• Cұхбаттар
  • 07 Қазан, 2021

КӘСІПОДАҚ ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА БЕТ БҰРАДЫ

Жалпы жарықсыз қазіргі жағдайды елестету мүмкін емеc. Жарық – өміріміздің ең басты қозғаушы күші. «Жарық сөнді» дегенше жер бетіндегі тіршілік қозғалыссыз қалатынын ­мойындай бастадық. Олай болса күні-түні өмірін қатерге тіккен бұл салада жұмыс істейтіндердің еңбегі ерен. Сондықтан біз сала мамандарының әлеуметтік жағдайын білу мақсатында «Алатау Жарық Компаниясы» акционерлік қоғамы жанындағы «Серіктес» қоғамдық бірлестігі» кәсіподағының басшысы Қали Сабыржанмен тілдескен едік. 

–Бүгінгі таңда кәсіподақ өз пәрменділігін жоғалтып алған жоқ па? Жалпы кәсіподақтың өз деңгейінде жұмыс істеуіне жұмыс беруші мүмкіндік бере ме?

 –Бұл бірлестік бұрын да болған. Кеңес кезінде кәсіподаққа қызметкерлердің 98 пайызы мүшелікке кірген. Ал қазір заман өзгерді. Талап та басқаша. Кәсіподаққа осы «Алатау Жарық Компаниясы» қызметкерлерінің 92 пайызы мүше. Бұл – біздің жұмысымызға сенімділіктің анық көрінісі. Сенімділік болған жерде жұмыстың ілгері басатыны анық. Демек, бізге босаңсуға болмайды. Бір деректі айтайын, 2030 жылға дейін әлем халқы пайдаланатын энергияның мөлшері қазіргімен салыстырғанда 55 пайызға өседі деп болжанып отыр. Ал күн санап адамның жарыққа тәуелділігі артып келеді. Сәйкесінше, энергетиктерге де талап күшеюде, яғни біз де заманауи болуымыз керек. Бұл саланың мамандары өз өмірін қауіпке тіге отырып қызмет етеді. Жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерін әрдайым сақтау қажет. Жалпы жоғары кернеу электр желілерімен жұмыс істеу оңай емес, сондықтан әрдайым сақ болған дұрыс.

Мені кәсіподақ төрағасы етіп, өткен жылы сайлады. 2010 жылы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында «Электрэнергетика» мамандығы бойынша білім алып шыққан соң, бағым жанып, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-на қызметке қабылдандым. Бұл мен үшін үлкен жетістік болды. Сол күннен бастап, айналамдағы әрбір мәселеге тереңірек үңіліп, бейжай қарамауға өз-өзіме уәде бердім. Міне, осылайша компания жұмысына бар ынта-жігеріммен жұмыс істеуге кірісіп кеттім. Сөйтіп он жыл қызмет атқардым. Мұны айту себебім, компанияда қандай мәселелер қозғалып жатқанын және қызметкерлердің жағдайын толық білемін. Компанияның басқарма төрағасы Мұхит Әбікеұлының туындаған мәселені дер кезінде шешіп отыратыны көңілге қуат береді. Біздің басты мақсатымыз – ел азаматтарының жұмысқа орналасуы мен жаңа жұмыс атқаруда олардың құқының бұзылмауын қадағалау, көзден таса етпей, үнемі назарда ұстау, әлеуметтік жағдайларын жақсарту.

– Енді атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсеңіз.

 – Кәсіподақ жұмысы бұрынғы бағытынан ауытқыған жоқ. Алдымен қызметкерлер өз құқығын білуі тиіс. Заңды білген адам өз міндетін жоғары деңгейде атқара алады. Сондықтан біз әрбір аудандық электр желілері мекемелеріне кәсіподақ бұрышын дайындадық. Онда компаниядағы жаңалық, хабарландыру мен түрлі мәлімет уақытылы салынады. Біз жастарды қатарымызға көбірек тартып, олардың ішінен өз көшбасшыларын іріктеп шығаруды, кәсіподақ жұмысының қыр-сырын үйретуді қолға алдық. Мәселен, сол аудандық электр желілері мекемелеріне күнделікті барып қадағалау мүмкін емес. Сондықтан онда ұжым кәсіподақтың сенімді өкілін сайлап қойған. Олар ондағы туындаған жағдайды ­баяндап отырады. Сонымен қатар түрлі семинар мен оқулар, тренингтер мен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, кездесу өткізудеміз. Қызметкерлердің сауаттылық деңгейін арттыру үшін сөрелерге түрлі кітап қойылып, оны қызметкерлер аса қызығушылықпен оқып жатыр. Бұл жұмыстан шаршаған адамның миының бір сәтке болса да тынығуына мүмкіндік береді. Ерекше тоқталатын тағы бір жайт, қызметкерлердің балалары арасында да түрлі ойын-сауық, білім деңгейін көтеру мақсатында білімділер жарысы секілді түрлі іс-шара ұйымдастырылып тұрады. Жаздық демалысын балалар түрлі лагерьде өткізеді. Біздің кәсіподақ мүшелері балалар жолдамаларын 75-80 пайыз жеңілдікпен алады.  Атам қазақ «Қыран құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Шынында, бала өміріне оң әсерін тигізетін тәрбиелік мәні зор шаралар өтсе, ертеңінің жарқын болатыны анық. Үкімет тарапынан жасалып жатқан іс-қимылдар да аз емес. Қазір қаншама өзгеріс пен бетбұрыс болды. Иә, әлі де болса еңбек заңнамасындағы азаматтық қызмет институтын анықтайтын кейбір шешімін таппаған мәселе жеткілікті. Атап айтар болсам, қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету жағы өз шешімін таппай тұр. Осы жағын халық қалаулыларының құлағына жеткіздік. Ақырындап осы мәселе шешіліп қалар. Кейінгі кездері елімізде карантин орын алды. Осыған байланысты «Инвиво» зертханалық лабораториясымен келісімге келдік. Санитарлық талаптары бойынша қызметкерлер және лагерьге баратын балалар ПЦР тест тапсыру керек болды. Ол, әрине, қызметкерлер қалтасына салмақ салғаны жасырын емес. Соған байланысты аталған медициналық орталықпен келісім бойынша бағасын төмендеттік. Осы орайда ерекше тоқталатын бір мәселе, биыл кәсіподақ қызметкерлері арасында «30 еңбек елшісі» атты республикалық сайыс өтті. Сайыстың басты мақсаты – кәсіподақ қызметкерлерінің ынта-жігерін арттырып, жаңашылдыққа бетбұрыс жасау. Сол сайыстың жеңімпаздары арасында мен де болдым. Бұл да біздің жеткен жетістігіміздің бірі деп ауыз толтырып айта аламын. Әрине, мұндай жетістіктерге жету үшін үлкен тәжірибе керек. Өзіңіз көріп тұрғандай, кәсіподақта 25 жылға жуық аянбай қызмет етіп келе жатқан бас бухгалтер Акима Бердібекова ақылын айтып, іс-тәжірибелерімен бөлісіп, бастаған бастамамыздың соңына жетуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Сонымен қатар кеңсе менеджері Зәмзәгүл Тұрысбайқызының да еңбегін айтпай өтуіме болмас. Кәсіподақ атқару комитеті мүшелерінің де жасап жатқан еңбектері орасан зор. Олар компания қызметкерлері: К.Сәкенов, М.Құлмұханова, Т.Мұхтаров, Т.Сайфуллин, А.Жакутов, К.Әмірешев. Осындай тәжірибелі мамандардың арқасында жұмысымыз ілгері басып келеді. «Кәсіподақтар туралы» Заңның аясында жүргізіп отырған бұл жұмысымыз – тәуелсіз еліміздегі кәсіподақ ұйымының мәртебесін көтеріп, еңбек адамы құқығының бұзылуына жол бермейді.

Кәсіподақтың жаңа деңгейге көтеріліп, дамуы үшін оның қызметін заңдастырудың маңызы өте жоғары. Мақсаты айқын, ел қамқоршысы саналатын кәсіподақ ұйымдары, тәуелсіздік тұғырын биіктетіп, мемлекет мерейін асыру, татулықтың тағылымын таныту, береке бастауы бірлік екенін түсініп, түйсіну деп білемін.

– Демек, ортақ мүдде – ел болашағы. Енді ой қорытсақ...

 – Осы сәтті пайдалана отырып, барша кәсіподақ қызмет­керлерін алдағы мерекемен құттықтағым келеді. Қызметте жігерлі, табысты, отбасында амандық, тыныштық болуын тілеймін.

 – Әңгімеңізге рақмет.

Б.БЕЙСЕНҰЛЫ

 

4654 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы