• Руханият
  • 30 Қыркүйек, 2021

НЕПЛЮЕВТЕ ОҚЫҒАН ҚАЗАҚТАР

1860 жылы Санкт-Петербургқа барған 
Кіші жүз депутациясының  өкілдері

Орынбор қаласындағы Неплюев әскери училищесі уақытында Ресей империясының шеткері аймағы Орынбор өлкесі үшін әскери мамандар даярлау мақсатында ашылған оқу орны. Империя аймағында «бұратана» саналатын қазақ балалары оқи алатын алғашқы оқу орны осы – Неплюев әскери училищесі. 1825–1866 жылға дейін оқу орнын 35 қазақ баласы бітірген. Өз кезегінде әр жылдары бұл әскери-оқу орнының атауы мен мәртебесі әскери училище (1825 ж.), кадет корпусы (1844 ж.), әскери гимназия (1866 ж.), Орынбор Неплюев кадет корпусы (1882 ж.) болып өзгеріп отырды. 
1825 жылдың 2 қаңтары күні Орынбор Неплюев әскери училищесі салтанатты түрде ашылып, бұл күн жыл сайын дәстүрлі түрде оқу орнының басты мереке күні ретінде атап өтілетін болды. 1825 жылғы 15 қыркүйек күнгі «Русский инвалид» газетінде училищенің салтанатты түрде ашылғаны жөніндегі мақала жарияланған. Бір қызығы, училищенің ашылуына Кіші орда ханы Шерғазы хан бір топ игі жақсыларымен бірге қатысқан. ­Газет «...Түнгі 11 сағатта училищеге арнайы бөлінген үйге ұлы мәртебелі тақсыр, Орынбор әскери генерал-губернаторы, инфантерия генералы Эссен, жоғары мәртебелі Кіші орда ханы Шерғазы Айшуақов, Орынбор азаматтық губернаторы (Г.В. Нелидов – А.А.), генералдар, азаматтық және әскери шенеуніктер, қаланың құрметті тұрғындары және бірталай азиат өкілдері қатынасты. Залда училище түлектері сап түзеп тұр. Олардың алтауы әскери училищенің көк түсті казак киімін, ал жақын маңда Ішкі ордадан келген үш қырғыз (қазақ – А.А.) өз киімдерін киген. Алдыңғы алтауына қазынаның киімі әскери губернаторы тарапынан қарастырылған.

...Келесі бір бөлмеде жоғары мәртебелі Шерғазы хан Айшуақов, шараға қатысушылар мен тәрбие­ленушілердің қатынасуымен қаланың ахуны мұсылмандық жолмен құдайға құлшылық етті. Құран оқылып болған соң татар тілінің мұғалімі Абсалямов жиылған жұртшылық алдында татар тілінде сөз сөйлеп, Ұлы мәртебелі тақсыр, императорға өзіне қарасты әртүрлі дін жолын ұстанатын, түрлі тілде сөйлейтін өлкедегі халыққа білім беруге ерекше назар аударғанына аса ризашылығын білдірді», – деп жазды. Газет мақаласында аталатын алғашқы шәкірттер Карл Адольф Вернеке, ­Михаил Дыньков, Мартиниан ­Иванов, ­Салихджан Кукляшев, Александр Юрасов, Лев Плотников, Көпболсын Қарауылов, Әміржан Хұсайынов (Жәңгір ханның балдызы), Құшаққали Шығаев. Бұл мәліметті орынборлық ғалым тарихшылар В.Г.Семёнов және В.П.Семёнова архив деректері бойынша түзген (Семёнов В.Г., Семёнова В.П. Оренбургский Неплюевский кадетский корпус. История в лицах / – Оренбург: ООО «Оренбургское книжное издательство имени Г.П.Донковцева», 2017. – 510 с.).

 Кейін оқу барысында тұңғыш училище директоры инженер-полковник Г.Ф.Генс Жәңгірге жолдаған үшбу хаты арқылы қазақ сахарасынан білім алуға келген балалар туралы «Ордадан келген балалар оқуға алғыр, тәрбиелі, олардың арасындағы ең үздігі – Көпболсын Қарауылов. Ол өзгелерден озық, өте зейінді, сабырлы да кішіпейіл» деп ханның назарына береді.

Оқу орны 1844 жылы Орынбор Неплюев кадет корпусы болып қайта құрылып, бұрынғы «европалық» және «азиялық» деген атауға ие екі бөлім 1-2 эскадрон болып аталатын болды. Бұл оқу орны негізінен Азия халықтарын отарлауға қажетті мамандар даярлау мақсатын көздегені белгілі. Алғашында арнайы жабық оқу орны болғандықтан, қазақ балалары оқуға қабылданбады. Патшалы Ресейдің Қазақстан мен Азия елдерін отарлау саясатын жүргізу мақсатында кадет корпусында еуропалық және азиялық екі эскадронның біріне, яғни азиялық эскадрондағы 30 орынға қазақ ақсүйектері мен старшындарының балаларын қабылдауға рұқсат берілді. Ал 1868 жылы патша үкіметі мұндай оқу орнында қазақ балаларын оқыту қауіпті деп есептеп, қазақ балаларына бөлінген 30 шәкіртақыны жойды. Осыған ­байланысты қазақтар ерікті түрде өз қаражатымен оқитын болды. Бұдан кейін корпуста қазақ балаларының саны күрт азайып, бірен-саран ірі байлардың балалары ғана бітіріп шықты. Оқу орнында өз заманының атақты тұлғалары дәрістер оқыды. Шығыстанушы П.И.Демезон, әдебиет сыншысы, орыс тілінің маманы, ақын А.А.Григорьев, аудармашы, педагог С.Б.Кукляшев, жазушы Н.В.Успенский, филолог Н.В.Шляков, әскери аудармашы, шығыс тілінің маманы М.М.Бекчурин, математиктер М.Г.Попруженко, И.П.Долбня, Б.Б.Пиотровский т.б.

1825 жылдан 1920 жылға дейінгі аралықта оқу орнын 2 мыңнан астам түлек бітіріп шықты.

...Жәңгір мектебінде тәрбиеленген М-С.Бабажанов Орынбор кадет корпусына оқуға аттанған сапарын «Қазақтың қазақ туралы жазбалары» атты еңбегінде «Біз Жәңгір мектебінде тәрбиеленген едік, сол кездерде де, қазір де ол кадет корпусына даярлайтын орын деп есептеледі. Бір күні кешке таман бізді ханға алып келіп, сарай ішіне орналастырып, «хан сендерден корпусқа оқуға түсуге ықыластысыңдар ма?» деп сұрайды деп ескертті. Біздің балалық жасымызға лайықтап даярлаған, ханның бізге берер қонақасы әзірленген екен. Ол бізді өте ақжарқын отырып қабылдады және оқуға бару ықыласымызды сұрап білді. Біз бірімізден соң біріміз өзімізді таныстырып, ықыласты және дайын екенімізді білдірдік. Бұл 1845 жылдың басындағы қыс еді. Ол кезде менің жасым 11-де болса да, бізді Орынборға шығарып салғандары әлі есімде», – деп еске алады (Бабажанов С. Этнографиялық мақалалар – Алматы: Қазақстан, 1993. 26-27 б.б.). Ал сол жылдың жазында Орынбор қаласына оқуға баратын балаларды Жәңгір хан мен әке-шешелері алыс жолға шығарып салады. Неплюев кадет корпусына оқуға баратындар тізімінде Мұхамед-Салық Бабажанов, Мұхамеджан (Мақаш) Бекмұхамедов, Исмайыл Жәңгіров, Мырзағали Саңғырықов (Ақболатов), Арыслангерей Бөкейханов, Сейітхан Жантөрин, Сұлтан Шалабаев, Жүсіп Ниязов, Зұлқарнай Нұралыханов, Мұхамедкерім Наурызбаев бар еді.

Сонымен, Неплюев кадет корпусында оқығандар Құшаққали Шығаев (1831 ж.), Көпболсын Қарауылов (1831 ж.), Мұхаметқали Тәукин (1831 ж.), Досмұхамед Шөкиев (1841 ж.), Күсепқали Орманов, Зұлқарнай Жәңгіров, Ескендір Жәңгіров, Ахметкерей Жәңгіров (1850 ж.), Мұхамед-Салық Бабажанов (1851 ж.), Мұхамеджан Бекмұхамедов (1851 ж.), Мырзағали Саңғырықов (Ақболатов) (1851 ж.), Әділ Бөкейханов (1851 ж.), Арыслангерей Меңгелігиреев (Бөкейханов), Курлиханов (1851 ж), Зұлқарнай Нұралыханов (1851 ж. оқуын аяқтай алмай көз жұмған), Сұлтан ­Шалабаев (1851 ж.), Жәңгір Айшуақов (1855 ж.), Қуанышқали Орманов (1855 ж.), Сейітхан Жантөрин (1855 ж.), Әлмұхамет Сейдалин (1855 ж.), Тілеумахамбет Сейдалин (1855 ж.), 2-ші Жәнібеков (1857 ж.), Мұхаметқали Табылдин (1859 ж.), 1-ші Шмоев (1859), 2-ші Шмоев (1859 ж.), Хұсайын Үмбетов (1861 ж.), Шарафидин Құшаққалиев (1864 ж.), Сейіт Бабажанов (1865 ж.), Айшуақав (1865 ж.), Жүсіп Шомбалов, Жиһаншах Сейдалин, Мұхаметкәрім Жұлқұтов, Шәңгерей Тәукин, Мұса Сейдалин (1916 ж.). Ал Исмайыл Жәңгіров (1834–1850) 1845 жылы ­Неплюев кадет корпусына түсіп, оқып жүрген кезінде, Орынбор қаласында 16 жасында қайтыс болса, Мұхамед Бажақов ауруына байланысты оқуын аяқтай алмаған. Мұхамедкерім Наурызбаев денсаулығына ­байланысты 1849 жылы оқуын аяқтай алмай, шығып кетеді. Алайда Уақытша кеңес 1853 жылы оның ынталы қызметімен әрдайым старшындық жұмыста ерекшеленгенін ескеріп, шекаралық комиссиядан оған құрдастарымен тең дәрежедегі ­зауряд-хорунжий шенімен марапаттауын сұрады. Уақытша кеңестің сұранысын ескеріп, Орынбор шекаралық ­комиссиясы М.Наурызбаевтың жақсы қызметін бағалап, белгіленген әскери шенмен марапаттайды (Қазақстан Республикасы мемлекеттік архиві (ҚР ОМА), 4-қор, 1-тізім, 5662-іс, 1-2 пп.).

ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық мәселе­лерін зерттеу кадет корпусын бітіргендердің де назарынан тыс қалмады. ­Мысалы, егіншілік пен соған байланысты мәселелерді бейнелейтін осы және басқа факторларды Т.Сейдалин өзінің мақаласында ашып көрсетті.

 Орынборда Орыс географиялық қоғамының бөлімі және Торғай статистика комитеті ашылды. Онда М-С.Бабажанов, М.Тәукин, Т.Сейдалин, М.Бекмұхамедов, Ә.Сейдалиннің этнографиялық еңбектерін өлкетану қоғамдары жоғары бағалады. Өз кезегінде М-С.Бабажанов, Т.Сейда­лин, Ә.Сейдалин, С.Жантөрин сияқты зерттеушілер өз қызметімен және мақалаларымен қазақтар арасында ғылым мен қоғамдық ой-пікірдің дамуына жәрдемдесті. Олар ғылыми қоғамдардың жұмысына түрліше қатысты, алдыңғы қатарлы орыс мәдениетінің идеяларын өзінше қабылдады және ХІХ ғасырдың 50-90 жылдары Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне араласты.

 Орынбор кадет корпусын бітірген, қазақ елі тарихында өзіндік орындары бар бірнеше тарихи тұлғалар ғұмырнамасына назар аударсақ

Мұхаметқали Тәукин (1813–1894) – Кіші жүздің Батыс бөлігінің басқарушысы, сұлтан, ғалым-этнограф. Айшуақ ханның немересі. Кадет корпусын толық бітірместен, 1831 жылы 25 қарашада Кіші жүздің Батыс бөлігінің басшысының қарамағына әкімшілік жұмысқа жіберіледі. Жас сұлтанның әкімшілік қызмет сатысына тез көтерілгендігін архив құжаттары нақтылай түседі. Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісті басуға қатынасып, 1836 жылдың 8 ақпан күні зауряд-сотник шенін алды. Ал 1837 жылы 2 маусым күні ел ішінде түтін салығын жинаудағы ерекше еңбегі бағаланып, хоружий шенін иеленеді. 1840 жылдың 28 қазанында Хиуа экспедициясына қатынасып, сотник шеніне жоғарылатылды. 1842 жылы Бұхараға орыс миссиясын алып жүрудегі қызметі үшін мойынға тағып жүретін Анна лентасындағы алтын медальға ие болды. 1844 жылдың 11 сәуірінде сұлтан Кенесары Қасымовтың ізіне түскен әскери отрядтың құрамында болып, ­есаул шеніне көтерілді. Үкімет тарапынан 1845 жылдың 17 қаңтар күні Кіші жүздің Батыс бөлігінің басқарушы-сұлтанының көмекшісі болып тағайындалды. 1846 жылдың желтоқсаны мен 1847 жылдың наурыз аралығында сұлтан Баймұхамед Айшуақов басқарған Кіші жүз қазақтарының бір топ өкілі Санкт-Петербургте болып қайтты. Сол топтың құрамында есаул М.Тәукин де болды, іссапар барысында ­І ­Николай патшаның қабылдауында болып, әскери старшина шенімен марапатталды. 1847 жылдың 12 сәуірінде Кіші жүздің ­Батыс бөлігінің басқарушы-сұлтаны болып тағайындалып, бұл қызметті 1865 жылға дейін атқарады. М.Тәукин патша үкіметіне адал берілген сұлтандардың бірі. Ол туралы Орынбор шекаралық комиссиясының ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунігі Лазаревский берген мінездемеде: «Мұхаметқали Тәукин, әскери старшина, сұлтан, Орданың ­Батыс билігін басқарады. 37 жаста. Бай. Өте ақылды, қабілетті, қайырымды да мейірімді, бірақ сенгіш және батылсыздау. Қонақжайлылық – қазақтардың ізгілікті салты болса, ал Тәукин аса қонақжай. Ол мейірімді мінезімен ордадағы сыйлы сұлтандардың бірі, қазақтардың мұң-мұқтажына ерекше көңіл бөледі. Үкіметке ерекше берілген, мен білетін сұлтан, басшылық тарапынан тапсырылған әртүрлі тапсырмаларды бұлжытпай орындауға әрдайым дайын және оны қанағаттанарлық жетістіктермен орындайды», – делінеді. 1853 жылы М.Тәукинге подполковник шені берілді, 1857 жылдың ­наурыз ­айында ІІІ дәрежелі Әулие Анна орденімен марапатталды. 1860 жылы екінші рет Санкт-Петербург және Москваға Кіші жүз депутациясымен барды. Бұл депутация құрамында сұлтандар М.Тәукин, М-С.Бабажанов, Ғ.Арасланов, С.Жантөрин, А.Байғалин, Е.Қасымов, Ә.Мұнайтасов, Б.Шымгелов, хорунжий Тілепов, С.Бекшорин болды. Депутация Эрмитажда, минералогия және зоология музейінде, көпшілік кітапханада, Ботаникалық бақта, шыны және құю заводтарында, Монетный сарайда, театр­ларда, сонымен бірге Кронштад, Петергоф, Павловск қалаларында болды. Осы іссапар барысында ол Ш.Уәлиханов, П.И.Небольсин, Л.Н.Плотников сынды шығыстанушылармен танысып, Императорлық ерікті экономикалық қоғамға мүше болып қабылданды. 1861 жылы Санкт-Петербургта шығатын «Экономические записки» журналына «Записки о хозяйстве ордынцев» атты қазақтардың шаруашылығы туралы мақаласын жариялады.

1865 жылдың 28 қазанында М.Тәукин Орынбор генерал-губернаторы шешімімен шақыртып алынып, полковник шенінде отставкаға жіберілді. 1868 жылы патша өкіметі қабылдаған «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарындағы далалық облыс­тарды басқару туралы уақытша ережеге» наразылық танытқаны үшін 1870 жылы Архангельскіге жер аударды, одан 1874 жылы елге оралды.

Мұхамтқали Тәукин алғашқы қазақтың ағартушы және этнограф шенеунігі өкілдерінің бірі. 1847 жылы Орынборда оның «Орданың Батыс бөлігі сұлтандары мен қожаларының шежіресі» атты еңбегі жарық көрді. Ол Орыс географиялық қоғамы және Қазан қаласындағы этнография музейімен байланыста болды. М.Тәукин 1894 жылы сексеннен асқан шағында дүниеден өтті.

Мұхамед-Салық Қарауылқожаұлы (толық аты-жөні Хожа Мұхамед-Салық) Бабажанов 1835 (кейбір деректерде 1830, 1831, 1832, 1834) жылы Ішкі Бөкей ордасында (қазіргі Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы) дүниеге келген. Ал кейбір деректерде С.Бабажановтың туған жері Атырау облысы Исатай ауданының аумағындағы әкесі Қарауылқожаның қоныстанған мекені Забурыннан Нарынға қарай 10 шақырым жердегі Қарауыл төбе делінеді. Салық бастауыш білімді өз ауылында алады, 1841–45 жылдары Хан ордасындағы орыс-қазақ мектебін бітірген соң Орынбордағы Неплюев кадет корпусына оқуға береді. Салық Қарауылқожаұлы кадет корпусының азиялық бөліміне қабылданады. Бұл бөлімде патша үкіметінің әкімшілік орындары мен әскери мекемелерде жұмыс істейтін тілмаштарды дайындайтын. Аталған оқу орнында оқыған жылдары М-С.Бабажанов Орынбор қаласындағы кітапханалардан сирек кездесетін кітаптарды алып оқыды. Ол сол тұста Орынбор шекара комиссиясының төрағасы В.В.Григорьевтің еңбекте­рімен жақсы таныс болды. Кадет корпусының бекітілген оқу бағдарламасынан тыс тарих, археология, этнографияға қатысты кітаптарды көп оқыды. Жас Салықты туған өлкесі Еділ мен Жайық өзендерінің бойларын мекендеген елдердің тарихы мен тағдыры қызықтырды.Орыс тарихшылары Н.М.Карамзин, М.В.Щербаков, И.И.Голиков, Ф.И.Миллердің шығармаларымен де таныс болды. М-С.Бабажанов, сонымен бірге сол кездегі Орыс географиялық және археологиялық жазбаларын, Санкт-Петербург, Орынборда жарық көріп тұрған мерзімді баспасөздерді, газет-журналдарды оқып отырды. 1851 жылдың қазан айында М-С.Бабажанов Орынбор кадет корпусын ойдағыдай аяқтады. Оған хорунжий әскери атағы берілді. 1852 жылдың 11 қаңтар күні хорунжий М-С. Бабажанов Орынбор шекара комиссиясының төрағасы, ­генерал-майор М.В.Ладыженскийге жазған қатынас қағазында Ішкі қырғыз (қазақ) ордасын басқаратын Уақытша басқару кеңеске қызметке алу туралы өтінішін білдіреді. Орынбор шекара комиссиясының басшылары тарапынан оқуын үздік бітірген талапты жас офицер М-С.Бабажанов өз қарамағындағы қызметке қалдырылды. Ішкі орда істерін Уақытша басқару кеңесінің стат-кеңесшісі Ващенконың 1852 жылдың 23 ақпанда М-С.Бабажанов туралы берген мәліметі бойынша «білімді жас, ордалықтар арасында беделі жоғары, әділдігіне келетін болсақ, Ордаға келіп қызметке тұрса, ол бірден депутат ­лауазымын алуға лайықты», – деп оң пікір білдіреді.

1853 жылы жан-жақты білімді ­жасты көре алмаған қызметтес Орынбор казак-орыстарының офицерлері оған жала жауып, қызметінен босаттырады. Орынбордағы жұмысынан босаған оны қудалады, кейін Бөкей ордасына жер аударады. Орынбордағы қызметінен еш себепсіз алыстатылған болашақ этнограф-ғалым еш мұқалмады. Керісінше алыс жатқан туған өлкесінің саф табиғатына, тұрмыс-тіршілігіне деген ерекше құштарлығы артты. Бұл жерде ол түрліше кеңсе қызметтерін атқарды. Патша үкіметі органдары оның соңына Алексеев есімді подхорунжийді тыңшы етіп салып қояды. Бірақ екеуі кейін жақын дос болып кетеді. ­М-С.Бабажановтың Хан ордасында отырып жазған мақалаларын ол Астраханда шығатын «Волга» газетіне апарып ­бастырады. Сөйтіп, М-С.Бабажановтың біраз мақаласы оның қолынсыз жарияланып, жарық көрді. Кейінгі жылдары Орынбардағы өкімет орындары М-С.Бабажановқа қайта сенім көрсете бастады. 1854 жылы Ішкі қазақ ордасын басқаратын Уақытша Кеңес ұйғаруымен ол Теңіз жағалық қазақтары депутаттығына тағайындалды. Оған сотник атағы беріліп, 1855-61 жылдары Ішкі орданы басқару жөніндегі Уақытша кеңестің кеңесшісі қызметін атқарды. Ол осы қызметінде жүргенде көп жерлерді аралайды. Соның нәтижесінде ел өмірі, халықтың тыныс-тіршілігімен жақын танысады. Бөкей ордасына Санкт-Петербург пен Орынбордан ғалымдар да келіп тұратын. Олар Бөкей ордасы туралы мақалалар жазарда көзі ашық, сауатты әрі жергілікті халықтың тілін, тарихын, әдебиетін, әдет-ғұрыптарын, салтын жақсы білетін этнограф ­М-С. Бабажановтан көп нәрсені сұрап алады, материал жинап қоюды тапсыратын.

Ішкі орда қазақтарында 1855 жылы әртүрлі жалған өсек өршіп, толқу пайда болды. Бұл ушыға берсе, ашық көтеріліске ұласуы мүмкін деген қауіп туындап, Орынбор және Самара ­генерал-губернаторы ескертіп, «Ішкі ордадағы толқуларға қатысқаны үшін» Мұхамед-Салықтың ағалары Мұхамеджан мен Мұстафа Бабажановтарды тұтқынға алады. Оларды тергеп-тексергеннен кейін, «Ішкі орда қазақтары арасында зиянды өсек таратқандықтан» әкімшілік шара қолданып, Батыс Орал ордасына жер аударды. Олардың соңдарынан отбасы да бірге көшеді (ҚР ОМА, 4-қор, 1-тізім, 5934-іс, 1 п.). Бұл оқиғаға байланысты Астрахан қаласында «қасақана қоздырушы» деген күдікпен ағаларымен бірге Салық та қамауға алынады. Оған жүргізілген тексеру кезінде бұл күдік дәлелденбеді. Тұтқындау барысында көптеген қағаздар алынып, оларды тексеру барысында «үкімет алдында ешқандай да ой мен қимылдың оғаштығы табылмаған» екен. Ішкі орданың Уақытша Кеңес төрағасы полковник К.И.Герн генерал-губернатор В.А.Перовскийдің рұқсатымен М-С.Бабажановты босатып, Хан ордасына шақырып, оны кеңесшілікке тағайындайды. Бірақ көп уақыт өтпей ол Батыс Оралға кетуге рұқсат сұрап, ағаларымен бірге тұруға және олардың шаңырағына түскен қайғыларына ортақтасып және жаңа жерге қоныстанып, оларға көмектескісі келетінін білдіреді. Әкімшілік тарапынан бұл тілектері қабылданып, анасы Жәмила Піралиева мен өгей шешесі Ұлбибі Дәнісмендовамен бірге «жазықты» болып айдалған ағаларының артынан аттанды. Кейін, Мұхамед-Салыққа әкімшілік тарапынан оң көзқарас қалыптасуына орай, ол тағы да хан ордасында кеңесші болып жұмыс істеді. 1860 жылдың шілде-тамыз айларында М-С.Бабажанов қазақ депутациясының құрамында Петербургте болып, орыс империясы астанасының көп жерін аралады. Ол сол сапарында көрнекті ғалымдар және ақын-жазушылармен танысады. Олардың ішінде П.И.Небольсон, П.П.Семенов Тян-Шанский, Ш.Ш.Уәлиханов та бар еді. Күйші-композитор, сұлтан Дәулеткерей Шығаев 1871 жылы Салықтың қазасына арнап «Салық өлген» атты жоқтау күйін шығарды. Мақаш әкім атанған Мұхамеджан Бекмұхамедов С.Бабажановтың өлімін естігенде «Ой, жалған-ай, Салық өлді дегенше – халық өлді десейші», – деп ауыр күрсінген екен.

Шәңгерей Бөкеев (1847–1920) – ақын, қазақтың алғашқы әдебиет аудармашыларының бірі. Жәңгір ханның немересі. Бес жасында ата-анасы өмірден озып, жетім қалған. Қазақы дәстүр бойынша ағалары қолдарына алып, тәрбиелеген. Алғашында білімді Ордадағы медреседен алып, одан әрі Астрахан училищесінде оқыған. Орынбор кадет корпусын бітірген соң Самара қаласында бітістіруші ­судья қызметінде болды. Самарадағы қызметте жүрген кезінде ақсүйек титулын алды және өнермен айналысатын ақсүйектер тізіміне енгізілген. Шәңгергей Сейіткерейұлы мешіт, медресе құрылыстарын салуға, бау-бақша өсіру ісіне ерекше назар аударып, осы істермен айналысқан. Ш.Бөкеев халық өмірімен біте қайнасып, араласып отырған. Жазықсыз жапа шеккен бұқара халық өкілдеріне қол ұшын беріп, қолғабыс жасап отырған тұлға. Балаларды оқытуға ерекше мән беріп, мектеп ашып, білікті мұғалімдерді қызметке шақырған. Ол әдебиет пен мәдениетке ден қойды. Оның тағы бір ерекше қасиеті, аңшылық пен саятшылықты, табиғат сұлулығын, ән мен күйді, көркем сөз өнерін ұнатып, өлеңдер жазды. Шәңгерейдің шығармалары «Шайыр», «Көксілдір» (1911–1912), «Үш жоқтау» (1926) жинақтарында жарық көрді. М.Лермонтовтың «Қашқын» поэмасын қазақ тіліне аударған. Жаңалыққа жаны құмар ақын қазақ елінде фотография өнерінің негізін қалаушы және де қазақтың тұңғыш фотографы болды. 1911 жылы «Қазақстан» газетінің жарыққа шығуына көмектесті. Сонымен бірге ел ауызындағы әдеби мұраларды жинақтап, оны бастырып шығаруға да қамқорлық жасады. Өз кезегінде 70 жастағы Ш.Бөкеев 1917 жылы Орынбор қаласында өткен Бірінші жалпықазақ сиезіне қазақтың білімдар ақсақалы ретінде құрметпен шақырылған. Ш.Бөкеев 1920 жылы қайтыс ­болды. Ақынның «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» топтамаларына өлеңдері енген.

Әлмұхамет Сейдалин (1832–1898) – сұлтан, статкеңесшісі, аудармашы, уездік судья, Нұралы ханның немересі, Әбілқайыр ханның шөбересі. Ол ­бауыры Тілеумахамбетпен бірге оқыды. 1855 жылы прапорщик шенімен 4 Орынбор линиялық батальонына қызметке жіберілді. Қызметтік формулярында І Сейдалин болып тіркелген. Кейін інісі қызмет істейтін Орынбор шекаралық комиссиясына жұмысқа ауысады. 1857 жылы Шекара комиссиясының төрағасы В.В.Григорьевпен бірге Орынбор өлкесінің шығыс бөлігін аралап шықты. 1859 жылы мамыр-тамыз айы аралығында Арал флотилиясының І рангалы капитаны А.И.Бутаков экспедициясымен Қоңырат (Кунград) қаласына іссапарға жіберілді. 1856 және 1860 жылдары ол Санкт-Петербургқа барған қазақ депутациясына аудармашы болып барады. 1860 жылғы сапары туралы, Б.Ысқақов атап өткендей, қазақ депутациясының ­Петербургке келген кезінде, Ш.Уәлиханов ­Петербургте болады. Қазақтардың астанаға келгенін естіп, Шоқан оларды іздеп барып, жолыққан тәрізді. Өйткені ол өзінің сол жылғы 9 тамызда Петербургте жүріп, Сырымбеттегі ата-анасына жазған хатында былай дейді: «Мұқан сұлтан бастаған Орынбор сұлтандары депутациясының Петербургке келгеніне бір апта болды. Олар 8-9 адам. Бүгін олар императордың қабылдауында болуға тиіс. Олармен бірге тілмәш ретінде қазақ сұлтаны, офицер Әлмұхамет Сейдалин де келді». Осы сапарында В.В.Григорьевтың ықпалымен тарихшы В.В.Вельяминов-Зерновпен танысады. Сонымен бірге Ш.Уәлихановпен кездесіп, кездесу барысында оған жағымды әсер қалдырған. 1862 жылдан облыстық басқармаға қарасты ссуды беру бөлімінің кеңесшісі. Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфманның шақыртуымен «Түркістан өлкесіне шолу» жинағын құрастыруға қатынасты. 1866 жылы Кіші жүздің Батыс бөлігінің басшысы қызметінде болып, армия кавалериясының ротмистр шенін иеленді. Екі жылдан соң өз жұмысын адал атқарған оған Николаев (Қостанай) уезінің судья қызметі ұсынылды. Бұл жұмысында жергілікті бай-бағыландар арасындағы өзара айтыс-тартыстарды, барымта мәселесін, Гурьев уезіндегі толқуларды және қарапайым қазақтардың құқықтарын, жер мәселелері т.б. сияқты істерді қарастырды. Көптеген істердің оң шешім табуына ықпал еткені және жұмысын адал атқарғандығы үшін Әділет министрлігі тарапынан 1869 жылы Ә.Сейдалин Торғай облысы уездік судьясы лауазымына тағайындалды. Торғай облысының әскери губернаторы Л.Ф.Баллюзек ол туралы «Ә.Сейдалиннің қызмет бабындағы жетістіктері тайпаластарына міндетті түрде үлгі болу керек. Қызметтегілер осылай еңбек етсе, қазіргі кезеңнің қызметтік талаптарына сай келсе оларды да маңызды қызметке тағайындауға болады», – деп жазды. Жігерлі де ынталы қызметі үшін Ә.Сейдалин ІІІ дәрежелі Әулие Станислав, ІІІ дәрежелі Әулие Анна, ІV дәрежелі Әулие Владимир ордендерімен марапатталды. Әлмұхамет тарих және ғылым жөнінде сол тұстағы атақты ғалымдар А.Кун, П.Лерх, П.Пашин, Н.Маев, Ш.Ибрагимов, В.Межев т.б. қарым-қатынаста болды. Ол Орыс географиялық қоғамының Орынбор бөлімінің толық мүшесі болды. 1876 жылы Санк-Петербургта өткен ориенталистердің ІІІ Халықаралық конгресіне шақырылды. Ағарту саласына да елеулі қолтаңбасы қалды. Оның жарқын мысалы, 1888 жылы Ырғыз қаласындағы орыс-қазақ қыздар мектебін ашуға Ы.Алтын­саринге қол ұшын бергенде Әлмұхамет Сейдалин еді. «Тургайская газеті» бұл туралы «Ол өте жақсы жағдайда қазақтарға қамқорлықтың үлгісін және училищенің материалдық жағдайына да көмек көрсетті», – деп жазған болатын. Аталған училищені қызы Гүлжауһар бітіріп шықты. І, ІІ Мемлекеттік думаның ­депутаты ­Ахмет Бірімжановқа тұрмысқа шықты. Баласы Жиһаншах та әкесі оқыған Неплюев кадет корпусының түлегі, кейін Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірді. Әлмұхамет Сейдалин 1895 жылы қызмет бабын аяқтап, отставкаға шықты. 1898 жылы 66 жасында қайтыс болды.

Тілеумұхамбет Сейдалин (1835–1901) – сұлтан, колледж кеңесшісі, Торғай облысы Ақтөбе уезі бас­тығы, этнограф, алғашқы қазақ зиялыларының бірі. 1855 жылы Неплюев кадет корпусын прапорщик шенінде бітірген. Қызметтік формулярда ІІ Сейдалин болып тіркелген. Оқуын бітірген соң Орынбор генерал-губернатор қарамағында тілмәш қызметіне тұрды. Темір бекінісінің жер жағдайы, тұрғындары, сол төңіректегі заттар мен құрал-жабдықтар туралы мағлұматтар алу үшін алдын ала жүргізілген барлау жұмыстары кезінде Бас штаб полковнигі В.Д.Дандевилдің аудармашысы болды. 1859 жылы қызметтегі жетістіктері үшін армия кавалериясының подпоручигі шені және үш жүз күміс ақша қоса берілді. Сол жылы Орынбор шенеунігі, Неплюев кадет корпусының түлегі Л.Н.Плотниковтың бастауымен көшкен қазақтарды жерге орналастыру, Каспийдегі балықшы кәсіпкерлерімен танысу мақсатында Ембі, Сағыз және Темір өзендерінде болды. 1861 жылы Орынбор өлкесінің Шығыс бөлігі басшысының орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметтегі міндеттерді мінсіз атқарғаны және қызметтегі табыстары үшін 1862 жылы поручик атағын алды. 1866 жылы Тілеумұхамбет Далалық бақылауды орындаушы шенеунігі қызметін атқарды. Сол жылы оған «Орынбор гимназиясын ұйымдастыру жұмыстарына ордалықтардан қаржылай көмек беруді ұйымдастыру және өзінің қызметтік міндетін мінсіз атқарғаны үшін» штаб-ротмистр шені берілді. 1867-68 жылдары қазақтарды жаңа шекаралық шепке орналастыру жөніндегі және Торғай облысындағы реформаларды жүзеге асыру комиссиясы құрамында болды. Болашақтағы «Уақытша ережені» патшалық өкімет орындары Т.Сейдалин сияқты, тұтас алғанда үкіметтік өзгерістерге адал пиғылдағы жергілікті феодалдық топтардың көрнекті өкілдерін белсенді түрде тарту жағдайында үкіметтік шенеуніктердің ұсыныстары негізінде дайындады. 1869 жылдың 2 қаңтарында Т.Сейдалин жаңадан құрылған Николаев (Қостанай) уезі бастығының аға көмекшісі болып тағайындалды. Осы уақыттан бастап уезде «Далалық облыстарды басқару жөніндегі уақытша ережені» енгізу жөніндегі ұйымдастыру комиссиясы құрамына енгізілді. 1870 жылы жүргізілген халық санағына қатынасып, халыққа жер беру, жерге орналастыру және губернатор тапсырмаларын орындады. 1879-84 жылдары Қостанай жұртшылығын басқарып, сол қызметі үшін ІІ дәрежелі Әулие Станислав орденімен марапатталады. 1885 жылы Торғай облысы әскери губернаторы қарамағындағы ерекше тапсырмалар орындайтын кіші шенеунік лауазымына ауыстырылды.

1886 жылы Т.Сейдалин әскери қызметтен босатылып, коллеж асессоры қызметіне ауыстырылды. 1888 жылы лауазымды кеңесші, 1892 жылы кеңесші, 1895 жылы колледж кеңесшісі қызметерін атқарды.Ол азаматтық қызметте екі мәрте Торғай уезінің бастығы болып тағайындалды. Бұлай сайлану сол кезеңдегі ережеге сай сирек кездесетін жағдай болатын. Бірінші рет 1890 жылдың 8 желтоқсаны мен 1891 жылдың 5 сәуірі, ал екінші мәрте 1896 жылдың 1 тамызы мен 1897 жылдың 26 сәуір айы аралығында Торғай уезін басқарды. Ал бұл екі аралықта 1892 жылдың қараша айынан 1893 жылдың маусым айларында Ақтөбе уезінің бастығы қызметінде болды. Торғай уезінің бастығы Мамонов Т.Сейдалиннің жарты ғасырлық тынымды қызметін «Оның қызметтік жолының бастамасы әкімшілік құрамында өтпелі кезеңге, адамдардан іскерлік пен әдептілікті, өнегелікті талап ететін, орыс үкіметінің Далалық облыстарды басқару реформасын жүргізудегі жетістіктерге тәуелді кезеңге сәйкес келді», – деп бағалады. Сұлтанның ұзақ жылғы мемлекеттік қызметін бағалап, патша әкімшілігі ІІ, ІІІ дәрежелі Әулие Станислав және ІІ, ІІІ дәрежелі Әулие Анна ордендерімен марапаттады. Ол Ресей географиялық қоғамының мүшесі. Зерттеу еңбектері Торғай, Ырғыз өзендері алқаптарындағы егіншілікті өркендетуге және қазақ ауыз әдебиеті мен этнографиясын зерттеуге арналғандығымен құнды. 1870 жылы алғаш жарық көрген «Ресей географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбаларының» бірінші басылымында оның «О развитии хлебопашество по бассейну реки Тургай» атты мақаласы жарияланды. 1874 жылы «Евразия хабаршысы» журналына және 1875 жылы «Ресей географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбаларында» Т.Сейдалиннің (Жантөринмен авторлық бірлікте) редакторлық етуімен Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының халық аузындағы шығармалары мен поэзиясы туралы мақалалары жарық көрді. Оның көптеген зерттеу еңбектері Орынбор және Санкт-Петербург қалаларындағы архивтерде сақтаулы. Арақарағай болысының сұлтаны Сермұхамед Жиһангировтың қызы Айзадаға үйленіп, Гүлжиһан және Фатима есімді қыздары дүниеге келді. 1899 жылы отставкаға шығып, 1901 жылы қайтыс болды.

Ағайынды Сейдалиндер туралы Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы В.В.Григорьев «Басқа ордалықтарға қарағанда ақыл-ой мен өнегелік жағынан жоғары, олар тапсырылған қызметті адал ниет, ынтамен атқарды», – деп атап өтті.

Жиһаншах Әлмұхаметұлы ­Сейдалин (1877–1923) – қоғам қайраткері, заңгер, Алаш қозғалысына қатысушы. Ол әкесі сияқты Неплюев кадет корпусында оқып, білім алды. 1900 жылы 23 жасында Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1904 жылы үздік аяқтады. Университетте оқыған жылдары Крыжановский атындағы шәкіртақы иегері атанды. Арнаулы жолдамамен Кавказда, Қара теңіз жағалауындағы Озургель (Грузия) қаласында 1910 жылға дейін заң саласында қызмет етті. 1913 жыл 31 шілде күнгі «Қазақ» газетінде Ж.Сейдалиннің «Азып-тозып кетпеске не амал бар?» атты мақаласы жарияланды. Мақаласында «Атам айтушы еді: «Ит тойған жерін іздейді, ер туған жерін іздейді! Балам, халықты ұмытпа, ғылымыңа тойған соң, ақылды тоқтатқан соң елге бір айналарсың», – деп. Мен осы сөзді ұмытпай, елге қайырылдым. Келгенде не көрдім? ...Ел бағу тәртібі һәм сот тәртібінің халыққа жайсыздығы, закон шығаратын мекемелерде қазақтың өз адамының жоқтығы. Егер өз адамдары болса, айтылған жайсыз тәртіптерді заманға лайық, қазаққа тынышты қылып өзгертуге себепкер болар еді. ...Күшті ауруға күшті дәрі: дәрінің аты – «съезд», бас қосып бір жерде жайымызды сөйлесіп, заманға лайықты құрал табу керек», – деп ұлттың жоғын жоқтайды. Ол өз заманының талаптарына сай әлеуметтік, саяси мәселелерді шешуде құнды идеялар ұсынған тұлға.

Білікті де білімді заңгер өз тарапынан 1916 жылы маусым айында тыл жұмыстарына адам алу туралы патша жарлығын қатаң сынға алды. Көрнекті заңгер Б.Қаратаевпен бірлесіп қазақтан тыл жұмысына адам алуды тоқтату жөнінде «Қырғыздар туралы еске алатын жазбалар» атты өтініш хат жазып, патшалық Ресей үкіметі атына жолдайды. 1917-23 жылдары Кеңес өкіметінің ағарту және жер мәселесі комиссариаттарында жауапты қызметте болды.

Мұхамеджан Бекмұхамедов (1830–1904) – этнограф, шешен, би, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, ел ішінде Мақаш әкім есімімен белгілі тұлға. Кадет корпусын бітірген соң Орынбор шекара комиссиясында, 1852 жылдан бастап Уақытша кеңестің ордадағы тілмәші. Каспий жағалауындағы І-ші, ІІ-ші округтерінде әкім қызметін атқарды.

 Бөкей ордасынан 1881 жылдың шілде айында ІІІ Александр патшаның қабылдауына барған төрт қазақтың бірі – Мақаш Бекмұхамедов. Бұл іссапардың ерекшелігі патшаға сый ретінде, қазақ халқының ғасырлар бойы тұтынып келе жатқан баспанасы киіз үйдің макетін алтыннан соқтырып, алып баруы. Сол сыйлықты Мақаш Шолтырұлы Бөкей ордасындағы прогрестік бағыт ұстанған әкімдердің бірі – Өтешқали Атаниязұлымен бірге патшаға тапсырды. Ордадан келіп патша аудиенциясына кірген қазақ өкілдері тиісті рәсімдерден соң өтініштерін айтады. Бұл жайында М.Бекмұхамедов өз естелігінде: «Бізді шоқындырып, мұсылмандық үлгіден айырмаңыз деп тілек қылдым», – деген мәлімет қалдырған. 1892-97 жылдары Уақытша Кеңестің кеңесшісі. Оның Қазан және Астрахан қалаларынан «Жақсы үгіт» (1908), «Книга о калмыках и киргизах. Кочующих в Астрханской губернии» (1910) атты кітаптары жарық көрді. Мақаш әкімнің ел ауызынан жинаған ауыз әдебиеті мұралары Санкт-Петербург қаласындағы Салтыков-Щедрин кітапханасы мен Ресей ҒА Шығыстану институтының қорында сақтаулы.

Жоғарыда аталып өткен В.Г.Семёнова мен В.П.Семёнованың кітабындағы архив деректері бойынша 1916 жылғы кадет корпусында оқып жатқандар туралы тізімде Мұса Сейдалин жиырмасыншы болып тіркелген. ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, профессор М.Қ.Қойгелдиев былай деп жазған болатын: «1921 жылы Алаш зиялылары Бұхарадағы А.З.Валидовтан кездесуге шақыру хатын алады. Ташкенттегі М.Дулатұлы мен Х.Дос­­­­мұхамедұлы ­жауап ретінде Бұ­ха­ра­ға Ғ.Бірімжановты аттандырады. Осы іссапары жөнінде ол мынадай көр­сету береді: «Валидовқа мені іс­сапарға онымен байланыс орнату үшін жіберді. Менімен бірге Мұса Сейдалин аттанды. Бұл – 1919 жыл­дың басы еді. Мен Валидовпен таныс емес едім, жақыннан Орынбор­да Ақпан революциясы тұсында көр­генім бар. Бұл кезде оның Дутов­пен қатынасы күрделі еді». Өз ретінде А.З.Валидовтың ес­те­лі­гінен осы сапарға байланысты мынадай жолдарды оқимыз: «Біз Бұхараға Алашорда өкілдерін және түрікмен зиялыларын шақырдық… Ақпанда түрікмен адвокаты Қа­қад­жан Бердиев, Алашорданың өкіл­дері ретінде Хайретдин Болғамбаев, Мұх­тар Әуезов, Дінше және тағы екі кісі келді». Ат­тары аталмаған екі кісі Ғ.Бірімжанов пен М.Сейдалин болса керек. (М.Қойгелдиев Ұстанымы биік зиялы // Қазақ әдебиеті, 2 қыркүйек 2016 жыл). Біздіңше, Ғ.Бірімжанов бірге кездесуге еріп барған, қазақтар арасынан кадет корпусын соңғы бітіруші түлек Мұса Сейдалин болуы керек.

Түйін. Неплюев кадет корпусын бітіргендердің көпшілігі ақылды да адал, сол кезеңнің көрнекті қайраткерлері екендігін мүлдем естен шығармаған жөн, ал қызметтеріне тоқталсақ, қалыптасқан жағдайға байланысты іс-әрекет жасады. Мақаламызды Орынбор кадет корпусының түлегі, этнограф-ғалым М-С.Бабажановтың «Біз өтпелі кезеңде тұрмыз, барлық ақыл-ой жемісінің берген сәулесін қабылдап алуға ­дайынбыз және соның соңынан бір адым кейін шегінбейміз де», – деген пікірімен аяқтағанды жөн көрдік.

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау университеті,

тарих ғылымының

докторы, профессор

2484 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №36

12 Қыркүйек, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы