• Қоғам
  • 23 Қыркүйек, 2021

ХАЛЫҚ САНАҒЫ:91 СҰРАҚТЫҢ ТҮЙІНІ

Қарагөз СІМӘДІЛ

«Ana tili»

«Адамзат тарихының ең маңызды қозғаушы күшінің бірі не?» деген сауалға әркім әртүрлі жауап беретіні анық. Дін де, ғылым да, өнер де мойындайтын шындықтың бірі – бәрі де адам үшін, адамдар қоғамдастығы үшін, қоғамдастықтардың басын қосқан мемлекеттердің болашағы үшін. Бұл жолда әр ел халқының санын көбейтуді мақсат тұтты. Әр әулет, отбасы ұрпақ жалғастығы үзілмеуін қадағалады. Демек, қалай айтсақ та, қазақтың қарапайым болып көрінетін «шырағың сөнбесін» сөзі күллі адамзаттың басты ұстанымдарының, негізгі мақсатының біріне айналып келеді. Яки демографиялық фактор адамзат тарихының шешуші жолы. Халық санының көптігі мен аздығы дүниежүзіндегі тарихи оқиғалардың негізгі себебі. 

 

«ШЫРАҒЫ  СӨНБЕГЕН» ҰЛТТАР

Біз өткеннің қойнында қалды дегенімізбен, кәрі тарихта тасқа қашалып жазылған текетірестер, соғыстар, дағдарыстар мен қан­құйлы қақтығыстардың көпшілігінің шешуі «шырағы сөнбеген» ұлт­тардың тағдырына байлаулы. Қазақ қазақ болғалы айтылып келе жатқан «қара қазан, сары бала қамы үшін» деген сөз құлаққа қанша үйреншікті болғанымен де, сол «сары баланың амандығы» ел мұраты жолында соншалықты үлкен аманат екенін осындайда ұғасың. Сөзіміз тым шалықтап кеткендей көрінетін шығар, алайда күллі ұлттың «шырағы сөнбеуі» үшін дүйім қазақ өз жерін қорғап ажал құшты, сансыз қазақ отбасының амандығы үшін маңдай терін тамшылатып тұрып бел жазбай еңбек етті, талай қазақ Тәңірден ұрпағының амандығын тілеп өтті. Өткен мен кеткеннің сол арзу-арманы бүгінгінің қолына жетті. Ертеңгі күні «шырақтың сөнбеуі» бүгінгінің мойнындағы міндет болып отыр. Міне, қарапайым ғана тілмен айтсақ, осы үшін де ұдайы соңымызға қайырылып, ұлт санын, ұлттан мұра болып қалған мемлекетімізді мекендеген халық санын, бейнесін, бары мен жоғын біліп, түгендеп отыру өте қажет міндет.

Қазақтың әзелден бар ұстанымы – бала санын айтпайды. Бірақ бұл сөзді қазақ ұрпағын мүлдем санамағаны деп ұқпауымыз керек. Тірісін былай қойғанда, о дүниелік болып кеткен жақын-жуығының атын атап, түсін түстеп отыратын елдің өз ауылының, руының, ұлысының жалпы санын іштей біліп отырғаны анық. Одан әрірек індетсек, жер жаралып, құрлықтар бетінде адам ұрпағы өрби бастаған тұстан-ақ әркім өз отбасында, әулетінде, аумағында қанша жан басының барын біліп отырғанын, сұрапыл соғыстар мен аштық, індеттерде қанша адамынан айырылып қал­ғанын да түсінгенін байқаймыз. Жер шарының ортақ тұрғыны екенін түсінген адамзаттың ортақ саны мен бет-бейнесін, ұстанымын жекелей санап, жіпке тізу дәстүрі, бүгінгінің тілімен айтсақ, Жалпыұлттық халық санағы Америка Құрама Штаттарында 1790 жылы Томас Джефферсонның басшылығымен ұйымдастырылған. Ол уақытта жиырма шақты полиция қызметкері сансыз көмекшілерімен бірге бүкіл елді, үй шаруашылығын аралап, алты сұраққа (үй иесінің толық аты-жөні, 16 жастан асқан ақ ер-азамат саны, 16 жасқа жетпеген ақ ер бала саны, ақ әйел саны, өзге азат адам саны, құл саны) жауап жинаған.

Одан кейін отыз жыл өткенде Италия, Испания, Англия, Ирландия, Австрия мен Францияда халық санағы өткен. 1851 жылы Қытай, 1871 жылы Жапония, 1897 жылы патшалы Ресей халқын санай бастады. ХХ ғасырдың ортасынан бастап санақ Азия, Африка елдерінде де жүргізілетін болды. Одан әрі жалпыұлттық халық санағының тәртібі Халықаралық деңгейде реттелді. Осылайша, халық санағын жүргізудің негізгі ережелері 1853 жылғы Халықаралық статистикалық конгрестің Брюссель сессиясында әзірленіп, келесі сессияларда нақтыланып, талқыланды. 1872 жылғы Петербург сессиясында халық санағын ұйымдастырудың негізгі принциптері әзірленді, ол принциптер, негізінен, осы күнге дейін маңызын сақтап келеді. Иә, жалпыұлттық халық санағы алғаш жүргізіле бастаған уақытта халық тарапынан түрлі қарсылықтарға ұшырағаны, ол қарсылықтар әлі күнге дейін айтылып келе жатқаны белгілі. Мәселен, патшалы Ресейде жалпыұлттық санақ бірінші рет өткенде шаруалар «бұл санақ салық көлемін ұлғайту үшін» жасалып жатыр деп қауіптенген, ал Еділ бойындағы мұсылмандар өздерін православ дініне жазып жібереді деп күдіктенген.

Сөзіміздің басында АҚШ-та өткен халық санағында ақ адамдардың және құлдардың санын анықтағаны туралы жаздық қой. Сол уақыттан бері жалпыұлттық халық санағының сауалдары да кеңейіп келеді. Мәселен, әлеуметтік ғылымдар кандидаты, зерттеуші Мира Маульшариф Ұлыбританияда 16 жас­тан асқан адамдарға жыныстық бағдары туралы сұрақтар қойылатынын айтады. Зерттеуші жалпыұлттық халық санағының жөн-жосығы, халықаралық тәжірибесі туралы былай дейді: «Санақ деректері – бұл халықтың саны, этникалық құрамы мен тілді білу деңгейі, білім деңгейі мен отбасылық жағдайы, үй шаруашылығының құрамы мен ел тұрғындарының өмір сүру көздері туралы ақпараттың бірден-бір толық және сенімді көзі. Санақта әлеуметтік саясатты жақсартуға қызмет ететін сұрақтарды қамтиды. Мысалы, Ұлыбританияда санақшылар бірінші рет ерікті түрде 16 жастан асқан адамдарға гендерлік сәйкестілік пен жыныстық бағдар туралы сұрақ қойып бастады. Санақ ақпараттары ақпаратты жинау саясатты құруға, қызмет көрсетуге және теңдік принциптерін жақсартуға көмектеседі. Алынған санақ мәліметтері елдің өңірлерінде, қалалар мен ауылдарда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық процес­терді жақсырақ көруге, дәлірек айтқанда, елдің дамуын жоспарлауға және қолдау бағдар­ламаларын іске асыру кезінде қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді»...

Осындайда «Жал­пыұлттық халық санағынан әлеуметтік зерттеулердің айырмашылығы қандай?» деген сауал туатыны анық. «Халық санағы–2021» шарасының ресми өкілі ­Олжас Сайлаубекұлына осы сауалды қойғанда ­мынадай жауап алдық: «Халық санағының әлеуметтік зерттеулерден айырмашылығы – ауқымында. Яғни әлеуметтік зерттеу белгілі бір топқа ғана жүргізіледі. Әлеуметтік ­зерттеуге 20 немесе 40 мың адам қатысты делік. Ал халық санағына мемлекеттің бүкіл азаматтары қатысады. Ұқсастығы – бұл да сауалнама. Яғни халықтың бір бөлігі ғана емес, тұтас мемлекет азаматтары қатысатын формат». Олжас Сайлауұлының сөзіне сенсек, дүниежүзінде де, бізде де Жалпыұлттық халық санағын статистика органдары жүргізеді екен.

КІМДІ САНАЙМЫЗ?

Сонымен, Жалпыұлттық халық санақтары дүниежүзінде шамамен әр он жыл сайын өткізіліп тұрады. Санақты әр он жыл сайын өткізбейтін мемлекеттер де бар. Мәселен, Ливанда санақ соңғы рет 1932 жылы өткен. Ал Украинада жалпыұлттық санақ 2001 жылы өтіп, араға жиырма жылдан аса уақыт оздырып барып, Жалпыұлттық халық санағы 2023 жылы өтпекші. Біздегі санаққа 9,1 млрд теңге жұмсалмақ. Ресми дереккөздердің мәліметіне сенсек, 2018–2023 жылдарға арналған ұлттық халық санағын қаржыландырудың қажетті көлемі 9,1 млрд теңгені құрайды, оның қазіргі уақытта 3,5 млрд теңгесі игерілді.

Сонымен, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов негізгі халық санағын өткізуге дайындық шеңберінде пилоттық халық санағы жүргізілгенін, санақтың әдіснамалық құралдары мен нормативтік-құқықтық актілері әзірленіп, бекітілгенін айтқан болатын. «2021 жылғы 1 маусым мен 30 маусым аралығында тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың мекенжайларын, сондай-ақ оларда тұратын халықтың нақты санын нақтылау бойынша санақтың далалық жұмыстары жүргізілді. Жаппай түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – деген еді Н.Айдапкелов. Ұлттық статистика бюросының басшысы баяндағандай, тұрақты тұрғындар, еліміздің азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар санақтан өтеді. Сондай-ақ  қызметтік міндеттерін орындаумен байланысты шетелде жүрген біздің азаматтар, «Болашақ» бағдарламасы және студенттермен алмасу бағдарламасы бойынша оқитын студенттер,  шетелге демалысқа, емделуге немесе қонаққа кеткен туристер де санақтан өтеді. Қазақстан Республикасына  тұрақты тұруға келген немесе пана іздеген қоныс аударушылар, сондай-ақ 12 айдан аз,  уақытша елде жүрген шетелдіктер де санаққа алынады. 

ҚАЛАЙ САНАЙМЫЗ?

Халық санағын өткізу үшін 91 сұрақтан тұратын 4 санақ парағы әзірленген. Үй шаруашылықтары тұратын адамдар саны, тұрғын үй жағдайлары туралы сұрақтарға ­жауап береді. Үй шаруашылығының әр мүшесі Жеке санақ парағының сұрақтарына жауап береді, ал шетелдіктер елде уақытша жүргендер үшін санақ парағының бланкісін толтыратын болады. Оған қоса, пандемияның табыс деңгейіне әсері, коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық және халықты вакциналау туралы сұрақтар енгізілді.

«Халық санағы–2021» шарасының ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы сұрақтардың ауқымы кеңейтілгенін былай түсіндіріп берді: «Сауалдар аса қатты өзгерді деп айтуға болмайды. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде санақ екі рет – 1999 және 2009 жылдары өтті. Биылғы санақ 2020 немесе 2021 жылдың ғана көрсеткіші емес. 2009 жылдан бергі бет-бейнеміз, санымыз, жағдайымыз қалай өзгерді – соны анықтап береді. Міне, осы үшін қай санақтың да сұрақтарында бірізділік сақталады. Иә, заман талабы өзгеруіне орай кейбір сұрақтар жаңғырып отыруы мүмкін. Мысалы, биылғы санақта әлемдік пандемияға байланысты ковидке қатысты сауалдар қосылды. Одан бөлек, бұрынғы санақтарда «көру, есту, жүру, есте сақтау қабілеттеріңізге байланысты қиындықтарға кезігесіз бе?» деген жалпылама сауал бар еді. Біреудің көру қабілеті нашарлағанымен, есту, жүру қабілеттері дұрыс болуы мүмкін. Сондықтан ендігіде бұл ­сауалдарды кеңейтіп, әрқайсысын жеке ­сауал қылып беретін болдық. Бұл Халықаралық мүгедектік статистика жөніндегі Вашингтон тобының ұсынысымен қосылған сауал. Енді «Денсаулыққа қатысты неге дәл осы сауалдар ғана қойылған?» деген сұрақтың да тууы мүмкін. Себебі адамдар денсаулыққа қатысты басқа жағдайлар мазалағанда көбінесе дәрігерге қаралады екен де, көздің көруі, құлақтың естуі нашарласа немесе есте сақтау мен жүру қабілетінде кінәрат байқала бастаса көп жағдайда дәрігерге барып қаралып, тіркеуге тұра қоймайтын көрінеді. Дәл осы себептермен халық санағында осы тақылеттес сауалдар қойылады. Бұл сауалдар біздегі санақта ғана емес, дүниежүзінің барлық еліндегі санақта қойылады. Санақтың шамамен қай мерзімде өтуі керек екенін БҰҰ жариялайды. Бізде былтыр өтуі керек еді. Пандемияға байланысты кері шегерілді. Былтыр санақ жүргізген мемлекеттер бар. Биыл біздің мәліметіміз бойынша, дүниежүзінің 61 мемлекеті санақ өткізеді. БҰҰ жанында Еуропалық статистиктер конференциясы ұйымы, олардың үлкен кітап қылып шығарған нұсқаулығы бар. Сұрақтардың дені солардың ұсынысы бойынша енгізілген. Бұл да халықаралық деңгейдегі бірізділікті сақтау үшін керек. Халықаралық деңгейде мәліметтер бірізді болуы үшін осы қағиданы ұстанамыз. Мемлекеттер арасындағы көші-қон, халықтың әлеуметтік, демографиялық, экономикалық жағдайын салыстырғанда осы бірізді мәліметтер көп көмек береді. Биылғы санақтың тәуелсіз Қазақстанда өткен екі санақтан айырмашылығы – толық цифрландыруға көштік. Онлайн санақтан өзге, мамандарымыз үй-үйді аралағанда да мәліметтерді қағазға жазбайды. Планшетке толтырады. Қағазбен жұмыс істеу уақыт жағынан тиімсіз, екінші жағынан адами фактор деген бар. Осының барлығы ескеріліп, мәліметтер бірыңғай цифрлық базаға өтетін болады».

Айтқандай, халық санағын өткізу кезінде бүкіл ел бойынша 32 313 адам уақытша жұмысқа орналастырылады. Оның ішінде 6 178 адам 1-30 маусым аралығында өткен санақтың  1-кезеңіне тартылды. Халықтың негізгі санағына 26 135 санақ қызметкері тартылады.

Осы орайда «19 миллион екенімізді барлығымыз білеміз, ендеше ақша жұмсап, азаматтарымызды санаудың не керегі бар еді?» деген көпшіліктің сауалын ресми өкілге де қойдық. «Азаматтардың саны белгілі болса, халық санағын не үшін өткізеді?» деген ­сауал әуелден қойылып келеді. Бұл санақ деген сөздің өзіне байланысты болса керек. Халық санағында азаматтардың санын ғана анықтап қоймаймыз. Халықтың тұрмысы, әлеуметтік жағдайы, экономикалық жағдайы, әр он жыл сайынғы бет-бейнесі осы санақта анықталады. Халық санағы көптеген мәліметтердің кейінгі дереккөзіне айналады. Бұл санақ деректері мемлекеттік органдардың әрқайсының өз саласы бойынша шешім қабылдауы, стратегиялық жоспарлар жасауы үшін де маңызды. Аудандық, облыстық әкімдіктер болсын, ғылыми қауымдастықтар болсын, қоғамдық ұйымдар бар – Жалпыұлттық халық санағының мәліметтеріне қарап шешімдер қабылдайды, ары қарай зерттеулер жасайды. Жалпы «Халық санағы» деген күнделікті айтып жүрген түсінікті нұсқасы ғой. Дүниежүзі бойынша толық ­атауы «Халық және тұрғын үй қорының санағы» деп аталады. Ресей «Перепись население и жилищного фонда» деп жүргізеді», – дейді О.Сайлауұлы.

Олжас Сайлауұлының айтуынша, еліміздегі мемлекеттік тілді білетін азаматтардың нақты санын тек осы Жалпыұлттық халық санағының нәтижесіне қарап қана айта алады екенбіз. «Мемлекеттік тілді қолданатын азаматтар елімізде қанша?» деген сауалды журналистер көп қояды. Міне, тұтас халықтың мемлекеттік тілді қолдану деңгейін анықтайтын зерттеу осы жалпыұлттық халық санағында ғана жүргізіледі», – дейді ол.

БҰЛ САНАҚ НЕСІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ?

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың айтуынша, биыл дүниежүзінің 61 елінде санақ жүргізу жоспарланған. Цифрлық технологиялардың енгізілуіне, процесті автоматтандыруға және қағаз тасымалдағыштардың орнына планшеттерді қолдануға байланысты санақ 2009 жылғы санақтың шығындарына қарағанда 2,6 есе арзан екенін атап өткен Ә.Смаилов: «Халық санағын БҰҰ жариялаған 2020 жылғы халық санағы мен тұрғын үй қорының Дүниежүзілік раунды аясында өткіземіз. Білім беру, көші-қон, табыс, жұмыспен қамту, неке жағдайы, бала туу, бала тууды жоспарлау, тілдерді меңгеру дәрежесі, дінге көзқарас және адамның тыныс-тіршілігін шектейтін факторлардың болуы сияқты мәселелер ­бойынша толық ақпаратты алуға тек жаппай санақ қана мүмкіндік береді. Бұндай деректер мемлекеттік базаларда жоқ», – дейді. Ал санақ аяқталған соң планшеттер мектептер мен ауруханаларға берілетін болады.

Цифрлық қауіпсіздік мәселесі қазіргі күні өзекті тақырыптардың біріне айналғандықтан, бұл санақта адамдардың жеке бас құпиясы сақталуының мән-жайын да білгіміз келген еді. Олжас Сайлауұлы: «Санақ sanaq.gov.kz сайты арқылы жүргізіледі. Ол жердегі берілген мәліметтер шифрланған күйі бірден Ұлттық статистика бюросының орталық серверлер базасына келеді. Ол желі қорғалған. Арнайы протоколдар бойынша қауіпсіздік сертификатын алған. Одан бөлек, ҰҚК қарасты мекеме күнделікті мониторинг жүргізіп отырады. Хакерлік шабуылдардың алдын алу шаралары қолданылған. Ал интервьюерлерден планшет арқылы алынатын мәліметтер толтырылып болған соң өзінше бір электронды контейнер секілді жабылады. Шифрланады. Бірден Орталық серверге келеді. Ал планшеттің ішіндегі өз мәліметті көшіріп алу, біреуге беріп жіберу мүмкіндігі жоқ. Аяқ асты планшетті біреу ұрлап кетсе, оның ішіндегі жеке мәліметтерді көшіріп алу мүмкіндігі жоқ. Интервьюерлермен жеке әңгімелесудің де шарттары қарастырылған. Жеке құпия мәліметтерді үшінші тұлғаларға жарияламау туралы қол қояды. Ол үшін жеке жауапкершілік қарастырылған.  Қосымша Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасы арқылы санақтан өту мүмкіндігі берілетін болады. Бұдан басқа egov.kz электрондық Үкімет сайтының басты бетінде sanaq.gov.kz сілтеме бар, онда сілтеме бойынша өтіп, онлайн ­режимде санақ парақтарын толтыруға болады», – дейді.

Зерттеуші Мира Маульшариф: «Санақ деректері бізге жергілікті билік деңгейіне дейін ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді, бірақ жеке деректер, соның ішінде адамдарды анықтау үшін қолданылуы мүмкін кез келген ақпарат бір ғасыр бойы құпия сақталады», – деген пікірін айтты.

Сонымен, бұл санақ – санақтардың басы да, соңы да емес. Бір нәрсе айқын, осы санақ қорытындысына қарап біз бұрнағы он жылдың кескін-келбетін көреміз, алдағы он жылда қандай болатынымыз туралы стратегиялық шешім қабылдаймыз. Ендеше, өткен мен ертеңнің бейнесіне өтірік қосылып кетпеуі үшін сауалдарға да шынайы жауап бергеніміз жөн.

 

1204 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы