• Тарих
  • 30 Қыркүйек, 2021

ҚЫТАЙ ТУРАЛЫ АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

Мари Маннинен (Mari Manninen) – фин журналисі, Helsingin Sanomat газетінің тілшісі. 2013–2016 жылдар аралығында Қытайда тұрған. Оның осы ел туралы мақалалары Финляндияның ірі мерзімді басылымдарында жарияланған. Батыстың бұқаралық ақпарат құралдары Қытай насихатының құрбанына айналып, Қытайдың идеологиялық аппараты таратқан мәліметтердің жетегіне түсіп кететін кездер де болады. Қытай коммунистік партиясының жетекшілігімен тынбай жұмыс істеп тұрған үгіт-насихат машинасы құрған тұзаққа тіпті ғалымдар да түсіп жатады. Маннинен ханым бұл еңбегінде, біріншіден, Қытай туралы кейбір мифтерді жоққа шығаруды, екіншіден, осы елдің өзгеруге бейім, сан алуан бейнесін ашып көрсетуді көздеген. Бұл еңбекті ағылшын тілінен ықшамдап аударып ұсынып отырмыз. 

Қытайдың 5000 жылдық тарихы бар

Жоқ, олай емес. Ел тарихы комму­нистік партия­ның үдесінен, ориентализмге әуестенгендердің көңілінен шығатындай етіп бұрмаланған.

Қытайдың 5000 жылдық тарихы бар деп, оны өзге елдерден үлкен мемлекет, әлдеқайда көне өркениет екеніне сендіру үшін айтады. Бұл миф 1990 жылдарда пайда болған. Оған дейін елдің «небары» үш-төрт мың жылдық тарихы бар деуші еді.

1996 жылы Қытай Халық Респуб­ли­­касының (ҚХР) төрағасы Цзян Цзэминь Мысырға сапар шекті. Сонда Мысыр мәдениетінің Қытай мәде­ниетінен көне екенін естіген қытай­лықтар ешкімнен кем болғысы келмей, тарихи шежіре­сіне «жетпей жатқан» бірнеше мың жылды қосып жіберген деседі.

Ғалымдар Қытайдың, шынды­ғында, екі мың жылдан асатын тарихы бар деп топшылайды. Яғни Қытай мемлекеті Еуропада Рим империясы қалыптасқан кезде (шамамен сол кезеңде) пайда болған. Осыдан 2000 жыл бұрын Цинь Шихуанди елдегі жауласқан патшалықтардың басын қосып, бір орталықтан басқарылатын мемлекет құрып, өзін Цинь патша­лығының (Қытайдың) тұңғыш билеу­шісі деп жариялаған.

Қытай тілін білсең, 1,4 млрд адаммен тіл табыса аласың

Қытай үкіметі елге ортақ бір тіл бар екеніне сендіріп бақса да, лингвист ғалымдардың пайымдауынша, қытай тілінің диалектілері (жергілікті тілдері) арасындағы айырмашылық француз және испан тілдерінің арасындағы айырмашылықтан кем емес.

Қытай тілі жеті негізгі диалектіге бөлінеді: мандарин, у, кантон (юэ), минь, хакка, гань және сян. Ал енді жазба тілі бәріне ортақ. Қағаз бетіне түскен иероглифтің мағынасы диалект әсерінен өзгермейді.

Көпшілік мандарин тілінде сөй­лейді. Қытай – әртүрлі мәдени-тіл­дік топтар біте қайнасқан ел. Қытай тілі курстарында үйренетініңіз – путунхуа (мандарин негізінде қалып­тасқан ауызекі тілдің ресми стандарты).

Си Цзиньпин – путунхуаны жетік меңгерген алғашқы Қытай басшысы.

Ұлы Қытай қорғаны Айдан көрінеді

Қытайлар осы бір көрікті нысанның тарихын да әдейі боямалап жүр.

Туристер Пекинге келген бойда Ұлы Қытай қорғанын (ҰҚҚ) көруге асығады. Алайда саяхатшыларға арналған ақпараттық материалдардың оқырманды жаңылыстыратыны да рас. ҰҚҚ, біз ойлағандай, теңіз жағалауынан басталып, құрлықтың ішіне қарай еніп, ұзыннан ұзақ созылып жатқан біртұтас, монолитті құрылым емес. Шын мәнінде, қорған көптеген фрагменттерден, тармақ­тардан құралған. Қорғанның көп бөлігі жер бетімен бірдей, тегіс үйінді болып қалған.

Бұл қорғанның ұзындығын да дәл айту мүмкін емес, өйткені оны қалай, қай жерден бастап, қандай бөліктерін қосып өлшеу керек екені анық емес. Біреулер оның ұзындығы 6000 шақырым десе, өзгелері 21 000 шақырым деп жүр. Әдетте туристерді қорғанның Пекин іргесіндегі Базалин немесе Мутяньюй деген жақсы сақталған бөліктерін тамашалауға алып барады. Қорғанның сақталған бөліктерінің көбісі XVI ғасырда, Мин династиясының тұсында тұрғызылған. Қорғанды шынымен ғарыштан көруге болады; адам ғарыш кеңістігін игере бастағанға дейінгі кезеңде ҰҚҚ Айдан да көрінеді деп сенген, мұнысы – жалған.

Жер орбитасында болған ғарышкерлер қорғанды бірнеше жүз шақырым қашық­тықтан көрген, ал Айға дейінгі қашықтық жүздеген мың километрді құрайды. Ұлы Қытай қорғанының 2000 жыл бұрын салынғанын растайтын тарихи деректер жоқ, қорғанның ең ұзын бөлігі, көп болса, 500 жыл бұрын тұрғызылған.

Ұлы Жібек жолы

Бұл терминді неміс географы Фердинанд фон Рихтгофен 1877 жылы үлкен Қытай атласына енген карталардың біріне ат қою үшін ойлап тапқан. Осы жолмен жүрген көпестердің өзі оны «Жібек жолы» деп атамаған. Жалпы Қытай мен Еуропаны байланыстырып тұрған бір ғана жол болмаған; біздің «Ұлы Жібек жолы» деп жүргеніміз – таулы аймақтар мен түрлі алқаптар арқылы өтетін көптеген жолдар мен соқпақтар желісі.

Жібек – осы жолмен тасымалданған ең құнды бұйым болмаған. Аса маңыз­ды тауарлар: алтын, күміс сияқты асыл металдар, хош иісті заттар мен дәрі-дәрмек болған.

Қытай мемлекеттік саясатын жүз жылға жоспарлайды

Батыста қандай да бір іс барысын тоқсан-тоқсанға, ары кетсе бір-бірнеше жылға бөліп жоспарлайды, ал нағыз ұзақмерзімді стратегиялық ойлаудың көкесін қытайлар көрсетеді; олар бірнеше ұрпақ өмірін қамтитын жүз жылға бұрын жоспар құрады ­деген пайым бар. Бұл да – миф. Бұл да ориен­тализм ықпалымен қалыптасқан жалған ой.

Қытайлар өзге халықтардан көреген, білгір емес. 1972 жылы ҚХР үкімет басшысы Чжоу Эньлайдың «Француз революциясына баға беру әлі ерте» деп айтқанына Батыстағылар «Қытайлар 1789 жылғы оқиғаларды баяғы тарих еншісіне айнала қоймаған оқиғалар деп санайды екен» дегендей ой түйіп, қатты таңғалған. Шын мәнінде, Эньлай мырзаның айтқаны XVIII ғасырдағы революция емес, 1968 жылғы көтерілістер жөнінде еді.

Мәселен, 2050 жылды меже еткен кешенді мемлекеттік бағдарламалар Қытайда ғана емес, басқа мемлекеттерде де бар. Қытай үкіметі төтенше шешімдер, шұғыл шаралар қабылдамайды деп кім айтты? Қытай үкіметінің де күтпеген жағдайларға тап болатыны бар.

«Бір отбасы бір бала» саясаты

Бір отбасына бір-ақ бала тууға рұқсат берілген деген мәлімет жалған.

Бала туу қарқынын тежеу мақ­сатында енгізілген аталмыш саясат 1980–2015 жылдар аралығында жүргізілген. Ол аты айтып тұрғанда, қатаң саясат болмаған. Онда жалпы ережеге бағынбайтын, бірыңғай жағдайлар қарастырылған. Мәселен, ауылдық жерлерде тұңғыш бала – қыз болса, ата-анасына екінші бала тууға рұқсат етілген. Шектеулерге қарамай, екі, не одан да көп бала туған отбасылар да аз емес; автор жеті рет құрсақ көтерген анамен танысқанын жазады. Билік ондай балаларды заңсыз туған деп танып, оларға құжат бермеген. Ауқатты отбасылар заңсыз туған әр баласы үшін мемлекетке айыппұл төлеп құтылатын, ал кедейлердің ондайға жағдайы жоқ.

Қытайлар әдепсіз, тәрбие көрмеген

Олардың жүріс-тұрысы, мінез-құлқы еуропалықтардікінен ерекше, әрине. Қытайда болған туристер жергілікті халықтың әдеп сақтауды білмейтінін, өзін дөрекі ұстайтынын көп айтады: кезекте тұрғандардың жанындағыларды шынтағымен итеріп жіберуі, таксистердің дауыс көтеріп, сөз қайтаруы, дүкеншілердің сұраған затты алдыңа лақтырып жіберуі ғажап емес.

Дегенмен қытайлар әдепсіз деген де – миф. Қытай этикетін жеке (үйдегі) этикет пен қоғамдық орындардағы этикет деп екіге бөлуге болады. Көшеде, танымайтын біреуге дөрекілік танытқан қытайлар көршілеріне, үйіне қонаққа кел­гендерге, әріптестеріне барынша ізет­тілік танытып, көңілін аулауға тырысады. Еуропалықтар үйде де, көшеде де адамдарға бірдей қарауға тырысады. Мұны азаматтық қоғам қағидаларының үстемдік құрғанының нышаны деп бағалауға болады. Ал қытайлар үшін туған-туысқандар, жақын адамдар бірінші орында. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, әдепсіздік танытып, шетелдіктердің көзіне түсіп жүр­ген­дердің көбісі – ауылдан келген қара­пайым жұмысшылар, оқымаған қараша халық.

Қытайда социализм салтанат құрып тұр

Жоқ, Қытайға қарағанда Финляндия әлдеқайда социалистік ел.

Скандинавия елдерінде жұмыс­шылар ереуілге шығуға, өзекті қоғамдық мәселелер бойынша ұстанымын ашық білдіруге құқылы; ал халықтың мұқтаж топтары мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы алып тұрады. Қытайда олай емес. Қазіргі Қытай – коммунистік мемлекет емес, коммунистік партия басқаруындағы мемлекет. Онда кәсіподақтардың қызметіне іс жүзінде тыйым салынған, қоғамдық ұйымдардың жұмысына шектеу қойылған, экологиялық нормалар қатаң сақталмайды. Қытайда социализм емес, капитализм, нарықтық экономика салтанат құрып тұр. Кейбір салаларда кәсіпкерлікті дамытуға Батыс елдерінен де жақсы жағдай жасалған. Десек те, ел экономикасының стратегиялық маңызы бар салалары түгелімен мемлекеттің басқаруында. Ел экономикасы әлі де жабық экономика болып саналады.

Ержүрек қытай коммунистері Екінші дүниежүзілік соғыста елді жапон басқын­шы­ларынан азат етіп, жапон әскерін талқандаған

Бұл да – миф. Жапонияға тойтарыс беру үшін, 1937 жылы (елде азамат соғысы жүріп жатқанда) Гоминьдан партиясы ел ішіндегі қарсыластарымен – Қытай коммунистерімен күш біріктірген. Сырттан келген жаумен соғыстың ауыртпалығын Гоминьдан көтерді. Коммунистер болса, жапондықтармен бір-ақ рет ірі шайқасқа түскен, соның өзінде жеңіліп қалған. Жапонияны тізе бүктіруге АҚШ, Франция, Кеңес Одағы сияқты одақтастардың да үлес қосқанын ұмытпаған жөн. Жапония қарулы күштеріне ойсырата соққы берген ел – АҚШ.

Бұл соғыстағы Қытай комму­нистерінің рөлін асырып көрсету елде партия билігін сақтап қалу үшін, «халықты отаршылдық бұғаудан босатқан – коммунистер» деген тарихи пайымды насихаттау үшін қажет.

1989 жылы Тяньаньмэнь алаңындағы көтеріліс туралы алыпқашпа әңгіме көп.

Бұқаралық ақпарат құралдарында Қытай әскері демократиялық ұран тастаған жүздеген студентті атып өлтірген деген мәлімет жиі ұшырасады. 1989 жылдың көктемінде халықтың негізгі демократиялық бостандықтарын қорғауды, сыбайлас жемқорлықты жоюды талап еткен студенттер наразылық акцияларын ұйымдастырған. Көп ұзамай студенттерге жұмысшылар, тіпті әскерилер мен полиция қызметкерлері де қосылған.

Ереуілге шыққандар Пекинде ғана емес, елдің басқа қалаларында да болды. Маусымның үшінен төртіне қараған түні, билік Тяньаньмэнь алаңына жиналғандарды қуу үшін әскер жіберген; сонда қала тұрғындары алаңға бет алған әскерилер мен танкілердің жолын бөгеп, кедергі жасаған. Алаңға жиналғандарды қуа бастағанда, студенттердің көбісі тарап үлгерген. Алаң аумағында бейбіт халықтың қаза тапқан-таппағаны туралы нақты, сенімді ақпарат жоқ. Жүздеген адам емес, бірнеше адам ғана өлген деген болжам бар.

Тибеттіктер ең бейбітсүйгіш халық

Тибет халқының Қытай үкіметінен зәбір көріп отырғаны рас. Алайда тибет­тіктерді иманмен қаптап қойғандай мінсіз деп қана көрсету ағаттық болар. Олардың да қарулы көтеріліске шыққан, зорлық-зомбылыққа жол берген кездері болды.

Тибеттіктердің Қытай үкіметіне қарсы күресін айтқанда, бірден зорлықсыз, бейбіт қарсылық идеясын насихаттап жүрген Далай-лама тұлғасы еске түседі. Тибет хал­қының күресін тек бейбіт шаралармен ғана байланыс­тыратынымыз да содан болар.

Бұған қоса, Батыста Тибеттің діни-мис­тикалық бейнесі бұрында-ақ қалыптасып қойған: Еуропа – материализм құрсауында қалған жер, ал Тибет – рухани құндылықтар құлаш жайған құтты мекен деген образ бар. Сонымен қатар Тибет халқының құқын аяққа таптап, өктемдік еткен Қытай үкіметінің әрекеттерін көріп отырған Батыс аудиториясының қуғында (Үндістанда) жүрген Тибет үкіметі таратқан мәліметке оп-оңай сене қалатыны тағы бар.

Қытайдың басты азығы күріш

Қытайға барсаңыз, күріштен басқа сан алуан тағам түрлерінен дәм татасыз.

Туристер қытай мейрамханаларында етті тамаққа тапсырыс берсе болды, оған қоса буға піскен күрішті тегін әкеледі деп ойлайды. Олай емес, Қытайда күрішке бөлек тапсырыс беру керек; күрішті, әдетте, ас соңында «тоймай қаламыз ба» деген оймен ғана алдырады. Дәстүрлі Қытай тағамдары дегенде, бірегейін бөліп көрсету қиын, өйткені Қытайдың әр провинциясының өзіне тән тағамдары, оларды дайындау тәсілдері бар (мысалы, Кантон, Сычуань, Хунань т.б. тағамдары).

Қытайлардың бәрінің бойы қысқа

Олай емес. Бұған Қытайға өзіңіз барсаңыз көз жеткізесіз. Ерлердің орташа бойы – 1,72 м, әйелдердікі – 1,6 м. Олар еуропалықтар сияқты бойшаң болмағанымен, Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азияның өзге ұлттары секілді аласа бойлы емес. Аты әлемге танылған қытай баскетболшыларын да ұмытпаңыз. Солардың бірі – баскетбол жұлдызы Яо Мин (бойы 2,29 м).

Қытайда қоғамдық ұйымдардың қызметіне тыйым салынған

Шындығында, елде биліктің заң қабылдау жұмысына, қоғамдық пікірге әсер ете алатын миллиондаған белсенділер мен арнайы үкіметтік емес ұйымдар бар. Мұнда азаматтық белсенділік танытуға мүмкіндік бар.

Аталмыш ұйымдар өз қызметінде әдетте көзге көрінбейтін, жария болмайтын әдістерге жүгінеді. Олар Батыстағы азаматтық белсенділер сияқты рұқсат сұрамай, ашықтан-ашық наразылық шеруіне шыға алмайды. Ал лоббистік әрекеттерге бару, бұқара халықтың қатысуымен пікірталастар ұйымдастыру, ақпарттық-танымдық кітапшалар тарату, сотқа шағымдану сияқты іс-шаралар оларға таңсық емес. Қытайда әсіресе эко­ло­гиялық ұйымдардың қызметі өріс алған.

Қытай өнімдері сапасыз

Әлем халқы тұтынатын тауарлар­дың көбісі Қытайда шығарылады. Еуропа мен Қытайда өндірілетін негізгі тұтыну тауарларының сапасы бірдей деуге болады. Аспанасты елінде жасалатын дәрі-дәрмек пен азық-түлік өнімдерінің сапасы төмен болатыны шын, өйткені билік бұл өндіріс саласын Еуропадағыдай қатаң бақыламайды. Қытай автокөліктерінің де еуропалық стандарттарға сай келмейтіні ішкі нарықта сапалы көлік шығаруға стимулдың болмауымен байланысты.

«Жаңа Жібек жолы» (Бір белдеу бір жол) жобасы

Қытайдың ғаламдық жобаны жүзеге асыруға хақысы бар. Батыс елдері өз қамын ойлағанда (отарлау дәуірінде әлемнің өзге елдерін, тұтас бір аймақтар мен құрлықтарды өзінің шикізат көзіне айналдырғанда), Қытайға неге өз қамын ойламасқа?

Батыс державалары кезінде қару мен әскер күшіне иек артса, Қытайдың серіктестеріне ұсынатыны – қыруар қаражат, пайыздық мөлшерлемесі төмен несие. Несиені өтей алмаған борышкердің жағдайы қандай болатыны айтпаса да түсінікті ғой. Мысалы, Қытайдан алған қарызын уақытылы қайтаруға шамасы жетпеген Шри-Ланка Қытайға стратегиялық маңызы бар портты жалға беруге мәжбүр болған.

Қытайдағы БАҚ және цензура

Елдің медиа-кеңістігі, интернет қатаң цензуралық бақылауға алынған. Десек те, интернет дәуірінде қытай азаматының ақпарат алу, ақпарат бөлісу, ойын еркін білдіру сияқты бостандығын газет-журнал, радио-теледидар заманындағы «бостандықпен» салыстыруға келмейді. Партия белгілеген ережелерді бұзбаса, интернетте біраз нәрсені айтуға рұқсат; тіпті саяси тақырыптарды да қозғауға болады, тек билікке сын айтпасаңыз, компартияның беделіне дақ түсірмесеңіз болды.

Тыйым салынған сөздер, сөз тіркестері кездесетін жазбалар, хабарламалар бірден бұғатталады. «Қара тізімге» енген сөздер мен сандар (!): «оппозиция», «демократия», «мен қарсымын», «1984» (билік елдегі өмірді Дж.Оруэлдың антиутопиясына ұқсатқанды қаламайды). Си Цзиньпин елді өмір бойы басқаруға өкілеттілік алған кезде «менің императорым» және «өмір бойы бақылау/аңду» сияқты тіркестерді қолдануға уақытша тыйым салынған болатын.

Алайда қытайлар тапқырлық танытып, тыйым салынған сөздердің орнына эвфемизмдерді, ұқсас/үндес тіркестерді қолдануды үйреніп алды. Мысалы, Си Цзиньпинге қатысты контексте «таққа отыру» деудің орнына «ұшаққа міну» деп жазатын болды (екі тіркестің дыбысталуы бірдей).

Қытай бай ел; Қытай кедей ел

Қытай – әлемнің АҚШ-тан кейінгі екінші ірі экономикасы. Ол 2030 жылға таман бірінші орынға шығады деп күтілуде. Соған қарамастан Қытай өзін дамушы ел деп жүр: бұл оған үшінші әлем елдеріне тиесілі жеңілдіктер алу үшін қажет. Ел байлығын жан басына шақсақ, Қытайдың топ бас­тай алмай қалатыны анық. Мәселен, Халықаралық валюта қоры жасаған бай елдер рейтингінде (барлығы – 187 ел) Қытай 72-орында: Қазақстан мен Науру арасында тұр.

Бұл елдегі долларлық миллиар­дерлердің саны АҚШ-тағы байлардың санынан көп екені рас. Дегенмен Қытайда көп адамның жоқ­шы­лықта өмір сүріп жүргені, олардың күнделікті табысы екі доллардан аспайтыны да өтірік емес.

Дайындаған

Ерлан ЫСҚАҚОВ

2631 рет

көрсетілді

108

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы