• Тарих
  • 07 Қазан, 2021

1920 – 1980 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ РЕПРЕССИЯ: КЕЗЕҢДЕРІ МЕН САЛДАРЫ

2020 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссияның отырыстарына мұрағаттық дереккөздер мен басқа да материалдарды жинау, зерттеу және қорытындылар дайындау үшін қазақстандық тарихшылар мен заңгерлерден тұратын 11 жұмыс тобы құрылды. Қазақстанда оңалтудың жаңа кезеңі – архив құжаттарының ашылуы бойынша белсенді жұмыс басталды. Қоғам комиссия жұмысының нәтижесін күтеді.
Кеңес уақытында Қазақстандағы репрессиялар партия мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және ұлттық саясатының негізгі бағыттарына сәйкес, кезең-кезеңімен жүргізілді. Кеңес мемлекетінде тоталитарлық жүйенің қалыптасуы кезінде жүйелі, жоспарлы және жаппай сипаттағы саяси қуғын-сүргін қатар жүрді; олар бұрын-соңды болмаған ауқымда өтті, репрессия халықтың барлық әлеуметтік категориясы мен тобын қамтыды. Кеңес жеріндегі тоталитаризм өз азаматтарының іс-әрекеті мен мінез-құлқын ғана емес, ой еркіндігін де шектеді.

Біз Кеңес кезіндегі репрессия саясатын талдай отырып, оны 9 негізгі кезеңге бөле аламыз.

1 кезең – большевиктер билікті басып алған алғашқы күндерден бас­тап, 1917 жылдың қазанынан 1920 жылдардың ортасына дейін ұлттық партиялардың қызметімен ­байланысты ұлттық интеллигенцияға қатысты («Алаш», «Шура-и-Исламие» және т.б.) және ұлттық автономиялардың үкіметіне («Алаш-Орда», «Түркістан Мухтариаты») қатысты жүргізілген репрессиялар. Бұл кезде Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, С.Лапин және т.б. қуғын-сүргінге ұшырады. Дәл осы кезеңде билік қазақ қоғамын ең білімді, саяси жетілген және белсенді бөлігінің – ұлттық интеллигенцияның ықпалынан айырып, оқшаулай алды. Оның үстіне, бұл «әлеуметтік және саяси остракизмнің» механизмінде репрессияға ұшырағандардың барлығына арналған бір алгоритм болды. Бастапқыда ұлттық элита өкілдері биліктен «ығыстырылды», олар мәдениет саласына – білімге, ғылымға ойысуға мәжбүр болды (университеттерде сабақ беру, газет-журналдарда жұмыс істеу, ғылыми-зерттеу институттарында ғылыми жұмыспен айналысу және т.б.). Бір-екі жылдан кейін билік ұлттық интеллигенцияның қызмет аясының өзгеруі (саясаттан мәдениет саласына) ойлау кейпіне, ойлау еркіндігіне әсер етпейтінін түсінді. Содан кейін келесі қадам – оқшаулау, әлеуметтік ортадан «ығыстыру» – үйқамақ, жер аудару, түрмеге қамау басталды. 20-шы жылдардың ортасына қарай ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақтың санасы мен көңіл күйіне неғұрлым елеулі әсер еткен ескі ұлттық интеллигенция қоғамнан шеттетілді.

2 кезең – коммунистік партия-кеңес элитасын – 1920 жылдардың орта­сынан 1930 жылдардың басына дейін кеңестік партиялық жүйенің ескі көздерімен қатар, Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы  Ф.И.Голощекиннің «Кіші Қазан» ­саясатына бас көтерген коммунистердің жаңа буыны, кеңестік ұлттық интелли­генцияның «жаңа толқынын» репрессиялау. Бұл кезеңде С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, С.Меңдешев және т.б. саяси жүйенің тырнағына ілінді. Осы кеңестік ұлттық интеллигенция өкілдері Ф.Голощекиннің Қазақстанда социалистік қоғам құру әдісіне қарсы шығып, тоқтатуға ­тырысты. Олар қазақтардың дәстүрлі көшпелі шаруашылығының құрылымы мен ерекшелігін ескермесе, қазақ даласында қандай апат болатынын болжап, ескертті.

3 кезең – 1920 жылдардың аяғы – 30-жылдардың бірінші жартысында толық ұжымдастыру мен күштеп отырықшыландыру кезеңінде ауқатты шаруаларға (оның ішінде қазақ байлары мен шаруа малшылар бар) қарсы репрессиялар. Репрессияның бұл кезеңі, кулактар мен байларды тап ретінде жою науқаны жүріп жатқан кезде, шаруалардың «сағын сындыруға» мүмкіндік берді, сол арқылы шаруа халықтың ең күшті, ең еңбекқор – ең ықпалды бөлігін құртты. Күштеп ұжымдастыру кезеңінде билікке дәл осы ауылдардағы бай топтар айтарлықтай қарсылық танытты. Қазақ көшпелілерін күштеп отырықшыландыру, дайындап отырған малын тартып алу, ұжымдастыру кезінде сталиндік күштік үлгісін пайдалану қазақ кеңес элитасы (Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов т.б.) ескерткен, 2 миллионға жуық қазақ аш­тықтан және аурудан өлген «Үлкен жұт» – «Ашаршылыққа» алып келді.

4 кезең – 1930 жылдары инженерлік-техникалық және өнеркәсіп кәсіпорын­дарындағы жұмысшыларды «саботаж және диверсиялық жұмыс» айыбымен репрессия­лау («Риддер ісі», «Балқаш ісі» және т.б.). Бұл кезеңде ­«жапон-неміс тыңшысы», «контрреволюциялық ұйымдар», «троцкистер», «оңшылдар», «ұлтшылдар және басқа шпиондық бандалар» деген жаламен техникалық интеллигенцияның еркін ойлайтын инженерлері мен техниктері, жұмысшылары репрессияға ұшырады. И.Михайленко, П.П.Спиридонов, А.И.Кельмансон, М.Г.Грольман, П.К.Поддубный, Н.М.Прасолов және т.б. Қазақстанның ірі құрылыс нысандары мен кәсіпорын басшылары «зиян келтіргені үшін» жауапқа тартылды. Бұл кезеңдегі қуғын-сүргіннің нәтижесі – тұтқындау, бас бостандығынан айыру, өлім жазасы.

5 кезең – 1937–1938 жылдардағы «Үлкен террор» қуғын-сүргіні. Ол ал­дыңғы репрессиялардың шыңы және  қи­сынды соңы ретінде билікке қарсы шыққан немесе репрессия механизмінің «қысымына» кездейсоқ ұшырағандарды физикалық түрде жоюды көздеді. Бұл жолы алдыңғы кезеңдерде қуғын-сүргінге ұшыраған, бірақ аман қалғандардың бәрі қайтадан қуғындалды және ату жазасына кесілді. 1937–1938 жылдардағы репрессия кезеңінде алдымен қапасқа қамалса, кейін республикалық, облыстық, қалалық және аудандық партия және кеңес органдарының, НКВД органдарының жетекші қызметкерлерінің барлығы дерлік атылды.

6 кезең – 1930 жылдардың аяғынан 1940 жылдардың ортасына дейінгі қуғын-сүргін. Аталған кезеңде корей, поляк, неміс, шешен, ингуш, Қырым татары, түрік және т.б. халықтар Қазақстанға жер аударылды. Бұл кезеңде халықтар КСРО бойынша бұрын-соңды болмаған ауқымда жер аударылды. Жүз мыңдаған адам негізсіз айыптаулармен 24 сағат ішінде үйінен шығарылды, олардың ондаған мыңы депортация кезінде қайтыс болды.

7 кезең – соғыстан кейінгі онжыл­дықтағы репрессиялар. Ол 1940 жыл­дардың ортасынан 1950 жылдардың ортасына дейін, соғыстан кейінгі он­жылдықта Сталин режимінің күшеюімен байланысты, соғыс тұтқын­дары, шаруалар, жұмысшылар, интеллигенция өкілдері және т.б. қуғын-сүргінге ұшы­рады. КСРО-да саяси тұтқындарды «аса қауіпті мемлекеттік қылмыскерлерді қатаң режимде ұстау үшін» арнайы ГУЛАГ лагерлер жүйесі құрылды. «Үлкен террор» кезеңі артта қалғанымен, репрессия жалғаса берді. ГУЛАГ кеңейе түсті. 1953 жылы онда 2,5 миллионға жуық тұтқын болды, ал 2,75 миллион адам жер аударылды.

Соғыстан кейінгі сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған ұлттық интел­лигенцияның көрнекті өкілдерінің ішінде Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов, Б.Исмаилов, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев және т.б. бар.

8 кезең – 1950 жылдардың ортасынан 1980 жылдардың ортасына дейінгі барлық «басқаша ойлайтындарға» – шығармашылық интеллигенция өкілдеріне, ғалымдарға, партиялық-кеңестік элитаға және басқа әлеуметтік топтарға қатысты қуғын-сүргін. Бұл кезеңде репрессия әдістері біршама «жұмсартылады»: өлім жазасының орнына бас бостандығынан айыру, психиатриялық клиникаларда мәжбүрлеп емделу, КСРО-дан жер аударып жіберу және т.б. қолданылды.

9 кезең – 1980 жылдардың екінші жартысындағы қуғын-сүргін. Сол жылдардағы «ашықтық пен қайта құру» кезеңіндегі репрессияның ең жарқын фрагменті 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың қуғын-сүргіні болды. Кеңестің қуғын-сүргін машинасы, мейірімсіз Молох сияқты, жүйеге қарсы шыққандардың тағдыры мен өмірін қиратты. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде КСРО Ішкі істер министрлігінің «Бұрқасын-86» операциясы аясында Қазақстанда 2,5 мыңнан астам адам жарақат алды (медициналық мекемеге жеткізілді, ауруханаға жатқызылды, жарақат алды және т.б.). Күш құрылымдары 8,5 мыңға жуық адамды ұстады, олардың 103-і сотталды, 800-ден астам адам комсомолдан шығарылды, кейбір мәліметтер ­бойынша 270-ке жуық студент, басқалары ­бойынша 300-ден астам студент оқудан шығарылды.

Репрессияның барлық кезеңінің бірқатар ортақ нүктесі бар. Оларды жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде қоғамдық санаға қарқынды саяси-идеологиялық дайындық жүргізілді. Бұл жалғасатын жаппай қуғын-сүргінді негіздеу үшін қажет еді. Өйткені белгілі адамдар, көбінесе ел, өңір, аудан тұрғындары арасында үлкен беделге ие адамдар жүйенің «қысымына» ұшырай бастады. Қуғын-сүргін механизмі, ереже бойынша, өз көзқарасын, жеке басын қорғай алатын көрнекті, бастамашыл, өзіндік позициясы бар адамдарды қамтыды. Яғни репрессияға іліндіру үшін мінез-құлқы мен ойлау үлгісі жүйе «сызып берген» шеңберден шықса, қоғамда тартымды болса, жеткілікті еді. Билікке «қарсы шыққан» тұлғалар неғұрлым танымал болса, оларға соғұрлым ойға қонымсыз айып тағылатын. Сонымен қатар репрессияның жаңа кезеңіне мемлекеттің үлкен әлеуметтік-саяси немесе экономикалық бастамалары әсер ететін және керісінше болатын.

Бүгінгі күні ХХ ғасырда Қазақ­станда болған саяси қуғын-сүргін құрбандарының санын шамамен болса да көрсете алатын бірде-бір зерттеуші жоқ.

Зәуреш САҚТАҒАНОВА,

тарих ғылымының докторы,

профессор

Е.А.Букетов атындағы

Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы

8211 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №40

10 Қазан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы