• Ақпарат
  • 20 Қыркүйек, 2021

Ардагерлердің құрметіне футбол турнирі ұйымдастырылды

Бүгін Алматыдағы «Олжа» футбол клубында қаладағы спорт және орта мектеп оқушыларының қатысуымен Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне арналған футбол турнирі өтті.

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Мәңгілік Қазақстан» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Азаматтық борыш» жобасы аясында өткен турнирге 8 команда қатысты. Әр команда 6 ойыншыдан құралды. Алғашқы айналымда жеңімпаздар оңай анықталғанымен, ширек, жартылай, ақтық финалдарда ойындар тартысты болды.

Жоба жетекшісі, Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері Мұхамеджан Әбдібековтың айтуынша мұндай жарыстар жастардың патриоттық рухын көтереді. «Қазір смартфон мен компьютерге телмірген жастар көбейіп, спортпен шұғылданған жастардың азайғаны мені алаңдатады. Қозғалыс – бұл энергияның көзі. Еліміз мықты болу үшін денсаулығы жақсы ұрпақтың саны көбеюі керек» дейді ол.

Жарыс қорытындысы бойынша №39 мектеп-лицейдің оқушылары жеңіске жетті. Екінші орынды №188 мектептің оқушылары иеленсе, үшінші орын жекеменшік «Қайрат» спорт мектебінің түлектеріне бұйырды.

Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, кубоктармен, алғыс хаттармен марапатталып, оны Ауған соғысының ардагерлері Байдәулет Құрманқожаұлы мен Бақытжан Мулинов табыстады.

Құрмет Қарабаев

 

3396 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы