• Қоғам
  • 23 Қыркүйек, 2021

СОЗЫЛМАЛЫ ДЕРТ...

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

«Ana tili»

Тақырыптағы дерт сөзін сырқат деп өзгертсем бе деген де ой келген. Бірақ сырқат жеңіл-желпі тұмау мағынасында да қолданылады. Ал менің айтпағым, кәдімгі «батпандап кіріп, мысқалдап шығатын» дерттер хақында.

Тарихқа үңілсеңіз, үндістер өздерін жаулаған жатжерліктерден дәмін татып көрген арақ деген бәлекетті «отты су» атаған. Студент кезімізде қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы ұлы ұстаздарымыздың бірі Рымғали Нұрғалиев: «Шоқанның білгірлігі Петербургтегі ақсүйектер қауымын таңдандырған. Күнде жиын, күнде той болып жататын салтанатты сарайларда кеу-кеулеген көңілді топтар Шоқанның да ішпесіне қоймаған шығар. Оның үстіне Петербургтің дымқыл ауасы қосылып, ұлы ғалымның өкпесі қабынған», – деген дерек айтып еді.

Қытайдан қоныс аударған, шын мәнінде ұлы жазушы деп айтуға тұрарлық марқұм Жақсылық Сәмитұлының романдарынан, әйгілі Оспан батырдан өзге, әсіресе коминтерн (коммунистік интернационал) жолымен Ресейден оқып келген Шығыс Түркістанның басшылары тегіс арақ ішкенін оқып таңырқағаным бар. Оны жазушының әсірелеуі деп қарамау керек. Мұндай деректерден жаулаушылар отарларын аздырып-тоздыру үшін арақ-шарапты да қару ретінде қолданғанын көреміз.

Өткен жазда үйге жөндеу жұмыстарын жасау қажет болды. Балалар бір кәріс жігітті тауыпты. Ол Өзбекстан азаматы екен. Қазақша мақалдап-мәтелдеп сөйлейді. Ертесінде «Талдықорған жақтың қазағымын» деп біреу көмекке келді. Бір-екі күннен кейін әлгі қазақ жоқ болып кетті. Не болғанын сұрағанымда кәріс жігіт: «Айға ұшып кетіпті», – деп күлді. Ішіп кетіпті дегені. Осылай араға біраз күн салып келген екі қазақ тағы да «Айға ұшты». Шыны керек, намысың келеді. Психологтардың пайымынша, маскүнемдік те құлдық сананың бір көрінісі.

Індет басталғалы «вирусты өлтіреді» деген желеу­мен ішкіштер тіптен көбейгені байқалады. Ол түрлі құқықтық бақылаушы, қадағалаушы органдардың есебінде де жүр. Әлем елдерінде психологтардың, психоаналитиктердің қажеттілігі арта түскен. Америкалық мамандар ковидпен ауырғандардың өзіне-өзі қол жұмсауы (суицид) көбейгенін анықтаған. Ол атың өшкір дертпен ауырғаннан кейін адамдар әсершіл, эмоциясын ұстай алмайтын күйге түсетініне байланысты болса керек. Халық арасында топты жерден айналып өту, бір-бірінен неғұрлым алыс жүріп-тұру әдеті пайда болды.

Суицид де­мек­ші, Қазақ­станда кибер­бул­лингтің құрбандары көбейіп кетіпті. Дәлірек айтқанда, өмірімізге лезде емін-еркін енген әлемжелінің өте қауіпті әсері. Кибербуллингке қарсы Еуроодақ, АҚШ, Сингапур секілді елдер заң қабылдаған. Қазақстанда да сондай заң қабылдануға жақын. Әлемжеліде аталған заң пікір еркіндігін шектейді деген қарсылықтар қаптап жүр. Біздіңше, жаңсақ түсінік таратылуда. Ол заң қоғамға қажет. Қолдау керек. Адамдар бір-бірінің өмірімен, тағдырымен ойнауға болмайтынын білуі, байқап сөйлеуі тиіс.

Әлемжеліде, соның ішінде Facebook-та еліміздің тәуелсіздігіне, ертеңіне алаңдаушылық өте жиі айтылады. Елім, жерім деген шынайы патриоттардың көбейгеніне разы боласың. Дегенмен еліміздің дербестігіне көрші екі империядан да қауіпті адамдар ортамызда жүр. Кейде маған топ-тобымен жүретін қауға сақал, шолтиған балақтар әрқайсысы баяу жарылатын бомбадай көрінеді. Қайсыбір күні баратын жер жақын болғасын, бетпердені кеңсіріктетіп тағып, автобусқа кіре қалдым. Сәл ілгеріде қап-қара киінген, екі көзі ғана ашық бойжеткен тұр екен. Оны көрген бойда бір ата: «Мұның қалай қарағым, қазақ бұлай киінбейді ғой», – деп еді, бір әжей ­дауысын көтеріп: «Қазақ емес шығарсың», – деді. Қыздың қап-қара перденің ар жағынан не дегені жақсы естілмеді. Қолғабына дейін қап-қара қыз шегініп маған жақындағанда «Сириядан келдің бе?», – дедім. Ол менің жақында «Сириядан әкелінген қазақтардың бірі емессің бе», – дегенімді ұқпады ма, «Жоқ, Алматыда туғам. Алматының қызымын», – деді. Дауысы жайбарақат, түк болмағандай. Үлкендер ұрсып жатыр-ау деген қымсыну жоқ. Бұл да, әрине, тәрбиесіздік.

Елімізде діни ағымдар, жемқорлық, Мемлекеттік тіл мәселелері созылмалы дерттер санатында. Діни наным-сенім бостандығы туралы заң болғасын, мемлекет оларды бақылаумен шектеледі. Қытай жемқорларын шетелде жүрсе де еліне күшпен әкеліп жатқанын әлемжеліден көріп отырмыз. Біздің халықтың менталитеті олардан басқаша. Ханзулар өте көп болғасын онда ахуал мүлдем бөлек. Қазақта «тегі жарымаған» деген тіркес бар. Тегінде байлық бар адам өз еңбегімен баюға тырысады. Демек, жемқорлық тексіздерден шығады. Дегенмен отыз жыл бойы ілгері басқан аяғымызды кері кетірген жемқорлық жайлы арнайы заң қабылданып, қатаңдатылса, ертесінде жағдай өзгереді. Сол секілді биліктегі қазақша сөйлей де, жаза да алмайтын қазақтардың орнына қазақша сауатты адамдар барған күні бұл түйін де біржола шешілер еді. Бұл бір жағы кешегі Кеңес Одағының құрамында болған Балтық елдерінің тәжірибесіне сүйенгендік болмақ.

1723 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы