• Cұхбаттар
  • 07 Қазан, 2021

ЕЛІҢ ҮШІН ЕКПЕ АЛ...

«Ел үшін егілемін» азаматтық штаб өкілдері жүргізген сауалнамаға қатысқан респонденттердің дені вакцинаны қолдайды. Заңгер, Нұр-Сұлтан қаласындағы Заңгерлер одағы филиалының төрағасы, азаматтық штаб мүшесі Серік Беркамал «мұндай зерттеу респонденттердің жалпы екпе мен COVID-19-ға қарсы вакцинаға деген көзқарасын байқауға мүмкіндік береді» деп санайды. Мысалға, осы сауалнамаға қатысқандардың 11,9%-ы екпеге қарсы, 24,2%-ы пайызы екпені қолдайды. Респонденттердің 69,9% жалпы екпеге, ал 58,5 пайызы COVID-19-ға қарсы вакцинаға қарсылық танытып отыр. Сауалнаманың қорытындысын білу мақсатында Серік Беркамалға бірнеше сауал жолдаған едік. Жауабы төмендегідей...

– «Ел үшін егілемін» азаматтық штабы қандай мақсатпен құрылды? Әңгімемізді осы сауалдан бастасақ...

– 2021 жылдың 3 тамызы күні Қазақстандағы коронавирус пандемиясымен күрес бойынша «Ел үшін егілемін» азаматтық штабы құрылды. Штабтың мақсаты – COVID-19-ға қатысты барынша шынайы ақпарат таратып, азаматтарды вакцина алуға үгіттеу.

Ұйымдастырушылар елімізді қалыпты, ковидке дейінгі өмірге қайтаруды мақсат етіп отыр. Ал бұл ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, халықтың 70-80 пайызын егу арқылы ғана коронавируспен ауырғандар мен көз жұмғандар санын азайтқан кезде ғана мүмкін болмақ.

Халыққа шынайы вакцина туралы ақпарат таратуға қол ұшын беруге әзір белсенділер арасында Вячеслав Локшин, Жібек Жолдасова, Рафаил Розенсон, ­Динара Сәтжан, Рахым Ошақбаев, Әсел Қараулова, Саида Тәукелева, Майра Измайлова сияқты белгілі медицина мамандары, кәсіпкерлер, азаматтық қоғам белсенділері, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар бар. Бастамашыл топқа 200-ден астам жоғары кәсіби маман кірді. Олар өз білімін, кәсіби тәжірибесін және басқа да ресурстарын елді вакцинаға қатысты хаостан шығару үшін жұмсауға дайын.

– Ал азаматтық штаб өкілдері жүргізген «Вакцинация: жақтайтындар мен қарсылық танытқандар» атты әлеуметтік сауалнаманың негізгі мақсаты не?

– Халықтың бір бөлігінің вакцинациядан бас тартуының шынайы себептерін және жалпы екпе салудың  төмен қарқынын түсіну мақсатында 2021 жылдың тамызында «TALAP қолданбалы зерттеулер орталығы» әлеуметтік зерттеу жүргізді. Зерттеу сұралғандардың жалпы екпе мен COVID-19-ға қарсы вакцинаға деген көзқарасын байқауға мүмкіндік береді.

– Сауалнамаға қанша респондент қатысты? Ол ­респонденттер туралы қысқаша ақпаратпен бөліссеңіз.

– Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірлері мен Республикалық маңызы бар қалаларынан 18 және одан жоғары жастағы 2 559 респондент қатысты. Сұралғандардың 61,1%-ы қалада, 38,9%-ы ауылда тұрады.

Сұралғандардың 54,2% (1 388 адам) – әйелдер, 45,8% (1 171 адам) – ерлер. 18–29 жас аралығындағы респонденттердің 25,4%, 34,3% – 30–44 жас, 25,5% – 45–59 жас және 14,8% – 60 жас және одан жоғары жас санаттарына жатады.

Сұралғандардың 55,6%-ы некеде, 23,7%-ы бойдақ/тұрмыс құрмаған, 8,7%-ы азаматтық некеде, 7,3%-ы ажырасқан, 4,7%-ы жесір.

Қызмет түрі бойынша сұралғандардың 26,5% – мемлекеттік сектордың жалдамалы қызметкерлері (бюджет саласы, Мемлекеттік қызмет), 24,6% – жеке сектордың жалдамалы қызметкерлері, 10,6% – зейнеткерлер, 8,1% – студенттер, 7,4% – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (таксист, репетитор, шаштараз және т.б.), 7,3% – үй шаруасындағы әйелдер, 5,7% – жеке кәсіпкерлер, 3,7% – жұмыссыздар.

Бұл сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі, атап айтқанда, 65,6%-ы коронавирус инфекциясымен ауырмаған. Дегенмен 3% COVID-19 жұқтырып, госпитализацияланған (ПТР тестілеу кезінде вирус анықталған), ал респонденттердің 21,4%-ында вирус белгілері болған, алайда, олар ПТР тестін тапсырмаған. Бұл кейбір азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігі жоқтығынан хабар береді.

– Зерттеу нәтижесі бойынша вакцинаға қарсы азаматтардың үлесі қанша? Вакцинаны қолдайтындардың ше? Олардың жалпы әлеуметтік портретін жасауға бола ма?

– Қатысқандардың 11,9%-ы жалпы екпелерге, ал 24,2 пайызы COVID-19 вакцинасына қарсы. Сұралғандардың 69,9 пайызы жалпы екпелерді, ал 58,5 пайызы COVID-19-ға қарсы вакцинаны қолдайды. Жалпы вакцинацияға респонденттердің  18,5 пайызы, ал COVID-19-ға қарсы екпеге 17,4 пайыз бейтарап пікір білдірді. Өңірлер бойынша айтсақ, COVID-19-ға қарсылық танытқандар саны бойынша Солтүстік Қазақстан (46%), Атырау облысы (37,8%) және Алматы облысы (35,2 пайыз) алда. Коронавирусқа қарсы вакцинаға бейтарап пікір білдірген өңірлер Түркістан облысы (7,1%), Батыс Қазақстан облысы (10,8%) және Жамбыл облысы (11,8%). Бұл Түркістан облысы вакцинациялау бойынша көш бастап, коронавирус инфекциясы бойынша «жасыл» аймаққа ауысқанын білдіреді.

– Жүргізілген сауалнама нәтижесіне сенсек, азаматтарымыздың нақты коронавирусқа қарсы вакцина туралы пікір-пайымы қандай?

– Жүргізілген сауалнамадан шыққан нәтиже – коронавирсқа қарсы вакцинаны Қазақстан халқының басым бөлігі қолдайды және COVID-19-ға қарсы вакцина қауіпсіз. Тек 2 пайыз респондент вакцинаның денсаулыққа ұзақ жанама әсері барын атап өткен.

– Азаматтық штаб өкілдерінің алдағы уақытта қандай жоспарлары бар?

– Алдағы уақытта штабтың жоспары COVID-19- ға қатысты барынша шынайы ақпарат таратып, азаматтарды вакцина алуға үгіттеуді жалғастыру. COVID-19-ға қарсы вакцинаға сенім төмен аймақтарда ақпараттық жұмысты қалыпқа келтіру. Нысаналы топтармен нақты жұмыс жүргізу қажет, жаппай үгіттеумен қатар жаңа тәсілдер, әлеуметтік желілерді пайдалану қажет. QazVac  отандық вакцинаны насихаттау азаматтық штабтың жоспарларына да кіреді.

– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен

Қ.СЕРІКҚЫЗЫ

4807 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы