• Тұлға
  • 23 Қыркүйек, 2021

АТАМАНДЫҚТАН БАС ТАРТҚАН МҰҚАҒАЛИ

Қазақ өлеңінің хас шебері Мұқағали Мақатаевтың жолы Орал өңіріне екі рет қана түскен еді.
1968 жылдың жайсаң жазы болатын. Алматыдан ақындар Хамит Ерғалиев, Мұқағали Мақатаев, Берқайыр Аманшин келіп, бірден Жымпиты (қазір Сырым), Қаратөбе аудандары бағытына жүріп кетті. Оларға Оралдан ақын Жанғали Набиуллин қосылды. Ақындар екі-үш күннен кейін Оралға қайтып оралды. Мұқағали Мақатаев  Алматыға ұшақпен аттанып кетті де, Хамит Ерғалиев пен Берқайыр Аманшин Оралда екі-үш күндей аялдап, облыс басшысы Шәпет Қоспановпен жүздесіп, қаланы аралап, Жайық пен Шағанға шомылып, біраз мауқын басты.

Мен ол кезде А.С.Пушкин атындағы Орал мемлекеттік педагогика институтын тәмамдап, облыстық «Орал өңірі» газетіне кіші әдеби қызметкер болып жұмысқа қабылданған болатынмын. ­Содан, редакцияның ­жауапты хатшысы, өлеңдеріне ­Тайыр Жароковтың өзі назар аударған кезіндегі «жас пері» Ғарифолла Көшенов (қазір Алматыда тұрады) ақындарға қосшы болуды тапсырды. «Іздегенге – сұраған» дегендей, қуана келістім.

Хамит ақын соғыстың алдында Орал рабфагында (жұмысшылар факультеті) оқып, А.С.Пушкин атындағы Орал пединс­титутында ол кезде жас ғалым және ақын, кейінірек академик Қажым Жұмалиев ұйымдастырып, жетекшілік еткен әдебиет бірлестігінің белсенді мүшесі болыпты. Ал Берқайыр ­Аманшин осы өңірдің азаматы – кезінде біраз уақыт Қазақстан Жазушылар одағының Оралдағы облысаралық бөлімшесін басқарғанын білетін едім. Ол кезде біз мектеп оқушысымыз.

Иә содан, қосшы баланың жағдайы белгілі, бірде ақындармен бірге бола қаламын, бірде қоңыр «Волганың» жүргізушісімен әңгіме-дүкен құрамын.

Хамаң да, Берағаң да Мұқағали ақынның талантын, адамгершілігін жоғары бағалайды екен. Өзара әңгімелерінен осыны анық аңғардым. Неге екенін білмеймін, «жүзге бөлін­геннің жүзі күйсін» деген сөзді Хамит ақын арагідік айтып қалады. «Біздің Мұқа­ғалидың жүрегі үлкен, құшағы кең ғой» деген Берағаңның сөздері есімде сақталып қалыпты.

Қаратөбе ауданындағы «Саралжын» кеңшарының (қазір Мұхит ауылы) тұрғындары ақындарды зор қошаметпен қарсы алса керек. «Оралдан ән оздырған» Мұхит Мерәліұлының жерлестері осал болсын ба, ән мен жыр кезек әуелеп, аса бір әсерлі сауық-сайран салтанат құрған сыңайлы. Арқаланып кеткен ақындар жарыса жыр оқып, жұрт көңілінен шығыпты. Мұқағали ақын табан астынан өлең шығарып, клубтағы кеште дикторға тән дауысымен саңқылдап оқып берсе керек.

Ақбақай деген көл екен,

Аймағы тегіс гүл екен.

Аймалап атамекенін,

Қызғыштар қорып жүр екен.

Саралжын жері дүр екен,

Саралтындардың бірі екен.

Салттары мүлде ірі екен,

Азаматтары да ірі екен.

Махамбет пенен Мұхиттар,

Тірі екен, әлі тірі екен!

Дастарқан басындағы отырыстарда кеңшар директоры, арқалы әнші Ғапар Кереев Мұхит бабасының әндерін шырқайды. Тумысынан сері Хамит ақын да домбыраны безілдетіп, Мұхит пен Бала Ораздың әндерін асқақтатады. Жастары Мұқағали ақынмен құралыптас Қаршыға Бүркітов пен Амантай Сүлейменовтің қонақ күту мәдениеті, ойлы да тапқыр сөздері, еңгезердей дене бітімдері сезімі сергек ақынды тәнті етеді. «Мені Алматыдағы ақын-жазушылар арасындағы ең тұлғалысы дейді. Сендер менен де ірі екенсіңдер», – деп, Мұқағали ақын қос құрдасын құшағына алыпты.

Қазір Мұқағали Мақатаевтың кітап­тарын оқып отырғанымда, сол сапар әсерінен туған шумақтарды кездестіріп қаламын.

Арада төрт жылдай уақыт өтті. Ол кезде облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясы қаланың әрбір тұрғынына жете таныс, сыртқы бейнесі шөгіп жатқан әйдік нарға ұқсас патша заманында қызыл кірпіштен салынған ғимаратта болатын. Қазір мұнда Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония мен Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана орналасқан.

Иә, содан, жұмысқа ертелеу келіп, мәдениет бөлімінің есігін айқара ашып тастап, баспахана бояуының иісі әлі кетіп үлгермеген газетті оқуға кірістім. Қызметкерлер енді-енді келе бастайды. Коридордың бойымен тақтай еденді сықырлата басып, салмағы әжептәуір ауыр адам келе жатты. Біздің арамызда жоқ кісі, кім де болса. Есігі ашық тұрған біздің кабинетке бір ірі тұлғалы адам кірді. Мойылдай қара шашы кейін қайырылған, бидай өңді, толық бетті келісті кісі екен. Мезгіл күз болса да костюмшең, плащы жоқ үстінде. Нұсқаған орындыққа жайғасып, байыпты сәлемдесті қонағым. Бір жерде көрген адамым сияқты, бірақ есіме түсіре алар емеспін. Ол кісінің өзі көмек қолын созды бірінші болып.

– Мұқағали Мақатаев деген ағаңыз боламын, – деді аса ашық дауыспен.

– Иә, иә, кешіріңіз, ағасы. Алғаш­қыда тани алмай қалдым, – деп қалбалақтап жатырмын.

Ол кез Мұқағали ақынның еліне кеңінен танылған тұсы болатын. Баспасөз беттерінде жарияланған өлеңдерін, сол шамаларда шыққан «Қарлығашым, келдің бе?», «Аққулар ұйықтағанда», тағы басқа кітаптарын жұрт іздеп жүріп оқитын еді. Сырттай құлай сыйлайтын ақыным алдымда отыр. Ол кезде менің «Көк майса» атты тұңғыш кітабым жарық көрген болатын. Мұқағали ақынның көзіне қырғыштың қырындай кітапша қайдан түсе қойсын. Ол кісі менің де өлеңмен «ауыратынымды» білмейтін сияқты.

Содан сағат тоғызға таман қызметкерлер жиналып қалды. Редак­ция­ның жауапты хатшысы Ғарифолла Көшенов Мұқағали ақынды Алматыда оқыған жылдарынан біледі екен. Жазушылар одағының кеңесшісі, ақын Жанғали Набиуллин келді. Әңгімелері жарасты олардың. Ғарекең алматылық қонаққа дәм татқызуды ойлас­тырып, телефонға қол созды.

– Ешқайсысыңыздың үйлеріңізге бармаймын. Келіндер қызметте болар,   мазаламаңдар  оларды. Бүгін  жүремін Алматыға, – деді ниетімізді тез түсінген ақын аға. Сонда да біз кеткенше ақынмен бірге болуға ұйғарым жасадық. Ол кезде Москва-Алматы пойызы Оралға күндізгі сағат 15 шамасында келетін.

Мұқағали ақын өлеңдер топтамасын газетке ұсынатынын айтты. Бірнеше парақ машинка қағазына ірілеу әріптермен жазылған жырлар менің қолыма тиді.

Үйткенше-бүйткенше сәске болып қалған еді. Ақын ағаны ортамызға алып, кітап магазиніне келдік. Мұқағали ақын Дантенің «Құдіретті комедиясын» орысшадан қазақ тіліне аударып, кітап етіп шығарған екен. Сол бойда үш данасын сатып алып, әрқайсымызға қолтаңба жазып, сыйлады. Көлемі үлкен, қатырма мұқабасы жұқа кенеппен тысталған және оның сыртынан жоғары сапалы қатырма қағаз «көйлекше» кигізілген сол кітап, қазір біздің үйдегі ең бағалы жәдігер болып есептеледі. Қолтаңбасы төмендегідей: «Айтқали, дәл бүгінгі күннің ескерткіші болсын! М.Мақатаев, 1972 жыл, 17 октябрь».

Уақыт дегенің зулап барады. Қалалық базар аумағындағы шағындау дәмханаға келдік. Мұқағали ақын іссапар жайын әңгімелей бастады. Ол кезде «Жұлдыз» журналының поэзия бөлімінде қызмет істейді екен. Журналды жаздырып алу мәселесімен Астрахань, Гурьев, Орал облыстарына сапарға шығыпты. Астрахань облысының үш ауданында қазақтар өте тығыз қоныстанған ғой. Алыстағы ағайынмен жүздесіп, шаруасын тындырып, Астрахань қаласындағы мейманханаға ат басын тірейді. Аудандарды аралап жүргенде Астрахань теңіз портындағы қаңғыбастар артелі туралы көп естігені есіне түсіп, автобусқа мініп тартып кетеді. Шығармашылық адамына кейде тосын сілкініс қажет қой...

Еділ өзені Каспий теңізіне құярда сан тарауға бөлініп, жеке-жеке салаға айналатын көрінеді. Су үстінде құжынаған кеме, баржа, әрлі-берлі жүйткіген моторлы қайықтар. Даң-дүң, ың-жың дыбыстан құлақ тұнады. Мұқағали ақын сұрастыра жүріп, қаңғыбастар артелін табады. Артель атаманы жас шамасын айырып болмайтын, аузы-басын бір қарыстай түк басқан еңгезердей орыс екен. Артель кеме, баржалардан қолмен көтеруге болатын жүктерді түсіруге жалданып, күн көретін болса керек. Ақын ағамыз тосын бір шешімге келіп, атаманнан артельге алуын өтінеді. Ол көпті көрген қу болса керек, алдында тұрған адамның дене бітіміне, сөйлесу мәнеріне, тілді жетік білуіне үлкен маңыз беріп отырғанға ұқсайды. Сөйтіп, алматылық ақын Астрахань теңіз портында жүкші-амбал болып жұмыс істей бастайды. Ол кезде Мұқағали ағамыз жас, күші кемеліне келген кезі ғой. Әрі соғыс жылдарында, бала кезінде қара жұмыс істеп шыныққаны тағы бар дегендей. Қол қаруы ғаламат, мінезі ашық, тапқыр тілді жаңа жүкшіні басы атаман болып, артельдің бүкіл мүшелері жақсы көріп қалыпты. Айтпақшы, атаман Мұқаңның бір киер киімдерін шешкізіп, жұқа кенептен арнайы тігілген амбалдың кең көйлегі мен шалбарын береді. Ақын ағамыздың жүрісі мүлдем өзгеріп, аюша қорбаң-қорбаң ететін болса керек. Оған жаңа достары «медведь-аю» деген кличка беріпті.

Қаңғыбастар артелі мүшелерінде үй, отбасы дегендер болмайды екен. Мұның себебін сұрау намысқа тиетін әрекет деп есептеліп, тыйым салынса керек. Табыс жоғары. Ішім-жем бастан асып жатыр. Атаман – қожайын. Өзі жұмыс істемейді. Төңкерілген емен бөшке – «тағы». Алдындағы екінші бір төңкерілген бөшке үстінде жейтіні, ішетіні самсап тұр. Әр аптаның жексенбісінде артель мүшелері қомақты жалақы алады атаманның қолынан. Екі тәулік демалыс. Қалаға барып, сал сайранды!

Мұқағали ақын ойлана бастайды. Алматыда отбасы, қызметі, дос-жарандары бар. Іссапардың уақыты әлдеқашан өтіп кетті. Алда әлі Гурьев, Орал тұр. «Ойнадық, күлдік...», осы да жетер деп шешеді. Үн-түнсіз тайып тұруды ыңғайсыз көреді. Жаңа достарына бұл да бауыр басып қалған болатын. Тағдырдың түрлі талқысына түскен жандар ғой олар. «Адамның басы – Алланың добы» ­деген, кім өз тағдырын алдын ала болжай алғандай... Ақын амбал достарының жағдайына түсінушілікпен қараса керек. Содан, атаманнан артельден босатуды сұрайды. Оның ойы бөлек екен. Мұқаңа үлкен үміт артып, өзі доғарысқа шығып, орнына атаман тағайындамақ ниетте екен.

– Аю, сен қол қайратыңа, ақыл қайратың сай адамсың, артельге қатты ұнадың. Басшы болсайшы, – деп үгіттеп бағыпты. Ақыры рұқсатын беріп, банкет жасап, қимай қоштасыпты.

Содан Мұқағали ақын Гурьевте (қазір Атырау) аз уақыт аялдап, журналға жазылу мәселесін Жазушылар одағының кеңесшісі жазушы-драматург Берік Қорқытов ағасына тапсырып, Оралға келген беті екен.

– Облыс бойынша «Жұлдызға» жазылу мәселесін осы отырған өздеріңе тапсырамын, – деді Мұқаң бәрімізді құшағына алғанның ишарасын жасап.

Ақынның Астрахань қаласына қатысты хикаясын дастарқандас болғандардың әрқайсысы әртүрлі қабылдағанын байқадым. Максим ­Горький жазған «Челкаштар» расында да, сол жылдарда ірі қалалардың өзен, теңіз порттарында жиі кездесетін болса керек. Мүмкін, Мұқағали ақын портта жүкші болмаған да шығар. Бізді көңілдендіріп, күлдірейін деген ой тұрды ма көкейінде, кім білсін? Өзім сендім бұған.

Көңілінде бүкпесі жоқ, өте ақжарқын, көпшіл, бауырмал адам ретінде ақын Мұқағали Мақатаев жүрегімнің түкпірінде сақталып қалды. Бұдан соң бұл асқақ тұлғаны көрмедім.

1976 жылы сәуір айының бас шенінде Алматыға Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайына келдім. Ол кезде одаққа мүше болмасам да, үміт күттірген жас қаламгер ретінде шақырту алған едім. Мұқағали ақын бұл кезде қатты науқас, ауруханада жатқан болатын. Жағдайы қыл үстінде деп естідік. Облыстардан келген кексе қаламгерлер көңілін сұрауға, дұрысы қоштасып, арыздасып қалуға топ-топ болып барып жатты. Біз, жастар жағы үлкен ақын жөнді танып-білмейтін болған соң, ыңғайсыз шығар деп, тартынып қалдық.

Ақын Мұқағали Мақатаев қазақ өлеңін тың сапалық биікке көтерді. Өзінің алдындағыларға да, тұстастарына да, соңындағыларға да үлгі тұтар жол тастап кетті. Осынысымен ел есінде қалды.

Айтқали НӘРІКОВ,

ақын, Орал қаласының

Құрметті азаматы

1688 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы