• Тұлға
  • 23 Қыркүйек, 2021

ЕЛ ТАНЫҒАН ЕГІЗДЕР

АЛАШҚА  МӘШҺҮР АЗАМАТ

Менің Арындар отбасын жақсы тануыма себепкер болған белгілі жазушы-журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев ағам. Себебі Мұхтар Арын аға екеуі ­Алматы облысы Сарқант ауданы Ағарту (Қазіргі Кәкімжан Қазыбай ауылы) ауылының түлегі. Балалық шақтары қиындықпен өткен тау тұлғалы екі азамат көзі тірісінде туған ағалы-інілердей жақсы сыйласты. Талай мәрте ғибратты әңгімелерін тыңдадым. Сол арқылы Мұхтар аға мен ­жолдасы Райхан тәтемді және балалары ­Ерлан мен Нұрланды жақсы таныдым. Қазіргі уақытта ағалар қалдырған сол бір игі дәстүрді біз де жалғастырып келе жатқан жайымыз бар. Енді әңгіме төркінін  әліпби ­бойынша Ерлан Мұхтарұлынан бастайық.

Жалпы Ерлан Мұхтарұлы елге жастайынан ерте танылған азамат­тардың бірі және бірегейі десек, еш қателеспейміз. Себебі ол 1983 жылы ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) Философия және экономика факультетін үздік бітір­геннен кейін  қай салада жүрсе де білімділігімен қоса біліктілігімен және үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен таныла білді. Небәрі 33 жасында экономика ғылымының докторы атанып, 1994 жылы Қазақстан Даму институтының президенті болды. Сонымен қатар, ол – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеу институтының және Қазақстан Даму институтының алғашқы ұйымдастырушыларының бірі. Ғылымдағы жақсы жетістіктері үшін Қазақ КСР Ғылым Академиясының жас ғалымдар кеңесінің қос төраға­сына дейін көтерілді және «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Сондықтан да еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары 1997 жылы оны Қазақстанның қоғамдық-саяси қайраткерлерінің ішіндегі аса көрнекті бес тұлғаның бірі ретінде атады және оған «Жыл адамы» атағын берді.

Шынымен де, Ерлан Мұхтарұлының ғылым мен білім саласына сіңірген еңбегі  зор. Әсіресе 1997-2001 жылдары білім, ғылым, денсаулық және спорт саласы біріктірілген министрліктің бірінші орынбасары қызметінде жүріп, ұлт мүддесі жолында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарды. Ал енді, ғылымдағы жеке табысына тоқталар болсақ, осы уақытқа дейін Ерлан Мұхтарұлының жетекшілігімен экономика мен саясаттанудан 7 докторлық, 29 кандидаттық,  29 магистрлық диссертация ­табысты қорғалды. Бұған қоса «Саясат», «Еуразиялық қауымдастық», «Экономика», «Өлкетану-Краеведение» атты танымал журналдардың негізін қалады және бірінші бас редакторы болды. Сонымен қатар біздің кейіпкеріміздің ғылыми зерттеулері ауқымының өте кеңдігі сонша, экономика, саясат, тарих және мемлекеттік құрылыс теорияларына дейін қамтиды. Атап айтсақ, оның қаламы мен қарымды зерттеулерінің нәтижесінде шыққан 500-ден аса ғылыми және ғылыми көпшілік еңбектері Қазақстан ғана емес, Ресей, Қытай, Чехия, Түркия, Моңғолия, Польша, Австрия, Швейцария, Жапония және француз тілдерінде жарық көрді. Сондықтан да Ерлан Арын жөнінде әңгіме қозғалған кезде оның бойынан алаш азаматы деуге лайық барлық қасиеттерді аңғарасың. Ғалымдығы, қайраткерлігі, ұлтжандылығы, парасаттылығы, мәдениеттілігі, зиялылығы т.б. жетіп артылады. Осылайша, Ерекең жайлы айтар әңгімені тереңнен қозғайтын болсақ, бір газеттің көлеміне сыймайтыны белгілі. Осы орайда, бұл мақалада кейіпкеріміздің, негізінен, өзіміз көзбен көріп, көңілге түйген  ұлтжандылық қасиеттері туралы тілге тиек етуге тырыстық. 

Ерлан Мұхтарұлы еліміздің экономикалық дамуына, білімі мен ғылымына, әдеби-мәдени мұрасына, тарихы мен салт-дәстүрлеріне байланысты жасаған еңбектерінің өзі бір төбе емес, бірнеше төбені құрайды. Әсіресе еліміз егемендігін енді алып, экономикалық қиыншылықтарды бас­тан кешіп жатқан кезде нарықтық экономиканың алғышарттарын жасауға атсалысқан және жұмысшы тобында табысты еңбек еткен ғалымдардың бірі және бірегейі осы Ерлан Мұхтарұлы. Павлодар облысының әкімі ретінде де іргелі инвестициялық жобаларды дүниеге әкелді. Өкінішке қарай, аяқтан шалушылар сол жобаларды аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік бермеді. Осы орайда, осыдан жиырма жыл уақыт бұрын С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің білім деңгейі мен материалдық жабдықталуы қандай еді? Сол оқу орнын қазіргі заман талабына сай биікке көтеріп, қазақ руханиятының иісін сіңірген Ерлан Мұхтарұлы екенін көзі қарақты қауым жақсы біледі. Оның басшылық етуі кезінде студенттер контингенті төрт еседен астамға өсті. Жоғары оқу орнының құрамында колледж, мұражайлар кешені ашылды, 14 ғылыми-практикалық орталықтар құрылды. Сөйтіп, Павлодар мемлекеттік университеті Ұлттық аккредиттеу орталығының жоғары оқу орындарын ранжирлеу қорытындысы бойынша Қазақстанның бес ең үздік көп салалы жоғарғы оқу орнының бірі ретінде мойындалды. Бұған қоса орыстанып кеткен өлкеде ұлтымыздың рухани мұрасын жаңғыртып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бас­тау алуына себепкер болды десек, қателеспейміз. 

Осы жасалған жұмыстарға кезінде аталмыш университетке арнайы іссапармен келген Елбасымыз ­Нұр­сұлтан Назарбаевтың өзі үлкен баға берген болатын. Сонымен қатар Кереку өңірінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесін тұрғызып, ­жиырма томдық шығармалар жинағымен халқын табыстырған, «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы», «Сұлтанмахмұт Торайғыров» энциклопедияларын, қазақтың көрнекті ойшылдары мен ғалымдарының өмірі мен шығармашылығын арқау еткен елу томдық «Рухнама» жинағын,  елу томдық «Қазақ этнографиялық кітапханасын», қырық бес томдық «Қазақ тіл білімінің антологиясын» және он бес томдық «Атамекен» серия­сын шығарған осы Ерлан Мұхтарұлы екенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.  Кереку өңірінде Исабек Ишан хазіретке, Жандарбек әулиеге, Қайса Хазіретке, Уахит Тіленшіұлына кесене тұрғызды. Сондай-ақ атақты Естай ақынның ғашығы болған Қорлан апамыздың Ресейдің Алтай өлкесіндегі жерленген қорымын тауып, басына тас қойғызуды да ұйымдастырған Ерекеңнің еңбегі. Бұлай ету елінің ертеңін ойлайтын, тарихымызды тереңнен түсінетін және бойында ұлттық рухы бар азаматтардың ғана қолынан келетін іс екенінде еш дау жоқ. Олай дейтініміз, қазіргі уақытта ұлттық рухтан жұрдай, өзінің ана тілінде бір ауыз сөз білмейтін, қазақ өнері мен әдебиетіне және баспасөзіне пысқырып та қарамайтын шенеуніктер аз емес. Биліктің басында жүрген сондайларға қарап отырып, еріксізден Ерекең сияқты азаматтардың қадірін түсінесің.

Сөз соңында өзімнің жеке басыма қатысты Ерекеңнің мына бір адамгершілік қасиетіне ерекше тоқтала кеткенді жөн көрдім. Себебі бұл оқиға өзім үшін өмір жолында үлкен сабақ болды. Оқиға былай болған еді. 2000 жылдың маусым айының басы болатын. Тұңғыш қызым Гүлнұр мектепті «Алтын белгіге» бітіру керек деп үміттеніп жүргенбіз. Бір күні ойламаған жерден үйге бейтаныс біреу телефон шалып, «Қызыңыздың шығармасынан бір үтірден қате кетіп қалыпты, «Алтын белгі» алуға мүмкіндік болмауы мүмкін...» деген жайсыз хабарды жеткізіпті. Телефонды кім шалғанын білмейміз. Дереу Алматы қалалық білім басқармасына хабарласып, шығармасын қайта тексертсек, ешқандай қате жоқ. Содан амалдың жоқтығынан сол кезде Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары қызметінде отырған ­Ерлан Мұхтарұлына хабарласып, болған жағдайды айтуға тура келді. Ерекең  болса: «Абыржыма, анықтап білейін, не екенін», – деді де қойды. Алайда Ерекеңнен еш хабар болған жоқ. Қалай дегенмен, сәтін салғанда  бәрі жақсы болып, қызымыз «Алтын белгіге» ілікті, әйутеуір. Өзі ештеңе демеген соң мен де Ерекеңе қайтара хабарласпадым.

Содан 2001 жылы Ерекең Павлодар мемлекеттік университетіне ректор болып тағайындалды. Мен ол кезде «Семей» кеденінде басшылық қызметте болатынмын. «Дереу құттықтап келейін» деп Павлодарға жол тарттым. Өте жылы қарсы алды. Көптен көрмегеннен болар, біраз әңгіменің тиегін ағыттық. Әңгіме арасында баяғыдағы қызымның «Алтын белгіге» байланысты оқиғасы есіме түсіп кеткені бар емес пе. Реті келіп тұрғанда айта қояйын деген ниетпен: «Ереке, қызымның «Алтын белгі» алуына көмек көрсеткеніңізге рақмет» деп көңілімді білдіргенім сол еді, ол жылы жымия күлді де: «Бекен, сенің қызыңның «Алтын белгі» алуына менің ешқандай көмегім тиген жоқ. Шығармасынан ешқандай қате кетпеген. Ол дегенің «пайда тауып қалайық» деген пиғылмен алаяқтардың жасап жүрген ісі ғой. Керісінше, сондай ақылды қыз тәрбиелеген саған рақмет» дегені бар емес пе. Мына сөзді естігенде таң-тамаша қалдым. Ерекеңнің адалдығына, парасаттылығына сүйсіндім. Егерде оның орнында пендешілігі басым басқа біреу болса: «Иә, көмектестім. Өте қиын болды. Шештік қой, әйтеуір...» деп міндетсінетініне ешқандай күмән келтірмеймін. Ерекеңнің осы бір қасиетінің өзі оның тектілігінің, көңілі тұма суындай тұнықтығын көрсетеді емес пе.

Иә, өмір болған соң, өрге шығып сүйінесің, өзекке түсіп күйінесің. Яғни күре жолдың бәрі түзу болмайды. Сол сияқты Ерекең де өмірде біраз әділетсіздіктерді бастан кешірді. Алайда азаматының елге сіңірген еңбегін, ғылым мен білімге қосқан қомақты үлесін және  ұлтжанды пейілін бағалайтын халқының барына шүкіршілік етесің.  «Алпыс – талтүс» дейміз. Ерекеңнің елі үшін бергенінен  берері әлі көп екені сөзсіз.  Оның да өзінің әділетті бағасын алатын күні алыс емес деп үміттенеміз...

 

ӨЗІН ТАЛАЙ МЫҚТЫҒА МОЙЫНДАТҚАН

Есімі елімізге белгілі хирург-дәрігер, медицина ғылы­мының докторы, профессор Нұрлан Мұхтарұлы жайлы әңгіме қозғаған кезде мына бір оқиға есімнен кетпейді. Себебі адам баласы қатты қорыққаны мен қатты қуанғанын ешқа­шан ұмытпайды деген сөз рас екен...

Жалпы коронавирус індеті етек жайғалы бері көпшілігіміз қандай құндылықтарымыздың қадірін білмей жүргенімізді түсіндік. Басымыз ауырып, балтыр сыздаған кезде ғана дәрігердің қадірін мойындадық. Шынымен де, айына миллион доллар жалақы алатын футболистпен салыстырғанда 100 мың теңге жалақыны талғажау етіп жүрген дәрігерлердің алдында басымызды июге мәжбүр болдық. Әсіресе  әлеуметтік желіден көршілес Қытай елінде әскерилер  сап түзеп,  Уханьдағы дәрігерлерге бас иіп тұрған сәтті көргенде  тебіренгенім соншалықты, көзімнен ыстық жастың ыршып кеткенін де байқамай қалыппын. Бұндай қиындықты бастан кешкен адам ғана түсінеді, әрине. Осы орайда, елімізде төтенше жағдай жарияланып, Алматыда карантин енгізілген кезде өз басымнан өткен мына бір оқиғаны тілге тиек ете кеткенді жөн көрдім. Себебі бұл оқиға көп нәрсеге көзімді ашты.

2020 жылдың наурыз айында ойламаған жерден ыстығым көтеріліп, мазасыздана бастадым. Бұндай кезде адамның ойына неше түрлі жаман ойлар ұя сала кететіні бар емес пе. Себебі пандемия дерті есігімізден енді сығалап, одан қалай емделу шаралары толық жетілмей жатқан кез. Былай ойлап қарасам, үйден ешқайда шықпағанмын. Адам топырлаған жерге барған емеспін. Солай болса да дереу «жедел жәрдемге» телефон шалдым. Телефонды көтерген дәрігер: «Дене қызуыңыз қандай?», – деді. Мен 37,5 екенін айттым. Сол кезде: «Бұндай жағдайда жергілікті учаскелік дәрігеріңізге хабарласыңыз», – деп телефон тұтқасын тастай салды. Содан қайтадан телефон шалып: «Коронавирусқа қай жерде анализ тапсыруға болады?», – деп сұрағанымда: «Олимп» зертханасына барсаңыз болады», – деді. Дереу Шаляпин көшесіндегі «Олимп» зертханасына барып, мән-жайды айта бастап едім, олар да: «Бізге әлі тест келген жоқ, ештеңе білмейміз», –  деп тұр. «Енді қайда барып тапсыруға болады?», – десем,  тағы да «Білмейміз», – дейді. Өзім тіркелген емханаға барсам, олар да коронавирусқа анализ алмайды екен. Мен шынымен де шошиын дедім. «Мынау не деген сұмдық? Медицинамыздың жеткен жері осы ма? Біздің дәрігерлер бұл індетті қалай анықтап жатыр сонда?» деген ой жанымды жегідей жеп барады. Кімнен ақыл сұрарымды білмей састым. Ыза болғаным соншалық, психологиялық дағдарысқа түсіп қала жаздадым десем, артық айтқандық емес. Тіпті осыдан тоғыз жыл бұрын қайтыс болып кеткен алтын қолды хирург ағам Нұртас Қазыбаевтың  ақжарқын бейнесі көз алдыма келіп, көңілім бір босап кетті. Осылай салым суға кетіп тұрғанда, аяқ астынан есімі елімізге белгілі хирург-дәрігер Нұрлан Мұхтарұлы Арын ағамның есіме түсе кеткені бар емес пе. Жерден жеті қоян тапқандай қуанғанымды айтсаңшы. Дереу телефон шалдым да, жағдайымды айттым. Мені жақсылап тыңдап болған соң: «Бекен, сен тездетіп зертханаға бар да, биохимияға, жалпы қан талдауына және несепке анализ тапсыр. Соның нәтижесін маған  смартфонға тездетіп жібер», – деп ақыл-кеңесін берді. Дереу емханаға шауып барып, айтқан анализдерді тапсырдым да, дайын бола салысымен Нұрлан Мұхтарұлына жібердім. Нұрекең анализ қорытындысын алып болысымен дереу ем тағайындап берді.

Шынын айту керек, Нұрлан Мұхтарұлы тағайындаған емді бірінші күні қабылдаған бетте дене қызуым бірден тоқтады. Тоңазып жүрген тұла бойым жіпсіп, кәдімгідей жеңілдеп қалдым. Тәбетім ашылып, өзімді жайлы сезіне бастадым. Тура осындай кезде ғана адамның басына әртүрлі ойлар келеді емес пе. Зерделеп қарасам, өзім араласып жүрген ортада дәрігер достарым жоқтың қасы екен. Бар болса да, мықты деп айта алмаймын. Санамда «Бір әулетте бір дәрігер болу керек екен ғой» деген ой да қылаң берді. «Төрт баламның біреуін неге медицина саласына оқытпаған екенмін?» деп те ойладым. Шынымен де, біздің ауырған кездегі тағдырымыз бірінші жаратушы Алла Тағаланың, екінші білікті дәрігерлердің қолында екенін еріксіз мойындайсың. Алайда тұлпардың да тұлпары бар демекші, дәрігердің де дәрігері бар. Егер сол кезде Нұрлан Мұхтарұлы болмағанда кімге хабарласып, кімнен көмек сұрайтын едім? Ал енді, қиналған кезде «жедел жәрдем» станциясы мен емханадағы және зертханадағы жағдайлар анандай болса, басқаға не жорық?

Иә, бүгінгі күні Нұрлан Мұхтарұлы­ның қазақ медицинасына, оның ішінде хирургия саласына сіңірген еңбегі зор. Оның есімі елімізге белгілі де беделді хирургтардың қатарынан орын алатынына ешкім дау айта алмайды. Осы уақытқа дейін 25 мыңнан аса  операция жасап (оның ішінде 5 мыңнан астамы өте ауыр халдегі науқасқа), қаншама адамның қыл үстінде тұрған тағдырына араша түсе білді. Еңбекқорлығы мен білімділігінің және біліктілігінің арқасында 400-ден аса ғылыми мақала, 7 монография, 13 әдістемелік нұсқаулықтың (методическая рекомендация) және 77 өнертабыстың авторы атанды. ­Сонымен қатар тәрбиелеген шәкірттері мен медицина ғылым саласына сіңірген еңбегі де жетерлік. Атап айтсақ, осы уақытқа дейін Нұрлан Мұхтарұлының жетекшілік етуімен 11 кандидаттық, 2 докторлық диссертация қорғалды. Медицинаға сіңірген елеулі еңбегінің нәтижесінде Қазақстан Республикасы «Дарын» мемлекеттік сыйлығының ­лауреаты атанып, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды және «Құрмет» орденімен марапатталды. Әсіресе Нұрлан Мұхтарұлы өзінің әкесі, белгілі әдебиетші ғалым әрі қоғам қайраткері Мұхтар Арын ағамыз туып-өскен Алматы облысының Сарқант ауданында тұратын жерлестерінің денсаулық жағдайын да назардан тыс қалдырмайды. Жасыратын несі бар, ­ауылда тұратын көп адамдардың Алматыға келіп, ем қабылдауға материалдық жағдайлары көтере бермейтіні ақиқат. Сондай кездерде Нұрлан Мұхтарұлы  қатты сырқаттанып жатқан жерлестеріне арнайы барып, қиын да жауапты операцияларды тегін жасағанына өзім талай мәрте куәгер де болдым. Ондай азаматтық екінің бірінің қолынан келе бермейтінін ашық айтқан жөн. Сол үшін де оған жерлестері үлкен құрмет көрсетіп, «Сарқант ауданының Құрметті азаматы» атағын берді.

Ол ешқашан алдына келген науқасты әлеуметтік категорияға бөлмейді. Оған министр де, қарапайым шаруа да бірдей. Былайша айтқанда, екеуі де – пациент. Міне, Нұрекеңнің азаматтығы да, адамгершілігі де сонда. Сондықтан да, біздің бүгінгі медицинада өз ісін жетік білетін және Гиппократтың антына адал Нұрлан Мұхтарұлы сияқты мамандар көп болған жағдайда ғана қазақ медицинасы көгеріп, ондағы көлеңкелі көріністер көзден таса болары шындық.

Жуырда Нұрлан Мұхтарұлымен Алматы облысынан кезекті іссапардан келген кезінде кездестім. Сөйтсем, әкесі Мұхтар Ғалиұлының туғанына сексен бес жыл толу мерейтойына байланысты облыс төңірегінде жиырмаға жуық ауыр оталарды тегін жасап келіпті. Сонымен қатар Сарқант ауданына ат басын тіреп, отыз баланы мұсылманшылық жолымен сүндетке отырғызыпты. Бұл күндері Сарқант ауданында Нұрлан Мұхтарұлы сүн­детке отыр­ғызған бала­лардың саны мың­нан асып кетсе керек. Қазіргі уақытта Сар­қант ауданында сүндетке отырған кез келген бала «Мені мұсылман жасаған профессор Нұрлан Арын аға» деп мақтан тұтады.

Қорыта айтқанда, белгілі ақынымыз Мұхтар Шаханов ағамыздың: «Өзім талай мықтыны мойындадым, Енді өзімді соларға мойындатам» дегені сияқты, Нұрлан Мұхтарұлы да медицина саласында өзін талайларға мойындата білген азамат. Қазақ балалар хирургиясының падишахы атанған Камал Ормантаев сияқты білікті профессорлардан тәлім алған Нұрекеңді  орта буын ғана емес, алдыңғы буын ағалары да мойындайды. Иә, қай салада болсын, өзін мойындата білген адамның ғана тұғыры биік, тұрағы мықты болатыны ақиқат.

Міне, осылайша үстіміздегі жылы бір шаңырақтан шыққан үш профессор, үш тұлға, үш ғалым,  үш дарын және үш қайраткердің мерейтойы бір жылдың арнасында тоғысып отыр. Пандемия жағдайы болмаса, Алатаудың бөктері әнмен тербетіліп, жетісулық жерлестері екі азаматқа ат мінгізіп, көкпар шаптырып, шапан жабатын еді. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» деген емес пе. Алла тағала амандығын берсе, ол күнге де жетерміз. Қалай десек те, қазақ халқы ғана емес, Алаш жұрты қадірлеген осындай азаматтарымыз аман, ел іргесі тыныш  болсын деп тілейік.

Бекен НҰРАХМЕТОВ,

кеден қызметінің полковнигі,

Қазақстан Журналистер одағы

С.Бердіқұлов атындағы

сыйлығының лауреаты

1033 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

оқырман

24 Қыркүйек, 2021

Ерлан Мұхтарұлы -- мықты кісі.

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы