• Мәдениет
  • 30 Қыркүйек, 2021

Өнері өрге жүзген жігіт республикамызға танымал дирижер Берік Оразалин хақында

Оның балалық шағы Ақмола облысындағы Қызылту ауданының Кішкенекөл ­ауылында өтті. Баршаға мәлім, бұл ауданда ұлтымыздың мәдениетін дүниежүзіне әйгілі еткен КСРО халық артисі, опера әншісі Ермек Серкебаев, халық жазушысы, «Ақан сері» секілді құнды кітаптың ­авторы Сәкен Жүнісовтердің кіндік қаны тамған. Сонымен қатар осы жердің түлегі Қайыржан Жолдыбаевты да жерлестері мақтанышпен ауызға алады. Ол бұл күндері Германияда ғұмыр кешіп жатыр. Ермек ағасы секілді опера әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

Әкесі Ерназар бұл мектеп қабыр­ғасында оқып жүргенде жергілікті жердегі музыка мектебінің басшысы еді. Талапты жас елді мекенде сегізінші сыныпты аяқтаған соң облыс орталығы Көкшетау шаһарында оқуын одан әрі жалғастырды.

Әке балаға сыншы емес пе? Шаңырақ иесі зейінді ұлының бойындағы өнерге деген шексіз іңкәр­лік пен қабілетті байқады. Өйткені баласының білім ордасының шәкірті кезінде домбыра тартуға ынта-ықыласын көрді. Содан бауыр еті ұлына уақытты босқа жібермей, өнер жолын қуғанын қалады. Ынтымағы жарасқан әулетте үш бала тәрбиеленді. Ағасы Серік, қа­рын­дасы Аида да ата-анасының қам­қорлығы арқасында заманға сай білім алды.

Әкесінің ықпалы және өзінің таудай талабы мен дарынынан да шығар, 1998 жылы Көкшетау шаһарындағы Біржан сал атындағы музыкалық колледжге студент болып қабылданды. Оқытушылар қауымы да мұның келешегінен үлкен үміт күтті. Білікті тәлімгері Дәурен Біржанов өз қамқорлығына алды. Жасөспірімнің музыкаға деген талпынысын жете түсінген ол уақытты босқа өткізбей, өзі таңдаған солист-аспапшы, яғни домбыра прима-шертер мамандығының қыр сырын толық меңгеруге арнауын талап етті. Осы кезеңнің өзінде талантты жас өзінің өнердегі алғашқы сәтті қадамдарымен ұстазын да, өзін тәрбиелеп өсірген ата-анасын да қуанта бастады. Өйткені талмай еңбектенудің нәтижесінде қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы ұйымдастырылған халықаралық «Шабыт» байқауына қатысты. Әділ­қазылар алқасы «Халық аспаптары» номинациясы бойынша сайысқа түскен көкшетаулық бозбаланың шеберлігін жоғары бағалап, лауреат атағымен марапаттады. 2002 жылы өзінің жүрегі қалаған кәсібі «Домбыра прима-шертер» саласы бойынша жас орындаушылардың республикалық XXIV байқауында бірінші жүлделі орынды жеңіп алды.

Жоғары оқу орнында да ұстаз­дардан жолы болды. Бұл жерде оған есімдері республикамызға кеңінен танымал тұлғалар Дүйсен Үкібай мен Абзал Мұхитдиновтар дәріс беріп, қабілетті де табанды шәкірттерін шеберлікке баулыды.

Академияның студенті кезінде Халықаралық «Шабыт» байқауында «Ақ орда» ансамблімен бірге бірінші орынды иеленді. Қазақстанға белгілі «Ақ жауын» мемлекеттік камерлі ор­кестрінің құрамында солист-аспапшы болды. Бұл кез келген жігіттің қолы жете бермейтін арман-ды.

Елордамыздағы әу баста өзі таңдаған жоғары оқу орнын аяқтап, қолына көптен күткен дипломды да алды. Үлкен шығармашылық өмірге аттанатын шақ та келді.

Бұл 2006 жыл болатын. Содан ол мектеп пен музыкалық ­колледжде тиянақты білім алған Көкшетау қаласына табан тіреді. Осындағы Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясына қызметке ­орналасты. Өнер ордасындағы Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақтың халық аспаптары оркестрінде бастапқыда прима-шертер аспабында ойнаса, көп өтпей ұжымда екінші дирижер атанды.

Көкшетаудағы мәдениет саласындағы тәжірибесі мен іскерлік және шеберлік қырлары жоғары бағаланған болуы керек. 2008 жылы сол кездегі ­Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының директоры ­Владимир Рыдченко мұны өнер ордасына қызметке шақырды. Берік Ерназарұлы ұсыныспен келісті. Өйткені Көкшетау мен Қостанай – бұрыннан көршілес жатқан облыстар. Қазақтың өнерін дүние жүзіне әйгілі еткен тұлғалар шығарған қасиетті өңірлер. Табиғаты да бір-біріне өте ұқсас. Өз мамандығын жетік меңгерген, үлкен мен кішінің қадірін білетін, ұлттық салт-дәстүрлерімізге қанық жігітті мәдениет саласында жүрген әріптес ағалары мен апалары құшақ жая қарсы алды.

Қайда болсын өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар деседі. Бұл да жайсаң мінезімен жаңа ортаға тез сіңісіп, филармонияның беделді тұлғасына айналды. Осында бас дирижер болып жұмысқа кіріскен ол қысқа мерзім ішінде білікті де білгір азамат екендігін дәлелдеді.

Аталған кезеңде жаңадан құрыл­ған қазақ оркестрінде дәулескер күйші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Назымбек ­Молдахметов көркемдік жетекші болатын. Екеуі тек әріптес қана емес, ағалы-інілідей болып түсінісіп кетті. Назекең оған білгенін үйретіп, бауырмалдық танытты. Екеуі қазақ ор­кестрін қай жағынан болсын көтеріп, ұлтымыздың руханиятын ас­қақ­татуға айтарлықтай еңбектерін сіңірді.

Бертін қайраткер азамат ­Назымбек филармония басшылығына тағайындалды. Мұның жауапкер­шілік жүгі бұрынғыдан да арта түсті. Репертуарлары тың дүниелермен толықты. Қазіргі көмекшісі, яғни екінші дирижер Аслан Өтебаевтың да ұмтылысы мен шеберлігі жұрт­шылықты тәнті етеді.

Артта қалған 2010 жыл бұлар үшін жемісті болды деп нық сеніммен айта аламыз. Ақтөбе шаһарында ұйымдастырылған Халықаралық «Жұбанов көктемі – 2010»  халықаралық фестивалінде жұлдыздары жанып, екінші дәрежелі лауреат атанды.

Сөйтіп, көршілес жатқан қазақ­тың қаймағы бұзылмаған облыстан үлкен жетістікпен оралды. Жан-жақтылықты қажет ететін мәртебелі кәсіпті шебер игерген бұл арада бір жыл өткен соң өткен көрнекті композитор, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев атындағы дирижерлер арасындағы халықаралық байқауда дипломат атанды. Бұл сәт мәңгілік жадында сақталып қалды. Сол жылғы қыркүйек айында «Көкшетау – тал бесігім» деп аталатын халықаралық дәрежедегі фестивальда да жақсы қырымен көзге түсті. Мұның өмірінде 2012 жыл да ерекше орын алады. Өйткені бас қаламызда ұйымдастырылған үш облыстың мә­дениет күндерінде «Қостанай-Қызылорда-Шымкент» облыстарының бірік­тірілген оркестріне дирижерлік етті.

Бұл еліміз үшін аса маңызды өнер мерекесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында концерт қою, көпке танымал оркестрлерді бір ырғаққа бейімдеу айрықша қабілет пен біліктілікті қажет етеді. Мамандығына деген ерекше талпынысынан да болар, осыдан сегіз жыл бұрын Атырау қаласында өткен ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 190 жылдығына арналған іс-шарада 1000 адамнан тұратын оркестрге дири­жерлік етуі де көп жайдан хабар беріп тұрған жоқ па? Берік Ерназарұлының мәдениетімізге сіңірген ерен еңбегі бұдан басқа да халықаралық және Қазақстандағы ұйымдастырылған қаншама беделді байқаулар мен фестивальдарда да өзіне лайықты бағасын алды. Кейіпкеріміздің тікелей қатысумен өткен Ресейдің Магнитогорск қаласындағы «Еуропа-Азия» халықаралық фестивалінде оркестр бас жүлдені жеңіп алды. Талдықорған шаһарында ұйымдастырылған талантты композитор Мұқан Төлебаев атындағы халықаралық байқауда «Алтын таяқша» номинациясы бойынша бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ Башқұртстан Республикасының орталығы Уфа қаласындағы халықаралық байқауда да оркестрдің бірінші дәрежелі лауреат атағын алғандары да күні кеше сияқты.

Басқа да марапаттар мен өнердегі табыстар жөнінде мақтанышпен ауызға алуға болады. Оның кеудесіне тағылған Қазақстан Респуб­ликасы Конституциясы – 25 жылдығына арналған мерекелік медальдар және Мәдениет және спорт министрлігінің, облыс және қалалық әкімдіктердің, облыстық мәдениет басқармасының Құрмет грамоталары оның кәсіби шеберлігі мен жоғары біліктілігіне, азаматтық тұлғасына, қайраткерлік қырларына берілген марапаттар десек орынды болар. Ол 2017 жылы өңірдегі меценаттар клубы тағайындаған «Шабыт» сыйлығының да лауреаты. «Театр және концерт мекемесінің үздік қызметкері» атанғаны да көпке аян.

Қостанайлықтар өз ісіне тиянақты жігіттің ұйымдастырушылық, іскерлік қырларына да жете қанық. Халықтың үлкен құрметіне бөленген мәдениет саласының саңлағы облыс орталығындағы түрлі деңгейдегі концерттердің басы-қасында болып, «Мирас» ансамблінің жетекшісі ретінде де руханият саласын бағалайтын қауым арасында беделге ие. Өйткені осы өнер ұжымы 2013 жылы Елордамыздағы халықаралық байқауда өздерін жақсы жақтарынан көрсетті. 

Оның басқа да өнегелі қасиеттері еленіп, кезінде қалалық білім бөліміне қарайтын №1 балалар мектебіне басшылық етті. Шаһардағы ұл мен қыздардың бойындағы өнерге ­деген іңкәрлікті оятып, олардың республикалық деңгейде жарқырап көрінуіне қолдан келген барлық жағдайды жасады.

Өз қызметіне адал, жүрегі елім, халқым деп соғатын азаматты халық та дер кезінде көре білді. Осы сөзіміздің жарқын айғағы ретінде оның Қостанай қалалық мәслихатына депутат болып сайланғанын да талантын жоғары қоятын әріптестері жақсы біледі.

Қостанай ол үшін туған жеріндей болып кетті. Қазақтың сүйікті де аяулы қызы Жанармен тағдырын қосты. Келіншегі – облыстың Жітіқара өңірінің тумасы. Қарындасымыз да ­жастайынан өнер жолын таңдады. Қазіргі таңда қаладағы музыкалық мектепте ұстаз. Ол балаларға домбырадан дәріс беріп, «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, ұл мен қыздардың бойындағы қарым-қабілеті мен дарынын ұштауға ықпалын тигізіп келеді.

Бұл айрандай ұйыған тату-тәтті отбасында үш бала тәрбиеленіп жатыр. Тұңғыштары Аружан, ата-анасынан дарыған болуы керек, музыкаға жаны құштар. Қазірдің өзінде флейтада шебер ойнайды. Облыстық байқауға қатысып, бірінші орынды жеңіп алып, әке-шешесі мен ұстаздарын шексіз қуанышқа бөледі. Алдағы уақытта республикалық деңгейдегі жарыстарда топ жарады деген үміттеміз. Одан кейінгі Ерасыл – бес жаста. Тәтті қылықтарымен отбасының бақытын шалқытып жүр. Сүт кенжесі Ибраһим – әлі кішкентай сәби. Отағасы оның есімін қазақы ырыммен ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай бабасындай ұлт мақтанышы болсын деген ізгі ниетпен қойыпты.

Бұл күндері облыстық филармо­ниядағы қазақ оркестрінің құрамында 45 адам жұмыс істейді. Оның көркемдік жетекшісі Батырбек Байназаров – Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, талантты қобызшы. Ұжымдағы әрбір аспаптарда ойнайтын замандастары жанына жақын.

Жақында филармонияның бұрынғы басшысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші, марқұм Назымбек Молдахметовтің есімі ұжымдағы қазақ оркестріне берілді. Бұған өңірде қуанбаған адам жоқ. Мұндай құрметке ол әбден лайықты.  

Оразалы ЖАҚСАНОВ

1582 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы