• Тұлға
  • 30 Қыркүйек, 2021

ЖҮРЕКЖҰТҚАН ҚАҺАРМАН ҚАЗАҚ ҒАРЫШҚА ҰШҚАН КҮН

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
«Ana tili»

Осыдан 30 жыл бұрын қаһарман қазақ ғарыш әлемін бағындырды. 1991 жылдың 2 қазаны қазақтың ғарыш тарихына алтын әріптен жазылған күн. Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ» ғарыш кемесімен Александр Волков, австриялық Франц ­Фибекпен бір аптадан аса уақыт ғарышта болып, аман-есен жерге оралды.
Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, сөйтіп, елдің аманатын орындады. 300-ден аса ғалым мен мамандар  әзірлеген бағдарламаны жүзеге асырды. Ғарышта биотехнология, металлургия, медицина саласы және Арал теңізі аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. 

Тұңғыштың аты қашанда – тұңғыш. Ерлік жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл жүрегі мықтыларға ғана тән құбылыс. Айта кету керек, Тоқтар Әубәкіров қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер ғана емес, ол 1988 жылы Кеңес Одағы тарихында бұрын-соңды болмаған ерлік жасады. Ұшып келе жатып, жерге қонбай, ұшаққа әуеде жанар-жағармай құйдырған кәсіби маман. Ал мұндай таңғалар­лық ғажайып ерлікті кім жасайды? Тоқтардай сынақшы ұшқыш, бұл қазақ азаматына ғана тән. Аспанда жанар-жағармай құю тәуекелге баратын іс.

Ақиқаты, жүрек жұтқандар ғана бас шайқайтын әрекетке бара алады.Тоқтар Әубәкіровтің 1986 жылы сынақшы ұшқыш ретінде әскери ұшақты «Тбилиси» крейсеріне қондырғаны да кейінгі жас ұрпаққа аңыз. Бірақ бұл – ақиқат. Ер ғана істей алатын ерлік. 250 шақырым жылдамдықпен келе жатқан ұшақ­ты крейсерге қондыру – бұл ілуде-бір кәсіби маманның қолынан келеді. Асау атты бас білдіріп, тақымына көндіргендер ғана мұны жақсы түсінеді.

Тоқтар Әубәкіров шын мәнінде батыр. 1991 жылдың 2 қазаны күні Байқоңырда таңғы сағат жетіде ғарышқа ұшар алдында еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында таза қазақ тілінде ұшуға дайын екенін айтқанын ел ұмыта қойған жоқ. Қазақ баласы ғарыш әлеміне осылай аттанды. Ел, Елбасы сәт сапар тіледі. Орбитада бір аптадан аса уақыт болды. Ал жерге, қазақ даласына қонар сәттегі орын алған тосын оқиғаны да көбісі біле бермейді. Әуе кеңістігінде стансадан шар кабина бөлінеді де, ол жерге қарай құлдилайды. Шарды ұстайтын арнайы белбеу үзіліп кетеді де, ғарышкерлер отырған кабина жерге төңкеріліп түседі. Мұндай оқыс оқиға ғарыш тарихында екі-ақ рет болған екен. Бірақ ғарышкерлер дін аман. Құдай сақтаңсаң, сақтайды. Бірер аптадан соң Мәскеуде денсаулығын тексергенде, халықаралық комиссия «Әубәкіровтің денсаулығы өте жақсы, тіпті оны қайтадан ғарышқа жіберуге болады», – деген қорытындыға келген.

Ғарыштан оралған соң Тоқтар Әубәкіров тәуелсіз Қазақстанның қарулы күштерінің негізін қалауға атсалысты. Ғарыштық бағдар­ла­ма­ларды алғашқылардың бірі болып жүзеге асырды. 1992–1993 жылы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, 1993–1994 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық аэроғарыш агенттігінің бас директоры – Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары болып қызмет атқарды. 1994–1995 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, содан соң Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды. 1996 жылы Президенттің кеңес­шісі қызметін атқарды. Тәуелсіз Қазақстан парламентінің бірнеше шықырылымындағы депутаты болып, мінберден кесек-кесек ой атты.

Тоқтар Әубәкіров тұңғыш ғарышкер, ұшқыш, Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы, техника ғылымының докторы, профессор. Бір басына жететін атағы мен даңқы бар қайраткер азамат қазір де тың. Мінез бар. Батыл айтады. Батыр мінезсіз болмайды. Батыр батыл айтпағанда, кім айтады?!

Тоқтар Әубәкіровті, тұңғыш ғарышкерді халқы алақанына салды, сыйлады, әлі құрметтейді. Қазақты сүйген адам, ұлттың тілін ұлықтаған адам қаһарман Әубәкіровтей болсын! Қазақстанда тұрып, қазақ тілінде сөйлей алмайтындар көп. Олар Тоқтардай ғарышкер, батырдан үлгі алсын! Осыдан 30 жыл бұрын Тұңғыш Президентке ғарышқа ұшуға дайын екенін старт алдында баян еткен ғарышкер бүгін мақаммен, мақалдап сөйлейді. Сөзге шешен, іске берік. Қарап отырған жоқ, кәсібі бар. Жұмыс істейді.

Қорытындыласақ, қырқында қамал алған тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров биылғы жазда, 27 шілде күні 75 жасқа толды.

Жасай беріңіз, қазақтың қаһарманы!

3034 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы