• Қоғам
  • 07 Қазан, 2021

ІШКІ ТУРИЗМНІҢ ТҰМАРЫ

Дүниежүзілік саяхат және туризм жөніндегі кеңестің мәліметінше, әлем бойынша COVID-19 індетіне байланысты ел аралау бағытындағы туризм саласы 70 пайызға бәсеңдегені белгілі. Оның салдарын біздің ел де айқын сезінді. Десек те, елімізде ішкі туризм саласы карантин шараларын қатаң сақтай отырып,  дамуын бір сәтке де бәсеңдеткен жоқ.  Бұл ретте туризмнің тұмарына айналып отырған Түркістан қаласын мысалға алуға болады.  Мәселен, биыл жыл басынан бері Түркістан қаласына 1 млн 402 мың 995 адам зиярат етіп келіп, тарихи орындармен танысып, «Керуен сарай», «Аспалы театр» сынды жалпы халыққа арналған серуендеу орындарын аралаған.  Жыл бойы карантиндік шектеу шаралары күшейтілгенін ескерсек, бұл жаман көрсеткіш емес.  

Жалпы бүгінде Түркістан аймағында 1500-ден аса тарихи-мәдени ескерткіш бар. Қазір олардың барлығы туристерді қабылдау үшін «Туристерге қызмет көрсету орталығымен» арнайы байланыс түзіп, қоғамға қызмет етеді.  Мәселен, «Керуен сарай» туристік кешені бір мезетте 10 мың турист қабылдай алатын Орталық Азиядағы ең ірі көпфункционалды ту­ристік нысан саналады. Инвестициялық жобаны «Turkistan Tourism City» компаниясы іске асырды, кешен құрылысы 2019 жылы желтоқсан айында басталды. Нысан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қарама-қарсы «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағында 20,5 гектар  аумақта орналасқан. Мұнда бүгінде  4 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ Шығыс базары да туристердің сүйікті орнына айналатын болады. Жобаның тұжырымдамасы болашақты тарихпен және қазіргі уақытпен байланыстыруымен құнды.

«ХІХ ғасырға дейін Түркістанның әйгілі базары Ахмет Ясауи кесенесінің жанында орналасқаны тарихтан белгілі. Шығыс базары жобасы сол тарихи дәстүрді жалғастыратын, көнені жаңғыртатын ­сауда орнына айналатын болады. Мұндағы ­сауда қатарларының жалпы ауданы 40 мың шаршы метрді құрайды. Олардың жанында мейрамханалармен қатар бес жұлдызды қонақүй орналасты. Орасан зор жобаны іске асыру үшін қаланың тарихи-мәдени орталығының аумағында Саттарханов көшесінен қолданбалы өнер шеберлері орталығына дейінгі қашықтықтан 21 гектар жер бөлінді. Мұнда қытай, үнді, иран, түрік  және т. б елдің тауарлары тұтынушыларға ұсынылатын болады. Жалпы, қазіргі таңда қаламызда 11 киелі нысан мен мұражай, 6 рухани-мәдени нысан, 4 туроператор келушілерге өз қызметін ұсынбақ», – дейді Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков. 

 Жыл басынан бері Түркістан қаласына алыс, жақын шетелдерді қоса алғанда  4324  астам турист келіп кеткен. Саяхатшылар ағыны әлі де толастар емес. Түркістанда халықаралық туристік форумдар мен конференциялардың және түркі тілдес елдердің парламент ассамблеясы саммиті өткізілуі де үлкен көрсеткіш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында туризмнің, әсіресе, эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын.

Түркістан қаласының туризм саласы бойынша сәуірде «Жас қолөнершілер байқауы» өтті.  Мектеп оқушылары мен студенттерге оқу бағдарламасына сәйкестендіріп,  экскурсия, турлары да  ұйымдастырылмақ.  Қала тұрғындары мен туристерге арнап, туристерге қызмет көрсету орталығының мультимедия залында «Оңтүстік фильм» киностудиясының тарихи-мәдени фильмдерінің апталығы өткізілді.

 «Түркістан қаласының кәсіпкерлерінің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі мүгедек 200 балаға арнап, сыйлық ұйым­дастырылды. Сондай-ақ «Керуен Сарай» көпфункционалды кешенінің қолдауымен 150-ге жуық балаға арнап ат шоуы және атракциондарға тегін билет берілді. «Visit Centre» орта­лығында мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер, көп балалы аналар мен ардагерлерге арнайы электрокарлар бөлініп, қызмет көрсетеді», – дейді Түркістан қала­лық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары. 

 Қазіргі таңда қала әкімшілігі мен туризм басқармасы бірігіп, екінші деңгейлі банктермен бірлесе жұмыс жүргізу арқылы мәдени-рухани орталықтан банкоматтар қызметін ұйымдастырып жатыр. Қаладағы қызмет көрсететін банктерге банкоматтар орналастыру жөнінде хат жолданып, бірқатар банк орналастыру бойынша келісімін берген. 

 Түркістан қаласының Орналастыру орындары бойынша түгендеу жұмыстары жүргізіліп, бірқатар қонақүйдің ашылғаны және ашылуы жоспарланған қонақүйдің тізімі жасалып, қонақүй бизнесі стандарттары бойынша тренинг өткізілді. Сондай-ақ Ұлы Жібек Жолы бойындағы туристік-экскурсиялық жобалар жасайтын, яғни Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, Ұлы дала және Қожа Ахмет Ясауи мұражайын, этноауылдарды біріктіретін, Үкаш-ата, Арыстанбаб, Гаухар-ана, Жылаған ата және тағы басқа  байланыстыратын туристік маршруттар әзірленіп жатыр.

Түркістан қаласында туристерді күтіп алу мақсатында орналастыру орындарының саны 43-ке жетсе, қоғамдық тамақтану объектілерінің саны – 79.

Қазіргі таңда қаланың іші мен айналасын көгалдандыру бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылған. Жасыл алқап Түркістанның табиғи тынысына айналып, нәтижесінде, ауа тазарып, қала шаң мен желді дауылдан қорғайды. Түркістан қаласында бүгінде 400 гектар жерге орналасқан 11 саябақ, 5 жасыл аймақ, 25 аллея мен гүлзар бар. Әр саябақ креативті әрі ерекше, қайталанбас үлгіде салынған. Мәселен, жалпы аумағы 38 гектар «Тұңғыш Президент саябағында» сыйымдылығы 100 текше метр болатын жасанды арал пайда болды. Ол үшін су ұңғымасы мен резервуар салынған. 10 мыңға жуық ағаш отырғызылып, жол төселді. Саттарханов көшесінің бойындағы «Желілік саябақтың» да жер көлемі 20 гектардан асады. Саябақта 5 мыңға жуық ағаш, 25 мыңға жуық жасыл бұта егіліп, жасанды тоған орнатылған. Мыңнан астам шаммен жарықтандырылып, субұрқақ, орындықтар, 2 мыңнан астам кіші архитектуралық форма қойылған.

Ақжыға ЖҰМАҒАЛИ

 

892 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы