• Қоғам
  • 07 Қазан, 2021

БҰЛ КІМ ДЕСЕМ, ӨЗІМ ЕКЕМ...

Көпен ӘМІРБЕК

Әнеугүні сарғайған қағаздарымды сараптап, қобыраған қолжазба­ла­рымды тері сорттағандай сорттап отырып, «О дүниедегі Оспанханға хат» деген сықақ сипатындағы өлең тауып алдым. Компьютерге басылған. Авторы жоқ. Белгісіз. Оқып шықтым да, «Мынау өзі тәп-тәуір дүние екен-ау. Кім жазған?» деп ой жүгірттім. Сөйтсем, өзімдікі екен. Сонсоң қолмен жазылып, түзетілген нұсқасы да табыла кетті. Бұдан бөлек, Оспанхан Әубәкіров және оның айналасындағы кәрісі бар, жасы бар, бір қауым сықақшыларды бейнелеген шарж-сурет көзіме оттай басылды. Кім салған? Мәнері шарж шебері Еркін Нұразханға ұқсамайды. Әлде әзілкеш суретші Айдарбек Ғазизовтың еңбегі ме? Беймәлім. Оны енді өзімдікі деп өтірік айта алмаймын. Жоғалғаным табылды. «Қайтқан малда береке бар» деп «Оспанхананың» оқырманына ­тарту етейін. Бір қуанып қалсын.

О ДҮНИЕДЕГІ ОСПАНҒА ХАТ

«О, Осағам, Осағам,

Осындағылар хош-аман.

Төбелді сықақ төр жақта,

Босаған жоқ босағаң.

Өңкей «өлі жандарды»

Тірілтіп қалай өсе алам?» –

Деп оларға дем салып,

Шошайып тұр шошалаң.

 

«Бір ұрыны бір ұры ұрды,

Бір ұры қарап тұрды» –

Деп едіңіз,

Елдің қамын жеп едіңіз.

 

Сиырды баспағымен,

Вагонды «составымен» ұрлайтын

Қазір қырғын ұры көп.

Азаятын түрі жоқ.

 

«Долы қатын долданды,

Тауып кел деп етікті.

Етік тауып келгенше,

Байға тиіп кетіпті» –

Деп күлдіңіз бе!

Күлдіңіз.

Қазір ше?

Екі аяқты бір етікке

Тығып кетер түрлі қыз.

 

«Асылғазы басын қасып еді,

Асылғазының қасындағы

Қасымғазы да

Асыға басын қасыды» –

Деп едіңіз.

Жағымпаздардың

Жанын шығарып шенедіңіз.

 

Қазір де мәз емес.

Еңкейгенде екі бүктелетін

Ептілерің аз емес.

 

Жымиятын жылмиып,

Жылпостардың ізі көп.

Ал оларды Шаханов

Мазақтайды «ТЖ» деп.

 

Кім-кімдердің

Туфлиін жалаған?

Білейінші деп

Қайран Қалтай, Қалағаң

Бір дөкейдің кеңсесіне барса,

Бұғып тұр екен.

Мен де артына кірейінші десе,

Біреудің басы шығып тұр екен.

«Бос болмағасын қайтып кеттім», – деп,

Әжуалап айтып кетті.

 

«Бір пендеден бір пенде кенде туар,

Біреуі емге, біреуі жемге туар.

Емге туар есіл ер кешең туар,

Жемге туар қуаяқ демде туар».

Дедіңіз-ау?

Дедіңіз.

Көздеп жүрміз нені біз?

Ұйымдасқан қылмыс пен

Сыбайласқан жемқордан

Көз ашпай жүр еліміз.

 

«Түйе жегенді мақтайды

Ірісің деп.

Түйме жегенді соттайды

Ұрысың деп».

Әділетсіз соттардан

Әрі жүрміз «Құрысын!» деп.

 

«Кім қайда?», – дейсіз бе,

Кім қайда?

Тұғырынан түскен жоқ

Митаспалы Мыңбай да.

Ғаббас ағам сол қалпы,

Көне қоймас ыңғайға.

Ал Уайдин Үмбетбай

Үйіне барып күн батпай,

Мұң шағады мұндайда.

 

Сейіт ағам семсерін

Бір қайрайды жатарда.

Қажытайым қашанда

Мініп алған қаһарға.

Мұхтар Шерім баяғы

Шымкент деген шаһарда.

Алпысбайым ауылда

Айдаса да ат арба,

Бизнесмен боп кетер

Кітаптарын сатарда.

Толымбек пен Ермахан

Саптағы сарбаз-қатарда.

 

Сықақшылар не түрлі,

«Индеецтер» секілді.

Қылаң етіп қылт етіп,

Сылаң етіп сыл етіп,

Сын садағын тартып жүр.

Сатирадай қаһарлы

Қаруға иек артып жүр.

Әй, бірақ та... әй, бірақ

Қарпитындар қарпып жүр.

«Жемейтіннің бәрі де

Жер астына кеткен» деп,

Кейбіреулер тантып жүр.

Қомағайлар қоғамда

Байлыққа батып, малтып жүр.

 

«– Бақа, бақа, балпақ,

Басың неге жалпақ?

–Жо-о-қ,

Менің басым домалақ!

 

Басының қандай екенін білмейтін

Басқаларға обал-ақ».

 

Шенеуніктен бүгінгі

Шертіп айтшы, кім үлгі?

Рушыл,

Жершіл,

Аталас...

Бастықтың көбі бақа бас.

 

«Егер әркімді

қабілет-қарымына қарап

орын-орнына қойса,

көп орын бос қалар еді».

Кадрдан қадір кетпесе,

Көңіліміз хош болар еді.

 

Осекем-ау, Осекем,

Біздің жағдай осы екен.

Жұмыс таппай жүрген көп,

Көп орын бірақ бос екен.

1006 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы