• Білім және ғылым
  • 30 Қыркүйек, 2021

ШЫҒЫСТАНУ ШЫНАРЫ

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ұйымдастыруымен шығыс­танушы ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚазКСР ҒА академигі Рамазан Сүлейменовтің туғанына 90 жыл толу мерейтойына арналған «Академик ­Рамазан Бимашұлы Сүлейменов және Қазақстанда тарих ғылымының дамуы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

 

Ғылыми шараға зиялы қауым өкілдері, шығыстанушы-мамандар, белгілі тарихшы ғалымдар, т.ғ.д., профессор, ҰҒА академигі Хангелді Әбжанов, т.ғ.д., профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі Меруерт Әбусейітова, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, т.ғ.к., доцент Баршагүл Исабек, Р. Сүлейменовтің қарындасы Жанна Сүлейменова, ғалымның ұрпақтары – Еркін Рамазанұлы, Ләйла Рамазанқызы қатысты.

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты директоры, белгілі шығыстанушы-ғалым, ф.ғ.д. профессор Дүкен Мәсімханұлы конференцияға қатысушы қонақтарды Р.Б.Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойымен құттықтай келе: «Егемен еліміздің Шығыстану ғылымы  Р.Сүлейменов есіміне қарыздар. Өйткені ол ең алғашқы Шығыстану орталығының құрушысы және тұңғыш директоры. Ол 1992 жылдың 13 ақпаны еді. 1996 жылы шығыстану орталығы Шығыстану ғылыми-зерттеу ­институты болып қайта құрылса, 1998 жылы Қазақстан Үкіметтің шешімімен, институтқа Рамазан Бимашұлы Сүлейменовтің есімі берілді. Бүгінгі күні Шығыстану институты республика және шетелдерде өзінің ірі ғалымдары және іргелі зерттеулерімен кеңінен мәлім ғылыми орталыққа айналды», – деді.

Конференцияға қатысушы ғалымдар өз баяндамаларында Р.Б. Сүлейменовке қатысты қызықты да тың деректерді ортаға салды. Әсіресе, академик ғалымның М.Әуезовтің шәкірті болғанын, асқақтатып ән салғанын, іскерлігін тілге тиек етті. Сонымен бірге ­Абылай ханның елге сіңірген еңбегін зерттемек түгілі, есімін айтудың өзі қиын заманда, ол туралы монографиялық еңбек жазғаны Р.Сүлейменовтің ерлікке парапар іс жасағанының дәлелі екенін еске алды.

Сонымен бірге ғылыми ­жиында Р.Б.Сүлейменовтің Алаш арыстарын ақтауға сіңірген ерен еңбегі де аталып өтті. Айталық, оның Т.Жүргенов, С.Асфендияров, Г.Тоғжанов, Т.Рысқұлов, Қ.Жұбанов туралы жазған мақа­лалары мен зерттеу кітаптары – оның бекзат болмысымен қатар, шын зиялыға тән адамгершілік қасиетін байқатады.

Шығыстану ­институты Р.Сүлейменовтің 90 жылдық ­ме­рей­тойына орай екі ғылыми шара өткізді. Сонымен бірге ­Р.Сү­лей­меновтің ұлы Еркін ­Сүлей­менов мырзаның қолдауымен Р.Сүлей­менов кабинеті жасақталды. Алдағы уақытта Р.Сүлейменовтің 90 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция материалдары жинақ ретінде жарық көрмек.

Құрманғазы ЖҰМАҒҰЛ,

журналист

1397 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы