• Тарих
  • 30 Қыркүйек, 2021

МУЗЕЙ МАРШАЛЫ

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары мен, неге екені белгісіз, музей  «ауруымен» ауырдым.Алматыдағы  бұрынғы Орталық музейде менен көп болған жан жоқ шығар. Көріп қызықтауым өз алдына, кейін  жәдігер, тарихи заттары  ерекше осы  мәдениет  орындары туралы жаза бастадым. «Ораз – музей» атанып  кеткен кездерім де болды. Қазір санасам, мен жазған ­музейлер біразға барады екен. Құмарлық пен құштарлықтың арқасында талай музейді көрдім. Тіпті Алматыдағы Гагарин көшесіндегі өрт сөндіру музейін аралап жүргенде электр сымының тұйықталуынан, өрт шыға жаздағаны бар. Солардың ішінде ерекше шабыттана жазғаным Ұлт аспаптары музейі еді. 1981 жылы музейдің ашылу салтанатына қатыстым. Мәдениет министрі және Оқу министрі сөз сөйлеп, жаңа ұжымды құттықтады. Көп өтпей Қонаевтың өзі Үкімет мүшелерімен келіп, музей жанынан құрылған «Сазген» ансамблінің өнерін тама­шалап, өнерпаздарға  өзі сыйақы жасады. Музей директоры Өзекеңнің  досы Оразғазы Бейсенбеков еді. Осы салтанатта мен Өзағаңды көре алмадым. Бір жақта іссапарда жүрсе керек.

ЖАРАСТЫҢ ҚАРА ҚОБЫЗЫ

 

Оразғазы ағамен тонның ішкі бауындай араластым. Өзағаң жайында жиі айтатын.  Өзағаның болашақ музейге бақсы-жырау Жарастың қара қобызын елдегі туыстарынан қалай алдырғаны жөнінде бірде тебірене еске алды. Бақсының туыстары «киесі ұрады бізді» деп көруге келген атақты Әлкей Марғұланның өзіне қасиетті қара қобызды көрсетпеген. Адам көзі түспейтін жерде жабулы тұрған. Мұның бәрін білетін Өзағаң бала кезінде молдадан оқып, Құранды жатқа білетін Оразғазыға ақыл-кеңесін айтып, Жарастың  Жамбыл облысындағы туыстарына жібереді. Оразғасы туыстарына келгенде бақсы рухына арнап алдымен Құранның бір сүресін оқиды. Туыстары көздеріне жас алып, бақсы аталары тіріліп кегендей  қуанады. Ас дәм, бата салты кезінде Орекең тағы дұға жасап, шаңыраққа амандық тілейді. Соңында үйдің ішкі қабырға қапталына  қойылып, «жерленген» қобызды  шығарып, үйдегілер тегіс жылайды. Ғалым емес, діни сауатты Орекеңе қобызды алып кетуіне  рұқсат береді. Қобызды алған Орекеңнің артынан туыстары біраз жерге дейін дауыс айтып, оны Алматыға шығарып салады.

Пойыздан түскенде  вокзалда оны күтіп тұрған Өзағаң да іштей егіліп, қобызды құшақтап біраз тұрады. Тиісті жерге келгенде шанағынан сүйіп, музейге табыстайды. Жарастың Өзағаң алдырған қара қобызы бұрынғы Ұлт аспаптар музейінің ең құнды жәдігері ретінде  көпке дейін тұрды. Өзім талай көрдім.

Өзағаңның Торғай облысының мәдениетін қалай көтергені ел ішінде аңызға  айналды. Торғай облысының Амангелді, Жангелді аудандарын  жиі араладым.

Өзағаның табанының ізі қалған, рухының табы  лаулаған  жерлерде көп жүрдім. Марат, Жанай  атты бажаларым Өзекеңді ауыздарынан тастамайтын.

Өзағаның шопан үйінде қонақ болып, бір өрнекті көне табақтың сол үйдің ауласында жатқанын көреді. Көне ыдыс-аяқ болған ғой. «Обкомның» үлкен хатшыларының бірі  шопаннан әлгі табақты қалап алып, соңында ыдыс қасиеті жөнінде әңгімелеп, жәдігерді өзімен бірге алып кетеді. Не үшін алғанын шопан кейін біліп, сұңғыла  қазақты аузынан тастамай айтып жүреді. Бұл Қазақстанға аңыз болып кеткен оқиға болатын. Торғай елі бұны қазірге дейін жиі айтады.

Қазақ халқының тарихы, ұлттық салт-дәстүрі, жер-суының  қасиеті жөнінде дерек пен мәліметтерді музейлерден алдым. Көзбен көріп, қолмен ұстадым. Ол кезде музейлердің патшасы Өзағаң екенін білген жоқпын.

 

ҚЫЗ КӨРЕЛІК

 

1980 жылдары Алматыда кітап музейі ашылды. Бұл мәдениет орнының дүниеге келуіне, әрине, Өзекеңнің қатысы болды. Осы музейді жазам деп бір пәлеге іліне жаздадым. Көне кітаптардың ішінде Тайыр ­Жомартбеков деген автордың араб әрпімен жазылған «Қыз көрелік» деген кітабы менің мақаламда айтылады. «Жетісу» газетіне шыққан болатын. Ертеңінде музей директоры өзіне шақырды. Ашулы қарсы алды. Салған жерден ­«Алашорда қайраткерінің кітабын неге баспасөзде  жарияладыңыз?! КГБ-дан звондады», – деді. «Неге онда оны музейге қойдыңыздар? Мен көрдім, қызығып жаздым. Менің кінәм жоқ», – деп ақталдым. Арада бір-екі күн өткенде,  неге екенін білмеймін, шулы оқиға басылды.

Кемеңгер Өзекең музей арқылы білім алудың, ақыл-ойды кемелдендірудің пайдалы екенін  біліп, оны  насихаттады, Қазақстанда музейлердің жаппай ашылуына  тікелей ықпал еткен тұлға екенін кейін аңғардым.

Қазақстандағы мен жазған табиғат, геология, тарих және де басқа толып жатқан  музейлерді санай берсем, біразға барады. Ал Ташкенттегі Ленин, Бішкектегі Қырғыз ұлттық музейін көріп, жазғаным өз алдына. Самарқандтағы Регистан  алаңындағы тарихи сәулет ғимараттарын көріп, музейлерді аралап, ой түйгенім өткен ғасырдың сексенінші жылдары еді. Антиядролық қозғалыстың мүшесі әрі журналист ретінде АҚШ-қа барған сапарында ашық аспан астындағы бір тарихи кешеннің жанынан өттім. Әлі күнге өкінетінім, Нью-Йорктегі Үндістер музейін  көрудің сәті түспеді.

Америкадағы қазақтардың қара шаңырағы атанған, шетелде жүрсе де туған елін ұмытпасын деп ұлына «Қазақбай» деп ат қойған Күнтуған қария Өзекеңе ата-тегі жағынан туыс болып келеді. Ұлттық рухы күшті Күнекеңді ойлағанда  қаны да, жаны да, отбасы да қазақ Өзекеңмен екеуінің  ұқсастығына қайран қаламын. Америкада тілін, дінін, ділін, салт-дәстүрін жоғалтпаған Күнекең  жас жағынан  оған аға болып келеді.

Күнекең Өзекеңді сыртынан жақсы білген, елге келгенде  ол жайында көп естіген. Өкініштісі, кездескендері жөнінде дерек жоқ. Нью-Йорк  қаласының тарихы мен музейлері жөнінде осы қария қаланы аралатып жүріп әңгіме  айтып, айызымды қандырып еді.

 

«ЖӘНІБЕКОВТІ

ЖҮРЕГІМНЕН ЖҰЛЫП АЛЫП

ӘКЕЛІП ОТЫРМЫН»

 

Кейде бірінші басшы Димекең Өзекеңді шеттетті деп айтылып жүр. Бұл мүлдем жаңсақ нәрсе. Өзекеңді қызғаныштан көре алмағандар, Алматыда жүрмесін деп тілегендер ол кісі шипажайда жатқанда үстінен арыз жазады. Димекең арызбен танысады. Бұл кісі де пенде ғой. Бірақ кектеніп, қудаламайды. Егер жек көрсе  Торғайға обком хатшысы етіп, қызметін өсірмес еді. Оның бойындағы тазалық пен ұлттық рухтың мықты екенін білетін  Димекең Орталық Алашорданың кіндігі болған Торғайға оны  әдейі жіберді.

Өзекеңнің ұлтшыл, нағыз  ұлт жанашыры, ұлт мәдениетін жаңғыртушы деген атағы Торғайда одан әрі артты. Ал кемеңгерлігі кейін қалыптасты. Ол кезде Теміртауда партком хатшысы, қазіргі Елбасы Нұрекең  өзін комсомолда жүргенде таныған Өзекеңді бірде әдейі іздеп, Арқалыққа келетіні бар. Ақыл-кеңес, әлде қызмет бабындағы  бір шаруалармен  жолыққысы келсе керек.

Өзекең «мешіт кесене» деп тебі­реніп жазатын, ішінде әулиенің сары түсті жер­бесігі жатқан  мазар ғимараттың ішін де, төңірегін де түгел араладым. Қылует, Шығыс моншасы, Есімхан, Рабия бегім мазары мені тұңғиық ойларға жетелейтін. Ұлы сәулет ғимаратының ішін аралағаным өз алдына – бірде күмбезіне көтеріліп, аспанда қалықтап жүргендей әсерде болдым. Бұл 2013 жылдың 12 қыркүйегі еді.

Кесененің қарсы алдындағы Әмір Темір алаңында Қожа Ахметтің хикметтері жазылған көшеде жүріп, әулие сопының жыр шумақтарын жаттаған кездерім болды.

Кесене тарихын, оған тән тарихи құжаттарды Өзекең терең біліп, жазды, ­жариялады. Ал жөндеу жұмыстарының басы-қасында күндіз-түні жүргені белгілі. Ол кісінің бойындағы жазылмайтын сырқат осы кезде асқынған сияқты. Шығыс Түркістаннан келген Оразғазы Өзекең сырқаты жөнінде қабырғасы қайысып айтатын.

Қожа Ахметтің қасиеті мен кесене киесі жөнінде айтқанда түнде Тайқазанға ұрлыққа түскен ұрының аяқ-қолы  сынып, болашақ тарихшы студент практикант қыздың  мұнда жартылай жалаңаш жүргенде майып болғаны  ақпарат құралдарында айтылды, жазылды.

Өзағаң қоластында біраз жыл істеген күйші, жазушы марқұм Таласбек Әсемқұлов ұлт үшін оның ерен еңбегін ерекше бағалайтын. Саз аспаптары мұражайында домбыраны қойшының таяғы деп мазақ еткен екі орыс жігітін сөзге келмей, өздеріне өз еркімен кетті деп қағазға қол қойдырып, ертеңінде жұмыстан шығарып жібергенін жыр қылып айтып жүрді.

 Өзағаңды өзім бір жиналыс кезіндегі үзілісте көрдім. Маған жұрт айтатындай қатал емес, жайдары көрінді.

Жаңылмасам, Өзағаңды бір еске алу кешінде Мәдина Ералиева «ол кісі сырттай сұсты көрінгенімен, жан дүниесі нәзік, мейірімді болатын», – деп айтқаны бар.

 Өзағаң туралы айтқанда көне музыкалық  ұлт аспаптарын ел ішінде өз аяғымен іздеп,  тауып, олардың иелеріне «сый-сияпат» жасап, алыстан алып келетін Болат Сарыбаев жөнінде айтпау – тарихқа қиянат. Алматының қақ ортасындағы үш бөлмелі үйінің бір бөлмесі  жоғарыда аталған аспаптарға толып тұрды. Бөкеңнің  пәтерінде болып, ағамен ұзақ әңгімелескенім есімде.

Бөкең мен Өзекең  ұлт аспаптары музейі ұйымдастырыла бастағанда  келісе алмады. Өзекең  Бөкең өмірін сарп қылып жинаған жоғарыда аталған  көне музыкалық аспаптарды музейге сыйлауын өтінді. Бөкең нақты бағасын айтып, сатып алыңдар деді. Маңдай тер, табан ақысын алға тартты. Өйткені өзі шебер Бөкең  түпнұсқа негізінде  бәрін өзі жаңартып жасағаны жанкешті еңбек қой. Басында Бөкең мен Өзекеңнің арасында еңбекке байланысты  осындай  жағдай болып, соңында  бұл  мәселе оңынан  шешілсе керек. Ұлт аспаптар жасайтын шеберхананың директоры Оразғазы Бейсенбеков пен  Бөкеңнің  атында қазір бір оқу колледжінде  олардың   еңбегіне арналған арнайы музей бөлме бар. Ұстаз-педагог, ғалым Бөкең  кене музыка аспаптары жөнінде жазылған  бірнеше кітаптың авторы. Халық университетінің  бір дәрісінде Отырардан табылған сазсырнайды көрсетіп, оның  өзіндік ерекшелігі жөнінде  әңгімелеген еді. Өкініштісі, Оразғазы екеуін ешкім еске алмайы. Аруақтары риза болсын деп  жазып отырмын.

Өзағаңның Түркістанды түрлендіру жолындағы, Қожа Ахмет кесенесін Димекеңнің қолдауына  сүйеніп, жаңғыртудағы  еңбегі ерен. Ол кісіні Құдай да қолдады. Соңында  софы Ахметтің ұстазы Арыстан бабтың жанында жаны жай тапты.

Өзағаң Димекеңді режіткен емес. Пенде ғой, жұмыс барысында қателіктер болған шығар. Жеке бастарында  шектен шыққан ешнәрсе болған жоқ. Торғайға келіп, Арқалықта өткен басшыларды таныстыру жиынында Димекең «Жолдастар, мен Жәнібековті жүрегімнен жұлып алып әкеліп отырмын», – деген сөзі  оған деген сүйіспеншіліктің белгісі емес пе. Құлбек Ергөбектің әлеуметтік желідегі  жұртшылықпен сұхбатында торғайлық журналистің осылай деп жазғанын келтіреді.

Жалпы Түркістан жөнінде айтқанда ұлы өркениет бесігін  Құдайсыздар қоғамы кезінде осы өлкенің перзенті Өзағаңның қалай жолын тауып, әлемге танытқысы келгені тұңғиық тарих. Ал Димекеңнің мұндағы атқарылған  жұмысты әдейі көруге келіп, ішінен  медет сұрап, Аллаға мінәжат ететіні соңында аңызға айналып кетті.

Ораз ҚАУҒАБАЙ

 

2676 рет

көрсетілді

21

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы