• Руханият
  • 23 Қыркүйек, 2021

Діндер съезі: Мәмілеге келудің тарихи миссиясы

Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап өткендей: «Қазақстан – дүниежүзіндегі мұсылмандар, православиеліктер, католиктер, протестанттар, буддистер, яһудилер тату тұрып жатқан жалғыз орын. Бәрі бірге жиналып, өздерінің барлық проблемалары туралы айта алатын жалғыз жер».
Қоғамдағы діннің барған сайын өсе түскен рөлін толықтай ұғынған Елбасы Н.Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер форумын Қазақстанның бас қаласында өткізу идеясын ұсынды. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының бірінші съезі 2003 жылдың 23 қыркүйегінде өтті. Бұл идеяны Әлемдік ислам лигасы, Әлемдік еврей конгресі, Ватикан, Орыс православие шіркеуі және тағы басқа толып жатқан діни бірлестіктер мен топтар, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ сияқты халықаралық қауымдастықтар құптап, қатысуға келісім берді. Сөйтіп, аталған съезге Азия, Африка, Таяу және Орта Шығыс, Америка, Канада, Еуропа елдерінен 18 делегация келді. 

Бірінші съездің басты басымдықтары: адам тіршілігінің мызғымас қағидаттары ретінде бейбітшілікті, келісім мен төзімділікті қабылдау; діндер, конфессиялар, ұлттар мен этностар арасындағы өзара сыйластық пен төзімділікке қол жеткізу; адамдардың діни сезімін кикілжіңдер мен әскери іс-әрекеттерді ушықтыру үшін пайдалану талпыныстарына қарсы тұру. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының бірінші съезінің қорытындылары бойынша «Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының Бірінші съезінің Декларациясы» қабылданды.

Дүниежүзілік және дәстүрлі діндердің басшыларын бір үстелдің басына жинаудың өзі үлкен халықаралық деңгейдегі баға жетпес мәні бар мәселе. Өткен замандарда діни айырмашылықтарға байланысты қырғын соғыстардың болғанын тарих теріске шығармайды. Дегенмен сұхбат пен келісімге келудің де өз үлгілері болды. Христиан дінінің әлемдік тарихында ерекше бір оқиға несториандық патриарх Тимофейдің понтификаты дәуірінде (780–819 жж.) болған еді.

Дүниежүзілік діндер съезіне ұқсас шараны XIII ғасырда Қарақорымда Шыңғыс ханның өткізгені туралы нақты емес деректер бар. Дегенмен дінаралық сұхбат мәселесі соңғы жүзжылдықтарда өзекті түрде көтеріле бастады. Христиандар мен мұсылмандардың алғашқы ресми кездесуі 1970 жылы 20 желтоқсанда Ватиканда жүзеге асты. Конфессиялар арасындағы келесі бір маңызды шаралар 1972 жылдың 18 шілдесінде Ливандағы ислам-хрис­тиан кездесуінде, 1974 жылдың 9-15 қыркүйегінде Кордовадағы ислам-христиан конгресінде, 1974 жылдың 11-17 қарашасында Тунистегі христиан-ислам коллоквиумында, 1986 жылы Италияның Ассизи қаласында экумендік бата жасауға көптеген дін өкілдерінің жиналуы діндер арасындағы сұхбатқа жол ашты. Ал Әлемдік және дәстүрлі діни конфессиялардың Бүкілдүниежүзілік съездерінің Нұр-Сұлтанда өткізілуі осы дінаралық сұхбатты одан ары дамыта түсті және бұл үдеріске әртүрлі дін өкілдері мекен ететін біздің еліміз де белсене араласты.

Дүниежүзілік және дәстүрлі дін лидерлерінің екінші съезі 2006 жылдың 12-13 қыркүйегінде Астанада өтті. Екінші съезге дүниенің түкпір-түкпірінен 29 делегация келді, жоғары деңгейдегі діни лидерлер мен қоғамдық қайраткерлер қатысып, әлемдік масс-медианың шоғыры көп болды. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының екінші съезінің тақырыбы «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» деп аталды. Съездің қорытындысы бойынша бекіткен Декларацияда жаһандық бейбітшілікті орнату үдерісіндегі дүниежүзілік дінбасыларының рөлін нығайтуға бағытталған үш жылдық диалог пен бірлесіп істеген жұмыс кезінде қол жеткізілген уағдаластық өз көрінісін тапты. «Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының екінші съезінің Декларациясы» атты қорытынды құжат­пен қатар «Дінаралық диалог қағидалары» қабылданды.

Съезге қатысушылар жер бетіндегі барлық діндер­дің ізгі адамдарына үндеу жариялады. Съезге қаты­сушылар келесі алқалы жиынды үш жылдан кейін Астанада өткізуді бірауыздан мақұлдап, Съездің бұдан былайғы қызметіне қолдау білдіруге БҰҰ Бас Ассамблеясының назарын аудару керек деп шешті.

Дүниежүзілік және дәстүрлі дін лидерлерінің үшінші съезі Астана қаласында 2009 жылдың 1-2 шілдесінде болып өтті. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының үшінші съезінің тақырыбы «Төзімділікке негізделген әлемді, өзара сыйластық пен ынтымақтастықты құрудағы дінбасыларының рөлі» деп аталды. Үшінші съезд алдыңғы съездердің дінаралық үнқатысуды, өзара түсіністік пен бейбіт ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін мойындап, сондай-ақ  хатшылықтың жұмысына ризашылық білдіре отырып, «Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының ІІІ съезіне қатысушылардың үндеуі» атты қорытынды құжатты қабылдады.

Дүниежүзілік және дәстүрлі дін лидерлерінің IV съезі 2012 жылдың 30-31 мамырында Астана қала­сында өтті. Әлемнің 40-тан астам елінен 90-ға жуық делегация келді. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының төртінші съезіне «Бейбітшілік пен татулық адамзат таңдауы ретінде» атты тақырып белгіленді. Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының төртінші съезі және оның секциялық мәжілістерінің тақырыптамасына ислам, христиандық, мультикультурализм, әйелдер мен жастар мәселесі, конфессияаралық келісім, төзімділік және дін саласындағы басқа да өзекті мәселелермен айналысатын беделді де жетекші тарихшылар, саясаттанушылар, исламтанушылар, дінтанушылар және басқа ғалымдар қызығушылық танытты.

IV съезге қатысушылар Жаратушының адам баласына бұйыртқан болмысын, оның қадір-қасиеттері мен ажырағысыз құқықтарын мойындап, адамзаттың жарқын болашағы үшін оның бірден-бір айнымас таңдауы ретіндегі бейбітшілік пен келісімге адал екендіктерін білдірді. Осы жолдағы ізгі бастамасы үшін Қазақстанға ризашылықтарын білдіре отырып, қазіргі әлеуметтік мәселелерді шешудің және жалпыға бірдей бейбітшілік пен өркендеуге қол жеткізудің ықпалды құралдарының бірі дін екендігін түйіндеді.Түрлі діндер мен рухани дәстүрлерді ұстанатын барша адамдардың атынан дінаралық диалог арқылы ілгерілейтін өзара құрметтеуді, түсіністік пен келісімді ортақ құндылықтар ретінде танитынын жеткізді. Бұлардың маңыздылығы XXI ғасырдың екінші онжылдығында адамзат қоғамдастығы сенімге, достыққа, ынтымаққа, әділеттілікке және жасампаздық қызметке деген ұмтылысты жоғалтпайды. Сондықтан әлемнің әртүрлі діндері мен мәдениеттерінің артықшылығын барынша толық пайдалану қажет.

Съезге қатысушылар қоғамның имани-рухани негіздерін нығайтуды және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қайта түлетуді ұсынды және бұлар әлемнің тұрлаулы дамуының шарты адам болмысының мәні мен мақсатын танудың кілті деп танылды. Соған сәйкес, әйел затының отбасындағы және қоғамдағы жасампаздық рөлі ер адамдар мен ұйымдар тарапынан терең құрметтелуі, қадірленуі және қолдау табуы тиіс.

2015 жылдың 10-11 маусымында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V Съезі өтті. Оған дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларымен қатар, БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун, ЕҚЫҰ Бас Хатшысы Ламберто Заньер, басқа да әлемдік тұрғыда беделді қайраткерлер қатысты.

Форумның негізгі тақырыбы бейбітшілік пен даму жолындағы діни және саяси көшбасшылардың сұхбатын бекіту болды. Секциялық мәжілістерде дін мен саясаттың арақатынасы, діни және саяси көшбасшылардың бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы жауапкершілігі, жастар санасының радикалдануының алдын алу сынды көкейкесті әрі маңызды мәселелер талқыланды. Съездің жұмысы экстремизм мен лаңкестікке қарсы күрес, діни білім мен ағартушылық деңгейін арттыру мәселелерін алдыңғы қатарға қойды.

V Съездің ерекшелігі, азаматтық қоғамның ірі институттарының бірі ретіндегі діни ұйымдардың серіктестік бастауы ретінде мемлекетпен диалог орнату мәселесінде күш-жігерді бірлестірудің үлгісін танытумен сипатталады. Қоғамда барған сайын ықпалы арта түскен діни қауымдастықтар күрмеуі қиын мәселелерді шешуде билік органдарымен бірлесе қимылдап, ортақ ұстанымға келе бастады. Съезд жұмысындағы талқылау барысында қазіргі халықаралық жағдайлардағы өркениетаралық диалогтың үлгісіне қатысты концептуалды ұсыныстар айтылды, бұл диалогтың мақсаты мен міндеттері айшықталып, оның субъектілері мен деңгейлері, диалогтың аймақтың негізгі сегменттері анықталды.

Форум жұмысының соңында қатысушылар қорытынды резолюция қабылдады, онда мына мәселелер түйінделген: адамзаттың болашағына деген алаңдаушылық; «дінді бұрмалап түсіндіретін» діни риториканы пайдаланушы экстремизм мен лаңкестікті кеңінен сынау, дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтардың ұмытылу қаупі мен бұрмалануына орай оларды қорғау, дінаралық қарым-қатынастарды орнықтыру мақсатында мемлекет пен діни ұйымдардың диалогы және т.б.

Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алты Съезінде діндер мен өркениеттер арасындағы қақтығысқа қарсы бағытталып, діннің бейбіт сипатта болатынын және әртүрлі діндердің бейбіт қатар өмір сүре алатынын алдыға тартты. Ежелден Еуразияның ұлан-байтақ даласында әрқилы діндер мен мәдениеттердің тоғысында орналасып, дәстүрлі исламның жібінен ұстап, өзіндік мәдениет қалыптастырған қазақ халқының маңдайына осы әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшыларын өз жеріне шақырып, мәмілеге келтірудің тарихи миссиясы жазылған сыңайлы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев билік басына келгеннен бастап өз елінде дінаралық келісім мен сұхбаттың негізінде қоғамның тұрақтылығын басты стратегиялық саясат ретінде ұстанып қана қоймай, бұл мәселенің әрі аймақтық әрі әлемдік деңгейдегі өзектілігі мен маңыздылығын ұғына білді. Нәтижесінде дінаралық сұхбаттың қазақстандық үлгісі халықаралық сахнада ­мойындалып, Қазақстанның жасампаз бастамалары үш жыл ­сайын өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің қорытынды құжаттарында көрініс тапты.

Бақытжан САТЕРШИНОВ,

ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану орталығының

директоры, философия ғылымының

докторы, профессор

Оқан САМЕТ,

исламтану мамандығы

бойынша PhD доктор

2036 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы