• Қоғам
  • 30 Қыркүйек, 2021

Аграрлық сала дамуы – басты назарда

2021 жылғы 28 қыркүйекте, онлайн режимінде өткен халық алдындағы жыл сайынғы дәстүрлі есептік кездесуде жұртшылық пен БАҚ алдында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор, академик, ҚР ҰҒА вице-президенті Тілектес Есполов бір жылдық атқарылған жұмыстардың есебін берді.

Кездесуге еліміздің көрнекті мемлекет және қоғам қайрат­керлері, ҚР Парламенті Мә­жілісінің депутаттары, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының басшылығы, Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Алматы облысы, қаласы және Медеу ауданы әкімдіктерінің өкілдері, АҚШ, Ресей, Белоруссия, Қырғызстан және т.б. елдердің танымал ғалымдары, жұмыс берушілер – агроқұрылымдардың басшылары, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ҚазҰАУ-дың профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары, олардың ата-аналары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Өткен оқу жылында университет ұжымы білім беру сапасын арттыру, ғылым жүйесін жетілдіру, халықаралық ынтымақтастық, тәрбие, жеке тұлғаның кәсіби қалыптасуы, инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті жақсарту және басқа да салаларда көптеген маңызды жұмыстар атқарды. Бұған осы есеп берілген аралықта қол жеткізілген нәтижелер дәлел. Биыл университет алғаш рет QS-2021 әлемдік рейтингісінде 60 позицияға көтеріліп, 551 орынға ие болған екен.

«Жаңа талапқа сай Халық­аралық білім Хабы құрылды: академиялық ұтқырлық дамуда, үш тілде білім беру жүйесі енгізілген, 14 бағыт бойынша халықаралық жазғы және қысқы мектептер өткізілуде және т.б. АҚШ, Еуропа, Тынық мұхит аймағы елдерінің беделді университеттерімен белсенді ынтымақтаса отырып, біздің жоғары оқу орны қос тарапта білім берудің 11 бағдарламасын қалыптастырды. Сондай-ақ университет өзінің инновациялық дамуында аграрлық мамандықтар бойынша QS әлемдік рейтингісінде №1 жоғары оқу орны болып табылатын Вагенинген зерттеу университетінің (WUR, Нидерланды) тәжірибесін басшылыққа алады», – деді Т.Есполов.

Оnline есеп беру кездесуінде – КАҚ «Ұлттық аграрлық ғылым-білім беру орталығының» Басқарма Төрайымы Гүлмира Исаева, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, ҚР Жобалық менеджерлері Одағының президенті, «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» КЕАҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Алексей Цеховой, Жер қатынастары жөніндегі мемлекеттік университеттің ректоры (Ресей), ТМД жетекші аграрлық ЖОО Ректорлар кеңесі төрағасының орынбасары, РҒА академигі Сергей Волков, Мичиган штаты университетінің профессоры (АҚШ) Джигуан Чен, Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының құрметті директоры, профессор Рафис Абазов, Машеров атындағы Витебск мемлекеттік университетінің инновациялық даму орталығының директоры Александр Курдеко сияқты бірқатар ғылым және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, әкімдіктер мен білім, мәдениет, қоғам өкілдері қатысып, сөз сөйледі.

Есеп беру кездесуі Youtube каналында және әлеуметтік желілерде (Facebook және Instagram) тікелей эфирде өтті. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын онлайн режимінде қойып, өздерінің ұсыныстары мен талап-тілектерін білдірді.

Жарыссөзге қатысқандардың барлығы да ҚазҰАЗУ-дың бір жылдық есебі туралы өз пікірлерін білдіріп, аралық кезеңдегі атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді. Кездесу соңында азаматтар тарапынна қойылған сұрақтар мен өтініштерге толық жауаптар берілді.

Ә.САРҚЫТ

 

1297 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы