• Мәдениет
  • 30 Қыркүйек, 2021

КИНОҒА АЙНАЛҒАН «ҚЫЗЫЛ ЖЕБЕ»

11 қазаннан бастап ­«Алматы» арнасы ­Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романының желісі бойынша түсірілген Тұрар Рысқұловтың ғұмырнамалық ­хикаясын көрерменге ұсынбақ. Хикая Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мұрындық болуымен, «Алматы» телеарнасының тапсырысы бойынша түсірілген Шерхан Мұртазаның трилогиясына негізделген.

«Мемлекеттік тапсырыс аясында бірнеше телехикая түсірілді. Тәуелсіздікті аңсап кеткен, ел амандығы жолында құрбан болған тұлғаларымыз көп. Солардың бірі – Тұрар Рысқұлов. Міне, сол Тұрар Рысқұловтың өміріне арналған, 10 бөлімнен тұратын ғұмырнама­лық телехикаяны көрерменге ұсынбақпыз. Бәріміз үшін құрметті Шер-ағаның, Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романының желісін негізге алдық», – дейді «Алматы» телеарнасының бас директоры Нұржан Мұхамеджанова.

Телесериалдың бас продюсері Ілияс Ысқақовтың сөзіне сенсек, хикаядан Шерхан Мұртазаның да бейнесін көреді екенбіз. «Шерхан Мұртаза рөлі де фильмде қамтылды. 1970 жылдың аяғы мен 1980 жылдардың басында Шерағаңа «Рысқуловщина» деп соқтыққан. Шерағаңның жазушы, сыншылармен шиеленісті сәттері де осы фильмде қамтылды. «Қызыл жебе» Кеңес үкіметінің идеологиясы еді ғой дегендер де болды. Біздің ойымызша, бұл жерде «Қызыл жебе» деп отырғанымыз – Тұрардың өзі. Шерағаң жылқы арқылы Тұрардың образын берген, яғни ол Қызыл жебедей ағып өтті. Тұрар түрмеде жатқанда, оған ұдайы Қызыл жебенің елесі келеді. Ал оққа байланған сәтте Қызыл жебе одан кетеді. Елес болып, тастап кеткенде Тұрар өзінің өлім сағаты соққанын түсінеді. Демек, Қызыл жебе оның рухы, ұстанымы. Бұл телехикаяны толықметражды кино түсіргендей етіп түсірдік. Оның локациясы, костюмі, 1916 жылдардағы реконструкциясы бар. Ғимарат, түрме, паровоз, бәрі бұрынғыша. Түрксібте салынған жол да бейнеленген, оның бәрі үлкен жұмыс», – дейді телесериалдың бас продюсері Ілияс Ысқақов.

Биылғы жаңа маусымның жақсы жобаларының бірі – 30 бөлімнен тұратын «Тәуелсіздік белестері» деректі фильмі. 1991 жылдың басында күн тәртібінде тұрған саяси тезистер, шешімдер мен тарихи оқиғалардың куәсі болғыңыз келсе, әр аптаның сенбісінде сағат 15:00-де «Тәуелсіздік белестерін» немесе «Эра независимости» деректі  фильмін көріңіз. Белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, педагогтер мен қоғам белсенділері мемлекеттің қалыптасуындағы қызықты деректер жайында әңгімелейді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында еліміздің Премьер-Министрі болған Терещенконың және оның орынбасары Мырзатай Жолдасбековтың, тарихшы Хангелді Әбжановтың, Тұрсын Жұртбайдың сөзі эфирден шықты. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы қиын­дықтар, оны еңсеру жолдары, тәуелсіздік тұғырлы болуы үшін қабылданған құжаттар, халықтың тұрмысын жақсарту үшін жасалған алғашқы қадамдар: тарихтан сыр шертетін мысалдарды деректі фильмдерден табуға болады. Тағы бір үлкен жобаларымыздың бірі – телехикаялар. Одан басқа, «Бақыттымын өзіңмен» деп аталатын хикая тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды еңсерген отандастарымыздың бастан кешкен махаббаты мен ғадауатын бейнелейді», – дейді Н.Мұхамеджанова.

Арнаның жаңа жобаларының бірі «Бапкер» деп аталады. Бұл спорттық драма шынайы оқиғаларға негізделген. Телехикая Алматының «Қайрат» футбол клубының үміт күттірген ойыншысы Ерназар Смақов туралы.

Арна хабарын жастарға арналған бағдарламалармен байытқан ұжым күзде бұрнағы бірнеше телехикаяның екінші ­маусымын көрерменге ұсынады.

Телеарнадағы маңызды бағ­дарламаның тағы бірі – «IQ Almaty» зияткерлік жобасы. Студенттер мен оқушыларға білім нәрін сіңіру, топта біріге жұмыс істеу, логикалық және шығар­машылық ойлауды дамыту, есте сақтау мен зейінді жаттықтыру – бағдарламаның негізгі мақсаты. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ең білімді жастар бас жүлде – 2 000 000 теңгемен марапатталады.

Сондай-ақ жаңа маусымда «Бақытты отбасы», «Шешімі бар: Вакцинация», «Басты назарда», «Алматы тұнған тарих» бағдарламалары да жалғасады. Арна басшысы жаңа заман көшіне ілесіп отыруы үшін керек басты басымдықтарды ұдайы назарда ұстайтынын атап өтіп, болашақта да дәстүр мен жаңашылдық ұжым­ның негізгі бағыты екенін айтты.

Қ.СЕРІКҚЫЗЫ

2606 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы