• Тарих
  • 23 Қыркүйек, 2021

МОЦАРТТЫҢ ӨЛІМІ

АНТОНИО САЛЬЕРИДІҢ ОҒАН ҚАТЫСЫ ЖОҚ КӨРІНЕДІ

Әйгілі композитор Моцарттың құпия өлімі жөнінде баспасөзде, басқа да жағдайда көп жазылды. Әсіресе көп зерттеушілер оның өлімін Сальериден көріп, жұрттың санасына сіңіріп жіберді. Тіпті ақындар тым әсірелеп, «Әр Моцарттың өз Сальериі бар» деп те жазатын болды. Онымен қоймай, біз де «Әр Төлегеннің бір Бекежаны бар» деп те жүрміз. Соған қарамастан, кейінгі кезде Бекежан туралы жазыла бастаған зерттеу де бұл сөзге аса сендірмейді. Сол сияқты Монцарт пен Сальериге қатысты соңғы жылдар мұғдарында ашылып жатқан тарихи дерек көздері басқаша сөйлей бастады. 
1791 жылдың күзі Моцарттың шығар­машылығы үшін жемісті болғанымен, денсаулығы аса көңілге қонарлықтай емес еді. Күнкөріс қамымен жұртшы­лықтан көп тапсырыс алған музыканттың берешегі, қарыз-парызы да орасан зор көбейіп кеткен. Тіпті базбіреулер оның үстінен шағым айта бастаған. 20 қарашада ол мүлдем төсек тартып, жатып қалады. Әуелі аяғы, қолы, сосын бүткіл денесі дел-сал тартып, өзін нашар сезіне бастайды. Оны Венаның атақты дәрігерлері Томас Франц Клоссет пен Матиас фон Саллаба емдейді. Бірақ та оның диагнозын анықтау қиынға соқты.

Моцарт төсек тартып жатса да жұрттың тапсырысын орындап, жанталасып жұмыс істеді. «Реквиемнің» бірнеше нұсқасын жазып, хор әншілерін, әйелі Констанцаны шығарманы орындауға дайындады. Аяқтай алмай қалған жағдайда не болатыны жайында да айтып, нұсқау, кеңестер беріп жатты. Әуелде өзін сәл жақсы сезінгенімен, 4 желтоқсанның кешінде қайта әлсіреп кетті. Алайда ол 5 желтоқсанның түнінде көз жұмды. Дей тұрсақ та, оның өлімінің құпиясын уланумен байланыстыратындар көп. Тіпті белгілі басылымдардағы жарияланымдарда да осы жағына көп мән берілген. Әйтсе де, 35 жасында өмірден озып, артында екі баласы қалған Моцарттың қаржылық жағдайы өте төмен еді және көп кісіге қарыз болып кетті. Оның үстіне оны ертесіне 48 сағатқа жеткізбей, шіркеуге апармай жерлеуінде де бір гәп бар еді. Сондай-ақ оның Свитен секілді байшыкеш достары бола тұра қарапайым түрде ғана жерледі. Оның табытын көтеру кезінде бірлі-жарым шәкірттерімен қатар, Венадағы итальян операсының директоры Антонио Сальери де болған. Бірақ бұл адамдарды Моцартқа топырақ салдырмай, Штубентор қақпасының алдынан қайтарған. Жылдар өткен соң кейбір басылымдар оның себебін ауа райының қолайсыздығы және жолдың қашықтығымен байланыстырып жазды. Сондай-ақ басқа бір басылымдар ол кезде күн райының тамаша болғанын жазады. Міне, осындай қарама-қайшы көзқарастар жыл өткен сайын күшейе берді.

Он жеті жыл өткен соң әйелі Констанца күйеуінің басына барады. Оның таңғалғаны, қабірге ешқандай белгі қойылмаған, достары бұл жөнінде жұмған аузын ашпайды. Мәселенің анық-қанығын бір білсе осы біледі деген композитордың көрін қазған молашы, сүйекші де өмірден өтіп кеткен.

Рас, күні бүгінге дейін оның өліміне себепші ретінде Сальериді айтып келді. Итальян композиторларының ішінде тасы өрге домалап, тез танылып, тез байыған адам осы Антонио Сальери еді. Моцарт әкесіне жазған хатында: «Император үшін қазіргі ең ықпалды композитор Сальери болып тұр», – дегені бар. Бұл шақта Венада сәнді итальян және жас неміс операсы арасындағы бәсекелестік күшейіп тұрған кез еді. Оның үстіне солардың арасында үлкен шенеуніктік қызметтегі Сальери көш бастап тұрған. Ол 19 опера жазған. Сондай-ақ Сальери өзінің Моцарттың өліміне қатысы бар екенін мойындады деген қауесет те ел ішін кезіп кеткен. Тіпті ол бұл жөнінде бір монахқа да айтыпты-мыс. Алайда бұл нұсқалардың ешқайсысы да дәлелденбеген және көп қарама-қайшылықтар тудыратын еді. Сальеридің өзінің мойындағаны жөнінде де дерек жоқ. Оның үстіне 1823 жылдың сәуірінде музыкант И.Мошелеске ­Сальери өзінің еш кінәсі жоқ екенін ақ жарылып айтады. М.Корти, Л.Кириллина, С.Нечаев сынды екі композитордың өмірі мен шығармашылығын қопарып зерттеген белгілі сыншылар және басқалар итальяндықтың австралиялықтардан қызғанатын, оның соңының өлімге апарып соғатынына еш негіз жоқ еді дейді. Бұл реттегі белгілі ой-пікірдің басым бөлігі мынаған келіп саяды: Моцартты бүткіл Еуропа өлгеннен кейін танып, ­мойындаса, Сальери тірі кезінде өте ­табысты жұмыс істеген және танымал болған. 1786 жылы Моцарт пен Сальеридің арасында жойқын күй жарысы болып, итальяндық Сальери жеңіске жеткен. Демек, тірі кезінде қарызға белшесінен батып, тұрмыс тауқыметін кешкен, Сальериден жеңіліс тапқан Моцартқа деген қандай бәсеке, қызғаныш болуы мүмкін. Оның үстіне Сальери атақты Л.Бетховен, Ф.Шуберт, Ф.Листің замандасы әрі ұстаз болған адам. Алайда өзінің ұлы шәкірттерін улап өлтіру оның ойына кіріп те шықпаған. Сондай-ақ Моцарттың әйелі Констанца кіші баласын Сальериге музыкалық білім алуға сеніп тапсырар ма еді. Пушкиннің өзі де пьесасында Сальеридің Моцарт өліміне кінәлі екеніне келгенде тек өсек-аяңға жүгінгенін айтады. Мәселен, Моцарттың «Дон-Жуанын» тамашалаған кезде Сальеридің жер тепкілеп ысқырып, айрықша қошемет көрсеткенін де ақын бір сөзінде айтып кеткен көрінеді.

1997 жылы Миланның әділет сарайында Моцарттың өліміне арналған сот процесі өтеді. Осы сотта Сальери жөніндегі күдік жоққа шығарылып, оны ақтайды. Сонда композитор өлі­міне кінәлі кім? Бұл ретте кейбір зерт­теушілер сол кезде Еуропада өршіп тұрған жұқпалы ауру түрлерінен және оның айналасындағы жақын араласқан адамдардың қарым- қатынасынан көп себеп іздейді. Алайда қазір Сальеридің қосақ арасында айтылып кеткені туралы пікір басым.

(«Вокруг света» журналынан, №12, желтоқсан, 2014 ж.)

Моцарттың әйелі Констанца жеңіл­тек, қыдырғанды, көңіл көтергенді ұнатқан адам екен. Ол композитордың ұзақ күндер үйде жұмыс істеуін пайдаланып, оның шәкірті Франц Зюсмайрмен Баден-Баден шипажайына тартып отыратын көрінеді. Демек, оның Зюсмайрмен көңіл қосуын композитордың өліміне бір себепші дейді. Олардың бақытына кедергі болған композиторға осылар тарапынан қастандық жасалуы да әбден мүмкін деседі зерттеушілер.

1788 жылы Сальери өзін шексіз даңққа бөлейтін күлкілі опера жазды. Санкт-Петерборға сапаршылап қайтқан ақын Джованни Баттис Касти «Татар» ­поэмасын жазады. Онда Екатерина ІІ-нің ауласының надандық ғұрыптары суреттелген. ­Алайда жергілікті билік Ресеймен арадағы достық қарым-қатынасқа сызат түседі деп, бұл операны қоюға тыйым салған. «Шешінген судан тайынбас», ­Сальери көп уақыт оздырмай «Татардың ұлы ханы Құбылай» атты опера жазып тас­тайды. Бірақ Петр I заманы болғанымен, бұл да Ресейді әжуалауға арналған туынды еді. Онда жаппай ішкіштік, қатыгездік баяндалады. Сондай-ақ мұжықтардың сақалын күштеп кесу секілді оқиғалар да назардан тыс қалмайды. Бұл поэма мен операның да ғұмыры ұзаққа бармайды. Сальеридің шығармашылығын зерттеуші Марио Корти: «Петр І-нің образын әжуалап көрсеткен Сальеридің операсы туралы Пушкин білді ме екен?! Мүмкін, ол ­«Моцарт пен Сальери» атты пьесасын соған қарымта ретінде жазған болар», – депті.

Қ.ҚАҒАН

 

3004 рет

көрсетілді

18

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы