талдауына айрықша әсер еткенін атап айтқым келеді. Жасыратыны жоқ, ғылыми-педагогикалық ортаға көп жылдардан бері араласқанда, байқағаным – зерттеулер шығарманың көркемдік деңгейі мен көркемдік логика әлемін нәзік түсіне алмай, лағып кететін сәттер өте жиі. Ортақол (ортанқолдай емес), немесе көпе-көрінеу нашар шығармаларды қазақ прозасының жетістігі деп бағалайтын зерттеулер толып жатыр. Соны көргенде, кешегі ұстаз ағамыз, марқұм ­Зейнолла Қабдолов, бүгінгі Серік Асылбекұлы сияқты әрі жазушы, әрі ғалымдардың қазақ сыны мен әдебиеттануда орны бөлек, шәкірттер үшін таптырмайтын, ілуде-бір университеттің қолы жететін аса қажет ұстаз екенін тағы да ілтипатпен ойлаймыз.

Қаламгер шығармашылығының үлкен бір саласы – пьесалары. Бүгінгі күннің өзекті құбылыстарына зер салған «Рәбиғаның махаббатын» кезінде көрермендер жылы қабылдады. «Желтоқсан түні ызғарлы» («Бір түнгі оқиға») пьесасы бойынша қойылған спектакльге бүгінгі өзекті өмір шындығын шынайы бейнелегені үшін Тараз қаласында 1998 жылы өткен алтыншы Республикалық театр фестивалінің, «Империядағы» туған күн кеші» пьесасы бойынша қойылған спектакльге 2013 жылы Ақтөбе қаласында өткен ХХІ Республикалық театр фестивалінің, сондай-ақ «Күзгі романс» пьесасына Қазақстан Ұлттық кітапханасы мен «Самсунг электроникс» корпорациясының үздік драмалық шығармаларға жариялаған республикалық конкурсында, «Қазақша ашылып сайрау» пьесасына «Рух» халықаралық конкурсында драматургия номинациясы бойынша Бас жүлделер берілді. Бұл пьесалар бойынша қойылған спектакльдер өз елімізде және бауырлас қырғыз елінде жиі қойылып, көрермендердің ықыласына бөлену сыры – драмашының кәсіби біліктілігі, шеберлігінде, бүгінгі қай замандастың да көкейінен кетпейтін, жеке тағдыр мен тұтас ел өміріне әсер еткен дәуірлік мәселелерді нақты образдар арқылы бейнелеуінде.

Бүгінде жетпістің асқарына алқынбай көтерілген, өмірде де, өнерде де тәжірибесі мол дарынын талғампаз әдеби қауым да, сан мың оқырман да құрметпен мойындаған жазушы-драмашы, филология ғылымының докторы, профессор Серік Асылбекұлы қазақ әдебиетіне, шәкірттерді тәрбиелеуге лайықты үлес қосып келеді. Тұғырдан түскен жоқ, құлшы­нысы қожырамаған, қунаған тың, дін аман. Ең бастысы – қазақ әдебиетінде өзінің қайталанбас көркемдік кеңістігін қалып­тастырып, болмыс құбылыстарын байыптау мен бейнелеудің бұған дейін болмаған, жаңа, өзіндік өрнек-үлгісін жасады.

  Бекен ЫБЫРАЙЫМ

 

1585 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы