• Мәдениет
  • 30 Қыркүйек, 2021

«ҚҰДІРЕТІМ – ҚЫЛҚАЛАМ!»

2021 жылы 17 қыркүйекте Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР және Еуразиялық Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркемсурет Академиясының академигі, ҚР Журналистер одағының мүшесі Жанұзақ Мүсәпірдің «Құдіретім – Қылқалам!» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Аталмыш көрме Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Жолбарыс би Жылқайдарұлының 350 жылдығына, ҚР Көркемсурет Академиясының 15 жылдығына және суретші шығармашылығының 40 жылдығы мен 60 жасқа толу мерейтойына арнап өткізілді.  Адам сезімдерінің нәзік қылын шертетін қасиетті өнер ретінде суретшілікті айтуға болады. Қылқалам шеберлерінің қаншама туындылары қарт тарихтың жүзіне қашап жазылған. Қазақ халқы да суретшілерден кенде емес. Солардың бірі де бірегейі Жанұзақ Мүсәпір қасиетті қара шаңырақ Ә.Қастеев атындағы өнер  музейінде ашылған көрмесі жайлы былай деп сыр шертеді: «Құдіретім – Қылқалам!» деген атының өзі де айтып тұрғандай, менің бүткіл болмысым – осы қылқалам. Ойымда жүрген дүниенің бәрі осы қылқалам арқылы жасалады. Телевидение саласында журналист болуым, кітап жазып жазушы болуым, кино саласында режиссер болуым, жалпы медиада продюсер болуымның бәрінің түп-тамыры – суретшілік, қылқалам арқылы орындалып отыр. Бүгінгі көрмеме 60 картина қойып отырмын. Яғни бұл алпыс жасқа келгенімді аңғартады. Менің арнайы таңдап алған тақырыбым жоқ. Қай жанр болса да сурет сала беремін. ­Мамыр айының алдында Каир қаласында әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған қорытынды көрмем өтті. Сол көрмеге 140-тан аса мемлекеттің қайраткерлері қатысты. Кеше ғана өмірден озған Әбсаттар Дербісәлі ағамыз жанымда бірге жүрді. Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған бес картина осы көрмеде қойылды. Бұл картинаны екі жыл салдым. Әлі де аяқталмаған жерлері бар. Оны өзім білемін. Кескіндемеде аяқтау деген болмайды. Аяқтауға жете алмай өмір сүресің. Жетпей тұрған жерлерін сала беруге болады», – деді.

Көрмені танымал карикатурашы Еркін Нұразхан жүргізіп отырды. «Кезіндегі ұлы суретшілер де талант жағынан жан-жақты болып келген. Ә.Қастеев атындағы музейде көрме ашу – бұл үлкен мәртебе. Міне, осы жерде ашқан көрмеңіз ары қарай жалғасын тауып, үлкен биіктерден көріне беріңіз», – деді ол. Одан әрі келген қонақтарға сөз берілді. Алғашқы сөзді Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің директорының орынбасары Алтынжан Қожамұратова айтып, өз тілегін жеткізді: «Қош келдіңіздер, құрметті өнерсүйер қауым! Алтын уақыттарыңызды бөліп, біздің көрмеге келгендеріңізге рақмет! Бүгін біздің музейімізде өте бір маңызды оқиға болып отыр. Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына арналған және де белгілі қазақстандық суретші Жанұзақ Мүсәпірдің мерейтойлық көрмесі. Сізді музей әкімшілігінің атынан құттықтаймын. Осындай эпидемия­лық кезеңде, ең алдымен, сізге зор денсаулық, сарқылмас шығармашылық шабыт тілеймін. Отбасыңызға аманшылық, бақыт тілеймін. Көрме бүгін бізде ашылып, әрі қарай басқа қалаларға да тарайын деп отыр. Енді бәрі сіздің шығармаларыңызды тамашалай алады», – деп ізгі тілегін айтып, арнайы сертификат табыстады.

Келесі сөз Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өмірбек Жұбаниязовқа бұйырды. «Бүгін ерекше күн. Сіздің шығармашылығыңыздың жан-жақтылық қасиеті бар. Шебер­лігіңіздің арқасында қазақ өнерінің ерекшелігін әлемге көрсетіп келе жатырсыз», – деп мерейтой иесіне Қазақ­стан Суретшілер одағының атынан Құрмет грамотасын табыстады.

Келесі болып сөз алған қоғам қайраткері, Жолбарыс би Жылқай­дарұлы қоғамдық қорының төағасы Омархан Өксікбаев: «Бүгін Алматы қаласының төрінде қасиетті Ә.Қастеев музейінде үлкен мерейлі оқиға болып отыр деп санаймын. Бұл мәдениет саласындағы ерекше оқиға. Себебі өнер адамдарын кейінгі кезде қастерлеп, қасиеттеп, солардың жақсыларын көруге, тамашалауға мүмкіндік болмай кетті. Оның да өз себептері болып жатыр. Осы өнер ордасы өзінің елеулі азаматын төріне шығарып, соның еңбегін елеп, үлкен жақсылықтарға бетбұрыс жасап жатыр екен. Сондық­тан Ә.Қастеев музейінің басшыларына Жанұзақтың ағасы ретінде алғыс айтқым келеді. Осындай үлкен қуанышымен, елеулі оқиғамен Жанұзақ інімді де құттықтағым келеді. Бұл біздің бақ қонған Балқаш өңірінен шыққан тұңғыш мәдениет, сурет саласындағы бетке ұстар азаматымыз. Біз онымен әрқашан мақтанамыз», – деп, ақжарма тілегін білдірді. 

Одан кейін ҚР Парламенті мәжілі­сінің депутаты Азат Перуашев: «Мен мәдениет саласынан алыс адаммын. Бірақ Қазыбек ағаның арқасында сізбен танысып, шығармашылығыңызға куә болып отырмын. Сіздер сияқты суретшілер елімізге керек. Еңбегіңізге табыс тілеймін», – деді. Кейінгі сөзді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса алып, өз тілегін жеткізді: «Біз Жанұзақпен курстаспыз. Талай жылдан бері бірге жүрміз. Бейбіт кезде біз, ең алдымен, мәдениет пен тілді сақтауымыз керек. Бұл көрме жай көрме емес. Бұл қазақтың қасиетті ордасы Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде өтіп жатыр. Парижде Лувр, Санкт-Петербургте Эрмитаж, Германияда Дрезден қалай болса, міне, сол секілді Қазақстандағы қасиетті Ә.Қастеев атындағы музейде екінің бірі бұндай көрме өткізе бермейді. Қолынан келген дарабоз дарын ғана өткізеді», – деді ол.

Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің қызметкері, көрме жетекшісі Сандуғаш Мырзабекова: «Осы көрмеден сіздер қазақ халқының тұрмысына, тарихына байланысты тұрмыстық жанрдағы суреттерді көре аласыздар. «Жүн сабау», «Ата мен бала арасындағы әңгіме» т.б. айтуға болады. Соның ішінде әл-Фарабидің «Балалықтан даналыққа» деген топтама туындысының орны бөлек. Осы шығармаларды көріп отыр­ғанда суретшінің өз халқына деген сүйіс­пеншілігін байқауға болады. Еңбегіңіз жана берсін! Шығар­машылығыңызды бүкіл әлем танысын», – деп ізгі тілегін жеткізді.

«Құдіретім – қылқалам!» көрмесінде суретші Жанұзақ Мүсәпірдің 2010 жылдан 2021 жылдарға дейінгі салған кескіндемелік туындылары қойылған. Олардың арасында тұрмыстық, пейзаж, тарихи, натюрморт сынды кескіндеме жанрлары бар. Солардың ішінде «Көкпар» (2010), «Келі түйген қыз» (2011), «Құрт жайған келіншек» (2012), «Диірмен тартқан келіншек» (2014) сынды халқымыздың көне тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін ұлттық реңктегі туындылары қойылған. 

Жанұзақ Мүсәпір қалалық, облыстық, республикалық көрмелерге қатысқан, бірнеше жеке көрмесін өткізген. Оның картиналары Елорда­дағы Назарбаев отралығында, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының көркемөнер музейле­рінде, Ақмола облысы тарихи-өлкетану музейінде, сондай-ақ Ресей, Қытай, Германия, Польша және басқа да елдерде жеке коллекцияларда сақталған.

Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ

 

1793 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы