• Қоғам
  • 07 Қазан, 2021

Әйел өңін бермесе...

Қазақ әуелден қыз баланы қызғалдаққа, сұлулыққа, әсемдікке теңеп жатады. Бала күнінен сол сұлулықтың бесігінде тербеліп, ғасырдың тең жартысына келсе де өңін бермеген әсем қалпымен айналасына сәулесін шашып, көркімен дүниені келістіріп жүрер жандар бар арамызда.

Соның бірі – «Қазақ газеттері» Жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің есеп­шісі Айжан Армияқызы Үкібаева туралы бірер сөз сөйлесек. Марқұм әкесі Армия және осы күні немере-шөберелерінің ортасында асыл әжеге айналып отырған анасы Қайнижамал өз ауылына сыйлы, ортасына құрметті еңбек адамдары болды. Семей облысы Шұбартау ауданы Баршатас ауылында дүниеге келген Айжан кішкентайынан арманшыл, нәзік те сыпайы еді. Сымбатына еңбегі мен қажыр-қайраты сәйкес келіп, 1985 жылы Алматы қаласының Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиадалық резерв мектебіне түсіп, 1989 жылы жеңіл атлетика түрінен тренер мамандығын меңгереді. Алайда ол уақытта жеңіл атлетикадан тренер болудың жолы да ауыр еді, мамандығы бойынша барар жері де шалғай-тын. Осылайша, ­Айжан Армияқызы екінші мамандықты игеруге бел буып, іс қағазын жүргізуші, ал ­2002–2009 жылдары М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының экономист мамандығын тәмамдайды.

Ол 1993–1996 жылдары Қазақстан Республикасы мен Үкіметінің органы «Халық кеңесі» газетінің стенографистка қызметіне қабылданып, кейін оператор қызметін де қоса атқарады. ­1996–1999 жылдары Ұлттық қоғамдық-саяси «Ақиқат» журналында оператор болып еңбек етеді. 2000–2008 жылдары «Қазақ газеттері» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кадр жұмыстарын үйлестірушісі, 2008–2009 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында еңбек етеді. Міне, осы жылдар аралығында Айжан Армияқызы талай жақсы мен жайсаңның сөзін қаттап, мақаласын қағазға түсіріп, беттеуге ұсынып, қазақ қаламгерлерінің айтары мен көкейдегі ойының оқырманға жетуіне себепші жандардың бірі болды. Ол осы уақыт аралығында талай үлкеннің батасын алды, ықыласына бөленді. 

2009 жылдан «Қазақ газеттері» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің есепшісі қызметін атқарып келе жатқан Айжан Армияқызы сол үлкендердің ­батасы себеп болып, берекелі шаңырақтың отын жағып отыр. Жолдасы Айдын екеуі үш ұл өсіріп, перзенттерінің тілеуін тілеген үлгілі ата-аналардың қата­рын толтырып жүр. Әріптестері ара­сында да сыйлы, құрметі кеміген емес. «Әйел қырыққа келгенше өңін бермесе – қасиет», – деген екен Ғабит Мүсірепов. Қырық емес, елуге келгенде де әсем қалпымен талайдың таңдайын қақтырған Айжан Армияқызы ақылымен де айналасының құрметіне бөленген жан. 

 

992 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы