• Руханият
  • 07 Қазан, 2021

ЖАМБЫЛТАНУДАҒЫ ӘУЕЗОВ ҚОЛТАҢБАСЫ

Даңқты дарын иесі, әлемге танымал көрнекті суреткер, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың  мол мұрасы, ­адами қасиеті, шығармашылық тұлғасы, кісілік келбеті жөнінде бірнеше мақала жазып, екі тілде ғылыми баяндама да жасаған танымал жамбылтанушы ғалым. Ұлы суреткер, ғұлама ғалым М.Әуезовтің алғашқы мақаласы «Әдебиет майданы» журналының 1938 жылғы №5 санында «Ардақты Жәке!» деген атпен жарияланып, ұлттық әдебиеттануымыздағы жамбылтанудың іргесін өз қолымен  қалап бергені де тарихтан аян. 1948 жылы 6 томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» 1 томындағы «Айтыс өлеңдері» деген зерттеу мақаласында да М.Әуезов  Жамбылдың ақындық шеберлігі мен талантына тәнті болып, жоғары баға берген еді. 1946 жылы Жамбылдың 100 жылдық мерейтойы дүниежүзі көлемінде салтанатты түрде аталып өткенде де М.Әуезов «Жамбылдың айтыстағы өнері» деген тақырыпта ғылыми баяндама жасауы да тегін болмаса керек-ті. 

Мұхтар Әуезовтің шығармаларының елу томдық толық жинағының 28-ші томында жарияланған «Жамбылдың айтыстағы өнері» атты мақала баяндамасында ақынның айтыстағы өнері фольклортану ғылымының негізгі қағида, талаптарына сай әдеби, ғылыми теориялық тұрғыдан талданады.

Әлемдік әдебиеттану мен фольклор­танудың ғылыми жетістіктеріне молынан қанық әмбебап зерттеуші Мұхтар Әуезовтің мұндағы басты ұстанымы – «өнердің өзін бағалағаның шын болса, төркінін, тегін алдымен таны». Зерделі зерттеуші қай еңбегінде де мәселені бетінен қалқып емес, тереңінен қозғап, түп-тамырынан таратып талдайтын әдеби әдісінен әсте айнымайды.

Қазақтың қаһармандық ерлігін жырлап, ұлт әдебиетіне еркіндік тақырыбын енгізіп ұлттың ұранына айналған қаһар­ман ­Махамбеттей, Сүйінбайдай ақиық ақынның артынан ерген Жамбыл жырла­рындағы әділет пен ақиқаттың тамыры сонау көне заманнан бері келе жатқан ертегі, батырлар жыры, эпостық дастандарда екенін Мұхтар Әуезов осы баяндама­сында кәсіби әдебиетші ретінде талдап, бағалайды. Өз елінің өткенін, ерлігі мен елдігін, рухы өр ерлерін жырлап, ұрпағына мұра ету ақын мұраты болғаны белгілі. Туған халқын шексіз сүйген ақын ғана оның ыстығына күйіп, суығына тоңады. Жам­был жөргекте жатқанда-ақ жат жұрттың қазақ жеріне басып кіріп, елін тонап, жерін тоздырып жібергенін ананың бесік жырымен санасына сіңіріп өскен­діктен оның ойы мен бойына күрескерлік қасиет дарығанын дарынды тұлға, ұлт­жанды Әуезов осы еңбегінде егжей-тегжейлі талдаған. Адам рухының бостан­дыққа ұмтылуын поэзияның поэтикасы арқылы ажарлап, өлеңін өзгеше өрнек, биік өремен өрнектеген өр ақынның мінезі мен бол­мысы да Әуезовтік деңгейде танылады.

Өмірдің бар әділетсіздігіне өлеңімен күрескен ақынның өзін өлімге байласа да, халықтың «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген даналығын дәріптегеніне, ой еркіндігіне ие екендігіне қасында жүріп куә болған Мұхтар Әуезовтің Жамбылға деген шексіз сүйіспеншілігі, елден ерек құрметі де осы баяндама мәтінінде мөлтілдеп мейлінше молынан төгілген.

Сол заманның өзінде Жамбылға жабылған жалған жала, дақпырт дерті Әуезовті де қара басының қайғысындай қабырғасын қайыстырып, қайғыртқаны да мәлім. Осынау олқылықтың орнын өзінің эрудициялық ой-өрісі тұрғысынан кәсіби маман ретінде талдап, ақын нені жазса да өлең сөзбен өрнектелетін сөз өнерінің құдіретіне ие екенін, оның көркем сөзбен кестеленген образдарының өзі қазақ әдебиеті үшін оңай олжа еместігін ескертеді. Арнайы тапсырмамен саясатты сөз етсе де оның астарында ел тарихы, жұрттың жаны мен рухы, мұңы мен шері, қуанышы мен бақыты бейнеленетінін, яғни көркем поэзия тұратыны зерттеушінің кәсіби талдауының басты ұстанымы болған. Өмір мен саясат қаншалықты егіз болса, адам мен қоғам байланысы қашанда біртұтас әлем. Адам өз ортасынан, заманнан қашып жалғыз-жарым өмір сүре алмасы тағы да ақиқат. Олай болса, жалғыз Жамбыл емес, барша адамзаттың қоғамнан тыс өмір сүруі мүмкін еместігі еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін таныс таным. Жамбылдың жанына жара салатын саяси жырларына жоламай, бүкіл адамзаттық ақиқаттарға, құндылықтарға құрылған құйқалы жырларының тамырына тереңдеудің тамаша үлгісін М.Әуезов осы баяндамасында айрықша байқатқан.

Жамбылдың төңкеріске дейінгі төл туындыларындағы мәңгілік тақырыптар, әділеттілік пен жауыздық, ерлік пен ездік, ақиқат пен жалғандық т.б. мәселелерінің қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңаша жырлануы Әуезовтің әдеби талдауларының өзегі болған.

Көшпенді халықтың қанында бірінші батырлық, екінші қызыл тілдің иесі – ақындық қасиет дарығанын айтқан М.Әуезовтің пікірі де күні бүгінге дейін бағалы. Ерлік пен ездік, әділет пен шындық сынды күрделі қайшылықтың бірлігін бөлшектемей, біртұтас жырлайтын ақынның сөз өнеріндегі өзіндік өлшем мен өрнек М.Әуезовтің зерттеулерінде терең зерделенген. Қазақ әдебиеті тарихында айрықша орын алатын айтыс жанрының көркемдік әлемі мен тақырыптық қырлары, поэзиядағы метафора, теңеу, эпитет, әсірелеу, сынды түрлі көркемдік, тілдік қолданыстар да әдебиетші маманның назарынан тыс қалмаған.

«Өзенді ешкім де бір уақытта екі рет кеше алмайды» деген ежелгі ойшыл­дардың сөзі осы ақпа-төкпе айтыс ақындарының тапқырлығын, шапшаң­дығын, шығармашылық-эстетикалық талғамын танытатын ерекше қасиет екен­дігін де алғаш танытып, алдыңғы орынға қойған да М.Әуезов екенін екінің бірі біле бермейді. Оны әдебиетші ғалым көркемдік кеңістіктегі ештеңеге ұқсамайтын өнер эстетикасы деп ұғындырады.

Мұхтар Әуезов өзінің ғылыми баяндамасын: «...Жүз жыл өмір кешкен ақында: неше жүз жылдар өнері мен шеберлігі түйіскен. Жамбыл ақындығын түсіну үшін оның ауызша айтқыш, айтқыштығын талдап ұғыну қажет. «А» десе, «мә» дейтін шапшаң айтқыш, «суырыпсалма» ақын болған жаратылысын зерттеп, бойлап ұғыну керек. Халық бұл алуандас ақындарға «суырыпсалма» ақын деп атақ берген. Қынаптан қылыш суырғандай жалт еткіш, отты, өткір өнерді айтқаны. Біз бұны ақпа ақын, төкпе ақын десек жарайды», – деген ғылыми анықтамалармен бастап, осы жанрды дамытудағы Жамбылдың бойында бар дарынын даралап, шығармашылық қасиетін айқындап береді. Зерттеуші Жамбылдың өнерін айтыстың бұрынғы өкілдерімен салыстыра отырып, өзіндік шеберлігін, кәсіби ерекшелігін саралап танытады. Айтыс өнерінің табалдырығын танытар түре айтыстан бастап, әбден шеберленген, мол тәжірибе жинаған сүре айтысқа дейінгі шығармашылық даму жолдарына талдау жасайды. Авторлық ауызша әдебиеттің де ірі өкілі болып саналатын Жамбыл Жабаевтың шығармашылығындағы қазақ фольклорына тән синкреттік өнердің табиғи жарасымдылығын, үйлесімділігін байқаған зерттеуші жыраулық та, жыршы­лық та, ақындық та, айтыскерлік те өнердің тұтастығын, болмыстағы бүтіндігін сөз етеді. Жүз жыл өмір сүрген ақынның бала кезінен бойына біткен дара қасиетпен қоса халықтың ғасырлар бойы жинаған сөз маржандарын, небір дүлдүл дала данышпандарының даналық сөздері мен дәуласкер айтыскер ақындарының жырларынан сусындап, барлық ұлттық сөз мәйегінен мейлінше қанып ішкендігін жіті таниды. Фольклортану ғылымының білгір маманы М.Әуезов Жамбылдың ақындық қасиетінің даралығын табиғатына тән көркемдік эстетикалық талғамынан, оның ойшылдығынан, көрегенділігі мен сезгіштігінен іздейді. Алымды алғыр­лығы да адуынды жырларына көрік беріп, көркемдік қуатын арттыратынын аңғартады. Уақыттың сыры мен талабын, иісі мен ізін көрегенділікпен сезіп, көркем оймен кестелейтін көненің көзі Жамбылдың ғасырлық ғұмырында жинаған ғибраттық ойларда қазақтың қанына біткен ақындық қасиет пен ерлік ұранынан айрылып қалмау қағидасының құндылығын да әдебиетші ғалым әдемілеп әспеттей білген.

Зерттеуші М.Әуезов мақаласында Жамбылдың жас кезінен айтысқа түсіп, содан 70 жасқа жеткенше жүйелі түрде жыр сайыстарына қатысып, жүлделі орынды бермей жүргенін, не жеңіліп көрмегенін сөзіне нысана етеді.

Шынында да, «...Алып ақынның жүз жыл өмірі, жүз жыл бойында суарылған сайын шыныға түскен шар болаттың бабындай, шымырлап толысып, түрлене түскен ақпа ақын өнерінің өзгеше бір өсу өмірі болатын», – деп бағалауы да тегін болмаса керек.

Өзі көріп-білген соңғы 30 жылдың мөлшерінде ғана жастарға жол, өзінің ағалық ақылын, аталық батасын, ұстаздық бағытын беріп, айтыстан шеттетіліп жүргенімен, «ауру қалса да әдет қалмайды» дегендей, жыр додасында арқасы қозып, амалсыз ақпалығына салып араласып кететінін кәсіби дерт ретінде түсіністікпен түсіндіреді. Үлкен айтысқа, «сүре» сайысқа түспей жүрсе де жұрттың Жамбылдан күтетіні ақпа ақынның арнасынан асып әлі де жыры төгіліп тұруын, кейінгі ұрпақтың көненің көзі-жыраудың соңғы жұрнағын көріп қызығушылық танытатынын ­баяндай келіп: «...Бірақ ақынның ақпа-төкпе көрікті кемел жыры соңғы отыз жыл ішінде бұрынғысынан дами түседі... Жә, олай болғанда, кейін Жамбылдың әлемге даңқын шығарған ұлы жырларына бұрынғы айтыс өнерінің жалғасы, қатысы бар ма деген сұрақ туады», – деп шығармашылық үдерістің тарихы мен табиғи даму заңдылығына көңіл аударады. Осы бағыттағы алдына қойған зерттеу нысанын да анықтап алады. Кешегі кеңес заманының жыршысы атанған ақын өнерін кенеттен көктен түсе қалғандай емес, сол бұрынғы төңкеріске дейінгі төл туындыларынан тамыр алып жатқанын, оның көнеден келе жатқан эпостық мәдениетпен тікелей байланысты ерекшелігін танып, білу арқылы ғана толық танитынымызды сөз етеді. Өткенсіз бүгінгінің болмайтыны секілді осыған дейінгі қалыптасу, даму заңдылықтары, өсу жолы болмай биік өнерге қол жеткізудің мүмкін еместігін ескерсек, М.Әуезовтің Жамбыл жайлы жазылған еңбектерінің бәрінде: «Өнердің өзін бағалағаның шын болса, төркінінің тегін алдымен таны», – деген дана сөзі басты ғылыми негізге, ұстанымға алынған. Өнердің өміршеңдігі атадан балаға жетер асыл сөзде екендігін талай ғұламалар да, Мұхтар Әуезов те айтқан.

Жыр алыбының ұлт руханиятына қосқан қомақты үлесі жөнінде: ­«Жамбыл ақындығының бұл қасиеті де теңеп айтқыштық сипатымен ақынның кейінгі ұлы жырларына ерекше зор көркемдік қосқан. Естен кетпестей әсем айшық бітіріп отырған. Айтыста кейде мысқыл әжуаға келгенде, аузына шапшаң оралатын тапқыр теңеулер, бергі, ескек, терең жырларында ұлы адамның кемеңгер дана бейнесін сүйсіне жырлағанда да, нелер көрікті теңеулер туғызады. Теңеулері ұзақ толғап кеткен жырының өзінде де тауды, теңізді, күнді, айды, барша әлемді лезде кездіріп шығады. Ешбір ақын айтып көрмегендей сөз маржандарын, маржандары емес, меруерттерін тез тізеді. Осында, әрі ауызша шапшаң айтып, әрі ұзақ төкпе жыр қып ең ­жауапты тақырыпты оңай айтып отырған Жамбылды көреміз. Ерекше шабыты мен дарыны бар алып ақын бұрынғы ақпа ақыннан, айтыс ақындығынан ала келген, төселген шеберлігін көсілте сермеп отыр», – деп тағы да дала дауылпазының дүлдүл ақын екендігін дүниежүзіне таныта, әсіресе қазақтың көнеден келе жатқан небір көркем сөздерінің меруеттерін пайдалануда алдына жан салмайтын жүйріктігін ешкім дау айтпайтындай ғылыми тұрғыдан дәлелдей отырып мойындата білген. Бұл жетістіктің бәрі ақынның халықтың асыл сөзін тапқырлықпен, асқан шеберлікпен пайдаланып, шабыт алып отырғанын, қазақтың ежелгі сөз құнарына осылай қанық болмаса бүгінгідей кемеңгерлікке жете алмайтынын табанды талдап, үлкен жүректілікпен жазбаса жұртты сендіріп, мойындата алмасы мәлім. Сондықтан Жамбыл секілді дүлдүл ақынның тек социализм кезінде аспаннан түсе қалғандай даңққа ие болып, ғайыптан тумағанын, оның кеңестік кезеңге дейін де дүркіреп даңқы шығып, жыр дариясының жұлдызы атанғанын, оның жырлағаны «көсемдердің көрегендігі» ғана емес, бүкіл халықтың ұзақ жылдар зарығып жеткен, талай батыр ұлдарымыз құрбан болған жеңістер екендігін, көзбен көріп, көңілге түйгендерін келешекке жеткізбей, жырламай қарт ақын қалай отыра алады деген даулы сауалға ұлтымыздың ар-абыройы атанған ұлы тұлға өз биігінен сауатты жауап берген. Міне Әуезовтің баяндамасындағы басты нысана, айтар ойы да, ұғар ұрпаққа ұлағаты да, осы.

Г.ПІРӘЛІ, 

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ҒМО-ның

бас ғылыми қызметкері,

филология ғылымының докторы

 

542 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы