• Руханият
  • 07 Қазан, 2021

ІҢКӘРЛІК

Қалаш көкем ауылға келген сайын інілерін іздейді. Бұл – үлкендік ізеттілігі. Көңілі құлазып қалғаны байқалады, ұзақ-сонар әңгіме шертіп, ел тарихын тереңнен толғап тұрады. Туған жерге тұмарын тастап кеткен, Кеңес ауылындағы жеңгемнің қабіріне барып, дұға оқиды. Ұлы махаббатқа ұйып, болмысының жартысын бүтіндегендей балаша толғанып алады. Сексендегі сергек кісі серігіне, антқа адалдығын талайдан мойындатқан.
 Әдетте, «Отыз ұлым болғанша...» дегендей, жанында сүйікті жары болмай, жаралы жүрек жан жылуын іздейтіні бар ғой, әйтпесе бала мен келіннің қамқор пейіліне дау жоқ, төбесіне қойып отыр. Десе де, ол қазір саяқ, серіксіз.

Құралай есімін қызға қоюдың да астары кең-ау, жануар біткеннің ішінде көз сұлулығын киіктің лағына бере қойған екен. Ал мейірімді адамның көзі әдемі, әрине, өзі де... солай.

Мен екі Құралайдың ақыл-парасатына қанық­пын. Бірі мынау: Солтүстік Қазақстан облысы М.Жұмабаев ауданында Құралай дейтін ауыл бар. Қыз есімімен байланыстырылған ауылдың көне тарихын көпшілік біле бермейді. Шын мәнінде, бұл – қалмақ қызының есімі. Мырзагелді батыр «ай десе аузы, күн десе көзі бар» қалмақтың Құралай қызына ғашық болып, сезімін білдіріпті. Сонда қыз: – Егер шын ниетің болса, менің бір шартым бар. Соны орындасаң, мен сендікпін, – дейді.

– Ал онда шартыңды айт.

– Менің ағайын-жұртым аз қалды. Солар ұрпақ­сыз кетпесін. Оларды еліңе қосып, құда ретінде өз алдына жер бер, – дейді.

Батыр елімен ақылдасып келуге уақыт сұрайды. Күтіп қалыңдық қалды. Мырзагелді болған жайды түгелдей ауыл қартына жеткізеді. Қарт ойланып отырып: – Сен оның шартына келісе ғой, – дейді.

– Неге?

– Өйткені ол ақылды қыз.

– Қалай білдіңіз?

– Елін сыйлаған қыз, ерін де сыйлайды. Түбі тегін емес екен, тектілікті танып тұрмын, – депті.

Шынында, Құралай елдің анасына айналып, керейлердің арасында үлкен беделге ие болыпты. Сондықтан оны халық құрметтеп, есімін елеген.

Ал екінші Құралай Басхожаеваны қолына қондырған Қалаш көкемнің де арманы жоқ еді. Әттең, өмірі қысқа болды да аспандағы жалқы айға ұқсап көкем күйзеліп, жапанда жалғыз қалғандай күй кешті. Жеңгемнің барында төңірек түрленіп, үй гүлденіп кететін. Шаттыққа толы шаңыраққа түспеген қонақ некен-саяқ, Жаңақорғанға аяғы жеткен небір жайсаң бұл босағадан аттап кетпеген. Бәрі Құралайдың берекелі қолына, даладай дархан пейіліне, кіршіксіз көңіліне куә, ол көптің көкейіне қазақ келінінің қасиетін терең қанықтырып кетті. Ел анасы, киікшінің келісті келіні атанды.

Ол Қазақ КСР-нің оқу ісінің үздік қызметкері, жоғарғы санатты орыс тілі маманы еді. Ұлағатты ұстаз ұзақ жыл бойы КТУ-17, қазіргі Жанақорған агроколледжінде еңбек етті. Бүгінде өнегесі өшпеген Құралай Басхожаеваның атында «Орыс тілі мен әдебиеті» кабинеті бар, колледж студенттері оған құрметпен қарайды.

...Бұл жолы Нұр-Сұлтаннан келгенде Қалаш көкеме арнап көршілері дастарқан жайды. Кейде көрші ағайыннан артық, күнделікті аралас-құралас болғаны бір бөлек, олардың сыйластығы, сенімі сергек тұрады, үзілмес, тамырлас қасиетті білдіреді. Осы дәстүрді бір дастарқанның дәмі мен үйдегі әйелдің ниеті аңғартып тұр. Ашық-жарқын әңгіме ортақ үйлесімге ұйытып әкетті.

Қалаш (Қалила) Басхожаев соғыс басталардан бұрын, жыл басында алтыншы қаңтарда, қаһарлы қырық бірде туған. Кәдімгі «Кеңес» ауылында, Қаратаудың етегіндегі мәуелі мекенде. Ол 1959 жылы №54 «Октябрь» орта мектебін бітіріп, төрт жыл ауылда жұмыс істеп қалды. Соғыстан кейінгі ауыр кезең ауыл баласының арманын орындауға мұрша бермеді, тек Сталин өліп, жайма-шуақ мезгіл туып, алпыс үшінші жылы жолы болып Алматы медицина институтына оқуға түсті.

Кеңес ауылының абыз ақсақалы, таудың бұлақ суын иіп, диірмен ұстаған Басқожа мен датқалар ұрпағы Күлбибі анамыздың ортаншы баласы жасынан білімге құштар болып өскенін қатарластары аузы құрғап айтып жүреді. Заманның зейіні солғын болса да адамның пейілі, ықыласы бөлек еді. Медицина институты тұлымдай баланы қабылдай қоймайды, еңбек өтілі қажет, амалсыздан кітапханашы да болған тәжірибесі бар.

Сол кездері ауылдан бір шоғыр білімді азамат түледі. Алдымен ел ардақтылары Қозытай Әбуов, Адырбек Сопыбековтың ізін ала қоғам қайраткерлері Зинабдин Шермағамбетов, Аманкелді Жұматаев, Әләйдар Әбдуайтов, ғылым докторы, профессор Сейіткерім Бимурзаев, дәрігер Әбибулла Ақымов, әкім Ерахан Сыздықов, күйші Досан Шпақов секілді саңлақ бір толқын шықты.

Ал өзінің тегінен тектіліктің тамыры бар, елге еңбегі сіңген өнегелі ұрпақ сабақтастығын тани түстік. Басқожа – бәйтеректің саясында үйдің үлкені, қолы шебер ағаш ұстасы Әбілпатта, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, мұғалім Әйбеш, бірнеше колхоз, совхоз басшылығында болған, кезінде Қонаев құрмет тұтқан Қайып, техниканың тілін білген Қабаш қанат жайып, ағалы-інілі ортасында Қалаш ағамыз өсті.

Дәуірдің тапшылығы дәрігерге де мұқтаж болатын. Жолдамамен Жаңақорғанға келіп, ­педиатр, бөлім меңгерушісі, аудандық бас балалар дәрігері ­лауазымын атқарды. Ал 1971–1976 жылдары аудандық амбулатория-емхана меңгерушісі, құлақ, мұрын дәрігері болады. Қосалқы аудандық медицина қызметкерлері саласының кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін жүргізді. Қалаш Басхожаев 1985–2002 жылдары аудандық туберкулезге қарсы күрес аурухана-диспансерінің бас дәрігер қызметін атқарады. Дәрігерлік қызмет көрсету деңгейі мен сапасы жөнінен осы аралықта биік белес қалыптасқанын айтқан ләзім.

Өзінің туабітті мінезі болар, қызметке қызығып, біреуге өтініш білдірген кісің бұл емес, талай басшылық қызметке ұсынғанда қарсы болды. Қасиеті сондай. Әйтпесе, бас дәрігер лауазымына бару әрбір дәрігерге арман-ақ, ал Қалаш көкенің ат тонын ала қашқанына көпшілік таң.

Ол 1990 жылы қирап қалған әскери қалашық үйлерін аурухана жағдайына сәйкестендіріп, күрделі жөндеуден өткізіп, туберкулез ауруханасы етеді. Шиелідегі «Атомпром» басшыларымен келісіп, көмек ретінде артезиан құдық қаздырып, ауыз су, аяқ су мәселесін шешті. Су мұнарасын орнатып, аурухананың ішкі-сыртқы 2,5 гектар жеріне 500 түптен аса, саялы жеміс ағашын егіп, гүлмен абаттандырды. Спорт және балалар ойын алаңын, науқастардың таза ауа, жасыл желекте тыныстап қыдыруға арнайы теренкур, көрікті күркелер жасалынды. Облыста алғашқы болып, ауруханада компьютермен жұмыс жасау, жылу қазандығын дизельді пешке ауыстыру сияқты жаңашыл жұмыстар атқарылды.

Мұнан бөлек, аурухана заманауи меди­циналық аппарат, құрал-жабдықтармен жарақтандырылып, қатты-жұмсақ төсектік заттармен қамтамасыз етілді. Соңғы үлгідегі «Рентген-30» аппаратын, станционарлы рентген-флюра аппараты, жедел жәрдем машиналары алынды. Жаңадан дезинфекциялық камера, стерилизация кабинеті ашылып, клиникалық-биохимиялық анықтау лаборатория жұмыстары күшейтілді. Ауданға жылжымалы компьютерлі рентген-флюра машинасын алуға қол жеткізілді. Осындай мол мүмкіндік емдеу орнының кәсіби көрсеткішін еселей түсті, аудандық туберкулез ауруханасына «Коммунистік екпінді еңбек ұжымы» атағы берілді.

Қалаш көкем 1988–89 жылдары сол кездегі Денсаулық сақтау министрі М.Әлиевке аудандық және туберкулез ауруханаларының ескілігін, тарлығын, айтып, екі ОШ-60 типті каркасты үй материалдарын алуға қол жеткізді. Салынған екі үйге аудандық аурухананың балалар бөлімі, терапия бөлімі көшіріліп, төсек санының артуына, сапалы жұмыс жасауына ықпал етті. Сол секілді халықтың тұрмыс-тіршілігі, аурухана жағдайының қиын кезеңінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы есебі арқылы «Келінтөбе» ауылдық ауруханасына 9,4 миллион сомға медициналық аппараттар, қатты-жұмсақ бұйымдар, «Талап» ауылдық ауруханасына заманауи стоматологиялық аппаратты кресло алып беруге мұрындық болғаны бар.

Курстас достары, Денсаулық сақтау министрі В.Н.Девятко мен Алматы медицина институтының бірінші проректоры, медицина ғылымының докторы профессор, Мемлекеттік сыйлығының иегері Қасен Қожахановтың көмегімен Жаңақорғанның 11 сынып оқушыларынан бір жылдық даярлық курсқа балалар қабылдауға, аудан үшін кадр дайындауға септігін тигізді.

Кешегі өтпелі ауыр кезеңде қызмет­керлерін ортақ мүддеге жұмылдырып, жемісті еңбек еткізе білген, жұмыс орын қысқартудан сақтап, жалақының уақытылы берілуін қамтамасыз етуіне бас болған білікті басшы еді. Ол еңбегі бағаланып, «КСРО медицина ісінің үздік қызметкері», «Еңбек ардагері», «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», Қазақстан Республикасының «Алтын дәрігері» медальдарымен марапатталды. «Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Қалаш көке бекзат болмыстың да, имандылық­тың да, үлкендіктің де, ақыл-парасаттың да айқын белгісіндей тұғырлы тұлға. Оны өнеге тұтпайтын бауырлары кемде-кем. Тіпті отбасының ошағы да осы кісі. Үлкен ұлы Дәулет психолог-магистрант, Мәскеуде қорғаған. Кіші ұлы Тілеухан полковник, әскери психология докторы. Астанадағы Армия ­генералы, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Республикалық әскери колледжінің бастығы. Қызы Мөлдір – жеке кәсіпкер. Ұрпақтары Англия, Алматы оқу орнын бітірсе, Астанада жоғары оқу орнында, кішілері мектепте оқиды. Зейнетке шыққан соң ауыл тарихын, елге қызмет еткен аға буынды жинақтады. Сол еңбектің нәтижесімен «Аяқталмаған ән...», «Аяқталмайтын ән» кітаптары жарыққа шықты.

...Туған жерге табаны тисе туған-туысты іздейді. Абыз атаны ортаға алып, батасын алғанды бәрі хош көреді. Ол сондай сыйлы жан, көптің көсегесін көгертуге тілектес тұлға. Қаратаудың қолтығында жатқан Кеңес ауылы өскен ортасы, сол жаққа бүйрегі бұрып тұрады. Таудың бөктерінде Құралайы жатыр. Жан жарасын емдейтін сол ғана. Ішкі сезімін ақтарып, әруағымен ұзақ тілдеседі.

Ол үшін Құралайсыз дүние бос!..

Қаныбек ӘБДУОВ,

журналист

1393 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы