• Әдебиет
  • 30 Қыркүйек, 2021

Сырларым бар ала тфаңға ілінген

Ботакөз ҚҰРМАНАЕВА

 

ИМАН КЕРЕК , ӘУЕЛІ !

Асыл мінез күнгейінде пенделік

Қойды бізді адамдықтан кенде ғып!..

Өмір мәнін ұға алмаған көбіміз

Абдырадық жолымыздан сенделіп.

 

Қызғаныш та жегідей жеп жүйкені,

Керілеміз күндестікке сүйкеніп.

Біреу озса, тұз жалатқан күйікпен,

Мысқылдаймыз көре алмаушы күйге еніп.

 

Менмендік те желдей үріп кеудені,

Байқамаймыз бойымыздан кейде мін.

Шен-шекпеннен дәмеленген шапқылау

Өзгертуде надан қып әр бейнені.

 

Сайран салып санамызда күншілдік,

Ағайыннан дәулет көрсек, күрсіндік.

Сырттай сыбап, отқа салдық өштесіп,

Араздастық болмашыға...

О, сұмдық!!!

 

Бақталастық билеп алды сыналап,

Ерлік көрсек, «ездік» дедік кінәлап.

Шақша басты ауырлатты арамдық ,

Жүректі де діңкелетті күнә, дақ...

Қу дүниеге құлқындарды құштар ғып,

Кергілеуде кеуделерді іштарлық.

Жүрегіміз жылылықтан жиреніп,

Албастының арбауына ұсталдық.

 

Пейіл тарлық дендеп алған кеселдей,

Асқынуда... төзбейтіндей еш емге.

Дархан дала кеңдігінен не пайда?!

Ашкөздікпен тұсаулансақ мешелдей!

 

Ей, адамдар!

Иман керек , әуелі!

Имандылық – дертіміздің бар емі!

Жия білсек, құрары анық салтанат

Бар жүректе мейірбандық әлемі!

 

БІР ӨЛЕҢ

 

Мазалаған сауал толы көп түннен,

Көз іле алмай, өртенумен өттім мен.

Сырларым бар ала таңға ілінген,

Сырласуым жоқ мүлдем...

 

Аласұрып таппағаннан бір емін,

Бұлқынады бұлдыр түнге жүрегім.

Сыймағанмен, өз кеудемнен өлең боп

төгілерін білемін...

 

Толқынданған түйдек ойдың өрнегі

Түннен таңға тыныштығын бермеді.

Бейуақта көлбеңдейді бір елес,

Осы ма еді көрмегім?!.

 

Еріп кетпей жетегіне өр күштің,

Төзімімнің тұнбасынан ерте іштім.

Тамырымды тулата алмай талықсып,

Келмейді әсте желге ұшқым!

 

АЛДАМШЫ ӨМІР

 

Өңіміз кейде өтірік сөзбен жарасып,

Жүреміз жаттың сыртынан білмей бал ашып.

Жүректің көзін бойлатпай пейіл өріне,

Жататынымыз-ай,

Өзгелік баққа таласып!..

 

Көрініп тұрған шаттыққа кейде қабарып,

Көре алмай,

Күндеп тұратынымыз да бар анық.

Басқаның жеткен байлығы бітсе, белгілі:

Дүниеге анау кетпейтініміз сап алып.

 

Алдаймыз көзбен...

Алдаймыз жалған сөзбенен.

Бес күнде мынау озғымыз келіп өзгеден.

Ұятты ұрлап, намысты таптап,

Ойпырым-ай!..

Саламыз барды жетуге жерге көздеген!

 

Ар тұнған биік адамдық туын түсіріп,

Жүреміз, рас қой, мейірді кейде ысырып!

Көлгірси мақтап тұлпары озған наданды,

Байлатып қанат, жатамыз көкке ұшырып.

 

Сабырды емес, ашуды жанға дос қылып,

Байқаймыз кейде туыстардан да бос қылық.

Көңілге жақпай, сүйкімсіз болған кей жанды,

Жіберетініміз-ай, тобына жынның қостырып!

 

Селт етпес болдық, үйрендік жалған сөздерге,

Қайғының жасын сүртпейміз көңіл көздерден.

Жауабын таппай, сұрауға кейде қиналам,

Жасаған Ием!

Бар ма өзі жүрек біздерде?

 

ОРАМАЛ

 

Сақтандырған сынығынан жасынның ,

Орамалға ешбір кие жетпейді.

Жалғандағы жебеушісі басыңның –

Жаулық жайлы аңыздарды көп дейді.

 

Орамалың – айғағындай арыңның,

Жаратқанның сыйының ең қымбаты.

Жанардағы сұлулығы жарыңның,

Сүйкімділік сыйған сыр мен сымбатың.

 

Ажарыңды аймыштайтын иманың,

Тектілігің, тең келмейтін өлшемге.

Мың ғасырлық сәнді тәнге жиғаның,

Қай брендке бейіліңді бөлсең де.

 

Жамалыңды жайса жібек бөртпесі,

Суықтарда сәндер сұлу салысы.

Сыналаған сұқ көздерден ертпе сын,

Тұрғанында қазағымның шәлісі!

 

БІР ҰШҚЫН

 

Шілдеде де шырайына шөккен мұң,

Келеңсіздеу жаздың күнін өткердім.

Түн төріне сүт сәулелі Ай қонып,

Күнім батты шұғыласын төккен мың.

 

Жүрегіме жыламсырай жыр сіңіп,

Қарашыққа шағылысты нұр сынық.

Жан құлазып, аласұрды артынша

Кісендеулі көңіліммен күрсініп.

 

Оңайлықпен берілмедім. Қырыспын!

Жанарымнан жалт еткіздім бір ұшқын.

Өзегімнен теппек болған тексіз-ай!

Жылатпақшы...

Жыламауға тырыстым!

 

ШАТ КҮНДЕР

ҚАЙДА КЕШЕГІ?!.

 

Күрсініп Күнім...

Күңіреніп Жердің жүрегі,

Көңілсіз сезім кеудеме кеулей түнеді.

Көктемгі кештің төсінде қалғып төзімім,

Көзіме қарап, қаңғыбас бір күй күледі...

 

Сағыныш солғын сары туын тігіп бұл күнге,

Жүректің барлық бөлмесін кезіп, тінтуде.

Көмейде өксіп, үмітім қалды үндемей,

Жанардың жасын өкпек жел өбіп, сүртуде.

 

Көңілде билеп күдіктің кербез көсемі,

Сағыныш әнін салуда созып неше мың...

Дүние бүгін мүлгуде... мен де дел-салмын...

Апыр-ау, қайда?..

Шат күндер қайда кешегі?!.

 

МЕН

 

МЕН – арманмын

Қалықтар аспаныңда,

Қиялыңа жеткізем қас-қағымда.

Жақын тартсаң... жаныңа жайғасамын,

Алыстасаң... айналам тасбауырға.

МЕН – көңілмін

Көрсетер көктеміңді,

Көрсететін сезімді төккеніңді.

Келешегің болжар ем балшыдайын,

Айтып берсең басыңнан өткеніңді.

МЕН – серікпін,

Түн болсаң, Айыңдаймын.

Сырыңды ашсаң, ұғатын қайыңдаймын.

Жырақтасам, жүк түсіп жүрегіңе,

Жаншылмасын деп сені уайымдаймын.

МЕН – күлкімін

Сыйлайтын әдемі рең ,

Дарақылық дарытпан әдебі кем.

Сен жымисаң, несіне жасырайын?!.

Жүрегіңнен жаныммен дәмелі де ем.

МЕН – жасыңмын

Жанарға ұя салған,

Жүрегіне тамшысын жия салған.

Сезім үшін сөзімді қия алсам да,

Сенім үшін сертімді қия салман!

МЕН – адаммын,

Қайғырам, күлемін де,

Сезімдері жиылған жүрегінде.

Ада болсам адамдық ажарымнан,

Дәл осылай жыр жазып жүремін бе?!

 

АЙМЕН СЫРЛАСУ

 

Қойғанындай әсемдеп қараны ақпен,

Жарық айым, көктегі ғаламат па ең?!.

Сырымды айтам сыбырлап, сеземісің?

Ақ жүзіңе сүйсінем қарап-ақ мен...

 

Ұққандайсың! Не деген мейірімді ең!

Қымсынғандай салам көз қиығын мен.

Саған ашсам сырымды, сенемісің?

Көтерілер көңілімнің күйі бірден.

 

Қателескен менің де тұстарым көп,

Кейде жүрем тек саған ұқсағым кеп.

Тәуліктерге тәуелді түнде өзіңді

Кейде тұрам сезіммен ұстағым кеп...

 

Сеніменен сәулетті мына мекен,

Сен болмасаң, аспан да, сірә, бөтен?

Жан-тәніммен қалайтын сезім кейде,

Сенің төккен сәулеңнің құрағы екен...

1237 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы